8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Хазреті Әлидің алтын насихаттары

Хазреті Әлидің алтын насихаттары

Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) Расулуллаһтың күйеу баласы және көкесінің ұлы. Әһли бәйттің біріншісі. Аллаһу та'аланың арыстаны болған осы тұлға қастандыққа ұшырап, ауыр жаралы күйде үйіне жатқызылды. Шәһид болудан бұрын балаларын жинап, оларға насихат айтты. Бірақ негізінде ол бәрімізге айтылған насихаттар. Хазреті Әлидің алтын насихаттары:

Балаларым! Жалғыз қалған кезде де, адамдар арасында да, әрдайым Аллаһтан қорқыңдар, тақуалықты ұстаныңдар. Өйткені Раббыларың әрдайым сендерді және істегендеріңді көреді. Бір бәдәуи пайғамбарымызға (алейһиссалам) келіп: «Мен көп күнә істедім. Тәубем қабыл бола ма?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Тәубе есіктері ашық. Тәубенің шарттары орындалса, барлық күнәлар кешіріледі» деп жауаптайды. Әлгі адам бұл сүйіншіні алған соң тағы: «Ол күнәларды істеген кезде Раббым мені көріп тұрды ма?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз «Иә» дегенде ол ойбайлап айқайлап жібереді де, сол жерде жанын тапсырады...

Қуанып тұрғанда да, ашуланған кезде де айтқан сөздеріңе абай болыңдар. Әрдайым хақты айтыңдар. Адам ашуланған кезде не айтқанын білмей қалады. Шайтан адамды ең көп алдайтын кезі – оның ашуланып тұрған кезі...

Бай болсаңдар да, кедей болсаңдар да, ысыраптан сақтаныңдар. Ысырап – харам. Бір күні Сад бин Әбу Уаққас (радиаллаһу анһ) өзенде дәрет алады. Суы мол болғандықтан, артығымен қолданады. Негізінде қолданған суы қайтадан өзенге ағып жатқан еді, бірақ сонда да пайғамбарымыз алейһиссалам оған: «Неліктен суды ысырап еттің, ей, Әбу Уаққас?» деп ескерту жасайды.

Үкім шығаратын кезде қарсы алдарыңда достарың болса да, жауларың болса да, әділетпен қараңдар. Ешкімге жақтаспаңдар. Өйткені біз шығарған үкімдерімізге жауап беріп, есепке тартыламыз.

Балаларым! Шаршап тұрғанда да, ширақ кезде де, ғибадаттарыңа немқұрайлы қарамаңдар. Уақыт өте құнды. Уақыттарыңды қадірлеңдер.

Барлық жағдайда Аллаһу та'аладан келгенге разы болыңдар. Сендерге бақыт пен шаттық берсе де, қиыншылық пен ауру берсе де, тағдырларыңа разы болыңдар.

Балаларым! Соңы жәннат болған өмірдің жаманшылығы жоқ. Соңында жәннатқа кіретін өмірде жамандық бола алмайды. Ал соңы тозақ оты болған өмірдің ешқандай қадірі жоқ.

Өзінің кемшіліктері мен нұқсандықтарын білген адам біреулердің кемшіліктер мен нұқсандықтарына қарамайды. Өз кемшілігін кетіруге тырысады. Аллаһу та'аланың оған бергеніне разы болған адам қайғырып жүрмейді.

Балаларым! Кімде-кім тәкәппарланса төмен адам болады, кімде-кім тек ақылына жүгінсе өкінеді. Көп сөйлегеннің көп қателігі болады. Перзентке қалдырылатын ең жақсы мұра – көркем мінез бен әдептілік.