7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Сізді не күлімдетті, йа, Расулаллаһ?

Сізді не күлімдетті, йа, Расулаллаһ?

Саид бин Кәсир әл-Ансари хазрет – хадис ғұламасы. 146 (м.763) жылы Мысырда дүниеге келді. Малик бин Әнәс секілді үлкен ғұламалардан хадис ілімін алды. 226 (м.841) жылы Мысырда қайтыс болды. Жеткізген хадис шәрифтерінің кейбірлері төменде:

Хазреті Осман (радиаллаһу анһ) бір күні су сұрап, дәрет алды. Кейін күлімдеді және «Не үшін күлімдегенімді сұрамайсыңдар ма?» деді. Көргендер «Сізді не күлімдетті, йа, әмир-ул мүминин?» деп сұрады. Сонда: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осында су сұрады да, мен дәрет алған жерде дәрет алды, кейін күлімдеді. «Мені күлімдеткен нәрсені сұрамайсыңдар ма?» деп сұрады, сол есіме түсіп күлімдедім. Біз Расулуллаһтан «Сізді не күлімдетті, йа, Расулаллаһ?» деп сұрадық. Пайғамбарымыз былай жауаптады: «Мүмин құл дәрет алып жатқанда, бетін жуғанда бетіне қатысты бүкіл күнәларын Аллаһу та'ала кешіреді. Қолдарын жуғанда қолдарымен, басына мәсіһ тартқанда басымен, аяқтарын жуғанда аяқтарымен жасаған күнәларын осылай кешіреді, осы мені күлімдетті» деді».

Әбу Алқама (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Осман бин Мазун (радиаллаһу анһ) қайтыс болған еді. Расулуллаһ жерлеуге дайындауын бұйырды. Жуындырып, кебіндеп және жаназасы оқылған соң қабірге түсірілді. Сол кезде Османның жұбайы «Ей, Осман! Жәннат саған құтты болсын!» деді. Сонда пайғамбарымыз «Сен мұны қайдан білесің?» деп сұрады. Жұбайы «Йа, Расулаллаһ! Ол күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқитын» деп жауап берді. Расулуллаһ «Аллаһу та'аланы және Расулын жақсы көретін еді десең де (жәннат саған құтты болсын деуге) жеткілікті» деді».

Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді: «Әйюб пайғамбар (алейһиссалам) бір күні шөл далада жалғыз өзі ғұсыл құйынып жатқанда кенеттен үстіне алтын шегіртке қонған еді. Хазреті Әйюб ол шегірткені алып, қалтасына салды. Сонда Аллаһу та'ала оған: «Сені мына көрген дүние мал-мүлкіне қанағатшыл етпедім бе?» деді. Әйюб алейһиссалам «Йа, Раббым, иә, ұлылығыңа ант етемін, солай. Бірақ мен сенің қайыр және берекетіңе әрдайым мұқтажбын» деп жауап берді».

Расулуллаһтың Адба атты түйесі бар еді, ешкімнің түйесі оны оза алмайтын. Бір бәдәуи түйесіне мініп, одан озып кетті. Бұл сахабаларға ауыр тиді. Сонда Расулуллаһ жағдайды түсініп, «Аллаһу та'ала бір нәрсені көтерген болса, кейіннен міндетті түрде оны төмендетеді» деді.