25 - Шәууал, 1445 жыл.
     4 - Мамыр, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ МҰСА КАЗЫМ БИН ЖАФӘР (радиаллаһу анһ)

ИМАМ МҰСА КАЗЫМ БИН ЖАФӘР (радиаллаһу анһ)

Имам Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) хазреттің ұлы. Он екі имамның жетіншісі. Күнясі Әбул Хасан және Әбу Ибраһим. Он екі имамның басқа күнялары да айтылған. Лақабы Казым. Өте сыпайы, аса жұмсақ мінезді болуы себепті және жамандық жасағандарына ашуланбай кешіруі, ашуын жеңуі себепті осы лақаб берілген. Анасы Хумәйда Бәрбәрия, ол күң еді. Мекке мен Мәдина арасындағы Әбуа жерінде хижреттің жүз жиырма сегізінші жылы, сафар айының жиырма үшінде, жексенбі күні дүниеге келді. Оларды Мәдинадан Бағдатқа алғаш апарған халифа Мәһди бин Мансур. Бағдатқа апарған соң оны қамауға алды. Имам Мұса Казым (радиаллаһу анһ) қамауда кезінде Мәһди бин Мансур бір түні түсінде хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) көреді.

Хазреті Әли оған «Демек сендер іс басына келетін болсаңдар, жер жүзінде бұзақылық жасап, туыстық байланыстарды үзесіңдер, солай ма?» деген «Мұхаммед» сүресінің 22-ші аяти каримасын оқыды. Халифа Мәһдидің уәзірі Рәби былай айтып берген: «Мәһди мені шақырды. Алдына кіргенімде осы аятты әдемі дауыспен оқып отырғанын көрдім. Маған «Дереу бар да, Мұса бин Жафәрді (радиаллаһу анһ) осында әкел» деді. Алып келгенімде онымен құшақтасты да, қасына отырғызды. Кейін түсін айтып беріп, «Маған және ұлдарыма тиіспейтіндеріңе сөз бере аласың ба?» деді. Мұса Казым (радиаллаһу анһ) «Уаллаһи, мен ондай іс жасамаймын және олай істеуді өзіме лайықты көрмеймін» деді. Мәһди «Дұрыс айтасың» деді. Кейін маған қарап «Бұларға мың алтын бер және жолға дайында, Мәдинаға барсын» деді. Мен дереу дайындықтарын жасап, ешқандай кедергі шықпасын деп оларды түнде шығарып салдым».

• Имам Мұса Казым (радиаллаһу анһ) халифа Харун Рашид дәуіріне дейін Мәдинада тұрды. Харун Рашид халифа болғанда оларды Бағдатқа әкеліп қамауға алды. Хижреттің жүз сексенінші жылы, ражаб айының жиырма бесінші жұма күні Бағдатта қамауда кезінде ол қайтыс болды. Мүбәрәк қабірі Бағдатта орналасқан. Яхия бин Халид Бәрмәкидің Харун Рашидтың бұйрығымен оны шәһид ету үшін құрмаға у салып бергені айтылады. У берілген күні Мұса Казым (радиаллаһу анһ) «Бүгін маған у берілді. Ертең денем сарғаяды. Кейін денемнің жартысы қызарады. Ертеңіне қараяды. Сол кезде мен қайтыс боламын» деді. Дәл айтқанындай болды.

Оның үстемдіктері, кереметтері және оқиғалары өте көп. Сол заманның тақуалары, үстем және таңдаулы адамдары «Одан өте көп кереметтер мен ғажайып оқиғалар байқалды» деген.

• Сенімді кітаптарда Шақиқ Бәлхидің (қуддиса сиррух) былай айтып бергені риуаят етілген: «Қажылыққа бара жатқан едім. Жолда Фарисияға кірдім. Ол жақта жүзі сұлу, бидай реңді, жүн шапан киген, басында сәлдесі және аяғында налын (аяқ киім түрі) бар жас жігіт көрдім. Адамдардан бөлек жерде жалғыз отырған еді. Өз-өзіме «Ол сопы болса керек. Бұл жолда ол мұсылмандарға жүк болғысы кеп жүр-ау. Барып оны біраз жазғырайын» деп ойладым. Қасына жақындағанымда маған «Ей, Шақиқ!» деп есімімді атап, «Ей, иман келтіргендер! Күмәннен аса сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің бір бөлігі күнә...» деген [Хужурат сүресінің 12-ші] аяти каримасын оқыды. Кейін орнынан тұрып, бір жаққа кетті. Өз-өзіме «Бұл кісі салих адам болуы керек, менің есімімді және ойымды біліп қойды» дедім. Кешірім сұрайын деп артынан жүрдім. Қанша тез жүрсем де оған жете алмадым. Келесі тұраққа жеткенде оны тағы көрдім. Намаз оқып тұрған және бүкіл денесі дірілдеген еді. Көзінен жас аққан еді. Намазын аяқтаған соң барып кешірім сұрайын деп күттім. Намазын бітірген соң жақындадым. Маған «Ей, Шақиқ» деп «Шынында мен тәубе етушіні, сеніп жақсы амал жасап, тура жолға түскенді кешіремін» деген [Таха сүресінің 82-ші] аяти каримасын оқыды. Кейін мені қалдырып, ол жақтан кетіп қалды. Өз-өзіме «Бұл жігіт әулие болса керек, екінші рет есімімді және ойымды біліп қойды» дедім. Одан кейін оны басқа тұрақта тағы көріп қалдым. Бір құдық басында қысқа жіпті шелекпен су шығарғысы келген еді. Шелегі құдыққа түсті. Қолын жайып «Аллаһым! Сен менің Раббымсың. Шөлдеген және қарным ашқан кезде күш-қуат беретін сенсің. Аллаһым, сенен басқа бұларды маған беретін ешкім жоқ. Маған су және тамақ нәсіп ет» деп дұға етті. Құдықтың суы көтерілді. Ол қолын созып, шелегіне су толтырды. Дәрет алып, төрт рәкат намаз оқыды. Кейін үйіліп тұрған құмға барып, қолымен шелегіне құм салды да, шайқап ішті. Қасына жақындап, сәлем бердім. Сәлеміме жауап берді. «Аллаһу та'ала саған нәсіп еткен ниғметтердің артылғанын маған да бер» дедім. «Аллаһу та'аланың ниғметтері бізге жасырын және ашық күйде әрдайым келеді. Аллаһу та'алаға жақсы ойда бол» деді де, шелегін маған берді. Ішінде қуырылған бидай мен шекер бар еді, соны іштім. Шөлім қанып, тойып қалдым. Одан тәтті ештеңе ішкен емеспін. Меккеге барғанша оны көрмедім. Меккеде түннің ортасында оны көрдім. Намаз оқып тұрған еді. Құштарланып, ыңырсып жылап тұрған еді. Түні бойы солай жалғасты. Таң намазының уақыты кіргенде таң намазын оқып, қағбаны тауаф етті де, сыртқа шықты. Мен де артынан бардым. Артында қызметшілері бар екен. Адамдар оның айналасына жиналды. «Бұл кісі кім?» деп сұрадым. «Ол Мұса Казым бин Жафәр бин Мұхаммед бин Әли бин Хусейн бин Әли бин Әбу Талиб (радиаллаһу анһум әжмаин)» деген жауап алдым. «Жолда бұл кісіден осындай-осындай ғажайып жағдайлар көрдім» деп едім, «Бұл жағдайлар бұл сәйид үшін ғажайып және ерекше жағдай емес» десті».

• Харун Рашид Әли бин Яктинге әдемі киімдер берген болатын. Ол киімдердің арасында қара жібек жіптен тоқылған алтынмен әшекейленген өте әдемі бір киім бар еді. Әли бин Яктин Мұса Казымды (радиаллаһу анһ) қатты жақсы көргендіктен, киімдерге тағы біраз сыйлықтар қосып, бәрін оған жолдады. Мұса Казым сол әдемі киімнен басқа барлық сыйлықтарды қабылдады. Ол көйлекті кері қайтарып, сақтап қоюын және бір күні керек болатынын айтты. Әли бин Яктин бір күні құлдарының біріне ашуланып, қуып жіберді. Ол құл Харун Рашидке барып, «Тақсыр, Әли бин Яктин Мұса Казымды (радиаллаһу анһ) имам ретінде көреді. Оған көп мал-мүлік жолдады. Тіпті сіз жіберген жібектен тоқылған, алтынмен әшекейленген көйлекті де оған берді» деді. Харун Рашид бұл хабарға ашуланып, Әли бин Яктинді шақырды. «Саған берген көйлекті не істедің?» деп сұрады. Әли бин Яктин «Ол көйлек менде» деп жауап берді. Харун Рашид «Оны дереу осында әкел» деп бұйырды. Әли бин Яктин бір құлын шақырып, «Менің сарайымда, пәлен бөлмеге бар, кілтін пәленше күңнен сұра. Сол бөлмеде сандық бар. Соны аш, ішінде мөрленген құты көресің. Сол құтыны осында әкел» деп бұйырды. Құлы дереу барып құтыны әкелді. Құтыны ашып, халифа ішінен әлгі көйлекті көрді. Хош иіс сеуіп қойған еді. Харун Рашид бұл жағдайды көріп, ашуы басылды. Әли бин Яктинге «Мына көйлекті орнына апарып қой, көңілің жай тапсын. Бұдан кейін сен туралы айтылған жаман сөздерге сенбеймін» деді.

• Имам Мұса Казымды (радиаллаһу анһ) сүйгендердің бірі былай айтып берген: «Халифа Мәһди Имам Мұса Казымды (радиаллаһу анһ) Бағдатқа алғаш рет шақырған болатын. Мұса Казым маған базардан жолға қажет болатын біраз нәрсе сатып алуымды бұйырды. Түріме қарап «Сені өте қайғылы және мұңды көрдім, не болды?» деп сұрады. Мен «Қалайша қайғыланбайын, залымның алдына бара жатырсыз. Соңы не болатыны белгісіз ғой» дедім. Маған «Еш қорықпа, пәлен айдың пәлен күнінде кері қайтамын. Кешкі уақытта мені күт» деді. Ай мен күндерді санап жүрдім. Айтқан күні келіп, күн батуына аз қалған еді. Келе жатқан ешкімді көре алмадым. Шайтан жаман ой салды. Көңілімде күмән пайда болуынан қорыққан едім. Қатты қиналдым. Сол кезде Ирак тарапынан жолда алыстан біреулердің келе жатқанын көрдім. Мұса Казым (радиаллаһу анһ) алдында қашырға мініп келе жатқан еді. Мені «Ей, пәленше» деп шақырды. «Тыңдап тұрмын, ей, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұрпағы, айта беріңіз» дедім. «Көңіліңе күмән келуіне аз қалды, солай ма?» деп сұрады. Мен «Иә, солай болды» дедім. «Әлхамдулиллаһ, ол залымнан аман-есен құтылдық. Мені тағы сонда апарады. Бірақ ол кезде құтыла алмаймын» деді».

• Бір адам былай айтып берді: «Мәдинаға ғибадат ету үшін келіп, бір үйді жалдап тұратын едім. Мұса Казымның (радиаллаһу анһ) сұхбатына қатысып жүрдім. Бір күні қатты жаңбыр жауды. Қалың шапанымды киіп, Мұса Казым хазреттің мәжілісіне бардым, сәлем бердім. Сәлеміме жауап берді де, маған «Ей, пәленше, үйің құлап, заттарыңның бәрін басып қалыпты» деді. Дереу үйге бардым, айтқанындай үй құлаған екен. Заттарымды астынан шығару үшін жұмысшы жалдадым. Бүкіл заттарымды шығарып берді. Тек құмғаным ғана шықпады. Таңертең Мұса Казымның (радиаллаһу анһ) алдына бардым. Менен «Жоғалған заттарың бар ма?» деп сұрады. «Дәрет алатын бір құмғаным ғана жоғалды» деп жауап бердім. Ол мүбәрәк басын иіп, біраздан соң басын көтерді. «Менің ойымша сен оны бір жерде ұмытқансың. Бар, үйіңдегі күңнен сұра. «Құмғанды сен алған едің, оны маған әкел» деп айт, әкеліп береді» деді. Үйге қайтып, күңге бардым. «Құмғанды әжетханада ұмытқан екенмін. Сен алған екенсің, соны маған әкел, дәрет алайын» дедім. Дереу әкеліп берді».

•Тағы бір адам былай айтып берген: «Мұса Казымды (радиаллаһу анһ) Басраға апарған кезде Мәдаин маңайларында кемеге бірге мініп отырдық. Біздің артымызда тағы басқа кеме бар еді. Ол кемеде келін апара жатқандықтан, қатты шулаған еді. Менен «Неге адам көп?» деп сұрады. Мен «Келін апара жатыр» деп жауап бердім. Біраздан соң ол кемеден айқай-шу естідік. Мұса Казым (радиаллаһу анһ) «Мына айқай-шудың себебі не?» деп сұрады. Мен «Келін теңізден бір уыс су алғысы келіп иілгенде алтын білезігін суға түсіріп алыпты, сол үшін айқайлап жатыр» дедім. Мұса Казым хазрет кемелерді тоқтатуды сұрады. Кемелер тоқтаған соң суға жақындап бір нәрсе оқыды. Кейін «Олардың кеме қызметкеріне айтыңдар, суға түсіп, білезікті шығарсын» деді. Бір қарасақ, білезік судың бетіне шығып тұрған еді. Кеме қызметкері суға түсіп, білезікті шығарды».

• Бір адам былай айтып берді: «Бір досым жүз динар (алтын) беріп, Имам Мұса Казымға (радиаллаһу анһ) апаруымды сұрады. Өзімнің де біраз динарым бар еді. Мәдинаға барған соң алдымен ғұсыл құйындым. Өз динарларымды және досым берген динарларды жудым. Оларға миск сеуіп қойдым. Досымның динарларын санағанымда тоқсан тоғыз шықты. Тағы санап едім, тағы тоқсан тоғыз шықты. Өз ақшамнан бір динар қосып, әмиянына салып қойдым. Түнде Мұса Казымның (радиаллаһу анһ) үйіне бардым. «Сізге жаным пида, біраз сыйлығым бар еді. Сол арқылы Аллаһу та'алаға жақын болғым келеді» дедім. «Әкел» деген соң әуелі өзімнің динарларымды алдына қойдым. Кейін «Пәленше досыңыз да мен арқылы сізге сыйлығын жіберді» дедім. «Әкел» деген соң әмиянды алдына қойдым. Ол «Әмиянның ішіндегілерін жерге төк» деп бұйырды. Төккенімде мүбәрәк қолымен сол динарларды жайды да, мен қосқан бір динарды ажыратты. Кейін «Ол адам бұл динарларды санына қарап емес, салмағына қарап есептеген» деді».

• Бір адам былай айтып берді: «Әли бин Яктин мен бір адам маған «Куфаға бар, пәленшемен бірге жолға шық. Екі мал алыңдар да, мына сыйлықтар мен хаттарды Мұса Казым хазретке апарыңдар» деді. Мен Куфаға барып, айтылған адамды таптым. Екі қой сатып алып, жолға шықтық. Мәдинаға жақын бір жерде тұрақтадық. Тамақтанып отырған едік, сол кезде Мұса Казымды (радиаллаһу анһ) көрдік. Қашырға мініп келе жатқан еді. Орнымыздан тұрып сәлем бердік. «Әкелгендеріңді беріңдер» деді. Заттарды беріп, хаттарды да тапсырдық. Ол бірнеше хат шығарып, «Мыналар әкелген хаттарыңның жауабы. Кері қайта беріңдер. Аллаһу та'алаға аманат болыңдар» деді. Біз «Жейтін тамағымыз қалмады. Мәдинаға аз жол қалды. Рұқсат берсеңіз Мәдинаға барып, Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) зиярат етейік және азық алып кері қайтайық» дедік. Бізге «Тамақтарыңның артылғандары бар ма?» деп сұрады. «Бар» деп артылған тамақты бердік. Мүбәрәк қолын оларға тигізді де, «Бұл сендерге Куфаға дейін жетеді. Аллаһу та'ала сендерді қорғасын, кері қайтыңдар» деді. Сол жерден кері қайттық, ол тамақ бізге Куфаға дейін жеткілікті болды».