10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Досқа насихат айту

Досқа насихат айту

Сұрақ: Досым көп күнә істейтін болып кетті, онымен араласпай қойғаным дұрыс па?

Жауап: Досымыз күнә істеуді қоймаса, оны түзететіндей түрде жақсы насихат айту керек. Егер досымыз білімді болса, онда қатесін бетіне баспаған жөн. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ғалымның қателесуі себебімен онымен қарым-қатынасты үзбеңдер! Түзелуін күтіңдер!» (Бәғауи).

Хазреті Омардың Шамда досы бар еді. Сол жақтан келгендерден ол досын сұрады. «Шайтанға дос болды, күнә істеп жүр» деді олар. Сонда хазреті Омар олардың біріне «Кетеріңде маған жолығып кет» деді. Хазреті Омар әлгі адам қайтпақ болғанында ол арқылы хат жазып жіберді. Хатта «Мүмин» сүресінің алғашқы үш аятын келтіріп, қажетті насихаттарын жазды. Аяти каримада: «Аллаһу та'аланың бәрін білетінін, күнә істеушілер тәубесіне келсе, қабыл ететінін және азабының ауыр екенін» жазған еді. Шамдағы досы хатты оқығанда жылап жіберді. «Аллаһу та'аланың сөзі рас. Омар маған насихат айтты» деп тәубесіне келіп, күнәларын доғарды.

Екі достың бірі бұзылып кеткенде «Онымен дос болма! Өйткені ол адасып кетті» десті жақындары. Досы болса «Негізінде досым маған қазір мұқтаж. Осындай кезде оны тастап кетуім достыққа жатпайды. Оны түзетуге тырысамын. Аллаһу та'алаға жақсаруын тілеп дұға етемін» деді.

Досты қателескені үшін тастамау керек. Ол насихаттарымыздың арқасында тәубесіне келіп, бұрынғы жағдайына түсуі мүмкін. Егер одан бет бұрып кетсек, оны күнә және пәлекетпен жеке қалдырған боламыз. Достық борыш – қажет кезде оған көмектесу деген сөз.

Достың діндегі қажеттілігі мал-мүлікке қажеттіліктен көбірек. Онымен бірге болған кезде ол күнә істеуге ұялуы мүмкін.

Достық – жақын туыстық секілді. Ұлымыз, бауырымыз күнә істеп қойса, оны тастап кетпейміз. Досты да қате жібергені үшін тастап кетуіміз дұрыс болмайды.

Жаман адаммен достық құру дұрыс емес. Бірақ досымыз жаман болып кетсе, оны тастап кету де дұрыс емес. Досымыздың кемшілігін бетіне басу онымен арамыздың ашылуына себеп болады. Шайтанның көздегені осы. Сондықтан шайтанның қалауын істемей, досымыздың кемшілігін жасырғанымыз жөн. Досымыздың бізге қатысты жіберген қателігіне келер болсақ, оны кешіру керек. Тіпті қателігін жақсылыққа жорып, түсіністікпен қарауға тырысуымыз қажет.

Досымыздың бізге қатысты жіберген қателігіне жетпіс ақтау тапқанымыз жөн. Егер сонда да көңіліміз толмаса, айыпты өзімізден іздеп, өз-өзімізге «Сен неткен тасжүрек адамсың! Досың саған жетпіс ақтау тапты. Ал сен әлі кемшілігін іздеудесің» деу қажет.

Егер досымыз шынайы кешірім сұраса, дереу кешірген жөн. Өйткені Имам Шафии хазрет «Көңілін аулауға қанша тырыссаң да разы болмайтын – шайтан» деген. Ал хадис шәрифте «Достың кешірімін қабылдамаудың үлкен күнә екені» хабар берілген. Тағы хадис шәрифте: «Мұсылман тез ашуланады, тез татуласады» делінген. Яғни мүлде ашуланбайды делінбеген.

Аллаһу та'ала «Али Имран» сүресінде «Ашуын женгендерді» мақтаған. Жақсы адамның жаман сөздерін кешіріп, жаман адамның жаман сөздеріне еш мән бермей ол жақтан кетіп қалу керек. Жақындықта да, дұшпандықта да шектен шықпаған жөн.

Жақындықта шектен шығып, бар сырымызды айтып берсек, келешекте арамыз ашылуы мүмкін. Арамыз ашылған адамға да кек сақтап, асыра сілтемеу керек. Бәлкім бір күні қайта дос болып, айтқандарымызға, істегендерімізге ұялып қалуымыз мүмкін. Әрдайым асыра сілтеуден аулақ болу қажет.

Досымызды барлық жамандықтан қорғауымыз уәжіп. Досымыз біз туралы сыртымыздан қалай сөйлегенін қаласақ, біз де оның сыртынан солай сөйлеуіміз керек. Жамандамақшы болған досымыз жақын жерде бізді тыңдап отыр немесе сөйлеген жерімізде диктофон тығып қойған, бірақ біз мұны білмейміз деп қабылдасақ, досымыз туралы қалай сөйлеу керек екенін жақсырақ түсінуге болады.

Досымызды өз орнымызға қойып, біз туралы не айтқанын қаласақ, ол туралы да солай сөйлеуіміз қажет.

Бұл жазылғанның бәрі тек досқа ғана қатысты емес, барша мұсылмандарға қатысты осылай болуы керек. Өзіне лайықты санағанын дін бауырына да лайықты санау. Достың алдында ықыласты және шынайы болған жөн. Достық хаққысы өте маңызды. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Көршіңе жақсы көрші бол, мұсылман боласың! Досыңмен жақсы достық құр, мүмин боласың!» (Тирмизи).