6 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     9 - Қазан, 2024 жыл.   


Өнерді қолдану

Сұрақ: Жандының суретін салу және мүсін жасауды, музыкалық аспапта ойнауды күнә деуге болмайды. Егер ол күнә болса, Аллаһ ол адамға ондай өнер бермес еді. Аллаһ күнә саналатын істерге өнер бере ме?

Жауап: Әлбетте береді. Бұл өмір бізге емтихан орны. Күнә істеуге өнер берілмесе, онда өнерсіз адам қалай күнә істесін? Енді бірнеше өнер жазып өтейік:

1) Адам құмар ойында өнерлі болса, ол адамның құмар ойнауы күнә болмай қала ма?

2) Адам кезкелген құлыпты аша алса, бұл қабілетін қолданып, құлыптанып тұрған есікті ашып, біреудің затын ұрласа, жасаған ұрлығы күнә болмай ма?

3) Атқанына дәл тигізетін мерген аңшы біреудің жылқысын, сиырын, қойын немесе адамдарды атып өлтірсе, жасаған қылмысы күнә болмай ма?

4) Біреудің тапанша, қару жасайтын өнері болса, сол жасаған қаруларымен адам өлтірсе, жасаған қылмысы күнә болмай ма?

5) Мүсінші жасаған пұтына табынса, бұл амалы күпір болмай ма?

6) Өнерлі суретші өнерін қолданып әйелдің ұятсыз суретін тірідей келтіріп салса, бұл күнә болмай ма?

7) Өнерлі биші әйел шешініп, ешкім қайталай алмайтын шоу жасаса, бұл ісі күнә болмай ма?

Бұл мысалдарды арттыра беруге болады. Өнеріміз болса да, болмаса да, ол істің ешкімге зияны болмаса да, дініміз тыйым салған нәрсені істеу рұқсат болмайды.