9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Күнкөрісі қиындаған адам истиғфар айтуды тоқтатпасын!

Күнкөрісі қиындаған адам истиғфар айтуды тоқтатпасын!

Садық бин Әли Айдәруси хазрет – үлкен әулиелердің бірі. 1588 (х.997) жылы Йеменде Тәрим қаласында дүниеге келді. Сәйид болып, тегі пайғамбарымызға дейін жетеді. Йемен ғұламаларынан тәфсир, хадис, фиқһ және т.б. ілімдерді оқыды. Тасаууф ілімінде жетілді. Ұстаздарынан ижазат (диплом) алып, кейін Үндістанға барып, Бәндәрсура қаласында көкесі Шәриф Мұхаммедті зиярат етті. Сұхбаттарына қатысып, білім алды. 1653 (х1064) жылы сол жақта қайтыс болды. Өз сұхбаттарында былай деген:

«Бес адамның сұхбатынан, яғни бес адаммен бірге жүруден сақтан: біріншісі, өтірік айтатын адамнан сақ бол. Өйткені, сен оған әрдайым алданасың. Саған жақсылық жасаймын деп жамандық істейді. Екіншісі, сараңнан сақ бол. Үшіншісі, ақымақтан, яғни ақылы аз адамнан сақтан. Өйткені, ең қажетті кезде ол сені тастап кетеді. Төртіншісі, жаман ниетті адамнан сақ бол. Өйткені, жағдайы қиындаған кезде опасыздық жасап, сені пайдаланып кетеді. Бесіншісі, пасықтан, яғни күнә істеуге ұялмайтын адамнан сақ бол! Өйткені, сені бір кесек нанға сатып кетеді».

«Мұсылман бауырың туралы жаман іс еститін болсаң, бірден жетпіске дейін оны ақтайтын себеп ізде. Таба алмасаң, «Бәлкім мен түсінбеген бір себеп бар болар» деп ол мәселені жап».

«Мұсылман бауырларыңнан мағынасын түсінбеген бір сөз естісеңдер, жақсыға жорыңдар. Одан да жақсысы шықпайтындай етіп жақсыға жорыңдар. Түсіне алмағандарың үшін өздеріңді айыптаңдар».

«Қате істеп қойған кездеріңде истиғфар айтыңдар, қатеден қайтпай табан тіреп тұрып алу құрып кетуге себеп. Кімде-кім күнкөрісте қиналып жүрген болса, үздіксіз истиғфар айтсын».

«Қиындыққа шүкір етпеген адам ниғметке шүкір ете алмайды».

«Бейсенбі күні екінді (аср) уақыты келгенде Аллаһу та'ала періштелерін аспаннан жерге түсіреді. Періштелерде күмістен парақтар және алтыннан қаламдар бар. Олар ертеңіне күн батқанша Расулуллаһқа айтылған салауатты жазады».

Аллаһу та'ала дүниеге әмір етті: «Ей, дүние, маған қызмет еткенге сен қызметші бол! Ал сенің артыңнан қалмай жүгіргенге қиыншылық, әбігерлік бер!».

«Мына төрт нәрсені әр қадірлі адам істеуі керек. Істемеу оған жараспайды: 1) Отырған жеріне әкесі келсе, орнынан тұру. 2) Қонаққа қызмет ету. 3) Жүз қызметшісі болса да, мұқтаж болмаған кезде көлігіне (атына, түйесіне) ешкімнің көмегіне жүгінбей өз күшімен міну. 4) Білім берген ұстазына қызмет ету».