17 - Шәууал, 1445 жыл.
     26 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Қажетті дұғалар / Дұға ету ғибадат

Дұға ету ғибадат

Сұрақ: Дұға ету ғибадат па, олай болса қалай және қай түрде дұға ету керек?

Жауап: Бұл туралы «Ширатул-ислам» шәрһінде былай жазылған:

«Хадис шәрифте: «Дұға ету ғибадат» делінген. Қабыл болмаса да, сауап пайда болады. Дұғаның қабыл болуының шарттары бар:

Халал азық жеу керек. Харам жеген адамның дұғасы қырық күн қабыл болмайды. Дұға – қажеттілікті кетіретін, бақытқа жеткізетін есіктің кілті. Бұл кілттің тістері – халал азық. Киетін киім де халал, таза болуы қажет.

Дұға еткенде көкірек ояу болуы қажет, қабыл болатынына сену керек. Не айтып, не тілеп жатқанын білмейтін адамның дұғасы қабыл болмайды. Дұғадан бұрын тәубе етіп, истиғфар айтқан жөн. Дұғаның қабыл болуына асықпау керек. Тұрақты түрде дұға етіп, жалықпаған жөн. Аллаһу та'ала дұға етуді және дұға етушіні жақсы көреді. Қабыл етсе де, тілегенін беруді кешіктіріп, дұғаның және сауабының көп болуын қалайды. Дұғаны еш болмағанда жеті рет қайталаған жөн.

Қиналмай рахат жүрген кезде көп дұға еткен адамның басына дерт пен пәлекет келген кезде жасаған дұғалары тез қабыл болады.

Дұғадан бұрын Аллаһу та'алаға мақтау және Расулуллаһқа дұға мен сәлем айтылады. Расулуллаһ алейһиссалам дұғаның басында «Субхана Раббиял алийил аләл Уәһһаб» дейтін.

Алдымен барлық күнәларға тәубе ету керек, кейін бүкіл мұсылмандардың амандығын, саламаттығын тілеп дұға ету, кейін барлық тілектерді айтып, беруін шын көңілмен қалап сұрау қажет. Ақылға және исламға сай келмейтін нәрсе сұрамаған жөн, мысалы «Жәннаттың оң жағында ақ зәулім сарай бер» деуге болмайды. Жүрекке келген қайырлы нәрсені сұрап, айтқанының мағынасын білген жөн.

Дұға тек қалаумен ғана шектеліп қалмау керек, тілегеніне жеткізетін себептерге жүгіну қажет. Алдымен ғибадаттарды орындау, кейін Аллаһтың разылығын алу үшін дұға ету керек. Ғибадаттар – разылықтың себебі. Себептерге жүгінбестен жасалған дұға қабыл болмайды. Мұны дұға деп атамайды. Бұған пайдасыз қалау делінеді. Үміт етілмейтін нәрсені сұрауға «қалау, үміт етілетін нәрсені сұрауға «тілек» дейді. Тілеген нәрсенің себептеріне жеткізуін сұрау керек. Хадис шәрифте:

«Еңбектенбей дұға еткен адам қарусыз соғысқа кеткен адам секілді» делінген.

Дәрет алып, тізерлеп, құбылаға қарап отырып, қолды кеуде тұсында созып, алақанды аспанға қарай ашып, пайғамбарларды және әулиелерді арашы қылып, Олардың құрметіне деп сұрап, соңында «әмин» деу керек».