7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Парызбен салыстырғанда нәпілдің еш құны жоқ

Парызбен салыстырғанда нәпілдің еш құны жоқ

Құтб-и Раббани хазрет мәшһүр әулиелердің бірі. Есімі Мұхаммед, 1260 (х.658) жылы Үндістанда Панипут қаласында дүниеге келді. Кіші жасында Шәрәфуддин Әбу Әли Кәлендер хазреттің тәрбиесіне берілді. 1363 (х.765) жылы сол жерде қайтыс болды. Көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған. «Фәуаид-ул-Фуад» атты кітабында былай деген:

Аллаһу та'ала разы болған амалдар – парыздар мен нәпілдер. Парызбен салыстырғанда нәпілдің еш құны жоқ. Бір парызды уақытылы орындау мың жыл үздіксіз нәпіл ғибадатты орындаудан әлдеқайда құндырақ. Нәпілдің барлық түрі, мысалы намаз, зекет, ораза, умра, қажылық, зікір, бәрі осындай. Тіпті бір парызды орындағанда оның бір сүннетін және бір әдебін орындау басқа нәпілдерді орындаудан әлдеқайда құндырақ...

Әмир-ул мүминин Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһ) бір күні таң намазын оқығаннан кейін жамағат арасынан біреуді көре алмаған соң себебін сұрайды. Жамағаттағылар «Ол әр түні нәпіл ғибадатпен айналысады. Бәлкім ұйықтап қалып, жамағатқа келе алмаған шығар» деседі. Сонда халифа «Түні бойы ұйықтап, таң намазын жамағатпен оқығанында жақсырақ болар еді» дейді. Бұдан аңғарылатыны, бір парызды орындағанда оның әдебін орындау және мәкрухынан сақтану зікірден, тәфәккурден әлдеқайда құндырақ. Иә, бұлар сол әдептерді орындаумен және мәкрухтардан сақтанумен бірге орындалса, әлбетте өте пайдалы болады. Бірақ оларсыз болса, ештеңеге жарамайды. Осы секілді, бір теңге зекет беру мың теңге нәпіл садақа беруден жақсырақ. Сол бір теңгені берерде әдебін де сақтап орындау, мысалы жақын туысқа беру сол нәпіл садақадан әлдеқайда жақсырақ болады.

Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) хабар бергені бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Бес уақыт намаз және жұма намазы келесі жұмаға дейін және рамазан оразасы келесі рамазанға дейін істелетін күнәларға кафарат (өтем) болады. Үлкен күнә істеуден сақтанып жүретіндердің кіші күнәларының кешірілуіне себеп болады». Арада істелген кіші күнәлардан кісі хақысы араласпағандарын жояды. Кіші күнәлары кешіріліп таусылған адамдардың үлкен күнәларына берілетін азаптарының жеңілдеуіне себеп болады. Үлкен күнәлардың кешірілуі үшін тәубе ету де қажет. Үлкен күнә жоқ болса, дәрежесінің жоғарылауына себеп болады.