6 - Ражаб, 1444 жыл.
     28 - Қаңтар, 2023 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Жақсы мұсылман болу үшін

Жақсы мұсылман болу үшін

Сұрақ: Жақсы мұсылманның, нағыз мұсылманның қасиеттері, ерекшеліктері қандай болу керек?

Жауап: Нағыз мұсылман дініне, ата-анасына, ұстазына, басшысына, үкімет адамдарына және заңға аса құрмет көрсетеді. Қажетсіз нәрселермен айналыспайды, пайдалы нәрселермен шұғылданады. Құмар ойнамайды, уақытын босқа өткізбейді.

Нағыз мұсылман ғибадатын толық орындайды. Аллаһу та'аланың алдындағы шүкіршілік борышын өтейді. Ғибадатын тек сөз үшін немесе тыйымнан құтылу үшін жасамайды. Ғибадатын үлкен ынтамен, қалаумен, жақсы көріп орындайды. Аллаһу та'аладан қорқу дегеніміз Оны қатты жақсы көру деген сөз. Адам ең сүйікті адамының ренжігенін қалай қаламаса және оны ренжітуден қалай қорықса, Аллаһу та'алаға ғибадат та Оған деген сүйіспеншілігімізді дәлелдейтіндей түрде орындалу қажет. Аллаһу та'аланың бізге берген ниғметтері соншалықты көп, Оған деген шүкіршілік борышымызды тек қана Оны қатты жақсы көру және Оған шын көңілмен ғибадат ету арқылы өтеуге талпынуымыз керек. Ғибадаттың түрлері бар. Бір бөлігі Аллаһу та'ала мен құлы арасында. Аллаһу та'ала өзіне ғибадатта кемшілік жібергендерді бәлкім кешіреді. Біреудің хақысына мән беру де ғибадат. Біреуге жамандық жасағандарды және мойнында біреудің хақысы бар болғандарды хақы иесі кешірмейінше Ол мүлде кешірмейді.

«Мишкат-ул мәсабиһ» кітабының парсы тіліндегі шәрһі «Әшиат-ул ләмәат» кітабындағы хадис шәрифтерде жақсы мұсылман болу туралы былай делінеді:

«Адамдарға қамқор болмағандарға Аллаһу та'ала қамқор болмайды».

«Зұлымдыққа тосқауыл болып залымға да, мазлұмға да көмектесіңдер!».

«Сатып алынған көйлекке төленген ақшаның оннан тоғызы халал, оннан бірі харам болса, ол көйлекпен оқылған намазды Аллаһу та'ала қабыл етпейді».

«Мұсылман мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық жасамайды. Оған көмектесуге асығады. Оны өзінен төмен және кіші көрмейді. Оның қанына, мал-мүлкіне, ар-намысына зиян тигізуі харам».

«Аллаһқа ант етемін, адам өзіне қалаған нәрсені дін бауырына да қаламаса, оның иманы толық болмайды».

«Аллаһқа ант етемін, жамандығынан көршісі сенімді болмаған адамның иманы жоқ. Яғни ол шынайы мұсылман емес».

«Адамдарға мейірім көрсеткен адамға Аллаһу та'ала мейірім көрсетеді».

«Кішілерімізге жаны ашымаған және үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес».

«Қарияларға құрмет көрсеткен және көмектескен адам өзі қартайғанда Аллаһу та'ала оған да көмекшілер нәсіп етеді».