18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Иманмен жан тапсыру үшін не істеу керек?

Иманмен жан тапсыру үшін не істеу керек?

Ұлы Раббымыз бәрімізді жәннатына шақыруда. Мұның жалғыз шарты осы өмірде иман келтіру және соңғы демде иманмен жан тапсыру. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Соңғы сөзі «Лә илаһа иллаллаһ» болған адам міндетті түрде жәннатқа кіреді» деген. Жәннат ғибадаттың марапаты емес, Аллаһтың сыйы және мұның жалғыз шарты – иманмен жан тапсыру. Иманы жоқ адам жәннатқа кіре алмайды. Оның себебіне жүгіну қажет. Иманмен өлуге себеп болатын амалдардың бірі – баршаға әрдайым жақсылық жасау және оларға әр уақытта көмектесіп пайдалы болу. Қайырымдылық пен жақсылық жасауда ысырап болмайды. Жақсылық жасағанда күн және ағын су секілді болу керек. Адам-жануар, дінді-дінсіз баршаға жақсылық жасау қажет және бәрінің алдында күлімдеп, жылы жүзді, сыпайы болу керек. Осылай өмір сүру иманмен қайтыс болуға себеп болады. Осы себептен де асыл дініміз жомарт болуды аса мақтаған.

Адамның басына келетін барлық пәлекеттер қол ашпаудан және алғанын жібермеуден туындайды. Алғанын жіберсе, қолы ашық болса, құтылады. Қолы ашық болмаған адам тұзаққа түседі. Қолын ашып садақа, зекет берсе құтылады. Жомарт болу – өте маңызды және қиын амал. Сараң кісі әмиянын ашқан кезде «Сенің сұрағаның ақша, оңай бере салатын жан емес қой, ақшаны бере салу оңай ма?» дейді. Алайда сүйікті пайғамбарымыз:

«Жомарттық – тамыры жәннатта болған ағаштың бұтағы секілді. Оны жәннатқа апарады. Ал сараңдық – тамыры тозақта болған ағаштың бұтағы секілді. Оны тозаққа сүйрейді» деген.

Жер жүзіндегі адамдардың ең қадірлісі болған мұсылман кісі қолынан және тілінен бәрі амандықта болатын адам. Одан мүлде зиян келмейді. Ол үнемі пайдалы болады. Екі түрлі пайда бар. Біріншісі дүниелік пайда, екіншісі ахиреттік пайда.

Кім не істесе де, өзіне істейді. Бір адам қайырымдылық жасаса немесе соған себепкер болса, сол қайырымдылық жасалған сайын, адамдар соны істеген сайын оған өлгеннен кейін де сауап жазыла береді.

Мұсылман адал болады, ешкімге опасыздық жасамайды. Өмірімізде қиын күндер де, жақсы күндер де өтіп жатыр. Ақырында бәрі өтіп кетіп жатыр. Дерт пен қиыншылықтың ауыртпалығына сабыр еткен адам марапатын алады және бұл сабыры жәннатта оның сансыз, шексіз ниғметтерге бөленуіне себеп болады. Дүниенің өмірі тек қиял ғана.

Денеміздің бүкіл мүшелері және тіпті тамырымызда аққан қан да осында жасаған әрбір ісімізге ахиретте куә болады. Санаулы күндік өмірімізде қолымызда мүмкіндік бар кезде біреуге жақсылық жасап қалу керек.

Ұлы Раббымыз жасаған жақсылықтардың марапатын жәннатта міндетті түрде береді. Тіпті кәпірлердің жасаған жақсылықтары соңғы демінде иманмен өлуіне, осылайша жәннатқа кіруіне себеп болуы мүмкін. Ал мұсылмандардың зұлымдық пен жамандық жасауы соңғы демінде имансыз кетуіне себеп болады. Мұсылман – бәрінің разылығын, дұғасын ала білген адам.