19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Адам басына келетіндерді ойлау керек

Адам басына келетіндерді ойлау керек

Сұрақ: Көп адам ешқашан өлмейтіндей, ешқашан есепке тартылмайтындай болып жүреді. Алайда адамның бәрінен бұрын өзінің соңын ойлауы, соған қарай дайындық жасауы қажет емес пе?

Жауап: Дүние өмірі өте қысқа және әр күні өтіп, қиялға айналуда. Әр адамның соңы өлім. Одан кейін не мәңгі азап, не мәңгі ниғмет келеді. Бұлардың уақыты өте жылдам жақындап келуде.

Сондықтан да адам өз-өзіне мейірім етіп, ұйқыдан оянуы керек. Қатенің қате екенін көріп, одан құтылуға тырысуы қажет. Ал хақтың хақ екенін көріп, оған бағынуы, жүгінуі қажет. Адамның қабылдайтын шешімі өте маңызды, ал уақыт өте аз. Әр адам міндетті түрде өледі және адам өлетін уақытын ойлауы керек, басына келетіндерге дайындалуы қажет.

Ешкім Хаққа бағынбайынша мәңгі азаптан құтыла алмайды. Өлім сәтіндегі соңғы өкіну адамға пайда әкелмейді және соңғы демде Хақты растау қабыл болмайды. Тек мұсылманның күнәларына тәубе етуі ғана қабыл болады. Ол күні Аллаһу та'ала адамға:

«Құлым! Саған ақыл нұрын берген едім. Онымен мені түсінуіңді, маған және пайғамбарым Мұхаммед алейһиссаламға, Ол әкелген Ислам дініне иман етуіңді бұйырған едім. Осы пайғамбардың келетінін Тауратта және Інжілде хабар берген едім. Оның есімін және дінін барлық аймақтарға тараттым. Естімедім дей алмайсың. Күндіз-түні дүниенің табысы, дүниенің зауқы үшін еңбек еттің. Ахиретте басыңа келетіндерді мүлде ойламадың. Осындай ұйқыда жүргеніңде ажалдың уысына түстің» десе, адам бұған қалай жауап береді екен?

Сондықтан да әр адам басына келетіндерді ойлауы керек, өмірі бітпей тұрып есін жинауы қажет. Адамның айналасында көрісіп, сөйлесіп, жақсы көріп, қорқып жүрген адамдарының бәрі бір-бірден өліп жатыр. Әрқайсысы қиял секілді келіп-кетіп жатыр. Адам жақсылап ойланып, соған қарай таңдау жасауы қажет. Мәңгілік отта жану өте ауыр азап! Шексіз ниғметтер арасында өмір сүру өте үлкен ниғмет. Осылардың бірін таңдау жаны тәніндегі адамның өз қолында. Әркімнің соңы осы екеуінің бірі болады. Бұдан құтылу мүмкін емес. Мұны ойламау, шарасын іздемеу, алдын ала дайындалмау үлкен надандық және азғындық. Хадис шәрифте айтылғанындай:

«Көздегені ахирет болып, ахирет үшін еңбектенген адамға Аллаһу та'ала дүниені қызметші қылады».