![]() ![]() СЕКСЕНІНШІ ХАТБұл хат мырза Фәтхуллаһ Хакимге жазылған. Жетпіс үш топтың арасында құтылатын бір топтың әһли сүннет тобы екені жазылуда: Аллаһу та'ала Мұхаммед Мұстафаның (алә сахибиһиссалату уәссәләм) нұрлы жолында жүруді нәсіп етсін! Парсы тіліндегі шумақтың аудармасы: Ісіміз осы. Одан басқасының бәрі бос тірлік. Хадис шәрифте мұсылмандардың жетпіс үш топқа бөлінетіні хабар берілді. Бұл жетпіс үш топтың әрқайсы исламды ұстанатынын айтады. Тозақтан құтылатыны хабар берілген топтың өз тобы екенін әрқайсы айтады. «Мүминун» сүресінің елу төртінші [54] және «Рум» сүресінің отыз екінші аятында: «Әр топ өзінің тура жолда екенін ойлап қуануда» делінген. Алайда бұл әр түрлі топтардың арасында құтылатын біреуінің белгісін, ишарасын пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай хабар берген: «Ол топта болғандар менің және сахабаларымның жолында болғандар». Ислам дінінің иесі өзін айтқаннан кейін асхаби кирамды да (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) айтуына қажеттілік болмаса да оларды да қосуы «Менің жолым – сахабаларым жүрген жол. Құтылу жолы тек қана сахабаларым жүрген жол» деген сөз. «Ниса» сүресінің жетпіс тоғызыншы аятында: «Расулыма бағынған адам әлбетте Аллаһу та'алаға бағынған болады» делінген. Расулға бағыну Аллаһу та'алаға бағыну деген сөз. Оған (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағынбау Аллаһу та'алаға қарсы шығу саналады. Аллаһу та'алаға бағынуды Расулына бағынудан басқа екенін ойлайтындарға қатысты түскен «Ниса» сүресінің «Аллаһу та'аланың жолы мен Расулының жолын бір-бірінен айырғысы келеді. «Сенің айтқаныңның кейбіріне сенеміз, кейбіріне сенбейміз» дейді. Екеуінің арасынан бөлек жол ашқысы келеді. Олар әлбетте кәпір» деген жүз қырық тоғызыншы аяты олардың кәпір екенін хабар береді. Асхаби кирамның (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) жолында жүрмей пайғамбарға (алейһиссалату уәссәләм) бағынғанын айтатын адам қателеседі. Оған (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағынған емес, қарсы шыққан болып саналады. Мұндай жолды ұстанған адам қияметте құтыла алмайды. «Мужадәлә» сүресінің «Олар дұрыс нәрсе істедім деп ойлайды. Біліңдер, олар өтірікші, кәпір» деген он сегізінші аяты осы сияқтылардың жағдайын көрсетеді. Асхаби кирамның (алейһимурридуан) жолында жүргендер еш күмәнсіз әһли сүннет уәл жамағат тобы. Аллаһу та'ала осы топтың шаршамастан, жалықпастан еңбектенген ғұламаларына мол марапатын берсін! Тозақтан құтылатын топ тек қана осылар. Өйткені пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына (алейһимурридуан) тіл тигізетін адам оларға еруден әлбетте мақұрым қалады. [Шиилер он екіге бөлінген. Әр бөлігі де тарауларға бөлінген. Кейбірлері дәретсіз, ғұсылсыз жүреді. Намаз оқитындары аз. Бәрінің ақидасы, сенімі әһли сүннеттен өзгеше. Олар Алеуи емес. «Алеуи» – әһли сүннетті жақсы көретін, олардың жолымен жүретін адам деген сөз. Имам Әли және оның хазреті Фатимадан тараған балалары «Әһли бәйт» деп аталады. Әһли бәйтті жақсы көру абыройын әһли сүннет тапқан, оларды жақсы көруді, олардың жолында болуды соңғы демде иманмен кетудің белгісі, ишарасы деп білген. Олай болса алеуи – әһли сүннет. Сондықтан алеуи болғысы келген адамның әһли сүннет болуы қажет. Қазіргі таңда дүмшелер және мұсылмандыққа еш қатысы жоқ адамдар мүбәрәк алеуи атауын әһли сүннеттен алып, өздеріне тағып алғысы келеді. Бұл көркем атауды жамылып, жастарды алдауға, Расулуллаһтың жолынан айыруға тырысуда. Бұл туралы «Хақ сөздің дәлелдері» кітабымызда кеңірек мәлімет бар]. Ал Мутәзили адасқан ағымы кейіннен пайда болған. Оның құрушысы Уасил бин Ата деген адам Хасан Басридың (рахметуллаһи алейһ) шәкірті еді. Иман мен күпір арасында тағы үшінші бөлім бар екенін айтып, Хасан Басридың жолынан айрылғандықтан Хасан Басри оған «И’тәзәлә анна» деді, бұл «бізден айрылды» деген сөз. Басқа барлық адасқан ағымдар да кейіннен пайда болды. Асхаби кирамға тіл тигізу Аллаһу та'аланың пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тіл тигізу болып саналады. «Асхаби кирамды құрметтемейтін адам Аллаһу та'аланың Расулына иман келтірмеген болып есептеледі» делінген. Өйткені оларды жамандау егелерін, қожайындарын (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жамандау болады. Осындай қате сенімге түсуден Аллаһу та'алаға сиынамыз! Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден шыққан үкімдерді бізге жеткізген асхаби кирам. Оларға тіл тигізгенде олар жеткізген нәрсе де маңызын жоғалтады. Ислам дінін бізге жеткізген асхаби кирам арасынан белгілі адамдар ғана емес. Мұнда әрқайсының қызметі, үлесі бар. Бәрі әділеттікте, туралықта, үйретуде тең. Асхаби кирамның (алейһимурридуан) кез келген біріне тіл тигізгенде ислам діні жамандалған, балағатталған болады. Аллаһу та'ала осындай жаман жағдайға түсуден бәрімізді қорғасын! Асхаби кирамды балағаттаған адам егер: «Біз сонда да асхаби кирамға ереміз. Олардың бәріне еру шарт емес. Тіпті мүмкін де емес. Өйткені олардың сөздері бір-біріне қайшы. Жолдары түрлі түрлі» дейтін болса, оған беретін жауабымыз: асхаби кирамның кейбіріне ерген болу үшін ешбіріне қарсы шықпау керек. Бір бөлігін жақтырмаса, басқа бөлігіне бағынған бола алмайды. Өйткені, мысалы Әмір [Әли] (радиаллаһу анһ) басқа үш халифаны ұлы деп білетін, құрметтейтін және бағынуға лайықты екенін білетін еді. Оларға шын көңілімен биат етіп, бағынып, халифалықтарын қабыл еткен еді. Басқа үш халифаны жақсы көрмейінше Әмірге (радиаллаһу та'ала анһум) бағынғанын айту өтірік болады, жала болады. Тіпті Әмірді жақтырмау оның сөздерін, іс-әрекеттерін қабылдамау болады. Аллаһу та'аланың арыстаны Әли (радиаллаһу анһ) туралы «олармен өтіріктен жақсы қарым-қатынаста болып көрінді» деп айту наданның, ақымақтың сөзі. Аллаһтың арыстанының сондай білімі және қаһармандығымен толық отыз жыл бойы үш халифаға қарсы дұшпандығын жасырып, дос көрінгенін, олармен өтіріктен достық құрғанын қай адамның ақылы қабылдайды? Ең төмен мұсылманның өзі мұндай екі жүзділік жасай алмайды. Әмірді (радиаллаһу анһ) осыншалықты төмен қылатын, әлсіз, қу және екі жүзді қылатын ондай сөздердің жамандығын ұғыну қажет. Аллаһ көрсетпесін, Әмірдің (радиаллаһу анһ) осындай екенін бір сәтке қабылдасақ та пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы үш халифаны (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) мақтауына, ұлықтауына, бүкіл өмірі бойы оларды қадірлеуіне не дейді екен? Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі жүзді дей ме екен? Аллаһ сақтасын! Бұл мүлде мүмкін емес. Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұрысты хабарлауы уәжіп, міндетті. Өтіріктен жақсы қарым-қатынас жасады деген адам дінсіз дүмше болады. «Маида» сүресінің жетпісінші аятында: «Ей, қадірлі Расулым! Раббыңнан саған түскендерді бәріне жеткіз! Оларды дұрыс жеткізбесең, пайғамбарлық міндетіңді атқармаған боласың! Аллаһу та'ала сені дұшпандық еткендерден қорғайды» делінген. Кәпірлер «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) уахи болып түскендердің өз ісіне жарайтындарын айтып, жарамайтындарын айтпайды» дейтін. Осыған орай осы аяти карима келіп бәрін дұрыс айтқаны хабар берілді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ахиретке аттанған кезге дейін үш халифаны үнемі мақтайтын, өзгелерден үстем тұтатын. Демек оларды мақтау, үстем санау қателік бола алмайды, қате жол бола алмайды. Иман келтіретін нәрселерде асхаби кирамның барлығына бағыну қажет. Өйткені сену керек болған нәрселерде оларда бір-бірінен мүлде айырмашылық жоқ. Фуру’да, яғни орындалатын істерде айырмашылық болуы мүмкін. Асхаби кирамның (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) біріне тіл тигізген адам бәрінің атына дақ түсірген болады. Өйткені барлығының иманы, ақидасы бір. Біріне тіл тигізген адам олардың ешқайсына бағынбаған болады. Бір-біріне сай болмағанын, араларында бірлік болмағанын айтқан болады. Олардың бірін жамандау оның айтқандарына сенбеу болады. Қайталап айтайық, ислам дінін бізге жеткізген олардың барлығы. Олардың әрқайсы әділетті, турашыл. Әрқайсының ислам дінінде хабар берген бір нәрсесі бар. Әрқайсы аяти карималарды жеткізіп, Құран кәрімді жинақтаған. Бір бөлігін жақтырмаған адам ислам дінін жеткізгенді жақтырмаған болады. Аңғарылғанындай, ол адам исламды толық орындамаған болады. Ал ондай адам тозақтан құтыла ала ма? «Бақара» сүресінің сексен бесінші аятында: «Құран кәрімнің бір бөлігіне сеніп, бір бөлігіне сенбейсіңдер ме? Бұлай істегендердің жазасы дүниеде масқара және қарабет болу. Ал ахиретте ең ауыр азапқа тасталады» делінген. Құран кәрімді Осман (радиаллаһу анһ) жинақтады. Тіпті Әбу Бәкір Сыддық пен Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһума) жинақтады. Әмірдің (радиаллаһу анһ) жинақтанған Кұран кәрімі бұдан басқа. Көрініп тұрғанындай, осы ұлы тұлғаларды жамандау Құран кәрімді жамандауға дейін барады. Аллаһу та'ала барша мұсылмандарды осындай пәлекетке түсуден қорғасын! Шии ағымының мүжтәһидтерінің бірінен: «Құран кәрімді Осман (радиаллаһу анһ) жинақтаған. Ол жинақтаған осы Құран кәрім туралы не дейсіз?» деп сұралған екен. Ол: «Одан кемшілік табудан еш пайда көрмеймін. Өйткені Құран кәрімге тіл тигізсек дін құлайды» деп жауаптады. Ақылы бар адам пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болған күні асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала алейһим әжмаин) бәрінің қате шешімде біріккенін әлбетте айта алмайды. Алайда ол күні асхаби кирамның отыз үш мың адамы бәрі бірден өз қалауымен және ынтасымен Әбу Бәкір Сыддықты (радиаллаһу анһум) халифа қылды. Отыз үш мың сахабаның қате істе бір ауыздан бірігуі мүмкін емес. Расында пайғамбарымыз: (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Үмбетім қате істе ауыз біршілікке бармайды!» деген болатын. Әмірдің (радиаллаһу анһ) басында ренжуі сөз сөйлеуге оны шақырмағаны үшін еді. Өзі де сондай екенін айтқан және «Сөйлеуге кеш шақырылғаным үшін мұңайған едім. Әйтпесе Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) бәрімізден үстем екенін жақсы білемін» деген. Оның кеш шақырылуының себебі бар еді. Яғни ол кезде ол әһли бәйттің арасында еді, оларды жұбатып жатқан болатын. Пайғамбымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) асхаби кирамды (радиаллаһу та'ала алейһим әжмаин) арасындағы бөлінулер нәпсінің қалауларынан, жаман ойлардан емес еді. Өйткені олардың нәпсілері тәрбиеленген, тап-таза болған еді. Әммаралықтан құтылып, итминанға [дұрысты түсінуге, сенуге] жеткен еді. Олардың бүкіл қалаулары ислам дінін ұстану еді. Бөлінулері ижтиһадтағы бөліну еді. Дұрысты айқындап шығару үшін еді. Қателескендеріне Аллаһу та'ала бір дәреже сауап береді. Дұрыс тапқандарына ең аз дегенде екі дәреже бар. Ол ұлы тұлғалардың ешқайсын тілімізбен ренжітпеуіміз керек. Әрқайсы туралы тек жақсы сөз айтуымыз қажет. Әһли сүннеттің ең үлкен ғалымдарынан Имам Шафии (рахметуллаһи алейһ) айтқан: «Аллаһу та'ала қолымызды сол қанға тигізбеді. Біз де тілімізді тигізбейік». Тағы айтқан: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін асхаби кирам (алейһимурридуан) көп ойланды. Жер жүзінде Әбу Бәкір Сыддықтан үстем ешкімді таба алмай, оны халифа қылды. Оның билігіне кірді». Имам Шафиидың бұл сөзі де хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) мүлде екі жүзді болмағанын және Әбу Бәкір Сыддықты шын көңілімен халифа қылғанын көрсетеді. Мәйан шәйх Әбулхайрдың ұлы Мәйан Сәйид ұлы ғұламалардың ұрпағы. Деккен сапарында да қызметіңізде еді. Көмегіңіз бен ілтипатыңызды көрсетесіз деп сенемін. Мәулана Мұхаммед Ариф те білім талапкері болып, ғұламалардың тегінен. Әкесі қайтыс болды, ұстаз еді. Айлығын алу үшін сізге барды. Жомарттығыңызбен қол ұшын бересіз деп сенемін. Уәссәләм, уәл икрам! [Үш халифаны жамандайтындардың тура жолдан адасқаны, әсіресе олардың ең азғын және фанатиктерінің мұсылмандықтан толықтай айрылғанын, тіпті исламды құлатуға тырысқанын көрсету үшін ислам ғалымдары өте көп кітап жазған. Олардың бірнешеуінің аты мен авторы төменде тізбектелді. Алеуи екенін айтқан дін бауырларымыздың бұл кітаптарды мұқият оқып, әһли сүннет пен олардың арасындағы айырмашылықтарды зерттеуін және ақылға, ар-ожданға, ынсапқа салып дұрыс жолды таңдауын әрі араңдатушы надандардың өтіріктеріне, жалаларына алданбауын, құтылу жолын, саламаттық жолын ұстанып, дін мен дүние бақытына кенелуін дін бауырмашылдығы мен адамгершілік атынан Аллаһу та'алаға дұға етеміз. Ислам ғалымдарының мұсылмандарға насихат айту үшін жазған кітаптарынан қолымызға түскендерінің бірнешеуі төмендегілер: 1) «Ибтал-ул Мәнһәж-ил батыл» кітабын Фадл бин Рузбәхан жазған. Шии сектасынан Ибнул Мутаххирдың «Минхаж-ул кәрама» кітабын теріске шығаруда, қателіктерін дәлелдермен көрсетуде. Кітапты 852 [м.1448] жылы Исфеханда жазды. 2) «Нузһәт-ул исна ашария» кітабы. Парсы тілінде жазылған. Мырза Ахмед бин Абдуррахим Хинди жазған. Шиилер туралы баяндаған. 125 [м.1839] жылы қайтыс болды. 3) «Нәуакид» кітабын Мырза мақдум жазған. «Ән-нәуакид лил Рәуафид» кітабын сәйид Мұхаммед бин Абдуррасул Бәрзәнжи жазған. 1103 [м.1711] жылы теңізге батып қайтыс болды. 4) «Мухтасар-и Нәуакид» кітабы Нәуакид кітабының қысқартылған нұсқасы. Мұхаммед бин Абдуррасул Бәрзәнжи қысқартқан. 5) «Сәйф-ул батир ли-риқаб ишшиати уәррафида-тил кәуафир» кітабын шәйх Әли бин Ахмед Хити 1025 [м.1615] жылы Стамбұлда жазған. 6) «Әжуибә-тул Ирақия аләл әсиләтил-Ирания» кітабын Шихабуддин сәйид Махмуд бин Абдуллаһ Алуси жазған. Бағдатта шафии ғалымы еді. 1270 [м.1854] жылы қайтыс болды. 7) «Әжуибә-тул Ирақия аләл әсиләтил-Ирания» кітабын Алуси жазған. Хайдери де осындай кітап жазған. 8) «Нәфәхат-ул қудсия фи мәбаһис-ил имамия фи рәдд-иш-шиа» кітабында да Алуси шиилерге жауап беруде. 9) «Нәжһ-ус-сәлама» кітабын да Шиһабуддин Алуси жазған. 10) «Сарым-ул-хадид» кітабын Мұхаммед Әмин бин Әли Бағдади жазған. Ибн Әби Хадидтың жалаларына жауап берген. 11) «Рәдди аләл имамия» кітабын Әли бин Мұхаммед Сувәйди Бағдади жазған. Шафии мазһабында болып, 1237 [м.1822] жылы Шамда қайтыс болды. 12) «Хадиқа-тус-сәраир» кітабын Абдуллаһ бин Мұхаммед Битуши жазған. Шафии мазһабын ұстанып, Бағдат тумасы болып, 1211 [м.1797] жылы Басрада қайтыс болды. 13) «Тухфә-и исна ашария фи рәдд-ир-рәуафид» кітабын шах Абдулазиз Деһлеуи парсы тілінде жазған. 1239 [м.1824] жылы қайтыс болды. Араб тіліне аудармасы Шукри Алуси тарапынан қысқартылып, «Мухтасар-и тухфә» атауымен Бағдатта және 1976 жылы Стамбұлда басылған. 14) «Минха-тул илаһия мухтасар-и Тухфә-и исна ашария» кітабын Махмуд Шукри Алуси жазған. 1373 [м.1953] жылы Каирде басылған. 15) Имам Раббани (рахметуллаһи та'ала алейһ) «Мәктубат» кітабында асхаби кирамның үстемдіктерін өте күшті дәлелдермен баяндаған. 16) «Хужәж-и қатия» кітабын Абдуллаһ Сувәйди араб тілінде жазған. «Ән-Нахия ән тани Әмирил мүминин Муауия» атты араб тіліндегі кітаппен бірге 1402 [м.1981] жылы Стамбұлда басылған. 17) Шихристанидың (рахметуллаһи та'ала алейһ) «Миләл-Нихал» кітабында және мұның түрік, ағылшын, француз және латын тілдеріндегі аудармаларында шиилік ұзақ баяндалған және жауаптары берілген. 18) Түрік тіліндегі «Тәзкирә-и әһли бәйт» кітабы шиилерге жауап беруде. Йеникапы мәуләуи-хана шәйхы Осман мырза тарапынан жазылған, 1295 [м.1877] жылы Стамбұлда басылған. «Хужәж-и қатия» кітабымен бірге латын әріптерімен Стамбұлда басылған. 19) Имам Раббани хазреттің (рахметуллаһи та'ала алейһ) «Рәдди рәуафид» кітабы парсы тілінде жазылып, түрікшесі Стамбұлда басылған. 20) Үлкен ғұлама Ибн Хажәр Хәйтәми (рахметуллаһи та'ала алейһ) «Сауаик-ул мухрика» кітабында шиилердің қателескенін аяти карималар және хадис шәрифтер арқылы дәлелдеген. 21) Тағы Ибн Хажәрдің «Татхир-ул жәнан уәл-лисан ән Муауиятәбни Әби Суфян» кітабында хазреті Муауияға (радиаллаһу анһ) тіл тигізуге болмайтынын өте көркем түрде дәлелдеген. 22) Ибн Тәймия «Минхаж-уссуннә-тиннәбәуия фи нақди кәламиш-шиа уәл қадария» кітабында шии ғалымдарынан Ибнил Мутаххирдың «Минхаж-ул-кәрама» кітабын күшті дәлелдермен теріске шығарған. 23) Тағы Ибн Тәймия «Фәдаил-и Әби Бәкір және Омар» кітабында асхаби кирамның үстемдіктерін күшті дәлелдермен баяндауда. 24) «Мәуаһиб-и ләдунния» аудармасында және түрік тіліндегі «Мират-и каинат» кітабында асхаби кирамның абыройы баяндалған. 25) Сәйид Абдулхаким хазреттің (рахметуллаһи та'ала алейһ) түрік тіліндегі «Сахаба-и кирам» кітапшасы Стамбұлда басылған. 26) «Нур-ул Худа» кітабы 1005 [м.1597] жылы Қарақашзада Омар бин Мұхаммед Бурсауи Халвети тарапынан жазылып, шиилерге және хуруфилерге жауап беруде. Кітап 1286 [м.1867] жылы Стамбұлда басылған. Өзі 1047 [м.1638] жылы Эдирнеде қайтыс болды. 27) «Мәнақиб-и чихар йар-и гузин» кітабы түрік тілінде жазылып, асхаби кирамның (радиаллаһу анһум әжмаин) үстемдіктерін көркем түрде баяндаған. Сәйид Әйюб бин Сыддық Урмәуи жазған. Түрлі уақыттарда басылған. 1264 [м.1847] және 1418 [м.1998] жылдардағы Стамбұл басылымдары керемет. 28) Стамбұлда түрлі басылымдары шыққан түрік тіліндегі «Хақ сөздің дәлелдері» және «Асхаби кирам» кітаптарында шиилік түсіндірілген, ислам ғалымдарының оларға берген насихаттары ұзақ баяндалған. 29) Реинкарнацияға сенетіндердің және «Аллаһ адамға кірді» дейтіндердің кәпір екені «Бәриқа» және «Хадиқа» кітаптарында жазылған. 30) Юсуф Нәбхани «Шәуаһид-ул хақ» кітабының соңғы бөлімдерінде шиилерге дәлелдермен жауап берген. 31) Сәйид Ахмед Дахлан (рахметуллаһи алейһ) «Әл-фәтхул мубин» кітабында шиилерді теріске шығарған. Бұл кітабы Сувәйдидің «Хужәж-и қатийя» кітабының соңына қосылып басылған. 32) Шах Уәлиуллаһ Деһлеуи (рахметуллаһи алейһ) «Изалә-тул хафа ән хилафатил-хуләфә» кітабында шиилерге күшті дәлелдермен жауап берген, хазреті Муауияны мақтаған. Бұл кітап парсы тілінде жазылып, урду тіліндегі аудармасымен бірге 1392 [м.1972] жылы Пәкістанда басылған. Екі томнан тұрады].
Үндістанның ұлы ғұламаларынан уәли-й кәмил Мұхаммед Масум Фаруқи мүжәддиди 29-шы хатының арасында былай дейді: Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламнан: «Йа, Мұса! Мен үшін қандай амал жасадың?» деп сұрады. Ол: «Йа, Раббым! Сен үшін намаз оқыдым, ораза ұстадым, зекет бердім және есіміңді көп зікір еттім» дегенінде Аллаһу та'ала: «Намаз оқу саған бурхан (дәлел). Ораза сені тозақтан қорғайтын қалқан. Зекет махшар күні бәрі ыстықта күйгенде саған көлеңке болады. Ал зікір сол күні қараңғыда саған нұр болады. Мен үшін не істедің?» деді. Мұса алейһиссалам: «Йа, Раббым! Сен үшін жасалатын амал қандай?» деп сұрады. Сонда Аллаһу та'ала: «Сүйген құлымды мен үшін жақсы көрдің бе және дұшпанымды дұшпан деп білдің бе?» деді. Мұса алейһиссалам Аллаһу та'аланың сүйікті амалының Оның достарын жақсы көру және дұшпандарын жақсы көрмеу екенін түсінді. Аңғарылғанындай сүйіктінің жақсы көргендерін жақсы көру және дұшпандарына дұшпан болу сүйіспеншіліктің белгісі. Бұл достық пен дұшпандық жақсы көретін адамның қолында емес. Өздігінен пайда болады. Алайда басқа ғибадаттарды орындау үшін ынта мен ниет ету қажет. Достың сүйіктілері адамға жағымды көрінеді. Ал дұшпандары жағымсыз көрінеді. Дүниедегі сүйіспеншіліктің де осындай екені баршаға мәлім. Адам біреуді жақсы көремін дегенде оның дұшпандарын өзіне дұшпан деп білмейінше оған сенуге болмайды. Оның мұнафиқ (екі жүзді) екені аңғарылады. Шәйх-ул ислам Абдуллаһ Ансари айтқан: «Әбул Хусейн бин Сәмун бір күні ұстазым Мұхаммед Хусриді ренжіткен еді. Сол күннен бері оны жақсы көрмеймін. Біреу ұстазыңды ренжітсе, ал сен ол адамға ренжімесең, иттен төмен боласың». Аллаһу та'ала «Мумтәһинә» сүресінде айтады: «Ибраһим алейһиссалам және сахабалары кәпірлерге «біз сендерден және пұттарыңнан аулақпыз. Сендерге сенбейміз. Сендердің жалғыз Аллаһқа сенгендеріңді аңғарғанымызша арамызда дұшпандық болады» деді. Олардың осы көркем жағдайлары сендерге үлгі болуы керек». Кейінгі аяти каримада: «Аллаһу та'алаға және ахирет күніне сенгендерге бұл жерде әдемі үлгі бар» деген. Бұл аяти карималардың көрсетіп тұрғаны иман иесі болу үшін осы дұшпандық шарт әрі Аллаһу та'аланың дұшпандарын жақсы көру иманды жоқ қылады. Демек сүйіктінің дұшпандарын жақсы көрмеу қажет. Рафизилер осы жерде алдануда. «Хазреті Әлиді жақсы көру үшін асхаби кирамға дұшпан болу керек» дейді. Олардың түсінбейтіні, сүйіктінің дұшпандарына дұшпан болу қажет, достарына емес! Расулуллаһтың сұхбатына қатысумен абыройланғандар бір-бірін қатты жақсы көретін. Олар бір-біріне емес, кәпірлерге дұшпан еді. «Фәтх» сүресінің жиырма тоғызыншы аяти каримасында: «Олар кәпірлерге дұшпан, ал бір-біріне мейірімді еді» делінген. Бұл аяти карима сөзімізді дәлелдеуде. |