![]() ![]() БІРІНШІ ТОМ, 228-ШІ ХАТЗаманымыз Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) нұрлы заманынан өте алыс болғандықтан әрі қиямет уақыты жақындағандықтан, күпірлік пен бидғаттар барлық жаққа жайылды. Бұлардың қараңғылығы әлемді қаптады. Расулуллаһтың сүннеті [жолы, яғни исламның әмірлері мен тыйымдары] ұмытылды. Исламның нұрлары қалмады. Ислам дінін жандандыруға, діни білімдерді жаюға көп күш салыңыз! Аллаһу та'аланың разылығын алуға себеп болған нәрселердің басында осы еңбектену бар. Расулуллаһтың шапағатына жеткізетін ең пайдалы нәрсе осы еңбектену. Хадис шәрифте айтылған: «Ұмытылған бір сүннетімді қайта жандандырған адамға жүз шәһид сауабы беріледі». [Бұл жердегі сүннет дегені – исламның бір үкімі деген сөз]. Бір сүннетті жандандыру үшін оны әуелі өзінің орындауы қажет. Кейін оны тарату, басқалардың да орындауына тырысу керек. Соңғы деміңіздің қалай болатынын көп ойлайтыныңызды жаздыңыз. Бұл қайғыдан құтылған ешкім жоқ. «Аллаһу та'аланың разылығына жеттім деп ойламаймын» дейсіз. Бұл ойдан құтылу уахи келетін заманда еді. Кейінгі замандарда мұның тек қана белгілері мен сүйіншілері бар. Нақты белгілі болмағандықтан, соның қайғысынан құтылу мүмкін емес. «Ғибадаттарымның және жақсы амалдарымның қабыл болатынына үмітім жоқ. Осы себепті ғибадат етуге кейде немқұрайлы қараймын» дейсіз. Ғибадат етуіміз бізге әмір етілді. Ғибадат ету бірінші міндетіміз. Қабыл болатынын білсек те, білмесек те ғибадат етуіміз және ғибадат еткенде орын алған кемшіліктеріміз үшін истиғфар етуіміз, қабыл болуы үшін жалбарынуымыз керек. Осылайша қабыл болуының ықтималы артады. Орын алған қараңғылығы азаяды. Нұрлылығы артады. Ғибадат ету, кейін истиғфар ету құлдық міндетіміз. Бұдан басқасы шайтанның уәсуәсасы. «Мені жақсы көрмейсіз» дейсіз. Сіздің бізге деген махаббатыңыз біздің сізге деген махаббатымыздың әсері. Ағаштың бұтақтарындағы барлық нәрсе діңгегінен келеді. «Маида» сүресінде: «Аллаһу та'ала оларды жақсы көреді. Олар да Оны жақсы көреді» және «Аллаһу та'ала оларға разы. Олар да Оған разы» делінген. Өзінің махаббаты мен разылығын олардың махаббаты мен разылығынан бұрын айтты. |