16 - Мухаррам, 1448 жыл.
     1 - Шілде, 2026 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / ШЫНАЙЫ МҰСЫЛМАН ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

ШЫНАЙЫ МҰСЫЛМАН ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Насихаттардың біріншісі, әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында көрсетілгені бойынша сенімді (ақиданы) дұрыстау. Ол ғалымдар кітаптарында асхаби кирамнан естігендерін жазған, өз ойларынан ештеңе жазбаған. Тозақтан құтылатындар – тек қана осы ғалымдарға ергендер. Аллаһу та'ала сол ұлы тұлғалардың еңбектеріне молынан марапатын берсін! Төрт мазһабтың ижтиһад дәрежесіне көтерілген ғалымдарын және олар жетілдірген ұлы ғұламаларды «Әһли сүннет» ғалымы деп атайды. Ақиданы (иманды) дұрыстаған соң ислам дінін ұстану, яғни фиқһ кітаптары көрсеткен ғибадаттарды үйреніп орындау әрі тыйымдарынан сақтану қажет. Бес уақыт намазды жалықпай, немқұрайлы қарамай, шарттарына және тадил-и әрканға мұқият болып орындау керек. Нисаб мөлшерінде мал-мүлкі мен ақшасы бар адам зекет беруі қажет. Имам Ағзам айтқан: «Әйелдердің әшекей бұйымы ретінде қолданатын алтын мен күмістің де зекетін беру қажет».

Құнды өмірді қажетсіз мубахтармен де өткізбеген жөн. Хараммен өткізбеу әлбетте қажет. Музыкамен, өлеңмен, музыкалық аспаппен айналыспай, бұлардың нәпіске беретін ләззатына алданбау керек. Бұлар бал араластырылған, шекер жалатылған у секілді.

«Ғайбат» айтпау керек. Ғайбат харам. [Ғайбат – мұсылман немесе зымми кісінің жасырын кемшілігін сыртынан айту деген сөз. Харбилердің, бидғатшылардың, мазһабсыздардың, ашық түрде күнә істейтіндердің сол күнәларын, зұлымдық етушілердің және саудада алдайтындардың сол жамандықтарын жариялап, мұсылмандардың олардың зиянынан сақтануына көмектесу, мұсылмандықты қате айтатындардың және жазатындардың сол жалаларын баршаға айту қажет. Бұларды айту ғайбат болмайды. (Рәддул мухтар: 5-263)].

«Нәмимә» жасамау, яғни мұсылмандар арасында сөз тасымау керек. Бұл екі күнәні істегендерге түрлі азаптар берілетіні хабар берілген. Өтірік айту және жала жабу да харам, бұлардан сақтану қажет. Бұл екі жамандық барлық дінде харам еді. Жазалары өте ауыр. Мұсылмандардың кемшіліктерін жасыру, жасырын күнәларын жаймау және кемшіліктерін кешіру үлкен сауап. Кішілерге, қол астындағыларға [жұбайына, бала-шағасына, шәкіртке, әскерге, жұмысшыға] кедейлерге мейірімді болған жөн. Олардың кемшіліктерін бетіне баспау керек. Болмашы себептермен ол байқұстарды ренжітпеу, ұрмау, сөкпеу керек. Ешкімнің дініне, малына, жанына, абыройына, намысына тиіспей, баршаның және үкіметтің алдындағы борыштарды өтеу қажет. Пара беру және алу харам. Тек қана залымның зұлымдығынан құтылу үшін және қорқытқан, қауіп төндірген адамға беру пара болмайды. Бірақ мұны да алу харам болады. Әркім өз кемшіліктерін көріп, Аллаһу та'аланың алдында жасаған айыптарын ойлауы керек. Аллаһу та'ала жаза беруге асықпағанын, ризығын тоқтатпағанын білу қажет. Ата-ананың, үкіметтің ислам дініне сай бұйрықтарына бағыну, исламға сай болмағандарына қарсы шықпау, фитнаға себеп болмау керек. [Қысқасы, шынайы мұсылман мәдени, ілгерішіл адам. «Мәктубат-и Масумия» кітабының екінші томы, 123-ші хатына қараңыз!].

Сенімді дұрыстап, «Ислам дінінің» бұйрықтары мен тыйымдарына бағынған соң бүкіл уақытты Аллаһу та'аланы зікір етумен өткізу қажет. Зікірді ғұламалар көрсеткендей етіп тұрақты жасау керек. «Зікірге», яғни жүректің Аллаһу та'аланың есімін, «Заттық сипаттарын» еске алуына, ойлауына бөгет болатын барлық нәрсені өзіне дұшпан деп білу қажет. Ислам дініне қаншалықты көп байланса, Оны еске алудың ләззаты артады. Ислам дінін ұстануда немқұрайлылық, жалқаулық артқан сайын сол ләззат азайып, қалмайтын болады. Ислам дұшпандарының өтіріктеріне, жалаларына алданып, олардың тұзақтарына түспеуге өте мұқият болған жөн.

Ықыласпен орындалмаған ғибадаттың пайдасы, сауабы болмайды. «Ықылас» – барлық істі тек қана Аллаһ разылығы үшін жасау деген сөз. Ықылас Аллаһу та'аладан басқа ештеңені жақсы көрмеу арқылы, тек қана Оны жақсы көру арқылы өздігінен пайда болады. Жүректің тек қана Оны жақсы көруі «Жүректің тасфиясы», «Жүректің итминаны» немесе «Фәна филлаһ» деп аталады. Жүректің итминанға кенелуі тек қана Оны көп еске алу, ұлылығын, ниғметтерін ойлау арқылы жүзеге асатынын «Рад» сүресінің жиырма сегізінші аяты хабар берген. Адамда «Ақыл», «Көңіл» (жүрек) және «Нәпіс» деген үш қуат бар. Ақыл мен нәпістің орны ми. Көңілдің орны жүрек. Ақыл мектеп сабақтары, ғылыми білімдер, өнеркәсіп есептері, мал иесі болу, ахиретті жақсарту жолдары секілді нәрселерді ойлайды. Қаласа ойлайды, қаламаса ойламайды. Ақылдың бұл ойлары және адамдардың бұларға қол жеткізуге еңбектенуі рұқсат. Тіпті үлкен сауап болады. Бұлардың жүрекке өтіп кетуі зиянды. Нәпіс әрдайым харамды, зиянды нәрсе істеуді ойлайды. Жүректің өзінде ешқандай ой жоқ. Оны ақылдың, нәпістің, сезім мүшелерінен миға, мидан жүрекке өткен харам нәрселердің ойы келіп ауру қылады. Жүректі бұл ойлардан құтылдыру қиын. Бұл ойлар келмесе, Аллаһу та'аланы еске алады, ойлайды. Яғни жүрек ешқандай ойсыз қалмайды. Жүректің Аллаһу та'аланы еске алуы есімін көп айту арқылы немесе бір әулиені көру арқылы жүзеге асады. Әулиені таба алмаса, есімін естіген бір әулиенің өмірбаянын оқып таниды, оны жақсы көреді. Оған «Рабыта» жасайды. Яғни үнемі оны ойлап жүреді. Әулиені көру Аллаһу та'аланы еске алуға себеп болатыны хадис шәрифте хабар берілген.

 

ӨТЕ МАҢЫЗДЫ АНЫҚТАМА

Ер немесе әйел әрбір мұсылманның әр сөзінде, әр ісінде Аллаһу та'аланың бұйрықтарына, яғни парыздарына және тыйым салғандарына, яғни харамдарға бағынуы қажет. Парызды орындауға, харамнан сақтануға мән бермейтін адамның иманы кетеді, кәпір болады. Кәпір болып өлген адам қабірде азап шегеді. Ахиретте тозаққа түседі. Тозақта мәңгі жанады. Кешірілуіне, тозақтан шығуына мүмкіндік пен ықтимал жоқ. Кәпір болу өте оңай. Әр сөзде, әр істе кәпір болу ықтималы көп. Күпірліктен құтылу да өте оңай. Күпірдің себебі білінбесе де күнде бір рет: «Йа, Раббым! Біліп немесе білмей күпірге себеп болған сөз айтқан немесе іс жасаған болсам, өкіндім. Мені кешіре көр!» деп тәубе етсе, Аллаһу та'алаға жалбарынса, міндетті түрде кешіріледі. Тозаққа түсуден құтылады. Тозақта шексіз жанбау үшін күнде міндетті түрде тәубе ету қажет. Бұл тәубеден маңызды ештеңе жоқ. Құл (кісі) хақы араласқан күнәларға тәубе еткенде сол хақтарды өтеу және оқылмаған намаздарға тәубе еткенде олардың қазасын оқу қажет. «Саадәти Әбәдия» кітабының 276-шы бетінен 287-ші бетінің ортасына дейін оқыңыз!