8 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     10 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Намаздың уәжiптерi

Намаздың уәжiптерi

1.       Фатиха сүресiн оқу.

2.       Фатихадан кейiн бiр сүре немесе ең кемінде үш қысқа аят оқу.

3.       Фатиханы зәм сүреден бұрын оқу.

4.       Фатиханы және фатихадан кейiн оқылатын сүренi, парыз намазының бiрiншi және екiншi рәкатында, ал уәжiп және сүннет намаздарының барлық рәкаттарында оқу.

5.       Сәжделердi бiр-бірінің артынша жасау.

6.       Үш немесе төрт рәкатты намаздардың екiншi рәкатында аттахияту оқылатындай уақыт отыру. Соңғы отыру парыз.

7.       Екiншi рәкатта аттахияту мөлшерiнен көп отырмау.

8.       Сәждеде маңдай мен мұрынды бiр жерге қою.

9.       Соңғы отыруда аттахияту дұғасын оқу.

10.   Намазда тадили әрканға амал ету.

11.   Намаздың соңында «Ассаламу алейкум уә рахматуллаһ» деп сәлем беру.

12.   Үтiр намазының үшiншi рәкатының соңында Құныт дұғасын оқу.

13.   Айт намаздарында тәкбiр алу.

14.   Имамның таң намазы, жұма, айт, тарауих, үтiр намаздарында және ақшам мен құтпан намазының алғашқы екi рәкатында дауыстап (басқаларға естіртіп) оқуы.

15.   Имамның және жеке оқыған кiсiнiң бесiн, екiнтi, ақшам, құптан парыздарының үшiншi және төртiншi рәкаттарында дауыс шығармай іштен (тек өзіне естіртіп) оқуы уәжiп. Имамның дауыстап оқуы уәжiп болған жерлердi жеке оқыған кiсiнiң дауыстап та, iштен де оқуы жаиз.

Құрбан айттың арафа күнiнiң таң намазынан, төртiншi күннiң екiнтi намазына дейiн 23 парыз намазының артынан Ташриқ тәкбірін оқу уәжiп.

Сәһу (жаңылу не ұмыту) сәждесi: Намаз оқыған кiсi намаздың парызынан бiреуiн бiле тұра немесе ұмытып тәрк етсе, намазы бұзылады. Егер бiр уәжiптi ұмытып тәрк етсе намазы бұзылмайды. Бiрақ сәһу сәждесiн жасау керек болады. Сәһу сәждесін бiле тұра жасамаған немесе намаздың уәжiптерiнен бiреуiн бiле тұра тәрк еткен кiсiнің сол намазды қайтадан оқуы уәжiп, оқымаса күнәһар болады. Сүннеттi тәрк еткен кiсiге сәһу сәждесi қажет емес. Сәһу сәждесi, парыздың не уәжiптің бiреуi кешіктірілгенде  немесе  бір уәжіп тәрк етілгенде жасалады.

Намазда бiрнеше жерде сәһу сәждесiн жасау қажеттiлiгi туса бiр мәрте жасау жеткiлiктi болады. Имам жаңылса, оған ұйыған жамағаттың да сәһу сәждесiн жасауы керек. Имамға ұйыған кiсi жаңылса, оған сәһу сәждесiн жасаудың қажетi жоқ.

Сәһу сәжде жасау үшiн, әттахият оқылып бiр жаққа сәлем берiледi де екi рет сәжде жасалынып, отырылады. Отырған кезде әттахият, салауаттарды, раббана атина дұғаларын оқып намаз аяқталады. Бiр немесе екi жаққа сәлем беріп немесе мүлде сәлем берiлмей де сәһу сәждесін жасауға болады.