7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Мақсатты дұрыс таңдау

Мақсатты дұрыс таңдау

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

            Алға қойылған мақсат дұрыс таңдалса, соған қарай ғибадаттар, жұмыстар, қызметтер өз райына түседі. Негізгі мақсат – Раббымыздың разылығы. Өзгелердің разы болып-болмауы маңызды емес. Адамдардың қадірлейтін, үстем тұтатын нәрсесін қадірлеген адам – қадірсіз болады. Аллаһу та’аланың қадірлі еткен нәрселерін үстем тұтқан адам – қадірлі болады. Әр адам өз таңдауына қарай мәміле көреді. Ахыретте Аллаһу та’ала үлкен үмітпен келген кейбір құлдарын өкінішке орай жазалайды, оларға былай деп айтады:

 «Ей құлым, істеген істеріңді Менің разылығым үшін істедің бе, әлде адамдар сені мақтауы үшін немесе ақша табу үшін істедің бе? Сен адамдар үшін істедің, адамдар да сені мақтады, ақша да таптың, мақсатыңа жеттің. Бірақ, Мен үшін не істедің? Достарымды Мен үшін жақсы көрдің бе? Дұшпандарыма Мен үшін дұшпандық еттің бе?»

            Аллаһтың дұшпандарына дұшпандық ету көңілмен (жүрекпен) болады, әйтпесе олармен ұрыс-керіске түсіп, оларға тіл тигізіп, сөз таластырылмайды. Бірақ Аллаһ дұшпандарына деген құрмет, сүйіспеншілік көңілде орын алмауы керек. Нағыз сүйіспеншілік – Аллаһқа деген сүйіспеншілік және Аллаһ үшін болған сүйіспеншілік. Дұшпандық та нәпіс үшін емес, Аллаһ үшін болу керек. Әйтпесе Аллаһқа күпіршілік ететін, яғни Оның жіберген Ислам дініне, Пайғамбарымызға, Құран кәрімге сенбейтін адамдарға жүрегінде сүйіспеншілігі болған адам тозақта сол адамдармен бірге болады.

            Аллаһу та’ала істеген амалымызға емес, сол амалды қандай ниетпен істегенімізге қарайды. Дінімізде ниет орындалған амалдан да маңызды болып табылады. Мысалыға үлкен бір кеменің барлық жері сәнді, ыңғайлы, сапалы болып, бірақ компасы бағытты қате көрсететін болса, ол кеменің капитаны кемедегілерді еш қайда апара алмайды. Мұндай кезде бұл кеменің сәнділігі, ыңғайлылығы, сапалылығы түкке де жарамайды. Бұл жерде кішкентай ғана бір құралға (компасқа) қажеттілік бар. Міне, жүректегі ниет те осы компас секілді. Дене, ақыл қаншалықты құнды болса да, жасалған істер қаншалықты бағалы болып көрінсе де, егер ниет қате болса, яғни мақсат Аллаһ разылығы болмаса, адам тек өз-өзін немесе айналасындағыларды алдайды және соңында зиян шегеді.

            Пайғамбарымыз “алейһиссалам”: «Амалдар ниетке байланысты. Мұсылманның ниеті амалынан да қайырлы. Аллаһу та’ала сендердің жүздеріңе, істеріңе емес, жүректерің мен ниеттеріңе қарайды.» деген.

            Әр мұсылман үйіне бара жатқанда үйінің, жұмысқа бара жатқанда жұмысының бағытына беталғаны секілді ахыреттегі баратын жерінің бағытына да қазірден беталуы керек. Ол жақта жұмақ пен тозақтан басқа баратын жер жоқ. Соған қарай жол азығын дайындауы керек. Үйге бара жатқанда ешқашан қателеспейміз, адасып басқа біреудің үйіне кіріп кетпейміз. Тек қана ақылы кемістер немесе өлесі мас болғандар ғана адасуы мүмкін. Ақылы бар адам, ақылын қолдана алатын адам мекен жайын, білетін жерін адаспай тауып бара алады. Міне сол секілді адам баласы бұл дүниеде де ақылын қолдануы тиіс, дүние-мүлік, атақ пен лауазымдарға деген сүйіспеншілікке мастанбауы керек. Яғни ахыретке барар жолда мақсатынан адаспауы керек...