8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Нәпіске ауыр тиетін нәрсе


Нәпіске ауыр тиетін нәрсе

            Нәпістің көкірегін басып қоятын және оған ең ауыр тиетін нәрсе, біреудің айтқан хақ сөзін мақұлдап “иә, дұрыс” деп айту. “Әлхикәм-үл Атаийе” кітабында: «Екі жұмыстан нәпісіңе ауыр келетінін істе! Өйткені хақ (дұрыс) болған іс нәпіске ауыр келеді.» делінген. Хадис шәрифте былай делінеді: «Амалдардың ең үстемі – нәпіске ең ауыр тиетіні.»             Хазреті Юсуф бин Әсбат: “Қарапайымдылықтың белгілерінің бірі – айтқан адам кім болса да, хақ сөзді мойындау.” деген.

            Фудайл бин Ияд хазреттері де: “Хаққа басыңды игіл, хақтың артынан жүргіл, кім айтса да хақты қабыл еткіл.” деп бұйырған.

            Хазреті ибн Ата былай дейді: “Қарапайымдылық – кім айтса ол айтсын  хақты қабыл ету.”  

            Қиын болған істі істеу нәпіске ауыр тиеді. Мұндай істер нәпісті езеді, әлсіретеді. Ғибадаттар нәпісті әлсірету үшін, зауқын сындыру үшін әмір етілді. Өйткені нәпіс адамның да Аллаһу та'аланың да дұшпаны болып табылады. Оны әлсіретіп, қалауларының алдын алу керек.

            Кез-келген бір істе нәпіске қаншалықты аз мойынсұнылса, ол істің пайдасы соншалықты көп болады. Яғни Аллаһу та'аланың разылығына тез қауыштырады. Ислам дінінің әмірлері мен тыйымдары нәпісті жазалап, әлсірету үшін берілген. Өйткені нәпіс Аллаһу та'аланың дұшпаны. Хадис құдсиде:

            «Нәпсіңе дұшпандық ет! Өйткені ол Менің дұшпаным.» деп бұйырылған.               Адамдардағы “әммара” (тәрбиеленбеген) нәпіс дін ілімдеріне сенбейді. Оның табиғаты, жаратылысы Ислам дініне мойынсұнбау. Сондықтан Ислам дініне мойынсұну нәпіске өте ауыр тиеді. Нәпіс оған мойынсұнғысы келмейді. Нәпістің ең қиналатын, оған ауыр болып тиетін нәрсе – Исламның әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну. Нәпісті езу, әлсірету, тәрбиелеу үшін Исламға мойынсұнудан басқа амал жоқ.             Нәпістің қалаулары адамды Аллаһ жолынан адастыратыны Құран кәрімде білдірілген. Өйткені нәпістің ылғи да Аллаһу та'алаға қасарысып, қарсы келгісі, Оны жоққа шығарғысы келіп тұрады. Әр істе нәпіске мойынсұну – нәпіске табыну болып табылады. Нәпісіне мойынсұнған адам күпірлікке түсе бастайды немесе бидғатшы бола бастайды немесе харам істей бастайды. Хазреті Әбу Бәкір Табистани: “Нәпіске мойынсұнудан құтылу – дүниедегі ниғметтердің ең үлкені. Өйткені нәпіс Аллаһу та'ала мен құлдың арасындағы перделердің ең үлкені.” деген. Хазреті Сәһл бин Абдуллаһ Тустари де былай дейді: “Ғибадаттардың ең үстемі – нәпіске мойынсұнбау.”  

            Ислам бин Юсуф Бәлқи деген кісі хазреті Хатәмүл-Асамға бір нәрсе сыйға берген еді. Хатәмүл-Асам бұл сыйлықты қабыл еткенінде, одан айналасындағылар:

- Мынаны қабыл етуің нәпсіңе мойынсұну болмай ма? – деп сұрады.

- Бұл сыйлықты қабыл ету арқылы өзімді төменге, оны жоғарыға шығардым. Кері қайтарғанымда оны төмен өзімді жоғары санаған болар едім. Бұл нәпсіме ұнайтын еді – деп жауап берді Хатәмүл-Асам хазреттері.

            Пайғамбарымыз алейһиссалам ұзын бір хадис шәрифінің аяғында:

            «Адамды пәлекетке сүйрейтін үш нәрсе бар: Сараңдық, нәпіске мойынсұну, өзін ұнату.» деп бұйырды.

            Нәпіске мойынсұнып, тәубә және истиғфар етпей, рақымшылық пен жәннат күту ақымақтық болады. Өйткені хадис шәрифте: «Ақылдың белгісі – нәпісті жеңіп оған билігін жүргізу және өлгеннен кейін керек болатын нәрселерді дайындау. Ақымақтықтың белгісі – нәпіске мойынсұнып, Аллаһтан кешірім мен мейірімділік күту.» делінген.

 

            Нәпісіне мойынсұнған адам әрдайым ислам қорғанының сыртына шығып кете береді. Жануарларда ақыл мен нәпіс болмағаны үшін қажеттерін тапқан жерінде қандырып кете береді. Тек денелеріне зиян беретін, өздеріне зақым тидіретін нәрселерден аулақ жүреді. Ислам діні рахат пен бақытты өмір сүру үшін керекті нәрселерге және дүние ләззаттарының пайдалыларына тыйым салмаған. Тек қана бұларға қол жеткізу және бұларды қолдану барысында ақылмен дінге мойынсұнуды әмір еткен.

            Ислам діні адамдардың бұл дүниеде де, ахыретте де рахат және бақытты өмір сүргенін қалайды. Сондықтан да адамдарға ақылға мойынсұнуды әмір етеді. Нәпіске мойынсұнудан қайтарады. Ақыл жаратылмағанда адам ылғи нәпсінің айтқанын істеп, пәлекеттерге ұшырап кетер еді. Ал нәпіс болмағанда, адам өмір сүруі, өсіп-өнуі және өркендеуі үшін қажетті нәрселерге ұмтылуда босаңдық танынытып, нәпісіне қарсы жиһад ету сауабынан махрұм қалар еді. Періштелерден де үстем болу жолы оған жабық қалар еді. Хадис шәрифте былай делінеді:

            «Жануарлар ахыретте болатын халдерден сендердің білгендеріңдей білгенде, жеу үшін олардың кеудесінде бір кесек ет таппас едіңдер.»             Яғни, жануарлар ахыретте болатын азаптардың қорқынышынан жеп- ішуден тыйылар еді. Терісі мен сүйегі ғана қалар еді. Адамдарда нәпіс болмағанда олар да әлгі жануарлар секілді қорқыныштан жеп-іше алмайтын, өмір сүре алмайтын еді.

            Адамдардың өмір сүрулері нәпістің ықылассыздық пен дүниеге берілгендігінің арқасында жүзеге асады. Нәпіс екі жүзі де өткір пышаққа немесе өте улы дәріге ұқсайды. Оны дәрігердің айтқаны бойынша қолданған адам бұдан пайдаланады. Қалай болса солай, салақ қолданған адам дүниесін де, ахыретін де күйдіреді.

            Ислам нәпісті жойып, көзін құртуды емес, оны тәрбиелеп, жолға салып оның күшінен пайдалануды әмір етуде.