10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Пайғамбарымыздың дүниеге келуі

Пайғамбарымыздың дүниеге келуі

Әлем надандықтың тұңғиығына батып, жан-жақты зұлымдық қаптап, адамдар барлық нәрсенің жаратушысы болған Аллаһу та’алаға иман келтіріп, ғибадат жасауды тоқтатқан еді. Адамдар ғаламда болып жатқан құбылыстар мен Хақ та’ала жаратқан нәрселерге және өз қолдарымен жонып тас пен ағаштан жасаған пұттарына табынатын еді.

            Әлемді, барлық болмыстарды, адамдардың жүректерін қайғы басқан еді. Аллаһу та’аланың күллі жаратылыстардан үстем етіп жаратқан адамдардың тозақтан құтылуларына себеп болатын бір тұлға керек еді. Оның туылуына аз ғана уақыт қалған еді. Әлем Адам алейһиссаламнан сол күнге дейін таза маңдайлардан өтіп жеткен нұрдың иесін қарсы алуға дайындалып жатқан еді. Адамдар мен жындарға мәңгілік бақытты көрсететін теңдессіз ұлы адам келе жатыр еді! Мейірім пен шапағаттың қайнары болған ұлы адам келе жатыр еді!

            Ұлы шапағатшы, әлемнің иесі, болмыстардың негізі, адамдардың мырзасы келе жатыр еді! Махшар күнінде көмек беруші, пайғамбарлардың сұлтаны келе жатыр еді! Аллаһу та’аланың сүйікті құлы, әлемдерге рақымдылық етіп жіберілген Пайғамбарымыз келе жатыр еді...саллаллаһу алейһи уә сәлләм!

            Жеті қат көк, жеті қат жер, қысқаша бүкіл ғалам үлкен құрметпен, қуанышпен Сәйидул-Мүрсәлин, Хатәмул-Әнбия, Хабиби-Худа болған пайғамбарды күтуде еді. Бүкіл жаратылыс «Хош келдің йа, Расулаллаһ!» деуге әзір еді. Хижреттен 53 жыл бұрын, Піл оқиғасынан екі ай өтіп, рабиуләууәл айының 12-сі дүйсенбі күні түнде таңға жуық Меккенің Хашим ұлдары ауданында Сафа тауы маңындағы бір үйде көптен күткен Аллаһу та’аланың нұры Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеге келді. Оның туылуымен әлем қайтадан жанданды. Қараңғылыққа нұр төгілді.

            «Мәдарижул-нубуввә» кітабында былай делінген: «Ең ұлы құрметке ие болған бақытты ана Әмина жүктілігі туралы былай әңгімелеген: «Оған жүкті кезімде ешқандай қиындық шекпедім. Жүкті екенімді сезбейтінмін. Тек алты айдан кейін бір күні ұйқылы ояу кезімде біреу маған «Сен кімге жүкті екеніңді білесің бе?» деді. «Білмеймін» дедім. Ол «Біліп ал, ең соңғы пайғамбарға жүктісің» деді. Босанатын уақыт жақындағанда сол адам тағы да келіп, «Ей, Әмина! Бала туылған соң атын Мұхаммед қой» (басқа жерде Ахмед) дейді.» Хазіреті Әмина босанған кезі туралы былай дейді: «Босанатын сәт келген кезде айбатты бір дауыс естідім. Қорқа бастадым. Сосын бір ақ құс көрдім, келіп қанатымен мені сипады. Қорқынышым басылды. Сол сәтте қатты шөлдедім, қатты ыстықтадым. Қасымнан сүттей аппақ бір кесе шербет көрдім. Сол шербетті маған ішуге берді. Іштім, балдан тәтті және салқын еді. Шөлім қанды. Сосын үлкен бір нұр көрдім, үйімнің іші нұрланғаны соншалық, сол нұрдан басқа ештеңе көре алмадым. Сол кезде айналамды қоршап, қызмет етіп жүрген көптеген әйелдерді көрдім. Бойлары ұзын, жүздері жарқын еді. Олар Әбді Манаф тайпасының қыздарына ұқсайтын. Олардың аяқ астынан пайда болғанына таң қалдым. Олардың бірі «Мен Перғауынның әйелі Асиямын», келесі бірі «Мен Мәриям бинти Имранмын. Мыналар жұмақтың хор қыздары» деді. Сол кезде түсі ақ, көктен жерге дейін созылған ұзын жібек мата көрдім. «Оны адамдардың көзінен жасырыңдар» деді. Сол сәтте бір құстар пайда болды. Тұмсықтары асыл тастан, қанаттары жақұттан еді. Қорыққаным соншалық терлеп кеттім, Сол кезде көзімнен пердені алды. Барлық жер бетін шығыстан батысқа дейін көрдім. Жан-жағымды періштелер қоршаған еді. Мұхаммед алейһиссалам туыла сала басын сәждеге қойып, сұқ саусағын көтерді. Сосын көктен оны бүркеген, ақ бұлт түсті. Бір дауыс естідім: «Оны батыстан шығысқа дейін барлық жерді аралатыңдар. Барлық әлем Оны есімімен, денесімен және сипатымен көрсін. Оның есімінің Махи екенін, яғни Аллаһу та’ала Сол арқылы пұттарды жоқ ететінін білсін» деді. Ол бұлт та көзден ғайып болып, Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ақ жүнді матаға ораулы жатқанын көрдім. Сол кезде жүздері күндей жарқыраған үш адам келді. Бірінің қолында күміс құман, бірінің қолында асыл тастан жасалған шылапшын, бірінің қолында жібек мата бар еді. Құманнан хош иіс тарап тұрған еді. Баламды шылапшынға салып, басын, аяғын жуып, жібек матаға орады. Басына хош иіс септі, көзіне сүрме жақты да көзден ғайып болды».

            Мұхаммед алейһиссалам туылған кезде Хазіреті Әминаның жанында Абдуррахман бин Ауфтың анасы бибі Шифа, Осман бин Әбил Астың анасы бибі Фатима және пайғамбарымыздың әпкесі бибі Сафия бар еді. Олар да көрген нұрлары мен басқа жағдайлар туралы айтып берді. Бибі Шифа былай дейді: «Мен сол түні Әминаның жанында болып, оған көмектестім. Мұхаммед алейһиссаламның туыла сала дұға еткенін көрдім. Ғайыптан «Ярхамукә Раббукә» деген дауыс келді. Сосын бір нұр шығып, айналаны жарқыратқаны соншалық шығыстан батысқа дейінгі барлық жер көрініп кетті». Бұдан басқа оқиғаларға да куә болған Шифа ханым «Кейінірек Оған пайғамбарлығы білдірілген кезде еш ойланбастан алғаш иман келтіргендердің бірі мен болдым» дейді.

            Бибі Сафия былай дейді: «Мұхаммед алейһиссалам туылған сәтте жан-жаққа нұр төгілді. Ол туыла сала сәжде жасады, басын көтеріп, анық тілде «Ла илаһә иллаллаһ инни расулиллаһ» деді. Оны шомылдырғалы жатқанымда «Біз Оны шомылдырып жібердік» деген дауыс келді. Кіндігі кесілген, сүннеттелген халде алдымызда көрініс тапты. Сәжде жасаған кезде ақырын бір нәрселерді айтты, құлағымды Оның ауызына тостым. Ол «Уммәти, уммәти (үмметім, үмметім)» деген еді».

            Пайғамбарымыз туылған кезде атасы Абдулмутталиб Қағбаның қасында Аллаһу та’алаға жалбарынып дұға еткен еді. Осы кезде сүйінші хабар келеді. Мұхаммед алейһиссаламның туылған күнінде бірқатар құбылыстарды көрген Абдулмутталиб бұл хабарға қуанып, «Бұл баламның атағы, қадірі зор болады» дейді.

            Абдулмутталиб осындай бақытты жағдайды атап өту үшін жеті күннен кейін Мекке халқына үш күн дастархан жайды. Сондай-ақ, қаланың әр жерінде түйелер сойып, таратты. Сол кезде «Балаңа қандай ат қойдың?» дегендерге «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) деген ат қойдым» дейді. «Неге аталарының бірінің атын қоймадың?» дегендерге «Аллаһу та’аланың және адамдардың Оны мадақтауларын қалағандықтан» деп жауап береді. Басқа бір риуаят бойынша Мұхаммед деген есімді Әмина ханым қояды.