22 - Рабиул-әууәл, 1443 жыл.
     28 - Қазан, 2021 жыл.   



Атасының өлімі

Абдулмутталиб қайтыс болар алдында балаларын жинап: «Енді дүниеден ақыретке көшетін уақытым жетті. Бар ойым мына жетім балада. Әттең, өмірім ұзақ болғанда бұл қызметті қуана-қуана атқарар едім. Бірақ, қолдан не келеді? Өмір мәңгілік емес. Қазір осы баланы ойлап, ішім қан жылайды. Бір маржандай асыл баланы біреуіңе аманат етіп қалдырсам деп едім. Қайсысың оны қолдап, қорғай аласыңдар?» дегенде Әбу Ләхәб тізесін бүгіп отырып: «Ей, арабтың мырзасы! Егер бұл аманатты тапсыру үшін өзіңіз көздеп қойған бір адамыңыз бар болса не шара, жоқ болса бұл қызметті мен атқарайын» деді. Абдулмутталиб оған: «Сенің малың көп. Бірақ, сенің жүрегің қатты, мейірімің аз. Ал, жетімнің жүрегі жаралы және нәзік болады. Тез ренжиді» деді. Қалған ұлдары да өз қамқорлықтарына ала алатындарын айтып, тілектерін білдірді. Абдулмутталиб олардың әрқайсысына өз мінез, ерекшеліктерін айтып, қабылдамады. Кезек Әбу Тәліпке келген кезде: «Мен мұны бәрінен де қатты қалаймын. Бірақ, үлкендер тұрғанда алға озу дұрыс болмас. Малым аз, бірақ менің адалдығым басқалардан артығырақ» деді. Абдулмутталиб: «Дұрыс айтасың. Бұл қызметке лайық адам сенсің. Бірақ, мен барлық істе Онымен кеңесіп, Соның қалауымен әрекет жасаймын. Бәрінде де оң нәтижеге қол жеткіздім. Бұл мәселеде де Онымен кеңесейін. Қайсысыңды қаласа мен де соны қабылдаймын» деді. Сосын пайғамбарымызға қарап: «Ей, көзімнің нұры. Сенің сағынышыңмен ақыретке кетіп барамын. Мына көкелеріңнің қайсысын қалайсың» деп сұрады. Пайғамбарымыз орнынан тұрып, Әбу Тәліптің мойнына асылып, тізесіне отырды. Абдулмутталиб сонда қатты қуанып: «Аллаһу та’алаға шүкіршілік. Менің қалағаным да осы еді» деді. Сосын Әбу Тәліпке қарап: «Ей, Әбу Тәліп! Бұл бала ата-ана мейірімін көрмеген.  Осыны ескере отырып мәміле ет және рахымды бол. Сені басқа ұлдарымнан да артық көремін. Мен саған өте үлкен және өте құнды аманатты тапсырып отырмын. Өйткені, сен Оның әкесімен бір анадан тудыңдар. Оны өз жаныңдай қорға. Бұл өсиетімді қабылдайсың ба?» деп сұрады. Ол: «Қабылдаймын» деген кезде Абдулмутталиб пайғамбарымызды құшақтап, басынан сүйіп, иіскеді. Сосын «Бәрің куә болыңдар, мен өмірімде бұдан да жағымды иіс иіскеген емеспін және бұдан асқан көркем келбет көрмедім» деді.

 

Әбу Тәліптің қамқорлығында

        Атасы қайтыс болғаннан кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сегіз жасынан бастап көкесі Әбу Тәліптің қасында, соның қамқорлығында өсті. Ол кезде Меккеде Әбу Тәліп те әкесі Абдулмутталиб сияқты қалаулы, құрметті, беделді адам болатын. Ол да пайғамбарымызға жақсы қарап, мейірімділік көрсетті. Оны өз балаларынан да жақсы көріп, қасына алып жатпаса ұйықтамайтын, онсыз ешқайда бармайтын. «Сен өте қайырлысың, өте қасиеттісің» дейтін. Ол қолын созбаса тамақ жеуді бастамайтын, алдымен Соның бастағанын күтетін. Кейде Оған арнайы дастархан жайдыртатын. Таңертең оянған кезде Оның жүзінің айдай жарқырап тұратынын, шашының таралып тұрғанын көретін. Әбу Тәліптің малы көп болмағанымен, отбасында адам көп болатын. Пайғамбарымызды өз қолдарына алғаннан кейін ол үйге береке ұялап, молшылық кірді. Меккедегі жұтқа байланысты халық қатты қиналған кезде Әбу Тәліп Оны Қағбаның жанына апарып, дұға оқиды. Оның берекесімен мол жаңбыр жауады. Халық құрғақшылық пен жұттан құтылады.