10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   


Жастық шағы

Барлық тұрғыдан адамдардың ең үстемі болған Мұхаммед алейһиссалам жас кезінде Мекке халқы арасында құрдастарына қарағанда үлкен беделге ие болған. Жақсы мінезі, адамдармен өте жақсы қарым-қатынас жасауы, байсалдылығы, әдептілігімен халықтың көңілінен шығатын. Адамдар оның осындай қасиеттеріне қарап таңданатын. Мекке халқы оның турашылдығы мен адалдығына байланысты Оны Әл-Әмин (өзіне әрдайым сенуге болатын адам) деп атаған. Осылайша, Ол жас кезінде осы атымен халық арасында танымал болды.

 

            Пайғамбарымыздың жастық шағында арабтар надандықтың шыңырау түбінде өмір сүріп жатқан болатын. Пұтқа табыну, ішімдік, құмар, зинақорлық, өсімқорлық және басқа да бірқатар жаман істер кеңінен таралған еді. Мұхаммед алейһиссалам олардың осындай бұзық әрекеттерінен қатты жиренетін, өзі барлық жаман қылықтардан бойын аулақ ұстайтын. Бүкіл Мекке халқы Оның бұл қасиетін біліп, оған таң қалатын. Пұттардан жиренетіні соншалық, олардың қасына мүлдем жақындамайтын. Пұттар үшін шалынған құрбандықтардың етін жемейтін. Балалық және жастық шағында өзінің  қойларын Жияд тауының маңында бағып күнелтетін. Осылайша, шектен тыс бұзылған қоғамнан алыс тұратын. Бір жолы сахабаларына: «Қой бақпаған ешқандай пайғамбар болмаған» дейді. «Йа, расулуллаһ! Сіз де бақтыңыз ба?» дегендерге: «Иә, мен де бақтым» деп жауап береді.

 

            Пайғамбарымыздың жиырма жас шамасында Меккенің жағдайы қатты нашарлаған еді. Зұлымдық кеңінен таралып, жан, мал, ар-намысты сақтау мүмкін емес халге келеді. Меккенің жергілікті халқы сауда жасауға және Меккені зиярат етуге келген басқа жақтың адамдарына зұлымдық жасайтын. Зұлымдыққа ұшыраған адамдар ақыларын қайтаруды талап ететін жер таппайтын. Осы кезеңде сауда үшін Меккеге келген Йемендік бір саудагердің заттарын Ас бин Уәил деген бір меккелік адам күштеп тартып алады. Осы оқиғаға байланысты Йемендік адам Әбу Кубәйс тауына шығып, айқайлап, ақысын қайтару үшін тайпалардан көмек сұрайды. Зұлымдықтың шегіне жеткен осындай оқиғаларға байланысты Хашим және Зүхре ұлдары мен басқа тайпалардың алдыңғы қатарлы адамдары Абдуллаһ бин Жуданның үйіне жиналады. Жергілікті халық пен бөтен ешкімге зұлымдық жасамауға, жауыздыққа тосқауыл қоюға және зұлымдық көрген адамдардың ақыларын қайтаруға шешім қабылдайды. Осы мақсатта бір әділет қоғамын құрады. Пайғамбарымыз жас кезінде қатысқан және құрылуына үлкен ықпалын тигізген бұл қоғам Хилфул фудул деп аталды. Одан бұрын Фадл деген екі адам және Фудайл деген бір адам тарапынан да осындай қоғам құрылған болатын. Олардың бұрын құрған қоғамдарының құрметіне осы атау қолданылған еді. Бұл қоғам зұлымдықтың алдын алып, Меккедегі бұзылған тәртіпті қайтадан қалыптастырды. Ықпалы ұзақ уақытқа дейін жалғасты. Пайғамбарымыз өзіне пайғамбарлық білдірілгеннен кейін сахабаларға «Абдуллаһ бин Жуданның үйінде жасалған анттасуда мен де бар болатынмын. Маған сол анттасу байлыққа ие болудан артық. Қазір де мені сондай мәжіліске шақырса, келісер едім» деген.