12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Зәйд бин Хариса

Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһ) бала кезінде анасы Судамен бірге туыстарының еліне барған болатын. Осы жерде олар басқа бір тайпаның шабуылына тап болады. Шабуылдаған тайпа Зәйдті тұтқынға алып, Меккедегі Сук-ул Указ деген жәрмеңкеге сатуға қояды. Хазіреті Хадишаның немере інісі Хаким бин Хизам Зәйдті 400 дирхамға сатып алады да әпкесі хазіреті Хадишаға, ал ол пайғамбарымызға сыйға тартады. Ол күндерде пайғамбарымыздың хазіреті Хадишаға үйленген кезі болатын. Расулуллаһ оны азат етіп, үйінде алып қалды. Өйткені, азат болған Зәйд бин Харисаның баратын жері жоқ, сондай-ақ оған пайғамбарымыздан артық қарайтын адам да жоқ-тын. Сондықтан ол Расулуллаһтың жанында қуана-қуана қалды.

            Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһ) пайғамбарлығы білдірілместен бұрын да әділдік, ынсаптылық, мейірімділік, жылыжүзділік, жомарттық, сөзінде тұрушылық, сенімділік, көмекшілдік, кішіпейілділік, бауырмашылдық, балажандылық, турашылдық, шыншылдық, әдептілік, адамдарды жақсы басқару, батырлық сияқты барлық жақсы қасиеттерді шыңына жеткізу үшін жіберілген, жаратылған және жаратылатын күллі махлұқтан барлық тұрғыдан үстем болған, барлық адамның сенімін ақтап «әл-Әмин» деген лақапқа ие болған пайғамбарымыздан көрген жұмсақ мәміленің арқасында Оны өз ата-анасынан да қатты жақсы көріп, Оның жанынан кеткісі келмейтін.

            Бұл арада ұлдарынан айрылып қалған Зәйд бин Харисаның ата-анасы оның қайда екенін, оған не болғанын білмей, оны уайымдап, жан-жақтан іздеу салып жүрген еді. Йеменнен әр түрлі елдерге баратын туыстары мен таныстарына қайта-қайта тапсырып, ұлы Зәйдтен бір хабар болса әкелулерін сұрап, жоқтап көз жастарын төгеді.

            Исламнан бұрын Бәни Калб тайпасынан Қағбаға зияратқа келген адамдардың біразы Зәйдті көріп таныған, хазіреті Зәйд оларға: «Жанұямның мені уайымдап, қайғыға салынатынын білемін, оларға менің жағдайымның жақсы екенін жеткізіңдер» дейді.

            Бұл хабарды естіген Хариса қатты қуанады. Бауыры Ка’аб екеуі мол ақша алып, Меккеге жол тартады. Меккеге барғанда Расулуллаһтың үйін сұрап тауып: «Ей, құрайш тайпасының көсемі! Ей, Абдулмутталибтің немересі! Ей, Бәни Хашим әулетінің баласы! Сендер Харем-үл-шәрифтің көршісісіңдер. Қонақтарды күтіп, тұтқындарға жақсылық жасап, оларды құлдықтан құтқарасыңдар. Құлдықтарыңда жүрген баламызды босатуға қанша ақша сұрайсыңдар? Қанша сұрасаңдар да берейік, біздің тілегімізді қайтармаңдар!» дейді. Пайғамбарымыз: «Зәйдті шақырып, оған жағдайды айтайық. Оны босатайық. Егер сендерге баруды қаласа ешқандай ақша бермей-ақ алып кетулеріңе болады. Егер мені таңдаса, менің жанымда қалғысы келсе Аллаһқа ант етемін, мені таңдаған адамды тастамаймын, жанымда қалады» дейді.

            Хариса мен бауыры пайғамбарымыздың бұл жауабына қатты қуанып: «Сен біздің қайғымызды аса әділдікпен, ынсаптылықпен қабыл алдың» дейді.

            Расулуллаһ Зәйдті шақырып: «Мыналарды танисың ба?» деп сұрайды. Ол: «Иә, бірі - әкем, екіншісі – көкем» деді. Пайғамбарымыз оған: «Ей, Зәйд! Сен менің кім екенімді білдің. Саған деген шапағатымды, мейірімділігімді көрдің. Бұлар сені алып кетуге келіпті. Олай болса не менімен қал, не олармен бірге бар» дейді.

            Әкесі мен көкесі «ол бізді таңдайды, алып кетеміз» деп ойлап тұрған болатын. Зәйд: «Мен сізден басқа ешкімді таңдамаймын. Сіз менің әрі көкем, әрі әкемнің орнындасыз. Сіздің жаныңызда қалғым келеді» дейді.

            Әкесі мен көкесі мұндай күтілмеген жауапқа таңданып, тұрып қалады. Әкесі ашуланып, Зәйдке: «Ей бала! Сонда сен құлдықты азаттықтан, анаңнан, әкеңнен, көкеңнен артық көріп тұрсың ба?» дейді. Зәйд әкесіне: «Әкетай! Мен бұл кісіден ешкімнен көрмеген көп жақсылық пен мейірімділік көрдім. Сондықтан мен үшін ешбір тірі жан бұл кісіден артық бола алмайды» дейді.

            Пайғамбарымыз Зәйдті қатты жақсы көретін. Оның өзіне деген сүйіспеншілігін көргеннен кейін, оны Қағбадағы Хижр деген жерге алып барып: «Куә болыңдар ей халайық, бұдан былай Зәйд – менің ұлым. Ол менің мұрагерім, мен де оның мұрагерімін» деді. Әкесі мен көкесі бұл жағдайға куә болғаннан кейін жүректері жұмсарып, ашулары тарқап, көтеріңкі көңіл-күймен елдеріне қайтты. Сахабалар осыдан кейін Зәйдті Зәйд бин Мұхаммед (Мұхаммедтің ұлы Зәйд) деп атай бастады. Кейіннен Аллаһу та’аланың «Ахзаб» сүресінің 5-ші және 40-шы аяттарындағы «Ұлдарыңды әкелерінің есімімен шақырыңдар, осылай жасау Аллаһтың алдында ең дұрысы.» «Мұхаммед (алейһиссалам) сендерден (Зәйд секілді) ешбір ер адамның әкесі емес.» деген бұйрықпен асырап алынған баланың әке атын ауыстыруына шек қойылған соң хазіреті Зәйд өз әкесінің атымен, яғни Зәйд бин Хариса (Харисаның ұлы Зәйд) деп атала бастады.

 

Дау-жанжалдарды шешуге төрелік етуі

Пайғамбарымыз отыз бес жасқа толған кезінде Қағбаға төрелік жасады. Ол кезге келіп ұзақ жылдардан бері жауған жауын мен селден Қағбаның қабырғалары әбден күйзеліп кеткен еді. Оның үстіне аяқ астынан шыққан өрт, Қағбаны қарап болмайтын халге түсірген-ді. Ғимаратты қайта көтеру керек еді. Осыған байланысты Құрайш тайпасы Қағбаны Ибраһим (алейһиссалам) пайғамбардың қалаған іргетасына дейін бұзып, қайтадан сала бастады. Әр тайпаға жұмыстың бір бөлігі беріліп, төрт қабырға жаңадан көтеріле бастады. Ежелден меккелік тайпалар Қағбаның бір тасын болса да орнына қоюға аса үлкен және киелі бір міндет деп қарайтын. Сондықтан Қағба ғимараты құрылысында кезек Хажәр-ул-әсуәд (Қағбаның сыртқы бір бұрышында тұратын жәннаттан түсірілген тас) тасын орнына қою мәселесіне келгенде келіспеушілікке түсісті. Әрбір тайпа бұл киелі міндетке тек өздерін лайықты деп білгендіктен, араларында дау-жанжал шықты. Абдуддар ұлдары: «Бұл істі бізден өзгесі жасайтын болса қан төгеміз» деп ант ішті. Төрт-бес күнге созылған осы талас-тартысқа байланысты құрылыс тоқтап қалған, Меккеде қан төгілгелі тұр еді. Осы кезде Абдулмутталибтің нағашысы және қарт кісі болған Хузәйфә бин Муғира: «Ей, Құрайш қауымы! Келісе алмаған ісіміздің үкімін беру үшін мына есіктен алғаш кіретін адамды төреші етіңдер» деп, Қағбаға ашылатын Бәни Шәйба дарбазасын көрсетті. Таласып жатқан тайпалар бұл ұсынысты қуана қабылдады. Осындай нәзік сәтте шиеленісіп тұрған мәселені шешетін адам кім болар екен деген қызығушылықпен барлығы Бәни Шәйба дарбазасына қараған күйі алғаш кіретін адамды күте бастады. Соңында есіктен турашылдығымен, жақсы мінез-құлқымен танылған және әл-Әмин, яғни сенімді деген атқа ие болған Мұхаммед алейһиссаламның  кіріп келе жатқанын көрді. Барлығы бір ауыздан: «Міне, әл-Әмин! Міне шыншылдықтың атасы! Оның айтатын үкіміне сөзсіз келісеміз» деді.Жағдай Расулуллаһқа түсіндірілген соң Ол дастархан сияқты бір мата алып келулерін сұрады. Матаны жерге төсеп, тасты оның ортасына қойып: «Әр тайпадан бір адам бір ұшынан ұстасын» деді. Тасты қоятын жеріне дейін апартты. Сосын өзі тасты құшақтап көтеріп, орнына қойды. Осылайша, шыққалы тұрған үлкен қақтығыстың алды алынғанын көрген тайпалар бұл іске көңілдері толып, Расулуллаһқа мадақ-мақтау айтысты. Құрылыс тоқтап қалған жерінен жалғасып, Қағба ғимараты толығымен құрылып бітірілді.