12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Сахабалар көрген азаптар

Сахабалар көрген азаптар

Мүшриктер тек пайғамбарымызға ғана емес, оның қадірлі сахабаларына да жәбір көрсетіп, зорлық-зомбылық жасайтын. Әсіресе, кедей, ешкімі жоқ сахабаларға ойларына келген нәрселерді тартынбай істеп, ақылға сыймайтын қиянаттар мен азаптар көрсететін. Сондай жәбірленушілердің бірі Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) болатын. Умәййә бин Халәф деген бір мүшриктің құлы болып жүрген хазіреті Біләл Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) арқылы мұсылмандықты қабылдаған еді. Умәййә он екі құлының ішінен Біләлді қатты жақсы көргендіктен, оны пұтхананың күзетшісі етіп қойған болатын. Хазіреті Біләл мұсылман болғаннан кейін пұтханадағы барлық пұттарды сәжде еткізіп жатқызып қойды. Бұл хабар Умәййәге жеткенде ол жынданып кете жаздады. Хазреті Біләлді алдына шақырып: «Сен мұсылман болыпсың. Мұхаммедтің Раббысына сәжде етеді екенсің, солай ма?» деп сұрады. Хазіреті Біләл: «Иә, ұлық және үстем болған Аллаһу та’алаға сәжде етемін» деді. Умәййә хазіреті Біләлдің бұл жауабына шыдай алмай, оны азаптап, қинай бастады. Тал түсте, күн дәл төбеге келген кезде оны шешіндіріп, күннің ыстығында жата беріп ысып қалған тастарды оның денесіне қойып күйдіретін болды. Оттай ыстық тастарды арқасына, ішіне қойғаннан кейін «Ислам дінінен қайт!... “Лат” пен “Узза” пұттарына иман келтір» дейтін. Хазіреті Біләл (радиаллаһу анһ) болса «Аллаһ – бір. Аллаһ – бір.» деп табандылық көрсететін. Умәййә бин Халәф оның бұл сабырлы қалпын көргенде одан сайын жынданып,оны тікендердің үстімен сүйреп, денесін жаралап, азапқа салатын. Хазіреті Біләл денесінен сорғалаған қанға да қарамай: «Аллаһым! Сенен келген барлық нәрсеге разымын. Аллаһым! Сенен келген барлық нәрсеге разымын!» деп иманда қайсарлық көрсететін.

 

         Хазіреті Біләл бұл жағдайын өзі былай әңгімелейді: «Ол жауыз Умәййә мені күннің аптаған ыстығында байлап қойып, тоқтамай күн демей-түн демей азаптайтын. Сондай күндердің бірі еді. Күн жанып тұр. Әдетінше тағы азаптауына бастады. Исламнан қайтару үшін: «Пұттарымызға табын! Мұхаммедтің Аллаһына қарсы шық!» дегенінде мен ылғи: «Аллаһ бір! Аллаһ бір!» дейтінмін. Өшін алу үшін сол күні кеудемді өте үлкен бір таспен басып қойды. Мен дәл сол кезде есімнен танып қалдым. Есімді жиғанымда үстімдегі тастың құлап, күн бұлт арасына кіріп кеткенін көрдім. Аллаһу та’алаға шүкіршілік етіп, өз-өзіме: “Ей, Біләл! Хақ та’аладан келген барлық нәрсе жақсы, жағымды”» дедім».

 

         Умәййә бин Халәф тағы бір күні Біләл Хабәшиге (радиаллаһу анһ) қорлық көрсетейін деп сыртқа шығарған болатын. Киімдерін шешіп, тек іш киімімен қалдырып, ыстық құмның үстіне жатқызып, үстіне тастар қойды. Мүшриктер жиналып, оны қинап: «Дініңнен шықпасаң сені өлтіреміз» деп жатыр еді. Біләл осыншалықты аяусыз қорлықтарға шыдап: «Аллаһ – бір! Аллаһ – бір!» деуден жаңылмады. Сол кезде пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләм сол маңнан өтіп бара жатқан болатын. Хазіреті Біләлдің бұл жағдайын көріп, қатты ренжіп: «Аллаһу та’аланың есімін айту сені құтқарады» деді.

 

         Расулуллаһ үйіне барғаннан кейін біраздан соң жанына хазіреті Әбу Бәкір келді. Пайғамбарымыз хазіреті Біләлдің шеккен азабын хазіреті Әбу Бәкірге айтып: «Қатты ренжідім» деді. Хазіреті Әбу Бәкір орнынан тұрып дереу сол жерге барды. Мүшриктерге: «Біләлді бұлай азаптаумен не пайда табасыңдар? Оны маған сатыңдар» деді. Мүшриктер хазіреті Әбу Бәкірге: «Ат басындай алтын берсең де сатпаймыз. Бірақ, сенің құлың Амирға ауыстырамыз» деді. Амир хазіреті Әбу Бәкірдің сауда істерін атқаратын, көп табыс түсіретін құлы еді. Өзінде жеке малынан басқа он мың алтыны бар болатын. Хазіреті Әбу Бәкірге көмектесіп, оның барлық істерін жүргізетін. Бірақ ол кәпір болатын және имансыздығынан қайтпайтын. Хазіреті Әбу Бәкір: «Амирді барлық малымен, ақшасымен сендерге бердім» деді. Умәййә бин Халәф пен қасындағы мүшриктер қуанып: «Әбу Бәкірді алдап соқтық» десті. Хазіреті Әбу Бәкір Біләл Хабәшидің үстіндегі тастарды алып, орнынан тұрғызды. Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) көрген азаптарынан кейін қатты әлсіреген болатын. Қолынан ұстап, тіке пайғамбарымыздың алдына барды. «Йа, Расулаллаһ! Біләлді бүгін Аллаһ разылығы үшін азат еттім» деді. Сүйікті пайғамбарымыз қатты қуанды. Хазіреті Әбу Бәкірге көп дұға етті. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) тозақтан алыста екенін сүйіншілеген Ләйл сүресінің 17-ші және 18-ші аяттарын әкелді. Аяти кәримәлардың мағынасы: «(Хазіреті Әбу Бәкір сияқты) үлкен тақуа иесі болып, (ширк пен күнәдан сақтанып) малын Аллаһу та’аланың дәргейінде пәк болу үшін қайырлы жолда жұмсаған адам одан (тозақтан) алыстатылды».

 

 

Темірден көйлек... 

         Хаббаб бин Әрат та дінінен қайтуы үшін азап көрсетілгендердің бірі. Хазіреті Хаббабтың ешкімі жоқ және ол Үммү Әнмар деген мүшрик әйелдің құлы болатын. Оның қорғайтын бір туысы болмағандықтан мүшриктер жиналып, оны шешіндіріп үстін тікенмен тырнайтын. Кейде жалаңаш денесіне темірден киім кигізіп, күннің астына тастайтын. Күнге қызған немесе өздері отта қыздырған тастармен жалаңаш денесіне басып: «Дініңнен қайт! Лат пен Уззаға табын!» дейтін. Хаббаб та иманына берік болып: «Лә илаһә иллаллаһ Мухаммәдун расулуллаһ» деп оларға қарсылық білдіретін. Бір күні мүшриктер жиналып, бір жерге от жақты. Хазіреті Хаббабты байлап сол жерге алып келді. Шешіндіріп, оттың үстіне жатқызды. Олар Хаббабты (радиаллаһу анһ) я дінінен қайтаратын яки отта жағып өлтіретін еді. Оттың ортасына етпетінен жатқызылған хазіреті Хаббаб:: «Аллаһым! Халімді көріп тұрсың, жағдайымды білесің. Жүрегімдегі иманымды берік қыла гөр, мол сабыр ихсан ете гөр!» деп дұға етуде еді. Мүшриктердің бірі келіп аяғымен хазіреті Хаббабтың (радиаллаһу анһ) кеудесін басты. Бірақ, олар Аллаһу та’аланың иман еткендерді қорғайтынын білмейтін еді. Бірнеше жылдардан кейін бұл туралы Хаббабтан сұрағанда ол арқасын ашып, күйіктің іздерін көрсетіп: «Олар мені тірідей өртеу үшін от жақты, сосын мені сүйреп әкеп отқа тастады. Ол отты тек менің етім сөндірді» деді.

 

         Хазіреті Хаббабқа сыртта осылай азап көрсетіліп жатқанда иесі Үммү Әнмар да оны дінінен шығару үшін темірді қыздырып, басын қызған темірмен күйдіретін. Хаббаб (радиаллаһу анһ) діні үшін осындай қорлықтардың барлығына шыдап, дінінен қайтпайтынын білдіретін еді.

 

         Бір күні хазіреті Хаббаб пайғамбарымызға келіп: «Йа Расулаллаһ! Мүшриктер мені көрген жерлерінде отқа тастап, күйдіріп қинай береді. Үйде қожайыным да басымды қызған темірмен күйдіреді. Дұға етуіңізді сұраймын» деді. Сосын басы мен арқасындағы күйіктің іздерін көрсетті. Расулуллаһтың оның бұл халіне қатты жаны ашыды. Пайғамбарымыз бұл жағдайға қатты ренжіп, оның азап тартуына шыдай алмай: «Йа, Раббым! Хаббабқа жәрдем ет!» деп дұға етті. Хақ та’ала Расулының бұл дұғасын қабыл етіп, Үммү Әнмарды азапты бас ауруына шалдықтырды. Үммү Әнмар басы ауырып, таң атқанша ыңырсып шығатын болды. Біреулер оған шара ретінде басын қызған темірмен күйдіруін айтты. Ақырында Хаббабты шақырып, басына қызған темірді басуын бұйырды... Хазіреті Хаббаб (радиаллаһу анһ) оның басын қызған темірмен күйдіретін...

 

         Исламның алғашқы күндерінде мүшриктер Хаббаб бин Әраттың (радиаллаһу анһ) жағдайына онша көңіл бөлген жоқ болатын. Бірақ күн өткен сайын имандылардың саны артып жатты. Сондықтан мүшриктер бұл іске шындап кірісуге мәжбүр болды. Нәтижесінде хазіреті Хаббабқа қысымдарын арттыра түсті. Оны бұрынғыдан да көп ұратын, жаралап, қорлап, зорлық-зомбылық көрсететін болды.

 

         Осылардың барлығына қарамастан хазіреті Хаббаб иманынан зередей де ауытқымады. Бірақ оған көрсетілген азаптар мен қорлықтар адам төзгісіз дәрежеге жеткен еді. Басынан өткізген азаптарын пайғамбарымызға айтып: «Йа, Расулаллаһ! Шеккен азаптарымыздан құтылуымыз үшін, дұға етесіз бе» деді. Сонда Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Сендерден бұрынғы үмметтердің ішінде сондай берік адамдар бар еді, олардың темір тарақпен терілерін, еттерін сыпыратын еді, бірақ осындай қорлықтар да оларды дінінен қайтара алмайтын. Арамен төбесінен екіге бөлінетін, бұл қорлықтар да оларды дінінен қайтара алмайтын еді. Аллаһу та’ала әрине бұл істі (Исламды) толықтырады. Барлық діндерден үстем етеді. Сондай кезеңдер болады, жануарына мініп, Санадан Хадрамутқа жалғыз кетіп бара жатқан адам Аллаһу та’аладан басқа ешкімнен қорықпайды, қойлары жайлы қасқырдың жеп кетуінен басқа ешнәрседен қорықпайды. Бірақ сендер асығудасыңдар» деп, арқасын сипап, дұға етті. Расулуллаһтың рухтарға азық және шипа болған бұл сөздері Хаббабтың күйінішін басқан еді.

 

         Хазіреті Хаббабтың әсіресе азғын мүшрик Ас бин Уәилден біршама алашағы бар болатын. Соны сұрауға барды. Ас бин Уәил Хаббабқа: «Мұхаммедке сенбеймін деп айтпасаң алашағыңды қайтармаймын» дегенде хазіреті Хаббаб: «Уаллаһи, мен өлген соң қабірімнен тұрғанда да өмірімдегі сияқты пайғамбарымызды теріске шығара алмаймын. Барлық нәрседен бас тартсам да, Оған сенбеймін деп айта алмаймын» деді. Оның бұл сөзін Ас бин Уәил мазақ етіп: «Не, өлгеннен кейін тірілеміз бе әлі? Егер ол рас болса, онда маған мал-мүлкім мен бала-шағам қайта беріледі емес пе?. Онда қарызымды саған сол кезде қайтарамын» деді.

 

 

         Ас бин Уәилдің осы сөздеріне байланысты Аллаһу та’ала Құран кәрімде «Мәриям» сүресінің 77-79 аяттарында былай деді: «(Ей Хабибім!) Енді мына аяттарымызды теріске шығарған және «Әлбетте маған (қиямет күні) мал мен бала беріледі» деген адамды (Ас бин Уәилді) көрдің бе? Оған ғайыптан бір хабар келіпті ме, жоқ әлде Рахманның құзырында бір уәде алып па? Жоқ, олай емес! Біз оның айтқанын жазамыз. (Қиямет күні соған қарай азапқа тартамыз) және азабын үсті-үстіне арттырамыз».