8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Оны Аллаһу тағала тірілтеді

Оны Аллаһу тағала тірілтеді

Мүшриктер өздері туралы келген аяттарды естіп, дұшпандықтарын одан ары арттыра түсті. Әсіресе Убәй бин Халәф пен бауыры Умәййә Расуллуллаһ алейһиссаламды қатты ренжітетін. Бедбахт Убәй шіріген сүйекті ұстап, Пайғамбарымызға келіп: «Ей, Мұхаммед! Мына сүйекті шірігеннен кейін сенің Аллаһың тірілтеді екен, солай ма? Демек, сен шірігеннен кейін бұны Раббың тірілтеді деп ойлайсың ғой.» деді де сүйекті ұсақтады (уатты). Сосын тозаңын пайғамбарымызға қарай үрлеп: «Йа, Мұхаммед! Мынаны шірігеннен кейін кім тірілте алады?» деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Иә, Аллаһу та’ала сені де, оны да өлтіреді... Сосын сені тірілтіп, жәһәннәмге тастайды.» деді. Осы оқиғаға байланысты Хақ та’ала мына аяти кәримәларды түсірді: «Ол (мүнкір) адам, өзін бір ұрықтан жаратқанымызды көрмеді ме, білмеді ме? Солай бола тұра анық қарсыласушы болды. Өз жаратылысын ұмытып, бізге: “Шіріген бұл сүйекті кім тірілтеді?” деп мысал келтірді. (Ей Расулым!) Айт: “Оларды (олар жоқ кезде) алғаш рет жаратқан (Аллаһу та’ала) тірілтеді және Ол (Аллаһу та'ала) барлық жаратылғандарды өздерінен жақсы біледі. Ол сендерге жап-жасыл ағаштан от шығарады, сендер одан от жағасыңдар. Көктер мен жерді жаратқанның солар сияқтыларды жаратуға күші жетпей ме? Әлбетте оған күші жетеді. Ол барлық нәрсені жаратушы, барлық нәрсені білуші...» («Йасин» сүресі, 77-81)

 

Халид бин Саидтің иманы... 

         Исламға шақырудың алғашқы жылдарында Халид бин Саид (радиаллаһу анһ) бір түс көрген еді. Түсінде: “жәһәннәмнің бір шетінде тұрғанда әкесі оны итеріп құлатқысы келеді. Дәл сол кезде пайғамбарымыз оның белінен ұстап, тозаққа түсіп кетуден құтқарғанын” көрді. Ол қуанып, оянды да өзіне-өзі: «Уаллаһи, бұл түс шын» деді. Сыртқа шыққанда кездесіп қалған хазіреті Әбу Бәкірге көрген түсін айтып берді. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) оған: «Түсің – ақиқат. Бұл адам – Аллаһу та’аланың пайғамбары. Дереу бар да, оған бағын! Сен оған бағынып, әкелген дініне кіріп, Онымен бірге боласың. Ол да сені түсіңде көргеніңдей жәһннәмге түсуден құтқарады. Ал, әкең жәһәннәмда қалады» деді. Хазіреті Халид бин Саид көрген түсінен қатты әсерленген еді. Уақыт жоғалтпастан дереу «Әжйад» деген жерге пайғамбарымызға барды. «Йа, Мұхаммед! Сен адамдарды неге шақырып жүрсің?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Мен адамзатты серігі мен ұқсасы жоқ жалғыз Аллаһқа және Мұхаммедтің (алейһиссалам) Оның құлы және пайғамбары екеніне сенуге және естімейтін, көрмейтін, ешқандай пайда мен зиян келтіре алмайтын, өзіне табынғандарды да, табынбағандарды да білмейтін тастарға табынудан бас тартуға шақырамын» деді. Осыдан кейін Халид бин Саид (радиаллаһу анһ) дереу: «Мен де Аллаһу та’аладан басқа табынатын илаһ жоқ екеніне куәлік етемін және сен Аллаһу та’аланың пайғамбарысың» деп мұсылман болды. Оның мұсылман болуы пайғамбарымызды қатты қуантты. Одан кейін оның әйелі Үмәййә да мұсылман болу абыройына қауышты.

 

         Хазіреті Халид бин Саид бауырларының да мұсылман болуларын қалап, соған бар күшін салатын. Бауырларынан Омар бин Саид та мұсылман болған еді. Қатал Ислам дұшпаны болған әкесі Әбу Ухайха Халид пен Омардың мұсылман болғанын және Меккенің бір оңаша жерінде намаз оқитындарын естіп, мұсылман болмаған ұлдарын жіберіп, ол екеуін жанына шақырып алды. Сосын оларға кірген діндерінен шығуды талап етті. Оларды айыптап, жазғырып, ұра бастады. Сосын Халидке: «Сен Мұхаммедке бағындың ба? Бірақ, сен Оның өз қауымына қайшы әрекет жасап жүргенін және әкелген нәрсесімен пұттарымыз бен ата-бабаларымызды қорлағанын көріп жүрсің емес пе?» деді. Халид бин Саид: «Аллаһқа ант етемін, Мұхаммед алейһиссалам хақты айтады. Оған бағындым. Өлсем де дінімнен қайтпаймын» дегенде әкесі одан әрі ашуланды. Қолындағы таяқ сынғанша ұрғаннан кейін: «Ей, қарғыс атқыр бала! Қалаған жеріңе бар. Ант етемін енді мен сені асырамаймын.» деді. Хазіреті Халид: «Сен менің напақамды үзсең де, Аллаһу та’ала әлбетте ризығымды береді» деді. Әкесі басқа ұлдарына: «Егер сендерден бірің онымен сөйлесетін болса, оған жасамағанымды жасаймын» деп қорқытты. Хазіреті Халидті (радиаллаһу анһ) үйдің төлесіне қамап, үш күн бойы Меккенің ыстық күнінде аш, сусыз қалдырды. Халид бин Саид бір есебін тауып, әкесінің үйінен қашып кетті. Әкесі қатты ауруға шалдықты. Әбу Ухайха ауырып төсек тартып жатса да Исламға деген дұшпандығынан: «Аурудан айығып, аяқ басып тұратын болсам Меккедегі барлық адам пұттарымызға табынатын болады. Ешкім олардан басқа нәрсеге ғибадат жасамайтын болады...» деп жатты. Хазіреті Халид әкесінің хақ дінге деген дұшпандығының жойылуы және мұсылман бауырларына бір зиян келтірмеуі үшін қолын жайып: «Ей, әлемдерді жаратқан Аллаһым! Әкемді осы аурудан тұрғызба» деп дұға етті. Хақ та’ала оның дұғасын қабыл етіп, Әбу Ухайха ауруынан жазылмай өліп кетті.

 

Мусаб бин Умәйрдің (радиаллаһу анһ) мұсылман болуы... 

Мусаб Құрайштың текті және бай әулетінен шыққан адам еді. Пайғамбарымыздың сөздерін естігеннен кейін оның жүрегінде үлкен сүйіспеншілік пайда болды. Оған тезірек жету арманымен күйіп жанды. Ақыры Дарул-Әрқамға барып, мұсылман болды. Мұны естіген әке-шешесі оған жәбір көрсете бастады. Дінінен қайтару үшін үйлеріндегі жертөлеге қамап, қаншама күн аштықта ұстады. Арабстанның аптаған ыстығында ауыр және төзімсіз қинауларға салды. Барлық қиындықтарға діні үшін төзімділік танытқан Мусаб бин Умәйр Исламнан бас тартпады.

 

Хазіреті Мусаб мұсылман болмастан бұрын жанұясы бай болғандықтан шаттық пен молшылықта өмір сүрген болатын. Адамдар оған әуеспен, қызығып қарайтын. Мұсылмандықты қабылдағаннан кейін жанұясы одан барлық нәрсесін алып қойып, оны әр түрлі азаптарға душар етті. Барлық қиындықтарға тек діні үшін шыдамдылық танытқан Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһ) бір күні Расулуллаһтың қасына барды. Оның бұл келуін хазіреті Әли былай айтып берген: «Расулуллаһпен бірге отыр едік. Осы кезде Мусаб бин Умәйр келді. Үстінде жамау-жамау киімі бар болатын, түрі аянышты еді. Оның бұл халін көрген Расулуллаһтың саллаллаһу алейһи уәсәлләм мүбәрәк көздері жасқа толды. Мусабтың тартқан азабы мен кедейшілікке бой алдырмай, дінінен қайтпағандығы туралы пайғамбарымыз: «Жүрегін Аллаһу та’ала нұрландырған мына адамға қараңдаршы! Ата-анасының оны ең жақсы тағамдармен, сусындармен баққанын көрдім. Аллаһу та’ала мен Расулына деген сүйіспеншілік оны осы жағдайға жеткізді» деді.