8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Таулар құмға айналғанда...

Таулар құмға айналғанда...

Ислам діні күн сайын таралып, Құран кәрімнің нұры рухтарға жарық шашып, нәрлендіріп жатқан еді. Қараңғылық ішіндегі адамдар Аллаһу та’аланың ихсанымен иманға келіп, тура жолға түсіп жатты. Сахаба болу құрметіне ие болған бұл мүбәрәк адамдар (радиаллаһу анһум) бірігіп, бір-бірін қолдап, қуаттап пайғамбарымыздың айналасына жиналып жатты. Расулуллаһтың кішкентай бір өтінішін, қалауын үлкен бұйрық деп біліп, оны орындауға жарысып, тіпті сол жолда жандарын пида етуге дайын еді. Ал мүшриктердің болса мазалары кетіп, үрейлері арта түсті. Өйткені сол дәуірдің ер жүрек қаһармандарының бірі болған хазіреті Хамза да мұсылман болып, пайғамбардың жанынан орын алған еді. Бұл күтпеген оқиға мүшриктерді қатты алаңдатты. Осы себепті Хаттабұлы Омар (әлі мұсылман болмаған кезінде) бір күні “Мұхаммедті көрген жерімде өлтіремін” деген оймен үйінен шықты. Сүйікті Пайғамбарымызды Харам мешітінде (қағбада) намаз оқып отырған жерінен көрді. Намазын бітірсін деп, тыңдап тұрды. Расулуллаһ Әл-Хаққа сүресін оқып тұрған болатын: «Болатыны анық қиямет!.. Ол хақ болған қиямет деген не? Ол келетіні белгілі қияметті саған қандай нәрсе білдірді? Сәмуд және Ад (қауымдары), үрейінен (қорқынышынан) жүректер дірілдейтін қияметті жоққа шығарды. Сәмуд қауымы азғындықтарының себебінен (Жәбірейіл алейһиссаламның қаһарлы даусымен) жоқ етілді.

 

Ал Ад қауымы, олар да  ысқырып, гуілдеген, құйындаған дауылмен жоқ етілді. Оларға бұл дауылды Аллаһу та’ала жеті түн, сегіз күн үздіксіз жіберді. (Сондай аласапыран халге түскені соншалық, ол жерде болсаң) олардың тамырынан жұлынып жерге төселген іші бос құрма ағаштары сияқты қалай өліп, қирағанын көрер едің! Қазір олардың артынан қалған бірде-бір адамды көре аласың ба?

 

Перғауын да, одан бұрынғылар да астаң-кестең болған мекендердің халқы да (Лұт қауымы), барлығы сол қатені (ширк пен қарсы келушілікті) қайталады... Осылайша, Раббыларының пайғамбарына (Лұт алейһиссаламға және басқа пайғамбарларға) қарсы шықты. Сондықтан да оларға бұрынғы үмметтерге келген азаптан да ауыр азап төнді... Шынында біз, (Нұх топанында) барлық жерді су басқан уақытта, сендерге ғибрат болсын және оны естігендер де есінде сақтасын деп, (тіршіліктеріңе себеп болған аталарыңды) кемеде алып қалдық.

 

Сурды бір рет үрлеген кезде жер беті мен таулар орындарынан қозғалып, сілкінеді. Сол күні қиямет болады, көк күшінен айрылып, жарылып, ыдырайды және періштелер көктің айналасында болады. (Раббыларының әмірін күтеді) Ол күні Раббының аршын (көктің айналасында тұрғандардан) сегіз періште көтереді. Ол күні Аллаһу та’алаға есеп беруге келесіңдер. Сендердің (дүниеде жасырдым деп ойлаған) барлық сырларың, (Аллаһу та’алаға) жасырын болмайды.

 

Міне сол уақытта кітабы оң қолына берілген адам (қуанып) айтады: «Алыңдар, кітабымды оқыңдар! Өйткені, мен есепке тартылатынымды білдім.» Міне ол (адам) разылық білдірілген өмірде. Жоғары жұмақта... (Жемістері) тез жиналатын жақындықта. (Оларға айтылады:) «Өткен күндерде (дүниеде) істеген салих амалдарың үшін жеңдер, ішіңдер, ас болсын».

 

Кітабы сол қолына берілген адам болса: «Аһ! Әттең, менің кітабым берілмегенде ғой... Есебімнің де не болғанын білмегенімде ғой... Аһ! Әттең, сол (өлімім өмірімнің) соңы болғанда ғой (тірілмегенімде ғой)! Мал-мүлкім маған пайда бермеді. (Барлық) билігім (күш-қуатым, дәлелім, барым, жоғым) менен ажырап жоқ болып кетті!...» деп айтады. (Аллаһу та’ала тозақта міндет жүктелген періштелерге бұйырады:) «Ұстаңдар, оны да (қолдарын мойнына) байлаңдар!... Сосын оны алаулаған отқа тастаңдар. Одан кейін оны жетпіс аршын ұзындықтағы шынжыр ішінде, сол жерге (қайтадан) тастаңдар!... Өйткені, ол Ұлы Аллаһу та'алаға сенбейтін еді. Жоқ-жітіктерге тамақ (беру былай тұрсын, басқалардың да) бергенін қаламайтын еді. Сондықтан да бүгін бұл жерде оған (жаны ашитын) ешқандай жақыны (және досы) жоқ. Ғислиннен (тозақтықтардың қан араласқан іріңдерінен) басқа жейтін азығы да жоқ. Оны (біле тұра) қателік жасағандардан (кәпірлерден) басқа ешкім жемейді...»

 

Хазіреті Омар пайғамбарымыздың оқығандарын таңдана тыңдап тұрды. Өмірінде осыншалықты әсем сөздерді естіген емес еді. Бұл туралы кейін өзі былай деп айтып берген: “Тыңдаған осы сөздердің шешендігіне, ұйқас-мәнеріне қайран қалдым. Өз-өзіме: «Ант етемін бұл Құрайштықтардың айтқанындай бір ақын болса керек» дедім. Осы кезде пайғамбарымыз аяттарды оқуын жалғастырды: «Көргендеріңмен және көрмегендеріңмен ант етемін, күмәнсіз ол (Құран кәрім) Аллаһу та’аланың құзырында өте қадірлі бір Расулдың (Раббысынан) әкелген кәламы (сөзі). Ол ақынның сөзі емес. Сендер қандай сенбейтін адамсыңдар!..».”

 

Хазіреті Омар: “Тағы да өз-өзіме: “Бұл бір көріпкел болса керек. Өйткені, менің ойымды біліп қойды…” дедім. Расулуллаһ сүресін оқып тұрған еді: «Ол көріпкелдің де сөзі емес. Сендер қандай таяз ойлайтын адамсыңдар!... Ол (Құран кәрім) әлемдердің Раббысынан (Мұхаммед алейһиссаламға Жәбрейіл алейһиссалам арқылы) түсірілген. Егер (пайғамбар біз айтпаған) кейбір сөздерді бізге қарсы өздігінен шығарған болса әрине оның оң қолын (күш-қуатын) алып, сосын еш күмәнсіз оның жүрек тамырын суырар (өмір сүргізбейтін) едік! Ол кезде сендерден ешқайсысың бұған тосқауыл бола алмас та едіңдер! Күмәнсіз ол (Құран кәрім) тақуалар үшін нақты насихат. Іштеріңде оны (растағандардың бар болғаны секілді) теріске шығаратындардың бар екенін біз әрине білеміз. Ақиқат, ол (Құран кәрім ақыретте оны қолдағандарға берілетін ниғметтерді көретін) кәпірлер үшін (құтыла алмайтын) қасірет. Ақиқат, ол (Құран кәрім) хаққул йақин. (Өзіне бағынып, бұйрықтары мен тыйымдарына мойынсұнып әрекет еткен адамды хаққул йақин дәрежесіне қауыштырады.) Олай болса, Ол ұлы Раббының есімін тәсбих ет!» Хазіреті Омар: “Расулуллаһ сүренің барлығын оқып болғаннан кейін жүрегімде Исламға деген бір пейіл пайда болды” деді.