6 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     9 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хабашстанға (Эфиопия) екінші көш

Хабашстанға (Эфиопия) екінші көш

Хабашстандағы мұсылмандар «Меккеде мүшриктер мен мұсылмандар келісім жасасыпты» деген жалған хабар алғаннан кейін, оларға «Біздің хижретіміз (көшуіміз), жеріміз бен елімізді тастап кетуіміз мүшриктердің дұшпандығы кесірінен болатын. Енді олардың дұшпандығы достыққа айналыпты. Олай болса, барып Расулуллаһқа қызмет етейік» деген ой келді. Сөйтіп, Хабашстан билеушісінен рұқсат алып, Меккеге келді. Алған хабарларының жалған екенін білді. Сосын пайғамбарымызға барып, Хабашстанның суының, ауасының және жемістерінің нәрлі, күш беретінін, төрт ғибадатхана бар екенін, күнде ол жерде түйелер, қойлар сойылатынын, кедей-ғаріптер шақырылып, оларға жақсы мәміле көрсетілетінін, билеушілердің келіп жағдай сұрап тұратындығын және қиыншылықтарының жойылғанын ұзақ отырып әңгімелеп, Хабашсанға көңілі толатындықтарын білдірді.

Сахабалар (алейһимурридуан) Меккеге барғаннан кейін мүшриктер қайтадан қастандық әрекеттері мен зұлымдықтарын бастады. Жәбірлерін күннен-күнге арттырып, тартынбай ойларына келген нәрселерін істеді. Бір күні хазіреті Осман: «Йа, Расулаллаһ, Хабашстан жақсы бір сауда орны. Бір айлық сауда көп пайда әкеледі. Аллаһу та’ала көшетін жерді белгілегенге дейін мұсылмандар үшін одан асқан жер жоқ. Ең болмағанда мүміндер Құрайштықтардың көрсететін жәбірінен құтылады. Нәжашидің бізге жасаған жақсылықтары көп» деді. Пайғамбарымыз: «Қайтадан Хабашстанға қайтыңдар, Аллаһу та’аланың есімімен қорғаласыңдар» дейді. Хазіреті Осман «Йа, Расулуллаһ, егер Сіз ол жерге барсаңыз, бәлкім олар да мұсылман болып қалатын шығар. Әһли кітап болғандықтан Исламға оңай келеді және көмектерін аяп қалмайды» дегенде, пайғамбарымыз: «Маған тыныштық пен рахат бұйырылған жоқ. Көшу мәселесі бойынша Аллаһу та’аланың бұйрығын күтудемін. Не бұйырылса сонымен амал етемін» деді.

Бір риуаят бойынша, жүз бір адамнан тұратын топ екінші рет Хабашстанға қарай жолға шықты. Бұл топтың басшысы ретінде Жафәр бин Әби Талиб сайланады. Аман-есен Нәжашидің еліне барды. Хабашстанда көргендерін пайғамбарымыздың әйелі Үммү Сәләмә былай әңгімелеп берді: «Хабашстанға барған кезімізде ол жерде өте жақсы көршіге кез болдық. Бұл көрші Нәжаши патша болатын. Ол біздің барлық тілегімізді орындады. Дініміздің бұйрықтарын қалағанымызша орындай алдық. Аллаһу та’алаға еркін құлшылық жасадық, ешқандай азап көрген жоқпыз. Ешқандай жаман сөз естімедік».

Меккелік мүшриктер бұл жағдайды естіп, Хабашстан патшасына екі елші жіберуге шешім қабылдады. Нәжашиге бағалы сыйлықтар дайындады. Нәжашидің жақсы көретін Меккенің иленген терілерінен көп мөлшерде дайындады. Оның дін және мемлекет қызметкерлеріне де арнап сыйлық жасалды. Бұл іске Абдуллаһ бин Әби Рабиа мен Амр бин Ас тағайындалды.

Бұл екі елшіге Нәжашимен қалай сөйлесу керектігі үйретілді. Оларға: «Билеушімен сөйлеспестен бұрын оның дінбасылары мен қолбасшыларына сыйлықтарды беріңдер. Сосын Нәжашидің сыйлығын беріңдер. Содан кейін сол жердегі мұсылмандарды сендерге беруді сұраңдар. Нәжашидің мұсылмандармен кездесіп, сөйлесуіне мұрсат бермеңдер» делінді. Елшілер Хабашстанға келді. Мемлекет адамдарымен кездесіп, сыйлықтарын бергеннен кейін оларға «Біздің арамыздан бірқатар адамдар шықты. Олар сіз бен біз білмейтін жаңа дін шығарды. Осы келген адамдарды елдеріне алып кеткіміз келеді. Билеушілеріңмен олар туралы сөйлескенде келген адамдармен сөйлеспестен бізге беруге күш салыңыздар. Ол адамдармен ең көп айналыса алатын адамдар - олардың өздерінің ата-аналары мен көршілері. Олар бұларды өте жақсы біледі» деді. Дінбасылар бұл ұсынысты қабылдады. Сосын меккелік елшілер Нәжашидің сыйлықтарын ұсынды. Нәжаши патша сыйлықтарды алып, оларды шақырып сөйлесті. Елшілер Нәжашиге былай деді: «Ей, патша! Арамыздан біраз адамдар сіздің еліңізді паналапты. Бұл келген адамдар өз діндерін тәрк етті, бірақ  сіздердің діндеріңізге кірмепті. Өздерінің ойлап тапқан бір діндері бар. Олардың ойлап тапқан дінін сіздер де білмейсіздер, біз де білмейміз. Бізді сізге сол халықтың алдыңғы қатарлы адамдары жіберді. Олар - осы сіздерді паналаған адамдардың әкелері мен туыстары. Олар келген адамдардың қайтарылуын сұрап жатыр. Өйткені, олар бұл адамдардың халдерін жақсы біледі. Олардың өз діндерін ұнатпайтындықтарын жақсы біледі.» Абдуллаһ бин Әби Рабиа мен Амр бин Астың ең қатты қалап тұрған нәрсесі – Нәжашидің осы сөздерді тыңдап, олардың айтқандарына сай бір әрекет жасауы еді. Елшілер сөздерін аяқтағаннан кейін Нәжашидің дінбасылары олардың сөздерін жалғастырып: «Бұлар өте дұрыс айтады. Бұлардың халқы олармен жақсырақ айналыса алады. Сондықтан сіз бұл адамдарды беріңіз, бұл кісілер оларды өз елдеріне алып кетсін» деді.

Нәжаши патша бұл сөздерге қатты ашуланды. «Ант етемін, жауабым – “жоқ!”. Мен бұл адамдарды бермеймін. Мені паналаған, еліме келген адамдарға мен қиянат жасай алмаймын. Сондықтан, келген мұхажирлерді сарайыма шақырып, олардан мына адамдардың сөзіне не дейтінін сұрап, жауаптарын тыңдаймын. Егер мұхажирлер осылардың айтқанындай болса, оларды осы келген адамдарға беріп, өз елдеріне қайтарамын. Егер олай болмаса, оларды қорғап, елімде тұрғанынша оларға жақсылық жасаймын» дейді. Бұрындары Нәжаши сәмәуи  кітаптарды зерттеген болатын. Мұхаммед алейһиссаламның келетін уақытының жақындағанын, қауымының өтірікші деп Оған сенбейтінін және оның Меккеден шығарып тастайтынын білетін еді.

        Нәжаши (Негус) меккелік елшілерден: «Олардың сенетін адамдары кім?» деп сұрады. Олар: «Мұхаммед» деп жауап берді. Нәжаши бұл есімді естіген кезде ол кісінің пайғамбар екенін түсінді, бірақ мұны басқаларға білдірмеді. Келгендерден қайтадан: «Оның діні не? Мазһабы қандай, жұртты неге шақырады?» деп сұрады. Амр: «Оның мазһабы жоқ» деп жауап берді. Нәжаши: «Мазһабын, дінін сұрап білмей тұрып, мені паналап келген адамдарды қалай сендерге тапсырамын? Мәжіліс өткізейік. Оларды да шақыртайық. Сендермен беттестірейік. Кімнің-кім екенін анықтайық. Олардың дінін білейік» деді. Сөйтіп мұсылмандар сарайға шақырылды. Мұсылмандар алдымен өз араларында ақылдасып: «Хабәш билеушісіне көңілінен шығатын не айтсақ болады» деп кеңесті. Хазіреті Жафар: «Біздің бұл мәселеде білгендеріміздің барлығы пайғамбарымыздың бізге бұйырған нәрселері ғана. Барымызды айтамыз. Нәтижесі қалай болса да ризамыз» деді. Барлығы мұны мақұлдап, мұсылмандар атынан тек хазіреті Жафардың сөйлейтініне келісіп, Нәжашидің алдына барды. Билеуші Нәжаши да өз ғалымдарын жинаған екен. Үлкен кеңес ашылды. Сосын мұхажирлерді шақырды. Мұсылмандар келген кездерінде сәлем берді, бірақ сәжде жасамады. Нәжаши олардан: «Неге сәжде жасамадыңдар?» деп сұрағанда: “Біз Аллаһу та’аладан басқа ешкімге сәжде жасамаймыз. Пайғамбарымыз бізге Аллаһу та’аладан басқа ешкімге сәжде жасамауды бұйырып: «Сәжде тек Аллаһу та’алаға тән» деген” деп жауап берді.          Нәжаши мұхажирлерге «Ей, алдыма келіп тұрған қауым! Маған еліме не үшін, не мақсатта келгендеріңді айтыңдаршы. Саудагер емессіңдер. Ешнәрсе сұрамайсыңдар да. Сендердің жақында пайда болған пайғамбарларың кім? Неге сендердің сәлемдерің елдеріңнен келген басқа адамдардың сәлеміне ұқсамайды?» деп сұрақ астына алды. Жафар (радиаллаһу анһ): «Ей, билеуші! Мен әуелі үш нәрсе айтамын. Егер дұрыс айтсам мені мақұлдаңдар, өтірік айтсам өтірік деңдер. Ең алдымен мына адамдардың (құрайштық елшілердің) тек біреуі ғана сөйлесін, қалғандарының тыныш тұруын әмір етіңіз!» деді. Амр бин Ас: «Мен сөйлейін» деді. Нәжаши: «Ей, Жафар, алдымен сен сөйле» деді. Хазіреті Жафар: «Менің үш сөзім бар. Мына адамнан сұраңыз. Біз ұсталып, иелеріне қайтарылатын құлмыз ба?» деді. Нәжаши: «Ей, Амр! Мыналар құл ма?» деп сұрады. Амр: «Жоқ, олар құл емес, азат адамдар» деп жауап берді. Хазіреті Жафар: «Әлде біз жазықсыз біреудің қанын төгіп, қашып жүрген адамдармыз ба, ұстап оларға тапсырылатын?» деді. Нәжаши Амрден: «Бұлар жазықсыз біреуді өлтірді ме?» деп сұрады. Амр: «Олар бір тамшы да қан төккен жоқ, патшам» деп жауап берді. Хазіреті Жафәр Нәжашиден: «Біз өзгенің мүлкін орынсыз тартып алып, біреуге қарыз болып қалып па едік?» деді. Нәжаши: «Ей, Амр! Егер бұлардың қарыздары қаншама көп алтын болса да, оларды мен төлейін, айтыңдар» деді. Амр: «Жоқ, бұлардың бір қырат (ақша мөлшері) та қарыздары жоқ.» деді. Нәжаши Амрден: «Онда сендерге бұлардан не керек?» деп сұрағанда Амр: «Олар мен біз бір дінде және бір жолда едік. Бұлар дініміз бен жолымызды тастап, Мұхаммед пен Оның дініне еріп кетті» деді. Нәжаши Жафардан: «Сендер діндеріңді тастап, неге басқа дінді қабылдадыңдар? Қауымдарыңның дінінен шықсаңдар, менің де дінімді қабылдамасаңдар, сендердің діндерің қандай? Осы туралы айтыңдаршы» деді.         Хазіреті Жафар: «Ей, билеуші! Біз надан халық болатынбыз. Пұттарға табынатынбыз. Өлген малдың етін жеп, әр түрлі жаман нәрселерді істейтінбіз. Туыстарымызбен байланысымызды үзіп, көршілерімізбен жақсы қарым-қатынаста болмайтынбыз. Күштілеріміз әлсіздерімізге зұлымдық жасап, мейірімділіктің не екенін білмейтін едік. Аллаһу та’ала бізге өз арамыздан туралығымен, адалдығымен, тазалығымен, арлылығымен, тектілігімен танылған пайғамбар жібергенге дейін осындай жаман халде едік. Ол пайғамбар бізді Аллаһу та’аланың бар және бір екеніне сенуге, Оған құлшылық етуге, ата-бабаларымыз заманынан бері табынып келе жатқан тастар мен пұттарды тастауға шақырды. Шыншыл болуды, аманатқа қиянат жасамауды, туысқандық ақыларын сақтауды, көршілермен жақсы қарым-қатынас та болуды, күнәлардан және қан төгуден аулақ тұруды бұйырды. Әр түрлі жаман іс-әрекеттерден, жалған сөйлеуден, жетімдердің мал-мүлкіне қол салудан, ары таза әйелдерге жала жабудан қайтарды. Бізге Аллаһу та’алаға серік қоспай құлшылық жасауды бұйырды. Біз бұларды қабылдап, Аллаһу та’аладан әкелгендерінің барлығына сендік және айтқандарын орындадық. Аллаһу та’алаға құлшылық еттік. Оның бізге харам еткенін харам, халал (адал) еткенін адал деп біліп, солай амал еттік. Сол себептен қауымымыз бізге дұшпан болып, зұлымдық жасады. Бізді дінімізден қайтарып, Аллаһу та’алаға құлшылықтан бас тартқызып, тек пұттарға табындыру үшін түрлі қинауларға салып, азаптар берді. Бізге зұлымдық етіп, қатты қысымға алды. Бізді дінімізден айырмақшы болды. Осындай зорлық-зомбылықтардан кейін біз дінімізді сақтап қалу үшін елімізді, жерімізді тастап, сіздің еліңізді паналадық. Сіздің әділетіңізге жүгініп келдік. Сіздің қамқорлығыңызға, сіздің жаныңызда зұлымдыққа, жауыздыққа ұшырамайтынымызға үміт атрып келдік» деді.         Хазіреті Жафар сөзін одан ары былай жалғастырды: «Ал сәлем беру мәселесіне келетін болсақ, біз сізге Расулуллаһтың сәлемімен сәлем бердік. Біз бір-бірімізге де солай сәлем береміз. Жәннаттағылардың да осылай сәлемдесетінін пайғамбарымыз алейһиссалам хабар берді. Сондықтан сізге солай сәлем бердік. Пайғамбарымыз адамдарға сәжде етпеуді бұйырғандықтан, Аллаһу та’аладан басқа біреуге сәжде жасаудан Аллаһқа сыйынамыз». Нәжаши: «Сен Аллаһтың жіберген бұйрықтарынан аз болса да жатқа білесің бе?» деп сұрады. Хазіреті Жафар (радиаллаһу анһ): «Иә» дегенде Нәжаши: «Оны маған оқы-шы» деді. Хазіреті Жафар «Мәриям» сүресінің алғашқы аяттарын оқи бастады. («Анкәбут» және «Рум» сүрелерінен оқығандығы туралы да айтылған). Нәжаши аяттарды есітіп, жылап жіберді. Көздерінен аққан жастан сақалы да суға малынғандай болды. Сол жерде тұрған христиан поптары да өздерін ұстап тұра алмады. Қыраат үні тынғанда Нәжаши мен дінбасылар: «Ей, Жафар! Мына әсем сөздеріңнен тағы да оқы-шы» деді. Хазіреті Жафар «Кәхф» сүресін басынан бастап оқыды: «Кәпірлерді ең ауыр азаппен (жәһәннәммен) қорқыту, салих амалдар істеген мүміндерді ішінде мәңгі қалатын әсем сыймен (жәннәтпен) сүйіншілеу, «Аллаһ балалы болды» дегендерді қорқыту үшін сөзінде бір қате, мағынасында бір қайшылық болмаған дұп-дұрыс кітапты (Құран кәрімді) құлына (Мұхаммед алейһиссаламға) түсірген Аллаһу та’алаға хамд болсын! Олардың (Аллаһу та’ала балалы болды дегендердің) да, аталарының да (ол сөзге) қатысты ешқандай ілімдері жоқ. Ауыздарынан шыққан бұл сөз – үлкен күпірлік (ширк) болды. Олар тек өтірік айтады.         (Ей, Расулым!) Осы Құран кәрімге сенбесе уайым мен қайғыдан солардың артынан өзіңді де құртасың ба. Біз жер бетіндегілерді (кендерді, аңдар мен өсімдіктерді) жер бетіндегілердің қайсысының әрекеті дұрыс (қайсысы дүние қалауларын тәрк еткен екен), сынап көрейік деп безендірдік...»  Осы жерде Нәжаши өзін ұстай алмай: «Аллаһқа ант етемін, бұлардың бәрі бір шырақтан тараған нұрдай. Мұса мен Иса да алейһимуссалам дәл осымен келген еді» деді. Құрайштың елшілеріне қарап: «Барыңдар, мен сендерге оларды ешқашан бермеймін де, олар туралы жаман ойламаймын да» деді. Абдуллаһ бин Әби Рабиа мен Амр бин Ас Нәжашидің алдынан шығып кетті.         Амр Абдуллаһқа: «Ант етемін, олардың бір айыбын тауып, Нәжашидің алдында ашып беремін, оларды түбірімен жоямын» деді. Досы Амрға: «Олар бізге қарсылық жасаса да жақсылы-жаманды туыстығымыз бар, олай істеме!» деді. Амр: «Олардың Иса алейһиссаламды бір құл деп білетіндерін Нәжашиге айтамын» деді. Ертеңіне Нәжашиге барып: «Ей, патшам! Олар Мәриямұлы Иса алейһиссалам туралы ауыр сөздер айтады. Оларға адам жіберіп, Иса алейһиссалам туралы не дейтіндерін сұратыңыз» деді. Нәжаши хазіреті Иса алейһиссалам туралы пікірлерін сұрау үшін мұсылмандарға адам жіберді. Мұсылмандар сарайға қайта алып келінді. Ішке кірмей тұрып бір-бірімен: «Иса алейһиссалам туралы сұраса не дейміз» деп ақылдасып алды. Хазіреті Жафар: «Хазіреті Иса туралы Аллаһу та’ала не бұйырған болса және Расулуллаһ бізге не жеткізген болса, содан басқасын айтпаймыз» деді.         Нәжашидің алдына барғандарында Нәжаши олардан: «Сендер Мәриямұлы Иса алейһиссалам туралы не айтасыңдар?» деп сұрады. Хазіреті Жафар (радиаллаһу анһ): «Біз Иса алейһиссалам туралы пайғамбарымыздың бізге Аллаһу та’аладан жеткізгенін айтамыз. Оның Аллаһу та’аланың құлы және расулы екенін, дүние мен ер адамдардан баз кешіп, тек Хақ та’алаға бар көңілімен берілген абыройлы қыз хазіреті Мәриямға Аллаһу та’аланың жібергенін білеміз. Аллаһу та'ала хазіреті Адамды топырақтан жаратқаны секілді Иса алейһиссаламды да әкесіз жаратқан деп айтамыз» деп жауап бергенінде, Нәжаши жерге қолын созып, бір шөпті алып: «Ант етемін, Мәриямұлы Иса сендердің айтқандарыңнан артық ешкім емес. Арада мына шөптей де айырмашылық жоқ» деді. Нәжаши мұны айтқан кезде қасындағы қызметкерлері мен қолбасшылары өз араларында сыбырласа бастады. Нәжаши оларға: «Сендер не десеңдер де, дей беріңдер. Ант етемін мен бұлар туралы тек жақсы ойдамын» деді. Сосын мұсылман мұхажирлерге бұрылып: «Сендерді және сендердің басшыларыңды құттықтаймын! Мен Оның Аллаһтың елшісі екеніне сендім. Біз Оны Інжілден көрген болатынбыз. Ол туралы Мәриямұлы Иса да айтқан. Аллаһ атымен ант етемін егер Ол осы жерде болғанда, барып Оның заттарын тасып, аяқтарын жуып, Оған қызмет етер едім. Барыңдар! Елімнің ешкімнің қолы тимеген ең таза аймақтарында озбырлық пен жауыздықтан ұзақта, тыныштықта өмір сүріңдер. Сендерге жамандық жасағандарды құртамын. Маған таудай алтын берсе де сендердің ешқайсысыңды ренжітпеймін» деді. Нәжаши осыдан кейін Құрайш елшілерінің әкелген сыйлықтарын: «Менің бұл нәрселерге мұқтаждығым жоқ. Басқалар тонап алған мына мемлекетімді Аллаһу та’ала маған қайтарып бергенде және халықты маған бағындырғанда менен пара алған жоқ» деп кері қайтарды. Құрайш елшілері Нәжашидің елінен ешнәрсе тындыра алмастан бос қол қайтып кетті. Бағы бар патша Нәжаши Исламды таңдап, сахабаларды қуантқан еді.