12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Қолы қимылсыз қалды

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамдардың ең таңдаулылары болған сахабаларына теңдессіз даналық насихаттарын айтып, олардың жүректерін нұрландыратын еді. Келген аяттарды түсіндіріп, ешнәрсені түсініксіз қалдырмайтын. Осы арада мүшриктердің де жиналған жерлеріне барып, олардың иман келтіруі үшін жалықпастан, мойымастан дағуат жасайтын. Бұған Әбу Жәһл мен Уәлид бин Мұғира қатты ашуланып: «Бұлай кете берсе Мұхаммед барлық адамды өз дініне тартып, пұтқа табынатын ешкімді қалдырмас» дейтін. Олар бір күні бұл істі бітірудің жалғыз шарасы – Расулуллаһты өлтіру, деген шешімге келді. Әбу Жәһл Уәлид бин Мұғираны және Маһзум ұлдарынан бірнеше жігітті ертіп, Бәйтуллаһқа барды. Ол кезде сүйікті пайғамбарымыз намаз оқып отырған болатын. Әбу Жәһл қолына тас алып, алға ұмтылды. Расулуллаһты ұрайын деп тасты көтерген кезде, қолдары сол күйінде ауада әрекетсіз қатып қалды. Ол ешнәрсе істей алмай сасқалақтады. Сол қалпында келген жеріне кері қайтты. Қолы мүшриктердің қасына келген кезде ғана әрекет ете бастады да, қолындағы тасы жерге түсті. Сол тасты Маһзум ұлдарының бірі алып: «Көресіңдер, оны мен өлтіремін...» деп, пайғамбарымызға қарай беттеді. Жақындаған кезде көзі бірден соқыр болып, айналасын көре алмас болды. Мұны көрген Маһзум ұлдары, пайғамбарымызға қарай бірігіп бет алды. Расулуллаһқа жақындаған кездерінде Оны көре алмайтын болып қалды. Оның тек мүбәрәк дауысын ғана естіді. Дауыс шығып жатқан жерге қарай жүргенде дауыс арттарынан, арттарына бұрылғанда, әуелгі шыққан жақтан шыға бастады. Осы жағдай бірнеше рет қайталанды. Соңында әбігерге түсіп, ешнәрсе істей алмаған мүшриктер ол жерден кетіп қалды. Бұл оқиғаға байланысты Аллаһу та'ала аяти кәримә түсіріп: «Олардың алдарына қорған қойдық. Көздерін перделедік. Енді көре алмайды» деп бұйырды. («Йасин» сүресі, 9)

 

Таифтықтарды иманға шақыру: Мүшриктер сүйікті пайғамбарымыздан көптеген мұғжизалар көрсе де қыңырлыққа салынып, иман келтірмегендерімен қоймай мұсылмандықты қабылдаған балаларына, бауырларына, туыстары мен достарына жәбір көрсетіп, зұлымдық жасаудан тайынбайтын. Олардың бара-бара арта түскен бұл зорлық-зомбылықтарына Расулуллаһ қатты ренжіді. Меккеге жақын орналасқан Таиф ауданына барып, жергілікті халықты Исламға шақыруды ойлады. Қасына Зәйд бин Харисаны ертіп, Таифқа барды. Таиф көсемдері болған Амрдың ұлдары Абди Йалил, Хабиб және Мәсудпен кездесті. Оларға Исламды түсіндіріп, Аллаһу та’алаға иман келтіруін сұрады. Олар иман келтірмегендерімен қоймай, жаман сөздер айтып: «Аллаһу та’ала пайғамбар жіберу үшін сенен басқа ешкімді таппады ма? Елімізден шығып кет, қайда барсаң онда бар! Бұл жерге өз қауымың айтқандарыңды қабылдамаған соң келіп тұрсың ғой. Ант етемін, біз де саған жақындамаймыз. Сенің ешқандай қалауыңды қабылдамаймыз» деп Расулуллаһқа тіл тигізді.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олардың қасынан ренішпен кетті. Сақиф тайпасын он күн немесе бір ай бойы Исламға шақырды. Бірақ, ешқайсысы иман келтірмей, оны мазақ етіп, жәбір көрсетті. Расулуллаһ жүретін жолдың бойына балалар мен жастарды тізіп қойып, Оған тас жаудырды. Таифтық жастардың атқан тастарына хазіреті Зәйд денесін тосып, пайғамбарымызға зиян келтірмеуге тырысты. Зәйд хазреттері Расулуллаһтың айналасында айналып, ұшқан тастардың Оған тиіп кетпеуі үшін бар күшін салып жатты. Расулуллаһтың мүбәрәк денесіне тимесін деп, өз денесіне тиген тастарға мән бермеді. Жанын Расулуллаһтың жолында құрбан ету үшін осындай мүмкіндіктерді іздеп жүрген жоқ па еді? Міне, Әлемдердің мырзасына тас лақтырып, зорлық-зомбылық көрсетіп, өз елдерінен шығаруға тырысып жатты.

 

Хазіреті Зәйд пайғамбарымызды қорғау үшін оң жағына бір шығып, сол жағына бір шығып жүргенде тастар өзінің басына, денесіне, аяқтарына арты-артынан тиіп жатты. Осы тастардан хазіреті Зәйдтің барлық жері қанға боялған еді. Сүйікті пайғамбарын қорғау үшін жанталасып жүріп, тас лақтырып тұрған залымдарға жан даусымен: «Қойыңдар!.. Ұрмаңдар!... Ол - әлемдердің мырзасы. Ол – Аллаһтың елшісі!... Менің денемді паршалай беріңдер, бірақ пайғамбарыма зиян тимесін!...» деп айқайлап жатты. Зәйд бин Харисадан өтіп пайғамбарымызға тиген тастар Оның мүбәрәк аяқтарын қанға бояды.

 

Пайғамбарымыз ренжулі, шаршаңқы және жаралы халде Утбә және Шәйба деген ағайындылардың бағына жақындады. Ол жерде күллі мұсылман Ол үшін жанын құрбан етуге дайын  болған – Расулуллаһ мүбәрәк аяқтарынан аққан қанды сүртіп, дәрет алып, ағаштың астында екі рәкат намаз оқыды. Сосын мүбәрәк қолын жайып, Аллаһу та'алаға жалбарынды.

 

Мұны бақтың иелері көріп тұрған болатын. Олар пайғамбарымыздың басына келген қиын жағдайға куә болған еді. Мейірімділік сезімдері оянып, Аддас деген құлдары арқылы Оларға жүзім беріп жібереді. Пайғамбарымыз жүзімді жеген кезде «бисмилләһ» айтып жеді. Жүзімді әкелген құл христиан болатын. «Бисмилләһ» деген сөзді естігенде ол таң қалды. «Қаншама жылдардан бері осы аймақтамын. Ешкімнен мұндай сөз естіген емеспін. Бұл қандай сөз?» деп сұрады.  

 

Расулуллаһ ол құлдан: «Сен қайдан боласың?» деп сұрады. Аддас: «Нинәуәданмын» деп жауап берді. Расулуллаһ: «Юнус (алейһиссаламның) елінен екенсің ғой» деді. Аддас:«Сіз Юнусты қайдан білесіз? Оны бұл жерде ешкім білмейді» деді. Расулуллаһ: «Ол – менің бауырым. Ол да мен сияқты пайғамбар болған» деді.

 

Аддас: «Мына әсем келбеттің, мына жылы сөздердің иесі өтірікші болуы мүмкін емес. Мен сенің Аллаһтың елшісі екеніңе сендім» деді. Сөйтіп ол мұсылман болды. «Йа, Расулаллаһ! Жылдар бойы мына өтірікшілерге, залымдарға құл болып келемін. Олар адамдардың ақысын жейді. Жұртты алдайды. Ешқандай жақсы жақтары жоқ. Дүние жинау үшін және өз шаһуаттарын қанағаттандыру үшін барлық жаман іске баруға дайын. Олардан жиренемін. Сізбен бірге кетіп, сізге қызмет ету мәртебесіне қауышқым келеді. Сіздің мүбәрәк денеңізді надандар мен ақымақтардың көрсететін жәбірінен өз денемді тосып қорғағым келеді. Осы жолда жанымды құрбан етуге дайынмын.» деді.

 

Расулуллаһ алейһиссалам күлімсіреп: «Әзірше қожайындарыңның қасында қал. Аз уақыттан соң атымды барлық жерден еститін боласың. Маған сол кезде кел» деді. Біраз демалып, Меккеге қарай бет алды. Меккеге екі күндік жол қалғанда бір бұлттың өздеріне көлеңке болып келе жатқанын көрді. Мұқият қараған кезде бұл бұлттың Жәбрейіл алейһиссалам екенін байқады. Бұл оқиғаны пайғамбарымыз Айша Сыддық анамызға (радиаллаһу анһа) айтып берген.

 

«Сахих-и Бұхариде» және Ахмет бин Ханбалдың «Мүснәд» атты кітабында былай делінген: Бір күні хазіреті Айша анамыз: «Йа, Расулаллаһ! Сенің басыңнан Уһуд күнінен де ауыр күн өтті ме?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Уаллаһи сенің қауымыңнан сондай қатты жапа шектім, Уһуд соғысындағы кәпірлерден ондай жапа шеккен жоқ едім. Ибн Абди Йалил бин Күлалға өзімді танытқанымда (яғни пайғамбарлығымды білдіріп, оны дінге шақырғанымда) ол қабылдамады. Олардың қасынан қатты ашынып шыққаным соншалық, сонау Қарн-ы Сәалиб деген жерге жеткенше өз-өзіме келе алмадым. Сол жерде басымды жоғары көтердім. Бір бұлттың маған көлеңкесін түсіріп тұрғанын көрдім. Бұлттың ішінде Жәбрейіл (алейһиссалам) тұрды. Ол маған былай деп дауыстады: “Йа, Мұхаммед! Хақ та’ала қауымыңның сен туралы айтқан сөздерін және сені қорғағылары келмейтіндіктерін естіді. Саған таулардың әміршісі болған мына періштені жіберді, не қаласаң осы періштеге әмір етесің.” Ол періште де маған дауыстап сәлем бергеннен кейін: “Йа, Мұхаммед! Хақ та’ала Жәбрейілдің айтқанындай таулардың періштесі болған мені саған жіберді, қалағаныңды айт! Бұйрығыңды орындаймын. Егер мына екі таудың (Куайкиан мен Әбу Қубәйс тауы) Меккеліктерді баса-жанша бір-біріне жабысуын (және мүшриктерді толықтай езуін) қаласаң, әмір ет, жабыстырайын” деді. Мен келіспей: “(Жоқ, Мен әлемдерге рақымдылық ретінде жіберілдім.) Аллаһу та’аланың осы мүшриктердің тегінен тек Хақ та’алаға ғибадат жасайтын, Аллаһу та’алаға ешнәрсені серік етіп қоспайтын бір ұрпақ шығаруын тілеймін” дедім».

 

Пайғамбарымыз Таифтан Меккеге қайтып келе жатып, Нахлә деген жерде біраз демалды. Біраздан кейін намаз оқуға тұрды. Нусайбин жындарының бір тобы сол жерден өтіп бара жатып, пайғамбарымыз оқып тұрған Құран кәрім аяттарын естіп, тоқтап тыңдады. Содан кейін олар Расулуллаһпен жолығып мұсылман болды.  Пайғамбарымыз оларға: «Қауымдарыңа барғандарыңда менің иманға шақырғанымды оларға да айтыңдар. Оларды да иманға шақырыңдар» деді. Ол жындар қауымдарына барып, мұны айтқанда естіген жындардың барлығы иман келтірді. Бұл жағдай Құран кәрімнің «Жын» сүресінде және «Бұхари» және «Мүслим» атты мәшһүр хадис кітаптарында көрсетілген. Осы оқиғадан кейін Расулуллаһ Меккеге қарай бет алды.