2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Ит пен қораздың тілі

    Күндердің күнінде бір адам Мұса алейһиссаламға келіп:

-    Ей Мұса, мен үшін бір дұға етсеңіз жануарлардың тілін түсінетін

болайын, олардан өзіме сабақ алып, жақсы адам болар едім-деп өтінеді. Сонда Мұса алейһиссалам:

-    Сен үшін осы халің қайырлы (жақсы), көтере алмайтын жүкті арқалауға

тырыспа-деп жауап береді. Бірақ әлгі адам айтқан тілді алмай, қайтпай тұрып алады:

-    Ей Мұса нең кетеді, ең болмаса есігімнің алдындағы итпен

қоразымның тілін түсінетін болайын- деп жалынады. Соңында Мұса алейһиссалам дұға етеді. Әлгі адам қуанып үйіне қайтады. Ертеңіне қызметшісі дастархан даярлап жүргенде қолынан нан түсіп сыртқа домалап кетеді. Қораз жүгіріп келіп нанды шұқып жей бастайды. Оны көрген ит:

-    Ей қораз, істеп тұрғаның дұрыс па? Сен бидай, арпа да жей аласың,

мен болсам наннан басқа нәрсе жей алмаймын. Сен не үшін менің ризығымнан жейсің?- деп қоразға ашуланады. Қораз:

-    Дұрыс айтасың, бірақ сен абыржыма, ертең қожайынның есегі өледі,

сонда сен де жақсылап тоясың- дейді. Мұны естіген адам дереу есегін сатып жібереді. Ертеңіне не айтар екен деп тағы да итпенен қоразын тыңдауға кіріседі. Ит қоразды жазғыра бастайды:

-    Есек өледі, менің қарным тояды дегенің қайда?- дегенде қораз:

-    Есек өлді бірақ басқа жерде өлді. Бірақ сен еш абыржыма ертең ат

өледі, нағыз тоқшылықты сонда көресің-дейді. Адам дереу атын сатып жібереді. Жануарлардың тілін білгені өзі үшін олжа болғанын ойлайды. Ертеңіне тағы барып итпен қоразды тыңдайды. Ит тағы қоразды сөге бастағанда, қораз:

-    Мен өтірік айтқаным жоқ. Ат өлетін еді егер қожайын оны сатып

жібермегенде. Бірақ сен еш қам жеме, ертең қожайынның ең қадірлі қызметші құлы өледі, халыққа ас беріледі, бәріміз де тоямыз- дейді. Мұны естіген адам, қызметші құлын да сатып, тағы да тыңдауға келеді. Бұл жолы ит қатты ашулы еді. Қанша күннен бері алданып жүргенін айтқанда, қораз:

-    Мен өтірік айтпадым. Құл өлді бірақ басқа жерде өлді. Өйткені иеміз

оны сатып жіберді. Бірақ одан еш пайда көрмеді. Өйткені бірінші бәле есегіне келіп, содан иеміз бұл бәледен құтылар еді. Оны сатқанында бәле атқа келді. Атын сатқанда бәле құлына келді. Құлын да сатқаны үшін енді бәле өзіне келді. Ертең иеміз өледі, осылай бәріміз де тоямыз-дейді. Мұны естіген адам өкініп, ақымақ басын сабалай жөнеледі. Бірақ болар іс болған еді...