8 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     10 - Қараша, 2024 жыл.   


Зайд бин Хариса

Йеменде анасы екеуі бір жерге бара жатқан жерінен тұтқынға алынып құлдыққа жіберіледі. Меккеге алып келіп хазіреті Хадиша анамыздың жиеніне сатылады. Жиені кейін оны хазіреті Хадишаға, ол да пайғамбарымызға сыйға береді.

Әкесімен нағашысы ізіне түсіп, оны іздеп Меккеге келеді. Ол кезде әлі пайғамбарлығы жарияланбаған Расулуллаһтың алдына келіп балаларын сұрайды. Пайғамбарымыз:

- Зайдтің өзінен сұрайық. Сізге барғысы келсе барсын, менің жанымда қалғысы келсе осында қалсын!-дейді.

Әкесі мен нағашысы бұл ұсынысқа қатты қуанады. Өйткені балаларының өздеріне қайтатынын ойлады. Зайдті шақырып пайғамбарымыз жағдайды түсіндіреді. Сонда ол былай деп жауап береді:

- Мен ешкімді сізге ауыстырмаймын. Менің әкем де нағашым да сізсіз. Сіздің қасыңызда қалғым келеді.

Әкесі бұл жауабына ашуланып:

- Сен бостандықты, әке-шешеңді, нағашыңды құлдыққа ауыстырып отырсың!

- Әкетайым, мен мына кісіден сондай жақсылықтар көрдім, енді одан айрылғым келмейді!

Пайғамбарымыз бұған өте қуанып, Зайдті Қағбадағы хажарул асуад тасының жанына алып барып, ол жерде болғандарға былай деп жариялады:

- Бәрің куә болыңдар! Зайд бүгіннен бастап менің балам.

Әкесімен нағашысы бұл жағдайды көргенде ашулары басылып, көңілдері толған күйде елдеріне қайтады.

Зайд бин Хариса Расулуллаһтың пайғамбарлығын естуімен иманға келді. Алғашқы иман келтірген 4 адамның бірі болды. Мекке кәпірлері оған өте көп азаппен қорлық көрсетеді. Хижретке рұқсат келуімен Мәдинаға көшті. Расулуллаһ та оны азат еткен болатын.

Сахабалардың ішінде хазіреті Зайдтен басқа ешкімнің есімі Құран кәрімде анық айтылмаған.  630 жылы қолбасшы ретінде қатысқан Мута соғысында шәйіт болды. Ұлы Усама хазіреттері де пайғамбарымыздың қолбасшы етіп тағайындаған сахабалардан болған.