Дұғаның қабыл болуы...Халал табыс таба алу үшін алдымен ненің халал, ненің харам екенін біліп алу керек. Халал мен харам ашық білдірілген. Осы екеуінің арасындағы күмәнді нәрселерді білу болса өте қиын. Күмәнді нәрселерден тыйылмаған адам харамға түседі. Мүмин сүресінің 52-аятында: «Ей Пайғамбарым! Халал және таза нәрсе жеңдер және маған лайықты ғибадат жасаңдар!» деп бұйырылған. Сондықтан Пайғамбарымыз: «Халалдан табыс табу - әр мұсылманға парыз» деп бұйырған. Тағы бір хадис шәрифте: «Бір адам еш харам араластырмай қырық күн халал азық жесе, Аллаһу та'ала ол адамның көңілін нұрмен толтырады. Көңіліне (жүрегіне) өзендердей хикмет ағызады. Дүниеге деген сүйіспеншілікті көңілінен шығарады.» делінген. Дүниелік табысқа жету үшін жұмыс істеу – күнә емес. Дүниеге деген сүйіспеншілік, яғни дүниеге көңілмен байлану күнә болып табылады. Бір күні Сад бин Әби Уаққас хазреттері пайғамбарымызға: - Йа Расулаллаһ! Аллаһу та'ала менің барлық дұғамды қабыл етуі үшін дұға етіңізші – дегенінде Расулуллаһ алейһиссалам: - Дұғаларың қабыл болуы үшін халал азық жеңдер! – деп жауап береді.
Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Жегені мен кигені харам болған көп адамдар бар. Сол адамдар қолдарын жайып дұға етеді. Мұндай дұға қалай қабыл болсын?»
«Харам жегендердің парыздары да, сүннеттері де қабыл болмайды.»
«Он дирхам (күміс теңге) тұратын киімнің бір дирхамы харам болса, ол киіммен оқылған намаздар қабыл болмайды.»
«Хараммен қоректенген дене отта жақсы жанады.»
«Мүлкінің харамнан немесе халалдан келгенін ойламайтындар, Жаһаннамның қай жерінен тасталса да Аллаһу та'ала оларға жанашырлық танытпайды.»
«Ғибадат он бөліктен тұрады, оның тоғыз бөлігі – халалдан табыс табу.»
«Халалдан табыс табу үшін шаршап үйіне қайтқан адам, күнәсіз болып жатады. Аллаһу та'аланың сүйіктісі болып тұрады.»
«Аллаһу та'ала былай деген: Харамнан қашқандардан есеп сұрауға ұяламын.»
«Бір дирхам пайыз алу және беру – отыз зинадан да артық күнә.»
«Харам мүліктен берілген садақа қабыл болмайды. Егер сақтап қойса, тозаққа барғанша оған жолдас болады.» Бір күні хазіреті Әбу Бәкір қызметшісі әкеліп берген сүтті ішеді, сосын ол сүттің халалдан емес екенін біліп саусағын тамағына салып, құсып, шығарып тастайды. Қиналып шығарғаны соншалық, қасындағылар оны өледі деп ойлайды. Сосын: «Йа Раббым! Қолымнан келгенін істедім. Асқазаным мен тамырларымда қалып қойған бөлшектерінен саған сиынамын!» деп жалбарынады. Хазіреті Омар да Бәйт-үл-малдағы (мемлекет қазынасы) зекет түйелерінің сүтін қателікпен ішіп қойған кезінде, дәл осылай жасаған. Абдуллаһ бин Омар хазреттері: «Бүкір болғанша намаз оқысаңдар, қылдай болғанға дейін ораза тұтсаңдар, харамнан қашпағанша қабыл етілмейді, пайдасы болмайды.» деген. Суфйан Сәури хазреттері былай дейді: «Харам ақшамен садақа берген, мешіт салдырған, жақсылық істеген адам, кірлеген киімді зәрмен жуған адамға ұқсайды. Киімі одан сайын кірлейді.» Сәһл бин Абдуллаһ Тустәри хазреттері: «Харам жегендердің жеті ағзасы ол адам қаласа да, қаламаса да күнә істейді. Халал жегендердің ағзасы ғибадат етеді. Ол адамға жақсылық жасау оңай әрі ләззатты болады.» дейді.
Халал жолмен табыс табудың маңызын көрсететін көптеген хадис шәрифтер және дін ғұламаларының сөздері бар. Сондықтан тақуа адамдар харамнан қатты тыйылған. Бұлардың бірі Уаххаб ибни Уәрд хазреттері. Қайдан келгенін біліп алмай ешнәрсе жемейтін еді. Бір күні анасы оған бір шыны сүт береді. Сүтті қайдан алғанын, ақшасын қалай тауып төлегенін және кімнен алғанын сұрайды. Барлығын естігеннен кейін бұл сүт сауылған қой қайда қоректенгенін сұрады. Мұсылмандардың ақысы өткен бір жерде қоректенгенін біліп сүтті ішпеді. Анасы: - Ұлым! Аллаһ саған рахмет етсін, іш! – деді. - Аллаһтың рахметіне күнә істеу арқылы қауышқым келмейді – деп сүтті ішпеді. Бишри Хафи хазреттерінен: «Не жеп, қайда күн көріп жүрсің?» деп сұралғанда: «Барлығының жеп жүрген жерінен жеп жүрмін. Бірақ, жеп күлген мен жеп жылағанның арасында көп айырмашылық бар» деді.
Қорыта айтқанда ғибадаттар мен жасалған дұғалардың қабыл болуы үшін, ауызға кіріп-шыққан нәрселерге қатты мән беру керек. Яһйа бин Муаз хазреттерінің айтқанындай: «Аллаһу та'алаға мойынсұну қазынаға ұқсайды. Бұл қазынаның кілті – дұға, бұл кілттің тістері – халал азық.»
|