5 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     7 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қулық жасау берекені кетіреді.

Қулық жасау берекені кетіреді.

        Қулық – жалғандық, көз бояушылық, алдау, жаңылдыру деген мағыналарға келеді. Бір нәрсені басқаша етіп көрсетіп, адамдарды алдау деген сөз. Бұл өз кезегінде жаман мінезге жатады және харам болып табылады. Расулуллаһ алейһиссалам бидай сатып отырған бір кісінің бидайына мүбәрәк саусақтарын салды да, төменгі жағының ылғалды екенін көріп: «Мынауың не?» деп сұрады. Сатушы адам: «Жаңбыр ылғалдандырып жіберген ғой» дегенінде: «Неге көрсетпей тығып отырсың? Қулық жасаған адам бізден емес» деді.

        

        Хазреті Имам Ғазали “Кимия-и саадет” кітабында былай деген:

«Қулықпен ризықтың көбеймейтіндігін жақсылап біліп алу керек. Бәлкім, мал-мүліктің берекесі қашатын шығар. Қулықпен аз-аздан жиналған нәрселер, күтпеген бір пәлекетпен толықтай кетіп, артында тек күнәларды қалдырады. Бір сүт сататын адам, сүтіне су қосатын еді. Бір күні күтпеген жерден тасқын болып, сиыры суға ағып кетеді. Әлгі адам сасып, ойланып тұрғанында, баласы: “Әкетай, сүтке қосқан суларымыз жиналып тасқын болып келіп сиырды алып кетті” дейді. Расулуллаһ алейһиссалам да: “Саудаға қиянат араласса береке кетеді” деп бұйырған.»

 

        Береке – аз мүліктің көп пайда әкелуі, көп іске жарауы деген сөз. Аз ғана мүлік берекелі болса, көптеген адамның рахатына, көптеген жақсы амалдардың іске асуына жарайды. Иесінің дүние мен ахырет пәлекетіне себеп болатын көптеген берекесіз дүние-мүліктер бар. Олай болса мал-мүліктің көп болуын емес, берекелі болуын қалау керек.

 

        Береке сенімді, адал адамдарда болады. Тіпті, көптеген сенімді саудагерлерде болады. Өйткені әр тұтынушы (сатып алушы) сенімді сатушыға барады. Қиянат жасайтындарға (қулық жасайтындарға) ешкім бармайды. Өмірі жүз жылдан аспайтындығын әрбір сатушы ойлауы тиіс. Ал ахыреттің соңы жоқ. Бірнеше күндік өмірінің алтын мен күмісін арттыру үшін мәңгілік өмірін кімнің зиянға түсіргісі келеді. Бұлай ойлайтын сатушы қиянат ете алмайды. Расулуллаһ алейһиссалам былай дейді:

«Лә илаһа иллаллаһ дегендер, дүниені діннен жоғары қоймағанша Аллаһтың ғазабынан (ашуынан) құтылған болады. Дінді тастап дүниеге жабысатын болса, бұл тәуһид кәлимасын айтқанында, Аллаһу та'ала оларға “Өтірік айтасың” деп бұйырады.»

 

        Қулық етпеу – парыз. Қулық істеу және оны жасыру харам болады. Имам Ахмед ибн Ханбал хазреттерінен жасырын жамау істеп беруін сұрағанда: «Өзінің киюі немесе сатып алушының сұранысымен болса жаиз болып, ал қулық етіп істеу,  яғни жамауды жаңа деп сату күнә болады. Бұлай тапқан ақшасы харам болады.» деп жауап берген. Өлшегенде, таразға тартқанда қулық жасамау керек, тура өлшеу керек. Мутаффифин сүресінің бірінші аятында: «Бергенде кем қылып, алғанда артығымен өлшегендерге ауыр азаптар жасаймын» делінген.

 

        Дін ғұламалары әр алғандарын біраз кемітіп, бергендерін біраз артығымен өлшейтін. «Бұл аз ғана айырмашылық жаһаннаммен арамыздағы перде» дейтін. Мұны, дәл өлшей алмау қорқынышынан істейтін. «Жеті қабат жер мен жеті қабат көктер аумағындай жаннатты, бірнеше тиынға сатқандар не деген ақымақ және бірнеше арпа данасы үшін жаһаннам азабына душар болғандар не деген ақымақ» дейтін еді. Расулуллаһ алейһиссалам не сатып алса да ақшасын сәл артықтау етіп беретін. Фудайл бин Ияд хазреттері ұлының саудада қолданатын алтындарының кірін тазалап отырғанын көріп: «Ей ұлым! Бұл істеп отырған ісің саған екі нәпіл қажылықтан және екі умрадан да пайдалы» деді.

 

        Дініміздің ғұламалары былай дейді:

«Пасықтардың ең жаманы – алғанда көп, сатқанда аз етіп өлшейтіндер. Мата алғанда босатып, сатқанда тартып өлшейтіндер де солай. Сүйегін әдеттен тыс көп салып жіберетін қасапшылар да сондай болады. Дәнді дақылардың ішіне топырақ араластырып сататындар да осыған жатады. Тауардың жақсысы мен жаманын араластырып барлығы жақсы деп сататын саудагерлер де осыған кіреді. Бұлардың барлығын істеу харам болады. Сауда-саттықта барлық адаммен тура (әділ) қатынас жасау уәжіп болып табылады. Тіпті, өзі естігісі келмейтін сөзді өзгелерге сөйлемеуі керек. Мұндай харамдардан аулақ болу үшін, өзін дін бауырынан жоғары көрмеу керек.»

 

        Қорыта айтқанда ешкімге өтірік айтпау керек, қулық жасамау керек, өлшеу құралдарын дұрыс қолдану керек, жұмысшының жалақысын маңдай тері кеппей тұрып беру керек. Өтірік айтумен, қулық жасаумен мал-мүлік көбеймейді, бірақ берекесі кетеді.