8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Өтірік айту

Өтірік айту

Сұрақ: Өтірік айтудың дініміздегі орны қандай?

Жауап: Өтірік айту күнәлардың ең жаманы, кемшіліктердің ең нашары, көңілдерді (жүректерді) қарайтатын бүкіл жамандықтардың басы. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Өтірік айту ризықты азайтады.» (Әбушшәйх)

 

«Өтірік екі жүзділік есіктерінің бірі.» (Ибн Ади)

 

«Иман иесі кез келген қатеге түсуі мүмкін. Бірақ қиянат жасамайды және өтірік айтпайды.» (Ибн Әби Шәйбә, Бәззар)

 

«Дұрыс болыңдар, дұрыстық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа тартады. Өтіріктен сақтаныңдар, өтірікшілік күнәға, ал күнә жаһаннамға тартады.» (Бұхари)

 

«Сөзбен шығарылған фитна, қылышпен шығарылған фитна сияқты. Ал өтірік айту, жала жабу арқылы шығарылған фитна қылышпен шығарылған фитнадан да жаман.» (Ибн Мажә)

 

«Саудада жүретіндердің көбі күнәһар болады. Көп ант ішіп күнәға батады және өтірік айтып сауда-саттық жасайды.» (Хаким)

 

«Халықты алдайтындар жаһаннамдық» (Табарани)

 

Пайғамбарымыз өтірік айтқан адамның аузы бір тараптан құлағына дейін темір ілмекпен жыртылатыны, ілмек екінші тарапқа өткенде, алдыңғы жыртылған тарап қалпына келіп, кейін қайта жыртылатыны, осылай қияметке дейін азап көретінін білдірген. (Бұхари)

 

Бір кісі расулуллаһ алейһиссаламға келіп:

– Мына үш күнәға тұтылдым, тастай алмадым. Бұлар зина, өтірік айту және арақ,- дейді. Пайғамбарымыз оған:

Мен үшін өтірік айтуыңды таста!-деп бұйырады. Әлгі кісі мақұл деп шығып кетеді. Бір күнә істейтін кезінде «Егер мына күнәны істейтін болсам, расулуллаһ алейһиссалам сұраған кезінде “иә” десем күнә істегенім мәлім болады, “жоқ” десем пайғамбарымызға берген сөзімде тұрмаған боламын.» деп ойлады. Сөйтіп қалған екі күнәдан да бас тартты. (Шира)  

 

Дін ұлыларының айтқандары:

Балам, өтірік айтудан сақтан, ол құс етіндей тәтті. Одан аз адам құтыла алады. (Лоқман Хаким)

 

Аллаһ дәргейінде ең үлкен қате өтірік айту (Хазреті Әли)

 

Шындықпен өтірік екеуі, бірі екіншісін қуып шығарғанға дейін көңілде (жүректе) күреседі. (Малик бин Динар)

 

Адамның Ішінің сыртына, сөзінің ісіне сәйкес болмауы - екі жүзділік. Ал екі жүзділіктің негізі өтірік айту. (Хасан Басри) 

 

Сахабалар үшін ең жаман, ең ауыр күнә өтірік болатын. Өйткені олар өтірікпен иманның бір арада болмайтынын жақсы білетін еді. (Хазреті Айша)

 

Сұрақ: Біреуді ренжітпеу үшін, көңілін қалдырмау үшін, мәселен басқа қаладағы анам денсаулығымды сұрағанда аурып тұрсам да “жақсымын” деп айтамын. Аурып тұрғанымды айтсам көңілі түсіп, уайымдап кетеді. Осы жағдайда “жақсымын” деп айтуым жаиз ба?

Жауап: Жаиз, күнә емес.

 

Сұрақ: Бір кісі жейтін бір нәрсе ұсынып, кейін қандай екен деп сұраса (немесе сұрамаса да) ол нәрсені ұнатпағанымызбен “өте дәмді екен” деп айту жаиз ба?

Жауап: Жаиз

 

Сұрақ: Қонақтан шыққан соң, үй иесі жоқ кезде қонақтардан бірі “тамақ қандай болды, ұнады ма?” десе, ұнатпасақ та “иә, өте дәмді болды” деп айту жаиз ба?

Жауап: Жаиз

 

Сұрақ: Өтірік екендігі белгілі болған, ешкім сенбейтіні анық нәрсені қалжыңдап айту, мысалыға “қалайша тез келіп қалдың?” деген адамға “ұшып келдім” немесе “өзіме жеке вертолет алдырдым” деп қалжыңдау жаиз ба?

Жауап: Жаиз. 

 

Сұрақ: Францияда магистратурада оқып жатырмын. Көбінесе намазымды оқи алу үшін кейде университетте өтірік айтуға мәжбүр болудамын. Осы сылтаумен өтірік айтуым жаиз ба?

Жауап: Франция секілді исламмен басқарылмайтын жерлерде, өзімізге зиян келетін болса, басқарушыларға өтірік айту жаиз болады. Намаз оқып оқуға кеш қалған кезде “қайда болдың?” делінген кезде шындықты айтатын болсақ, бір зиян келетін болса, өтірік айтуымызға болады, бұл дініміздің әмірі. Тіпті мәжбүр болған жағдайда күпірге себеп болатын сөз де айтылады, маңызды болғаны өзімізге зиян келмеуі керек.    

Мүшриктер хазреті Аммарға, әке-шешесін (хазреті Ясәр, хазреті Сумәййа) жәбірлеп ыстық құмның ішіне көміп, үстеріне ет пісердей ыстық тастарды тізіп қоятын. Кейін “Лат және Узза пұттары Мұхаммедтің дінінен жақсы деп айт” деп қинайтын. Айтпаса зорлық-зомбылықтарын одан сайын арттыратын. Бір ретінде Расулуллаһ алейһиссалам «Сабыр етіңдер, ей Ясәр жанұясы! Қуаныңдар ей Аммардың жанұясы! Күмәнсіз, сендерге уәделенген орындарың жұмақ» деп бұйырды. Ясәрдың тартқан азаптары тілдерде дастан болып айтылды. Зұлымдыққа ұшырамаған күндері болмады. Бір күні хазреті Умәййаны екі түйеге байлап екі жағынан тартып жәбірлеп жатқанда, Әбу Жәһлдің қамшысына шыдай алмай шәһид болды. Хазреті Ясәрді де жәбірлеп өлтірді. Исламды алғаш шәһид болған осылар еді. Хазреті Аммар кәпірлердің қинағандарынан айт дегендерін тілімен айтты. Пайғамбарымызға Ясәр кәпір болды деп айтылғанда, пайғамбарымыз былай дейді:

«Жоқ, ол кәпір емес. Басынан аяғына дейін иманмен толы.» (Ибн Мажә)  

 

«Аллаһу та’ала иманды Аммардың шашынан тырнағына дейін, бүкіл денесіне сіңдірген. Иман оның ет және қанына араласқан. Ол хақ қайда болса, сол жақтан орын алады. Оның денесінен кез келген бір бөлшегін күйдіру жаһаннамға жараспайды.» (Ибн Асакир)

 

«Аммар бин Ясәр екі жағдайға тап болғанында міндетті түрде ең дұрысын таңдайды.» (Ибн Мажә)

 

Кәпірлер хазреті Аммарды айтқаныны сеніп, оны босатады. Расулуллаһ алейһиссалам мүбәрәк қолдарымен оның көз жастарын сүртіп жұбатты. Бұл оқиғаға байланысты Нахл сүресінің «Аллаһқа күпір еткендерге ауыр азап бар. Бірақ көңіліне (жүрегіне) иман ұялағанымен (күпірге) зорлықпен мәжбүрлеп, тілімен ғана айтқандардан басқа.» деген мағынадағы 106-шы аяты түсті. Расулуллаһ хазреті Аммарға «Мүшриктер жәбірлейтін болса, тағы да осылай айт» деп бұйырды.

 

Сұрақ: Астарлы, ауыспалы сөздер қолданып сөйлеу дұрыс па?

Жауап: Астарлы, ауыспалы мағынадағы сөздерді қолданудың зияны жоқ. Насихат ниетімен біреуге астарлы тілмен дұрысты жеткізуге болады. Мәселен бір кісі сараң болса, “сен сараңсың” деместен “сараңдық жаман нәрсе” деген секілді сөздермен түсіндіруге болады.    

 

Ауыспалы сөздермен де мәселен “Пәленшенің есігі баршаға ашық” делінсе, бұдан оның қонақжайлы кісі екендігі аңғарылады. Пайғамбарымыз бір күні кәрі әйелге «Кемпірлер жәннатқа кірмейді» дегенінде әйел қапаланады. Артынша «Сіз ол күні кемпір болмайсыз» деп бұйырды. Яғни жәннаттағы бүкіл әйелдердің жас болатынын білдірді.

 

Адам өтірік айтуға мәжбүр болған кезде астарлы, ауыспалы мағыналы сөздер қолдануының зияны жоқ. Мәселен бір кісіні бір жақа ертіп кету үшін үйінен іздеп келсе, ол кісі де шұғыл шаруасы болғаны үшін барғысы келмесе, баласына “Әкем көбінесе пәлен кітапханада отырады.” деп айтуының зияны жоқ. Бірақ себепсіз бұлай істеу дұрыс емес. Мәселен “Мына қаламды сізге пәлен ғалым берді ма?” деп сұраған адамға, ол ғалым бермеген болса да “Аллаһу та’ала ол ғалымнан разы болсын” деп айту дұрыс болмайды. Өйткені бұлай деп айтуымен қаламды ол ғалым бергеніне меңзеген болады.  

 

Сұрақ: Саудамен айналысамын. Кейде ант етіп, өтірік айтып қоямын. Не істеуіме кеңес бересіздер?

Жауап: Әрбір мұсылман өзіне жасалуын қаламайтын нәрсені өзгеге де, тіпті кәпірге де жасамауы керек.

Сатып жатқан нәрсені өз барынан (затынан) асырып мақтамау керек! Өйткені әрі өтірік айтқан боласың, әрі зұлымдық жасаған боласың. Тіпті дұрыс болған, сатып алушының білетін нәрсесін де айтпау керек! Өйткені бұл пайдасыз сөз, қияметте әрбір сөзіміз үшін есепке тартыламыз.

 

Ант етіп сатуға келер болсақ, өтірік нәрсеге ант ішу харам болып табылады. Яғни үлкен күнә. Дұрыс нәрсе үшін де ант етпеу керек. Арзымаған нәрсе үшін Аллаһу та’аланың есімін атау құрметсіздік болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Сауда-саттықта “уаллаһи  (Құдай ұрсын) мынадай”, “билләһи ондай емес” дейтін адамға және “бүгін болмады, ертең кел” деп сөзінде тұрмайтын өнеркәсіпшілерге обал болсын!» (Дәйләми)

«Мүлкін ант етіп ұнаттыруға тырысқан адамға қияметте мейірімділік етілмейді.» (И. Ғазали)

 

Сұрақ: Өтірік нәрседе ант етіп басқаның ақысын алу күнә емес пе?

Жауап: Өтірік нәрсе үшін ант етуге “йәмини ғамус” делінеді. Күнәға, жаһаннамға түсіруші ант деген сөз. Пайғамбарымыздан ”йәмини ғамус”  деген не деп сұралғанда «Өтірік нәрседе ант етіп өзгенің мүлкін алу» деп білдірген. (Бұхари)

Өтірік ант етіп біреудің мүлкін иемдену үлкен күнәлардан. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мұсылманның мүлкін әділетсіз алу үшін өтірік нәрсеге ант еткен адам Хақ та’аланың ашуына ұшырайды.» (Бұхари)

«Біреудің мүлкін алу үшін өтірік ант еткен адам Аллаһу та’аланың құзырына алапес фажир ретінде шығады.» (Ибн Мажә) (Фажир: фитна шығарушы, бүлікші, күнәһар)

«Өтірік нәрсеге ант ету үйлерді қиратады.» (Бәйһақи)

«Өтірік нәрсеге ант еткен адам жаһаннамға түседі.» (Хаким)

«Өтірік нәрсеге ант ету мүліктің жойылуына себепші болады.» (Бәззар)

«Өтірік нәрседе ант етіп бір мұсылманның мүлкін алған адамға жәннат харам, ал жаһаннам уәжіп болады.» (Хаким)

Өтірік нәрседе ант ішіп өзгенің мүлкін алған адам өкінсе, алған мүлкін иесіне, иесі өлген болса, мұрагерлеріне беруі керек. Мұрагерлері де жоқ болса кедейлерге беруі тиіс! Малын алған адамдармен халалдасуы (кешірім сұрауы, разылықтарын алуы) керек, оларға дұға етуі керек.

 

Өтірік айту жаиз болған жерлер

Сұрақ: Өтрік айту қандай жағдайларда жаиз (рұқсат, халал) болады?

Жауап: Өтірік айту харам, өте үлкен күнә. Өлмеу үшін өлексе жеу жаиз болатыны секілді, өлімнен құтылу үшін де өтірік айту жаиз болады. (Хадиқа)

 

Хазреті Сәубан былай деген: «Барлық өтірік күнә. Бірақ мұсылманға пайдасы тиетін немесе зияннан құтқаратын өтірік басқа.»

 

Өтірік айтуға рұқсат етілетін, күнә болмайтын жерлердің кейбіреулері мыналар:

1) Соғыста: Хазреті Әли отырғанында дұшпанның бірі кенеттен қылышымен шыға келіп “Енді менің қолымнан сені кім құтқарар екен?” дейді. Хазреті Әли саусағымен әлгі адамның арт жағына нұсқап “Жарайды айқасайық, бірақ екі адаммен бе?” дейді. Дұшпан артымдағы кім екен деп арқасына қарағанында, хазреті Әли қылышын алып, дұшпанды залалсыз халге келтіреді. Дұшпан отырған адамға тап беріп, жасаған өз қулығын есепке алмастан “маған қулық еттің” дейді. Хазреті Әли «Бірақ негізінде сен мені тұтқиылдан ұстамақ болдың емес пе?!» дейді де, мына хадис шәрифті келтіреді: «Соғыс айла-тәсіл деген сөз» (Ибн Сунни, Ибн Лал)

 

2) Екі мұсылманды татуластыру үшін:

Үш күннен артық араздасу күнә болып табылады. Араздасқан екі мұсылманды татуластыру үшін өтірік айту жаиз болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Екі кісіні татуластыру, нәпіл намаз, ораза және садақадан да құнды амал» (Тирмизи)

«Екі кісінің ара-қатынасын жақсарту үшін және қайырлы іс үшін айтылған сөз, өтірік болып саналмайды.» (Мүслим)

«Екі мұсылманды татуластыру үшін, бір-біріне жақсы сөз тасу өтірік болып саналмайды.» (Ибн Лал)

 

Пайғамбарымыз бір күні күлімсіреді. Мұны көрген хазреті Омар себебін сұрағанында пайғамбарымыз былай дейді:

«Үмметімнен екі кісі ахыретте есептеседі. Біреуі “Йа Раббым, бұл адамнан менің ақымды ал!” дейді. Аллаһу та’ала екіншісіне “Бұл адамның ақысын бер!” деп бұйырады. Ол адам “Йа Раббым, ақысын өтейтіндей сауабым қалмады” дейді. Аллаһу та’ала ақының иесіне “Бұл адамның сауабы қалмады. Не істейсің?” дегенде әлгі адам “Олай болса менің күнәларымды алсын!” дейді. Осы кезде пайғамбарымыз  жылап тұрып: “Ол күн сондай  қорқынышты күн болады. Ол күні адам өзгелердің күнәсын алмақ түгілі өзінің күнәсын да алып жүре алмайды.”» деп бұйырды.

 

Аллаһу та’ала ақының иесіне: «Басыңды көтер де жаннаттың мына зәулім сарайларына қара!» дейді. Ақының иесі қараған соң: «Иә, көріп тұрмын. Бұл керемет сарай қай пайғамбарға немесе қай шәһидке тән.» деп сұрайды. Аллаһу та’ала «Бұл керемет сарайлар, сарайдың ақысын өтегендер үшін» деп бұйырады. Әлгі адам «Йа Раббым, бұлардың ақысын кім өтей алуы мүмкін?» дейді. Аллаһу та’ала «Сен өтей аласың.» деп бұйырады. Ол адам «Мен қалай өтеймін? Менің нем бар?» дегенде Аллаһу та’ала «Мына бауырыңнан алатын ақыңды кешіп жіберсең, осы сарайға қол жеткізесің» дейді. Ол адам сол сәтте «Кештім, Йа Раббым!» дейді. Аллаһу та’ала: «Қане, бауырыңның қолынан ұстап жәннатқа бірге кіріңдер!» дейді. Пайғамбарымыз алейһиссалам сөзін жалғастырып былай деді:

«Аллаһтан қорқыңдар және ара-қатынастарыңды түзетуге тырысыңдар! Өйткені Аллаһу та’ала қиямет күні сендердің ара-қатынастарыңды түзетеді.» (Хараити)

 

3) Екі мұсылманның араздасуының алдын алу үшін:

Ара-қатынасы бұзылатыны белгілі болған мұсылмандардың араздасуының алдын алу үшін өтірік айту жаиз болады. Жақсылыққа себепші болған өтірік, фитнаға себеп болған шындықтан жақсы.

 

4) Жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу үшін:

Жұбайлардың бір-бірін ренжітіп қоймау үшін, тату өмір сүре алу үшін өтірік айтуларына болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Жұбайымен тыныш өмір сүре алу үшін өтірік айту жаиз» (Ибн Лал)

«Жұбайлар бір-бірімен тыныш-тату тұрмыс құрып кету үшін өтірік айтса күнә болмайды.» (Мүслим)

 

Хазреті Ибн Әрқам, хазреті Омарға «Жұбайым мені жақсы көрмейді екен. Жақсы көрмейтіндігін бетіме айтты. Мұндай әйелмен тұрғым келмейді» деді. Хазреті Омар әйелге «Не үшін күйеуіңіздің бетіне ондай нәрсе айттыңыз?» дегенінде «Өтірік айтпау үшін. Әлде мұндай жағдайда өтірік айтуға рұқсат бар ма еді?» деді. Хазреті Омар «Әлбетте мұндай жағдайда өтірік айтуға рұқсат бар. Әйелі күйеуін жақсы көрмесе де оны ренжітпеу үшін өтірік айтса күнә болмайды.» деп жауап берді.

 

5) Залымнан мұсылманның тұрған жерін жасыру үшін.

 

6) Мұсылманның мүлкін залымдардан қорғау үшін.

 

7) Мұсылманды қуанту үшін:

Бір досымыз ұнатып галстук алса немесе киім тіктірсе бізге ұнамаса да “бұл киім сізге өте жарасады екен” деп айту жаиз болған өтірікке жатады. Мұсылманды қуанту үшін себеп іздеу керек. Хадис шәрифте: «Парыздан кейін Аллаһу та’аланың ең көп жақсы көретін амалы мұсылманды қуанту» деп бұйырылған. (Табарани)

 

Жалпылама әйелдер сәнге құмар келеді, киімдеріне қатты мән береді. Бір киім алса оған: “Бұл алған киімің саған өте жарасады екен” десек өтірік болмайды. Өйткені дініміз әйелімен жақсы мәміледе болу үшін өтірік айтуды да жаиз деген. Ал шынымен де мақтауға тұрарлық әрекеттерін сынға алу болса, барып тұрған ақымақтық.

 

8) Мұсылманның күнәсын, сырын және айыбын жасыру үшін:

Мұсылман бір жас жігітке жала жабылады. Соңында өлім жазасына кесіледі. Жазаның орындалу уақытын күтіп отырғанда өзіне жала жапқан адамдарға және мұның арасында патшаға да аузына келгендерін айтып,бәріне сөгіп айғайлап жатады. Бұл ащы ащы шыққан дауыстар біраз уақыт жалғасады. Патша сарайынан бұл айғайды естиді. Бірақ ұзақта болғаны үшін не айтқанын ести алмайды.

Екі уәзірінің жанына барған патша бұл жігіт не деп айғайлап жатыр деп сұрайды. Бірінші уәзірі «Патшам бұл жігіт “Аллаһ кешіргендерді үстем етеді” деген хадис шәрифті айтып жатыр, “Кешіргендердің барар жері жәннат” деп, сізден кешіруіңізді сұрап жатыр.» дейді. Бұл сөз патшаның көңілінен шығады. «Бұл жігітті кешірдім босатыңдар» дейді. Екінші уәзір дереу сөзге араласып: «Құрметті патшамыз, бұл уәзіріңіз сіздің ұлылығыңызға қарсы өтірік айтты. Ол жігіт кешірім сұрап жатқан жоқ еді, сізді балағаттап жатқан еді» дейді. Сонда патша: «Ей уәзір, сен орынсыз шындықты айтып, екі адамның өліміне себеп болмақсың. Ал мына уәзірдің өтірігі бір жанды құтқарған еді. Ұмытпа “іске жараған өтірік, фитнаға себеп болған шындықтан жақсы”» дейді.    

Патша орынсыз шындықты айтқан уәзірін лауазымынан түсіреді, орынды түрде өтірік айтып кінәсыз адамды құтқарған уәзірді өзіне бас уәзір етіп тағайындайды.

 

9) Кедейге жақсылық жасау үшін:

Біз сатушы болсақ, кедей бір кісі келіп, ұнатқан нәрсесін алғысы келсе, бірақ оған бұл зат қымбат болса, біз ол затты он мыңға алған болсақ, кедейге “біз бұл затты бес мыңға алдық, бір мың ғана үстіне қойып сізге алты мыңға бере аламыз” десек бұл жаиз болады, күнә емес.

 

10) Өзіміздікі дұрыс бола тұра қарсыдағы адамға сеніңкі дұрыс деп айту:

Ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне сеніңкі дұрыс десе, татулық болады. Екеуі де менікі дұрыс десе ол үйде береке болмайды. Екеуі де сенікі дұрыс дейтін болса, ол кезде үйде иләһи махаббат басталады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһ разылығы үшін кешірген адамды Аллаһу та’ала үстем етеді.» (Мүслим)

 

«Кешірілу үшін кешірімді болыңдар!» (И. Ахмет)

 

«Қатал мәміледе болғандарға жұмсақ мәміле етсеңдер, зұлымдық еткендерді кешірсеңдер, сендерді махрұм еткендерге ихсан етсеңдер, сендерден алыстағандарға жақындасаңдар биік дәрежелерге қауышасыңдар!» (Бәззар)

 

Осыға ұқсаған басқа да жағдайларда өтірік айту жаиз болады. Мәселен арақ ішкен немесе басқа бір күнә істеген адамға сен күнә істедің бе? деп сұралғанда, адамдарға жаман үлгі болмау үшін жоқ күнә істемедім деуіне болады. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Жаман нәрсе істеген адам бұларды жасыруға тырыссын!» (Хаким)

 

Дін ұлылары өтірік айтуға мәжбүр болған кездерінде сөздің мағынасын өзгертіп, шындықты айтуды таңдайтын еді. Мәселен хазреті Муаз бин Жәбәл, міндетін атқарып үйіне қайтқанында әйелі «осыншама жұмыс істедің, зекет жинадың, бізге не алып келдің?» дейді. Ол «Маған қарап жүрген бақылаушы бар еді, сондықтан ешнәрсе әкеле алмадым» дейді. Ол бақылаушы деп Аллаһу та’аланы айтқан болатын. Ал әйелі болса, хазреті Омар бақылап, тексеріп жүруі үшін адам жіберген екен деп ойлайды. Әйелі ашуланып хазреті Омардың үйіне барып «Муаз Расулуллаһтың және Әбу Бәкір Сыддықтың сенімді адамы еді. Сіз не үшін оның артына адам салып жүрсіз?» дейді. Хазреті Омар хазреті Муаздан мән жайды білгеннен кейін, әйеліне біршама сыйлық жібереді.

Қып-қызыл өтірік айтатындар

Сұрақ: Дінімізде өтірік айтудың жаиз болғандары бар. Кейбіреулер осыны сылтауратып, алды-артына қарамай қып-қызыл өтіріктерді сапыра береді. Кейде өтірігі ашылғанда “қалжыңдаған едім” дей салады. Дінімізде өтірік айту күнә емес пе?

Жауап: Өтірік айтудың үлкен күнә екендігі Құран кәрімде және хадис шәрифтерде білдірілген. Құран кәрімде былай делінеді: «Аллаһтың аяттарына сенбегендер, өтірік құрастырады.» (Нахл 105)

Бұдан аңғарылғанындай өтірік айту иманға теріс нәрсе. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Өтірік айту иманға жат нәрсе.» (Бәйһақи)  

«Өтірік айту екі жүзділіктің белгісі.» (Бұхари)

«Бойында мына үш мінездің бірі болған адам намаз оқыса да, ораза тұтса да, мүнафық (екі жүзді) деген сөз. Бұлар: Өтірік айту, сөзінде тұрмау, аманатқа қиянат ету.» (Бұхари, Әбу Дауд)

«Мүминде кез келген мінез болуы мүмкін. Бірақ қиянат етпейді және өтірік айтпайды.» (Ибн Әби Шәйбә, Бәззар)

 

Өтіріктің зияндылығы туралы білдірілген хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Өтірік айту жаһаннам есіктерінен бірі» (Хатиб)

«Өтірік айтудан сақтаныңдар! Өйткені өтірік күнәға, ал күнә жаһаннамға сүйрейді.» (Бұхари)

«Өтірік айту ризықты азайтады.» (Исфахани, Әбушшәйһ)

«Мұсылман мұсылманның бауыры. Оған қиянат етпейді және өтірік айтпайды.» (Тирмизи)

«Кеңес сұраған кісіге өтірік айтқан адам оған қиянат еткен болады.» (Ибн Жәрир)

 

Күлдіру үшін, қалжыңдап болса да өтірік айту жаиз емес. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Адамдарды күлдіру үшін өтірік айтқандарға обал болсын!» (Әбу Дауд)