12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Құран Кәрім / Құранға мағына беру

Құранға мағына беру

Сұрақ: Қажыларға таратылған Құран кәрімнің аyдармасындағы бір хадис шәрифте: «Құранды өз көзқарасымен  (өз түсінігі бойынша) тәпсірлеген адам кәпір болады.» делінген. Мен арап тілін жақсы білемін. Құранды оқыған кезде ол жердегі сөздердің, сөйлемдердің кейде қазақшасын түсініп тұрамын. Мына хадис бойынша менің Құран аяттарында өткен сөздерді түсінуімнің зияны бар ма?

 

Жауап: Зияны жоқ. Бұл хадис шәриф хазреті Имам Раббанидің “Мәктубат” кітабында да өткен. Құран кәрімдегі аяттардың, кәлималардың қазақшасын түсінудің зияны жоқ. Алайда аяттарға өз қысқа ақылымен, шала білімімен мағына берудің, үкім шығарудың өте үлкен зияны бар!

 

Бұған мысал келтірейік:

“Фатиха” сүресіндегі «Ийәка нәстә’ин» сөзінен қазақша «Тек сенен ғана көмек сұраймыз» деген мағынаны түсінудің ешқандай зияны жоқ. Бірақ бұл аяти кәримаға өз басынша тұжырым жасап, мағына беретін болса зияны болады. Мәселен, бұл аятқа: “Аллаһтан басқасынан бір нәрсе сұрау – ширк, күпірлік” деп мағына берсе, өз ақылымен тәфсирлегені үшін кәпір болады.

 

Бір адам суға батып бара жатып: “Көмектесіңдер! Батып барам, өлейін деп жатырмын, маған көмектесіңдер!” деп айқайласа, бұл көзқарас бойынша ол адам Аллаһқа серік қосқан болады. “Мына жүгімді арқама қойып алуым үшін көмектесіп жіберші!” деген қарияға “Сен Аллаһтан басқасынан көмек сұрадың, Аллаһқа серік қостың, кәпір болдың!” десе, өз түсінігі бойынша мағына берген болады.

 

«Йа Расулаллаһ, бізге шапағат ет!» деген мұсылманға “Сен Аллаһтан басқасынан көмек сұрадың, Аллаһқа серік қостың!” десе, аятқа өз көзқарасы бойынша мағына берген болады.

 

Бір пайғамбардың немесе әулие кісінің қабіріне барып: “Маған жәрдем бер!” деген адамға “Сен Аллаһқа серік қостың!” деп айту да, аяттарға өз қысқа ақылымен мағына бергендік болады.

 

“Мен жыланнан қорқамын” немесе “Мен тышқаннан қорқамын” немесе “Мен Аллаһтан қорықпайтындардан қорқамын” деген адамға «Басқалардан емес, тек менен қорқыңдар!» және «Тек Аллаһтан қорқыңдар!» деген аяти кәриманы оқып, “Сен Аллаһтан басқасынан қорыққаның үшін Аллаһқа серік қостың, кәпір болдың!” деп айтуы да өз көзқарасымен мағына берушілік болады.

 

«Пайғамбарлар, шәһидтер шапағат етеді» деген адамға «Аллаһтың рұқсатынсыз кім шапағат етуі мүмкін.» деген мағынадағы аяти кәриманы оқып, ол адамға “Аллаһқа серік қостың” деп айтса, өз ақылынша мағына берген болады.

 

Сүрелерді оқып отырып, ішіндегі сөздердің мағынасын білсе де, “Бұл аятқа Расулуллаһ алейһиссаламның қандай мағына бергенін, ғұламаларымыздың қалай тәфсирлегенін білмеймін” деп айту немесе мағынасын білетін болса “Бұл аяттағы білдірілген мағына – осы” деп айтудың ешқандай зияны жоқ. Бірақ өзінің көзқарасы бойынша аятты ашықтау, оған түсініктеме беру, одан үкім шығару өте зиянды. Өзінің қысқа ақылымен аяттарға мағына беруге тырысу пайғамбарымыз айтқандай күпірлік болады. Дүмшелердің Құран Аудармасы деп жер-көкке сенбей көтеріп жүрген аудармаларын оқу да міне осы тұрғыдан дұрыс емес. Құранның аудармасын оқыған адам Аллаһу та’аланың осы аяти кәримадағы айтпақшы болған мақсатын емес, аударған адамның ақыл және білім деңгейі бойынша берген мағынасын ғана оқыған болады.