12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Ислам дінін қабыл етпейінше...

Ислам дінін қабыл етпейінше...

Мүшриктер Мәдинаға қарай жолға шыққан Мұхаммед алейһиссаламды және хазіреті Әбу Бәкірді тоқтаусыз іздеді. Егер таппаса өздеріне үлкен қауіп төнетін еді. Өйткені, мұсылмандар Ислам мемлекетін құрып, өздерін құртатынына көздері жетті. Сол себептен мүшриктер барлық нәрселерін ортаға салды. Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкірді (радиаллаһу анһ) өлтірген немесе ұстап әкелген адамға жүз түйемен қоса сансыз мал, ақша беруге уәде берді. Бұл хабар Сүрақа бин Маликтің тайпасы Мүдлиж ұлдарына да жетті. Сүрақа бин Малик жақсы із кесетін. Сондықтан бұл мәселеге мән беріп қарады.

Мүдлиж ұлдары бір сейсенбіде Сүрақа бин Малик тұратын аймақтағы Қудәйдке жиналады. Жиналысқа Сүрақа бин Малик те қатысады. Сол кезде құрайыш адамдарының бірі келіп, Сүрақаға «Ей, Сүрақа! Мен жаңа жағалауға қарай кетіп бара жатқан үш адамды көрдім. Олар Мұхаммед пен оның адамдары болу керек» деді. Сүрақа жағдайды түсінді. Бірақ сый үшін көп мал-мүлік берілетіндіктен оларды жалғыз өзі ғана алғысы келді. Сол себепті, басқа адамның естуін қаламады. «Жоқ, ол сенің көрген адамдарың пәленшелер. Біраз бұрын өткен болатын. Оларды біз де көрдік» деп, ештеңе болмағандай отыра берді.

Сүрақа бин Малик тағы біраз отырып, көзге түспестен үйіне барды. Қызметшісіне атын, қаруын алып, жазықта өзін күтуді тапсырды. Өзі найзасын алып, жарқырап көзге түспеуі үшін ұшын төмен қаратып, атымен шауып ақыры олардың ізін табады. Жақындаған кезде бір-бірін айқын көрді. Тіпті, Сүрақа пайғамбарымыздың оқыған Құран Кәрімін де естіді. Бірақ, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) артына қарамайтын. Хазіреті Әбу Бәкір артына қараған кезде Сүрақаны көріп, әбігерге түсті. Пайғамбарымыз оған үңгірдегі сияқты «Уайымдама, Аллаһу та’ала бізбен бірге» деді.

Бұхаридің риуаяты бойынша осы кезде Әбу Бәкір бір атты адамның өздеріне жетіп қалғанын пайғамбарымызға айтқанда пайғамбарымыз «Йа, Раббым! Оны құлат» деп дұға етеді. Басқа бір риуаят бойынша Сүрақа қастарына келгенде хазіреті Әбу Бәкір жылай бастайды. Пайғамбарымыз себебін сұрағанда «Өзім үшін жыламаймын. Сізге зиян келе ме деп жылаймын» дейді.

Сүрақа пайғамбарымызға жақындады. «Йа, Мұхаммед! Сені бүгін менен кім қорғайды?» деді. Пайғамбарымыз «Мені Жәббар және Қаһһар болған Аллаһу та’ала қорғайды» деді. Сол кезде Сүрақаның атының алдыңғы екі аяғы тізесіне дейін жерге батып кетеді. Одан шығарып, тағы да ұмтылған кезде тағы да солай қайталанады. Қаншама тырысқанымен атын шығара алмады. Ол еш нәрсе істей алмастан, ақырында мейірімді Пайғамбарымызға жалына бастайды. Кемелденген, көркем мінезді пайғамбарымыз оның бұл тілегін қабылдайды. Сүрақа «Йа, Мұхаммед! Қорғалатыныңды түсіндім. Дұға етіп, мені құтқар. Бұдан кейін саған зиян келтірмеймін. Сенің соңыңа түскендерге де сен туралы айтпаймын» деді. Пайғамбарымыз «Йа, Раббым! Егер ол сөзінде тұратын болса атын құтқар» деп дұға еткенде Аллаһу та’ала бұл дұғаны қабыл етті.

Сүрақа бин Маликтің аты тек осы дұғадан кейін ғана құмнан шығарылды. Аттың аяғы кірген жерден аспанға қарай түтін сияқты бір нәрсе көтеріліп жатты. Сүрақа таң қалып, осы оқиғалардан кейін Мұхаммед алейһиссаламның әрдайым қандай да бір көрінбейтін құдірет арқылы қорғалатынын түсінді. Ол көп нәрсеге куә болды. «Йа, Мұхаммед! Мен Сүрақа бин Маликпін. Маған ешқандай күмәнің болмасын. Сізге сөз беремін. Бұдан кейін сіздерге ұнамайтын еш нәрсе істемеймін. Қауымыңыз сізді және жолдастарыңызды ұстаған адамға көп сый береміз деп жатыр» деп, құрайыштықтардың пиғылдарын біртіндеп айтып берді. Тіпті, ол жол азығы мен түйе бергісі келеді, бірақ Пайғамбарымыз қабылдамай, «Ей, Сүрақа! Сен Ислам дінін қабылдамайынша мен сенің түйеңді де, сиырыңды да қабылдамаймын. Сен бізді көргеніңді айтпа, сол жетеді» дейді. Ибн Са’дтың нақыл етуі бойынша: «Сүрақа Пайғамбарымыздан не қалайтынын сұрағанда «Еліңе бар, бізге ешкімнің жетуіне жол берме» деген».

Аллаһу та’аланың қалаған барлық нәрсесі болады. Оған шын жүрекпен сеніп, Оның разылығы жолында жүргенде ғажайып оқиғалар жүзеге асатын. Пайғамбарымызды өлтіріп, көп табысқа қол жеткізгісі келген Сүрақа енді тәртіпті, тілалғыш баланың кейіпіне енген еді. Барлық нәрсеге құдіреті жететін Аллаһу та’ала пайғамбарымызға зиян келтірмеуі үшін Сүрақаның жүрегін жұмсартты. Әрине, Аллаһу та’ала сүйікті құлын жалғыз қалдырмас еді. Өйткені, Ол адамдарға қайырымдылық жасау үшін, олардың дүние мен ақыретте мәңгілік бақытқа қауышуы үшін жіберген сүйікті пайғамбары еді.

Сүрақа осыдан кейін келген ізімен кері қайтты. Басынан өткен жағдайларды ешкімге айтпады.