22 - Рабиул-әууәл, 1443 жыл.
     28 - Қазан, 2021 жыл.   


  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хазіреті Айшаға үйленуі...

Хазіреті Айшаға үйленуі...

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен хазіреті Әбу Бәкір көшкен кездерінде балаларын Меккеге қалдырып кеткен болатын. Хазіреті Хадиша анамыз қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң хазіреті Айшамен Меккеде атастырылды. Имам Бұхаридің риуаят еткен хадис шәрифінде хазіреті Айша былай деген: «Пайғамбарымыз маған «Ей, Айша! Сен маған түсімде екі рет көрсетілдің. Мен жасыл жібек матадағы сенің суретіңді көрдім. Маған «Бұл сенің болашақ жарың» делінді» деді». Осыдан кейін пайғамбарымыз бен хазіреті Айша атастырылды. Бірақ, той ол кезде жасалған жоқ. Мұны хазіреті Айша былай түсіндіреді:

 

«Пайғамбарымыз Мәдинаға көшкен кезде бізді және қыздарын Меккеге қалдырып кеткен еді. Мәдинаға барғаннан кейін азат құлы Зәйд бин Хариса мен Әбу Рафиді екі түйе мен керек заттарды сатып алу үшін 500 дирхам ақшамен бізге жіберді. Әкем Абдуллаһ бин Урәйқитты екі-үш түйемен солардың қасына қосып, анамды, мені және сіңлім Әсманы түйелерге мінгізіп әкетуін бауырым Абдуллаһқа хат жазып бұйырды. Мен, анам Үммү Руман және расулуллаһтың қызы хазіреті Зейнеп бәріміз жолға шықтық. Қубәйд деген жерге барған кезімізде Зәйд 500 дирхамға тағы үш түйе сатып алды. Бізге Талха бин Убәйдуллаһ та қосылды. Минадан Бәйд деген жерге жеткен кезімізде менің түйем қаша жөнелді. Мен күйменің ішінде болатынмын. Анам айқайлап абдырап қалды. Аллаһу та’ала түйемізді тоқтатып, бізді құтқарды. Ақыры Мәдинаға жеттік. Мен әкемнің отбасымен бірге түстім».

 

Пайғамбарымыздың жанұясы бөлмелерінің алдынан түсті. Хазіреті Айша әкесі Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) үйінде біраз уақыт тұрды. Хазіреті Әбу Бәкір бір күні Пайғамбарымызға «Йа, расулаллаһ! Үйленбеуіңіздің себебі неде?» деп сұрады. Расулуллаһ алейһиссалам «Мәхр» деді. Хазіреті Әбу Бәкір расулуллаһқа мәхрлік ақша жіберді.

 

Осылайша, хазіреті Айша екеуінің тойы болды. Ол кезде пайғамбарымыз елу бес жаста болатын. Хазіреті Айша анамыз өте ақылды, қабілетті болатын, болған жәйттерді сол мезетте өлең қылып айтып беретін. Үйреніп, жаттаған нәрсесін еш уақытта ұмытпайтын. Өте зерек, алғыр, білімді, әдепті, таза, салиха қыз болатын. Есте сақтау қабілеті өте мықты болғандықтан сахабалар көп нәрсені содан сұрап білетін. Аятпен мадақталған.

 

Азан-ы Мұхаммеди (Мұхаммед алейһиссаламның азаны)

 

Мәсжид-ун-Нәби салынып біткеннен кейін намаз уақыттарында уақыттың кіргенін білдіретін және мұсылмандарды мешітке шақыратын әдіс жоқ еді. Тек «Әссалату жами’а» деп айтылатын.

 

Пайғамбарымыз бір күні сахабаларымен кеңесіп, намаз уақыттарында мүміндерді мешітке қалай шақыруға болатыны туралы ақылдасады. Бірі намаз уақыттарын білдіру үшін «христиандар сияқты қоңырау қағайық» десе, екіншісі «яһудилер сияқты керней тартайық» деді. Енді бірі «намаз уақытында от жағып жоғары көтерейік» деген пікірлерін айтты. Пайғамбарымыз олардың ешқайсысын қабылдамады.

 

Абдуллаһ бин Зәйд бин Саләбә (радиаллаһу анһ)  пен хазіреті Омар түстерінде азан оқуды көреді. Хазіреті Абдуллаһ пайғамбарымызға түсін былай деп айтып берді:

 

«Жасыл шәлі мен алжапқыш тағынған, қолына қоңырау алған бір адамды көрдім. Оған «Қолыңдағы қоңырауды сатасың ба?» деп сұрадым. Ол маған «Не қыласың?» деді. «Намаз уақыттарын білдіру үшін қоңырау шаламын» деген кезімде ол адам «мен саған одан қайырлысын айтайын» деп, қыблаға қарап жоғары дауыспен «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар» дей бастады. Бітіргеннен кейін «Намаз оқитын кезіңде» деп, азанды қайталап көрсетті де, аяқ жағында «Қад қаматис-салату» дегенді қосып айтты».

 

Бұған пайғамбарымыз «Түс – ақиқат. Сол сөздерді Біләлге үйрет, оқысын» деді. Бұл «азан» деп аталды.

 

Хазіреті Біләл мешіттің қасындағы биік тамға шығып, алғаш рет азан оқыды.

 

Хазіреті Омар азан даусын естіп, жүгіріп пайғамбарымызға келді. Хазіреті Біләлдің айтқан сөздерін түсінде көргенін айтты. Сол түні бірнеше сахаба да осындай түс көрген еді. Міне, осы кезде «Жұма» сүресінің 9-аяты түсіп, уаһимен де білдірілді.

 

Біләл Хабәши бір күні бамдат намазының уақытында пайғамбарымыздың есігінің алдында «Әс-салату хайрун минәннәум» деп екі рет айтты. Пайғамбарымызға бұл ұнады. «Біләл, бұл қандай керемет сөз! Таң намазының азанын оқығанда мұны да қосып айт» деді. Осылайша, бамдат намазының азанында осы сөз қосылып оқылатын болды.

 

Пайғамбарымыз қайтыс болғанға дейін азаншы болған Біләл Хабәшидің (радиаллаһу анһ) дауысы әсем және әсерлі болды. Ол азан оқи бастаған кезде барша адам әсерленіп, керемет күйге бөленетін. Ол азан оқыған кезде адамдардың көзінен жас парлайтын.

Сахабалардың (радиаллаһу анһум) бір-бірін намаз уақыттарында мешітке азан арқылы шақыруы мәдиналық мүшріктер мен яһудилерді ызаландырды. Азан оқылған кезде оларды мазақтап, күлкіге айналдыратын. Олардың бұл қылықтарына қарсы Аллаһу та’ала Құран Кәрімде «Олар намазға азанмен шақырған кездеріңде оны ойынға айналдырып, мазақ етеді. Бұл олардың ақылы кем қауым болуынан» деп бұйырды. («Маида» сүресі, 58)