12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Сахабаларым көктегі жұлдыздардай

Сахабаларым көктегі жұлдыздардай

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларды жетілдіру, кемелдендіру үшін Мәсжид-ун-Нәбиде керемет сұхбаттар өткізіп, Аллаһу та’аланың өзіне берген файз-берекелерді оларға жеткізді. Пайғамбарымыздың сұхбатына қатысу құрметіне ие болғандар алғашқы сұхбаттың өзінде-ақ жүректерінде үлкен өзгеріс сезініп, биік илаһи марифаттарға (ілімдерге) қол жеткізетін. Осы сұхбаттар арқылы сахабалар пайғамбарымыздан бастап барлық сахаба жолдастарын жақсы көретін халге жететін. Аллаһу та’ала оларды аяттармен мадақтаған. Олар расулуллаһтың алдында асқан әдіптілікпен, басына құс қонып ұшып кетпесін деген адамша қимылсыз, бар ынталарын салып, мұқият тыңдап отыратын. Осылайша, сахабалар (радиаллаһу анһум) пайғамбарлардан және ұлы періштелерден кейінгі ең үстем жаратылыс деңгейіне жетті.

 

Аллаһу та’ала Құран Кәрімде: «Сендер үмметтердің ең жақсысы, ең қайырлысы болдыңдар. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиясыңдар...» дейді.(«Әл Имран» сүресі, 110)

 

«Алғаш мұсылман болғандардан, мұхажирлер мен ансарлардың бұрын келгендерінен және солардың жолымен жүргендерден Аллаһу та’ала разы және олар да Аллаһу та’аладан разы. Аллаһу та’ала оларға жұмақтар дайындады. Бұл жұмақтардың астынан өзендер ағады. Олар жұмақта мәңгілік қалады». («Тәубе» сүресі, 100)

 

«Мұхаммед (алейһиссаллам) - Аллаһу та’аланың пайғамбары және Онымен бірге болғандардың (сахабалардың) барлығы кәпірлерге қарсы күресте өте аяусыз. Бірақ, өз араларында өте мейірімді әрі жұмсақ жандар. Оларды әрдайым руку мен сәждеде көресіңдер. Олар Аллаһу та’аладан барлық адамға дүние мен ақыретте тек жақсылық сұрайды. Олар Ридуанды, яғни Аллаһу та’аланың оларды ұнатқанын да қалайды. Көп сәжде жасағандары жүздерінен білініп тұрады. Олардың үстемдіктері, абыройлары Тәурат пен Інжілде  де осылай хабар берілген. Інжілде айтылғанындай олар егінге ұқсайды, жіңішке көшеттің жерден өсіп шығып, жуандап, бойы өскені сияқты олар да әлсіз және азшылық болуларына қарамай, қысқа уақытта жан-жаққа тарасты. Шар тарапты иман нұрына бөледі. Елдер жас көшеттің халін көріп, қалайша бұл аз уақытта осыншама өсіп-өнді деп таңырқағаны сияқты, олардың да атақтары әлемге таралып, көргендер таңырқады, ал кәпірлер ызаға булықты». («Фәтх» сүресі, 29)

 

Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде сахабалардың (алейһимурридуан) ұлылығын көрсету үшін «Сахабаларымның ешқайсысына тіл тигізбеңдер! Олардың атына жараспайтын сөздер айтпаңдар! Аллаһу та’алаға ант етемін, сендерден кез келген  біреуің Ухуд тауындай алтынды садақа етіп берсе де сахабаларымның берген бір уыс арпасындай сауап ала алмайды» және «Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына бағынсаңдар құтыласыңдар» деген.

 

Асхаб-ы суффә: Пайғамбарымыз Мәсжид-ун-Нәбидің солтүстік қабырғасына құрма бұтақтарымен көлеңкелік аспа жасатты. «Бұл жерде Меккеден көшіп келген, мал-мүлкі жоқ бойдақ сахабалар тұрады» деп бұйырды. Саны он мен төрт жүз арасында өзгерген бұл сахабалар пайғамбарымыздың қасынан шықпайтын, сұхбаттарының барлығына қатысатын. Күндіз-түні Құран Кәрім оқып, ғылым үйреніп, хадис шәрифтер жаттайтын. Күндерінің көбін ораза тұтумен өткізіп, әрдайым ғибадат жасайтын.

 

Осы жерде жетілгендер жаңадан мұсылмандықты қабылдаған тайпаларға жіберілетін, олар барып, Құран Кәрім мен Исламды үйрететін. Өте парасатты, көптеген құндылықтарға ие болған бұл мүбәрәк сахабалар ғылымның дариясы еді. Пайғамбарымыз оларды өте жақсы көретін, оларға сұхбат өтетін, бірге тамақтанатын. Бұл жерде тұратындар Асхаб-ы суффә деп аталды.

 

Пайғамбарымыз бүр күні Асхаб-ы суффәға қарап, олардың өте кедей екенін ойлады. Олар бұған қарамастан шын ықыластарымен ғибадатпен айналысатын. Пайғамбарымыз мейірімділік танытып, оларға «Ей, Суффә сахабалары! Сендерге сүйінші! Егер үмметімнен сендер сияқты осындай ауыр шарттарға разы болған адам қалған болса, біліңдер, ол әрине менің жолдастарымның бірі болады» деді.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ең алдымен осы сахабалардың қажеттілігін қамтамасыз етіп, сосын барып отбасының қажеттілігіне қарайтын. Әбу Хурайра  (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Өзінен басқа илаһ болмаған Аллаһу та’алаға ант етемін, мен кейде аштықтан ішімді жерге басып, кейде ішіме тас байлап жүретінмін. Осындай халдердің бірінде пайғамбарымыз мешітке баратын жолдың бойында отырған болатынмын. Сол кезде пайғамбарымыз қасыма келіп, күлімсіреп «Йа, Әбу Хурайра! Менімен бірге жүр» деді. Оған еріп жүрдім. Оның үйіне бардық, үйінде бір шыны сүт бар екен. «Әһли суффәға барып, оларды шақырып кел» деді. Жолда бара жатып, «Бүкіл суффәға бір шыны сүт қалай жетеді?! Маған бір жұтымы тиер ме екен?!» деп ойладым. Оларды шақырып, бәріміз пайғамбарымыздың үйіне бардық. Рұқсат сұрап, үйіне кіріп отырғаннан кейін Ол «Әбу Хурайра! Сүтті оларға бер» деді. Мен шыныдағы сүтті алып кезекпен жолдастарыма бердім. Олар тойғанша ішіп маған қайтарды. Әр қайсысы ішіп болғаннан соң қарағанда сүт сол күйінде тұра берді. Барлығы ішіп болды. Сосын расулуллаһ шыныны алып, маған қарап күлімсіреп, «Йа, Әбу Хурайра! Сүт ішпеген екеуміз ғана қалдық. Сен отырып іш!» деді. Отырып іштім. Ол «Тағы іш» деді. Іштім. Пайғамбарымыз бірнеше рет ішуді бұйырып, ақырында мен «Йа Расулаллаһ! Тойдым, ішпеймін, Аллаһу та’алаға ант етейін, жақсылап тойдым» дедім. «Олай болса, маған бер» деп, Аллаһу та’аланың есімін айтып, сүтті ішті».

 

Мешітте пайғамбарымыздың барлық сұхбатына қатысып, білім алған осы сахабаларды мәдиналық сахабалар жақсы көріп, сыйлайтын. Бір күні кешке аштықтан әлсіреген Суффәның бір сахабасы пайғамбарымызға барып, жағдайын айтады. Пайғамбарымыз үйіндегілерден «жейтін бірдеңе бар ма?» деп сұрайды. «Дәл қазір судан басқа ештеңе жоқ» деген жауап алғаннан кейін сол жердегі сахабаларына «Кім мына аш адамды қонақ етеді?» деді. Сахабалардың ішінен мәдиналық бірі «Мен күтейін» дейді. Қонағын ертіп, үйіне барып, әйеліне «Пайғамбарымыздың қонағына беретін бірдеңе дайында» дейді. Әйелі «Дәл қазір балалар жейтін тамақтан басқа ештеңе жоқ» дейді. «Алдымен балаларды ұйықтатып, кейін сол тамақты әкел» деген сахаба тек бір адамға ғана жететін тамақты алып қонақтың бөлмесіне кіреді. Дастархан жайып, тағамды ұсынады. Тамақты жей бастаған кезде  орнынан тұрып, шырақты түзеткендей болды да өшіріп қоя салды. Кейін келіп дастарханға отырып, тамақ жеп отырған секілді әрекеттер жасап, жемей қонақтың тоюын күтті. Қонақ тойғаннан кейін дастарханды жинап алды. Сол түні балаларымен таңды аш қарсы алады. Таңертең пайғамбарымызға барған кезде расулуллаһ алейһиссалам «Аллаһу та’ала бүгін түндегі әрекетіңе разы болды» деді. Осыған орай Аллаһу та’ала «Хашр» сүресінің 9-аятын түсірді: «Олар (ансар) өздері кедей, мұқтаж болса да (мұхажирлерді) өз жандарынан артық көреді».