Салман Фарисидің мұсылман болуыКүн өткен сайын Исламның нұры таралып, пайғамбарымыздың қасиетті есімі естілген жерде жүректерге орныға бастады. Оның келуін сарғая күткен ғылым жолындағы адамдар ізденіспен, толқыныспен Мәдинаға барып, иман келтіріп жатты. Солардың бірі Салман Фариси еді. Ол мұсылмандықты қалай қабылдағаны туралы былай баяндайды:
«Мен Фаристің (Иран) Исфахан қаласының Жей ауылынан шықтым. Әкем ауылдағы ең бай адам болатын, жеріміз бен малымыз көп еді. Үйдің жалғыз баласы едім. Сондықтан да мені қыздай етіп өсірді. Үйден шығармады. Өздері мәжуси (отқа табынатын) болғандықтан маған мәжусилікті үйретті. Үйде әрдайым бір от жанып тұратын, біз оған табынып, сәжде ететінбіз. Әкем бір күні мені сыртқа шығарып «Балам, мен өлгеннен кейін мына малдардың иесі сен боласың, сондықтан барып малдарың мен жерлеріңмен таныс» деді. Мен «Жарайды» дедім. Бір күні егістікті көруге бара жатқанымда жолда бір шіркеуге көзім түсті. Христиандардың дауысын естіп, оларға жақын барғанда олардың іште ғибадат етіп жатқандарын көрдім. Мен бұрын мұндай нәрсе көрмегендіктен таңданып қарап тұрдым. Өйткені, біздің ғибадатымыз от жағып, соған табынудан ғана тұратын. Ал, олар болса көрінбейтін бір Аллаһқа ғибадат жасауда еді. Өз-өзіме «Бұлардың діні дұрыс, біздікі қате» дедім. Кешке дейін соларды тамашаладым. Егістікке бармай-ақ қараңғы түсе бастады. Олардан «Бұл діннің негізі қайда?» деп сұрадым. Олар «Шамда» (Дамаск) деді. «Мен Шамға барсам мені қабылдай ма?» деп сұрадым. «Иә, қабылдайды» деп жауап берді. «Іштеріңде жақын арада Шамға баратын адам бар ма?» деп сұрағанда біраз уақыттан соң бір керуеннің баратынын айтты. Мен сөйлескен адамдар аз болатын, олар Шамнан Исфаханға келген еді.
Мен олармен сөйлесіп, үйге кеш қайттым. Менің келмегенімді көрген әкем мені іздеп, адам жіберіпті. Олар іздеп таба алмапты. Олар уайымдап отырғанда мен үйге келдім. Әкем «Осы уақытқа дейін қайда болдың? Сені іздемеген жеріміз қалмады» деді. Мен «Әке! Мен бүгін егістікке баруға шыққанмын. Жолда бір христиан шіркеуін көріп, ішіне кірдім. Олар өздері көрмеген, барлық нәрсеге күші жететін Аллаһқа сенеді екен. Олардың ғибадаттарына таң қалдым. Кешке дейін соларға қарап тамашалап тұрдым. Олардың дінінің ақиқат екенін түсіндім» дедім. Мұны естіген әкем «Балам, сен қателесіп тұрсың. Ата-бабаларыңның діні олардың дінінен дұрыс. Олардың діні қате, алданба, оларға сенбе» деді. Мен «Жоқ, олардың діні біздікінен дұрыс, қайырлы» дедім. Әкем қатты ашуланып, менің аяқ-қолымды байлап, үйге қамап қойды. Осылай жатып, Шамға баратын керуеннен хабар күттім. Ақырында христиан дінбасыларының керуен әзірлеп жатқанын естідім. Жіптерімді шешіп қашып, шіркеуге бардым. Бұл жерде тұра алмайтынымды айтып, керуенге қосылып, Шамға қарай жолға шықтым. Шамдағы христиан дінінің ең үлкен ғалымы туралы сұрадым. Маған бір адамды айтты, соған барып жағдайымды түсіндірдім. Соның қасында қалғым келетінін, соған қызмет ететінімді айтып, христиандықты үйретуін, Аллаһу та’ала туралы түсіндіруін қаладым. Ол қабылдады. Енді соның қасында болып, шіркеуде қызмет ете бастадым. Ол маған христиандықты үйретті. Бірақ, кейін оның нашар адам екенін аңғардым. Өйткені, христиандардың кедейлерге беру үшін жинайтын садақаларын, алтын, күмістерін ол мұқтаж жандарға бермейтін. Жеті құмыра алтын мен күміс жинаған еді. Оны менен басқа ешкім білмейтін. Біраз уақыттан кейін ол қайтыс болды. Христиандар оны жерлеуге жиналды. Оларға «Оған осынша құрмет көрсетесіңдер, ол мұндай құрметке лайық адам емес» дедім. «Мұны қайдан шығардың?» деп, олар маған сенбеді. Мен оларға жинаған алтындары тұрған жерді көрсеттім. Олар «Бұл жерлеуге тұратын адам емес» деп, оны бір жерге апарып тастап үстін таспен жапты. Орнына басқа бір адам отырды. Бұл адам нағыз білімді, тақуа адам болатын, дүниелік істерге еш мән бермейтін. Ақыретке берілген, тек ақыреті үшін қызмет етіп, күндіз-түні ғибадат жасайтын. Ол маған қатты ұнап қалды, ұзақ уақыт соның жанында болдым. Оған қызметті қуана-қуана жасайтынмын. Бірге құлшылық жасайтынбыз. Бір күні оған «Ей, мырзам! Ұзақ уақыттан бері сіздің қасыңыздамын. Сізді қатты жақсы көремін. Өйткені, Аллаһу та’аланың бұйрықтарына бағынып, тыйымдарынан сақтанасыз. Қайтыс болған кезіңізде не өсиет айтасыз, мен не істейін?» деп сұрадым. Ол «Балам, Шамда адамдарды тәрбиелейтін ешкім қалмады. Кімге барсаң да сені бұзады. Бірақ, Мусулда бір адам бар, соны тауып ал» деді. Ол қайтыс болғаннан кейін Мусулға бардым, айтқан адамын сұрастырып тауып, басымнан өткендерді әңгімелеп бердім. Мені шәкірттікке қабылдады. Ол да ғибадатқа берілген, тақуа адам болатын. Оған да ұзақ уақыт қызмет еттім. Бір күні ол ауырып қалды. Көз жұмарында оған да сондай сұрақтарды қойдым. Ол маған Нусайбиндегі бір тақуа кісі туралы айтты. Дереу Нусайбинге барып, айтқан адамын тауып, қасында болуды қалайтынымды айттым. Ол мені қабылдап, біраз уақыт оған да қызмет жасадым. Ол науқастанған кезде мені басқа біреуге жіберуін сұрадым. Бұл жолы Амуриә деген грек қаласында тұратын бір адамды айтты. Айтқан адамын тауып, ұзақ жылдар оған да қызмет еттім. Оның да дүниеден өтер уақыты таяды. Мені біреуге тапсыруын сұрағанымда «Бұл дәуірде христиандар арасында сен іздегендей ғалым кісі қалды ма, білмеймін. Бірақ, ақырзаман пайғамбары келетін уақыт жақындады. Ол арабтардың арасынан шығады. Отанынан көшіп шығып, жері тастақ құрмасы көп бір қалаға барып орналасады. Сыйлықты қабылдайды, бірақ садақаны қабылдамайды. Екі иығының ортасында пайғамбарлық мөр бар» деп оның белгілерін айтты. Бұл адам қайтыс болғаннан кейін оның айтуы бойынша араб жеріне баруды ұйғардым.
Амуриәда жұмыс істеп, бірнеше өгіз бен бірнеше қой жинаған едім. Бәни Кәлб тайпасынан бір керуен араб жеріне барады екен. Соларға «Мына сиырлар мен қойларды берейін, мені араб жеріне дейін ертіп кетіңдер» дедім, олар ұсынысымды қабылдап, мені қастарына ертті. Уәди-ул-Қура деген жерге барған кезде маған қиянат жасап, мені құл деп бір яһудиге сатып жіберді. Яһудилердің тұратын жеріне барып, ол жерде көп құрма ағаштары өсетінін көрдім. Ақыр заман пайғамбарының хижрет ететін жері осы жер болуы керек деп ойладым. Бірақ, ол жерге бқайтсем де үйрене алмадым. Осы яһудиге біраз уақыт қызмет еттім, ол мені көкесінің баласына сатты. Жаңа қожайыным мені Мәдинаға алып барды. Мәдинаға барған кезде құтты бұл жерді бұрын да көргендей сезініп, ол жерге сіңісіп кеттім. Енді Мәдинада тұрып, мені сатып алған яһудидің бақшасында жұмыс істей бастадым. Бір жағынан негізгі мақсатыма жетуге асықтым.
Бір күні бір құрма ағашына мініп, жұмыс істеп жатқанмын. Ал төменде қожайыным бір кісілермен сөйлесіп тұрған еді. Бір уақыт әлгі адамның «Әус пен Хазрәж тайпалары құрысын. Меккеден бір адам Қубаға келіп, өзін пайғамбармын деп жүр. Бұл тайпалар Оған сеніп, соның дініне кіруде...» деген сөздерін есітіп қалдым. Мен бұл сөздерді естіген кезде есімнен тана жаздадым. Дереу жерге түсіп, «Не дейсің?» деп сұрадым. Қожайыным маған «Саған не? Не істемексің? Сен жұмысыңды істе» деп мені жұдырықпен қойып жіберді. Сол күні кешке біраз құрма алып, Қубаға бардым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қасына барып, «Сіз жақсы адамсыз, қасыңызда кедейлер де бар болар. Мына құрмаларды сізге садақа ретінде әкелдім» дедім. Расулуллаһ қасындағы сахабаларға «Келіңдер, құрма жеңдер» деді. Олар жеді. Бірақ, өзі жеген жоқ. Мен «Міне, белгінің бірі осы. Садақаны қабыл алмады» деп ойлап, пайғамбарымыз Мәдинаға келгеннен кейін тағы да біраз құрма алып барып, «Бұл сыйлық» деп бердім. Бұл жолы ол қасындағы сахабалармен бірге құрманы жеді. «Бұл екінші белгі» деп ойладым. Мен жиырма бес шақты құрма апарған болатынмын. Бірақ, желінген құрманың сүйектері мыңға жуық болды. Пайғамбарымыздың мұғжизасымен құрма көбейген еді. Өз-өзіме «Тағы бір пайғамбарлық белгісін көрдім» дедім. Пайғамбарымызды көрейін деп тағы бір барғанымда, мәйітті жерлеп жатқанның үстінен шықтым. Арқасы ашылып кетсе, көрейін-ші, мөр бар ма екен деп қасына жақындағанымда ол менің ниетімді түсінгендей көйлегін көтерді. Екі күректері арасындағы пайғамбарлық мөрді көріп, дереу оны сүйіп жыладым. Сол жерде шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болдым. Сосын пайғамбарымызға басымнан өткен оқиғаларды айтып бердім. Ол таңданып, мұны сахабаларға да айтып беруімді сұрады. Сахабалар жиналып, мен оларға басымнан өткен жағдайларды егжей-тегжейлі айтып бердім».
Салман Фариси (радиаллһу анһ) иман келтірген кезде араб тілін білмейтіндіктен аудармашы сұрайды. Келген яһуди аудармашы оның пайғамбарымызды мадақтап айтқан сөздерін керісінше аударады. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, хазіреті Салманның сөздерін пайғамбарымызға дұрыс қалпында жеткізді. Әлгі аудармашы яһуди мұны көріп, шаһадат кәлимасын айтып, мұсылмандықты қабылдады.
Салман Фариси (радиаллаһу анһ) мұсылман болғаннан кейін біраз уақытқа дейін құлдық қызметін атқарып жүрді. Пайғамбарымыз «Өзіңді құлдықтан құтқар, йа Салман» деген сөзіне орай қожайынына барып, азат етуін сұрады. Мұны әрең қабылдаған яһуди үш жүз құрма көшетін отырғызып, соларды жеміс беретін жағдайға жеткізу және қырық руқйа (сол дәуірдің өлшем бірлігі) алтын беру шартын қояды.
Салман Фариси (радиаллаһу анһ) бұл туралы пайғамбарымызға айтады. Ол сахабаларына «Бауырларыңа көмектесіңдер» деді. Ол үшін үш жүз құрма көшетін жинады. Пайғамбарымыз «Осылардың шұңқырын қазып, дайын болғанда маған айт» деді. Шұңқырлар дайын болған кезде пайғамбарымыз көшеттерді өз қолымен екті. Біреуін хазіреті Омар екті. Хазіреті Омар отырғызған көшеттен басқа көшеттердің барлығы Аллаһтың құдіретімен сол жылы жеміс салды. Пайғамбарымыз ол көшетті жұлып алып, қайтадан отырғызғанда ол көшет те жеміс берді.
Хазіреті Салман Фариси айтады: «Бір күні бір танымайтын адам мені іздеп тауып келіп, қолыма жұмыртқаның үлкендігіндей бір бас алтынды ұстатып кетті. Алтынды алып, Пайғамбарымызға барып, болған жәйтті айтып бердім.
Расулуллаһ алтынды қайтып маған беріп, «Осы алтынды алып, қарызыңды төле» деді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Бұл алтын яһудидің сұраған алтынының салмағына жетпейді» дегенде пайғамбарымыз алтынды алып, тіліне тигізді. «Ал мынаны. Аллаһу та’ала осымен сенің қарызыңды жояды» деді. Алтынды өлшеп көрсем, яһудидің сұрағанындай салмақта екен. Оны яһудиге апарып бердім. Осылайша, құлдықтан құтылдым». Салман Фариси (радиаллаһу анһ) осыдан соң Асхаб-ы суффә қатарына қосылды. |