12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Періштелер тыңдау үшін келетін...

Періштелер тыңдау үшін келетін...

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Құран Кәрімді жаттан өте әсем, әсерлі етіп оқитыны соншалық, оны тыңдаған кәпірлер де таң қалатын. Оны тыңдайтын мұсылмандардың саны өте көп еді. Хазіреті Бәра бин Азиб айтады: «Бір құптан намазынан кейін пайғамбарымыз «Тин» сүресін оқып отырғанын тыңдадым, оның өте әсем оқығаны соншалық, өмірімде дауысы мен оқу мәнері Одан артық адамды көрген емеспін».

 

Сахабалардың ішінде дауысы керемет, Құран оқығанда өзі де жылап, басқаны да жылататын адамдар көп еді. Солардың бірі Усәйд бин Худайр (радиаллаһу анһ) болатын. Бір күні түнде атын қасына байлап қойып, «Бақара» сүресін оқи бастайды. Оқып отырғанда аты бірден үркиді. Хазіреті Усәйд оқудан тоқтайды, ат тынышталады. Қайтадан оқи бастағанда ат тағы да үркиді. Тоқтатса тағы да тынышталады. Қайтадан оқи бастағанда, ат тағы да үркеді. Усәйд бин Худайрдың (радиаллаһу анһ) баласы атқа жақын жерде жатқандықтан  ат басып кетуінен қорқып, оқуды тоқтатады. Аспанға қарағанда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын түтін ішінен шырақ сияқты жарқыраған нәрселерді көрді. Оқуды тоқтатқан кезде сол жарқыраған нәрселердің аспанға қарай биіктеп көтерілгенін көрді. Таң атқаннан кейін Пайғамбарымызға барып, болған жәйтті айтып береді. Пайғамбарымыз «Олардың не екенін білесің бе?» деп сұрағанда хазіреті Усәйд «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ білмеймін» дейді. Пайғамбарымыз: «Олар періштелер болатын. Сенің дауысыңа жақындаған еді. Егер оқуды жалғастыра бергеніңде таңға дейін олар сені тыңдап, адамдар да оларды көріп тамашалайтын еді. Олар халықтан жасырынбас еді» деді.

 

Құран Кәрімді беріліп оқитындардың бірі хазіреті Әбу Бәкір болатын. Намазда оқи бастағанда өзін ұстай алмайтын, көздерінен жас құйылатын. Көргендер оның бұл халіне қайран қалатын. Бір күні мүшріктер жиналып, «Бұл адам пайғамбардың әкелгендерін бар жанымен оқып, көз жасына ерік береді. Балаларымыз бен әйелдеріміз оның осы жағдайына әсерленіп, мұсылман болады деп қорқамыз» дейді.

 

Пайғамбарымыздың дидарын көріп, Оған шын ықыласпен берілгендердің, сөздерін және оқыған Құранын естіп, таңданып, мұсылман болғандардың бірі Абдуллаһ бин Сәлам болатын.

 

Тәурат пен Інжілді жақсы білетін Абдуллаһ бин Сәлам (радиаллаһу анһ) иман келтіруден бұрын яһуди ғалымы болатын. Өзі мұсылмандықты қалай қабылдағаны туралы былай әңгімелеген: «Мен Тәурат пен оның түсіндірмелерін әкемнен оқып үйрендім. Бір күні әкем ақырзаманда келетін пайғамбардың сипаттарын, белгілерін, жасайтын істерін маған айтып берді. «Егер Ол Харун әулетінен шығатын болса ғана Оған бағынамын, әйтпесе бағынбаймын» деп, пайғамбарымыз Мәдинаға келместен бұрын қайтыс болды.

 

Пайғамбарымыздың Меккеде пайғамбарлығын жариялағанын естіген кезімде Оның сипаттарын, есімін және келетін уақытын білетінмін. Сол себептен Оны күтіп жүрдім. Пайғамбарымыз Мәдина маңындағы Қуба деген жердегі Амр бин Ауф ұлдарының үйіне қонақ болып түскенін біреуден естігенге дейін мұны яһудилерден жасырып жүрдім.

 

Бір күні бақшамда құрма жинап жүргенімде Надир ұлдарының бірі «Бүгін арабтардың адамы келді» деп айқайлады. Мен қалшылдап дірілдей бастадым. Қуанғанымнан аузымнан «Аллаһу әкбар» деген тәкбір кәлимасы шығып кетті. Сол кезде әпкем Халида бинти Харис ағаштың түбінде отырған болатын. Ол өте қарт кісі болатын. Тәкбірді естіп «Аллаһ мақсатыңа жеткізбесін. Сен Мұса бин Имранның келетінін естісең осылай қуанбас едің» деп мені ұрысқандай болды. Оған «Әпке! Ол Мұса бин Имранның бауыры. Сол сияқты пайғамбар. Соның жолында және Сол сияқты тәухид сенімімен жіберілген» дедім. Ол маған «Ей, бауырымның баласы. Әлде бізге қияметке жақын келетіні білдірілген пайғамбар сол ма?» деп сұрады. «Иә, дәл өзі» дедім, ол «Онда дұрыс айтасың» деді.

 

Расулуллаһ Мәдинаға хижрет еткен кезде Оны көру үшін халықпен бірге мен де бардым. Оның дидарын, нұрлы келбетін көре сала «Оның жүзі өтірікшінің жүзі емес» дедім. Расулуллаһ жиналған адамдарға Исламды түсіндіріп, насихаттар айтты. Сол жерде расулуллаһтан естіген алғашқы хадис шәрифім мынау:

 

«Сәлемді араларыңда жайыңдар, аш адамдарды тойғызыңдар, туыстарыңмен араласыңдар, елдер ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар. Осылайша, жұмаққа кіресіңдер».

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мені пайғамбарлық нұры арқылы танып, «Сен Мәдина ғалымы Ибни Сәламсың ба?» деп сұрады. Мен «Ия» дегенде пайғамбарымыз «Жақында» деп, былай сұрады: «Ей, Абдуллаһ! Аллаһу та’ала үшін айт. Тәураттан менің сипаттарымды оқып үйренбедің бе?»  Мен «Аллаһу та’аланың сипаттары нелер екенін айтыңыз-шы?» дедім. Пайғамбарымыз біраз күтіп тұрды, сонда Жәбрейіл алейһиссалам «Ихлас» сүресін түсірді. Расулуллаһ оқыған осы сүрені естіген кезде пайғамбарымызға «Иә, Расулаллаһ! Дұрыс айтасыз. Ант етемін, Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ. Сіз Оның құлы және Расулысыз» деп, кәлимаи шаһадат айтып, мұсылман болдым».

 

Сосын «Йа, Расулаллаһ! Яһудилер ұялмай өтірік айтатын, негізсіз жалалар жабатын залым халық. Егер сіз мен туралы олардан сұрап білместен бұрын олар менің мұсылман болғанымды білсе, маған көптеген жалалар жабатыны ақиқат. Сіз алдымен олардан мен жайлы сұраңыз-шы, не дейді екен?» деп, үйдің бір бұрышына жасырындым. Менің артымнан бөлмеге бір топ яһуди кірді. Пайғамбарымыз яһудилерден «Қауымдастарың Абдуллаһ бин Сәлам қандай адам?» деп сұрады. Яһудилер «Ол біздің ең танымал, ең абыройлы ғалымымыз, өзі ең күшті ғалымымыздың ұлы. Тағы ол біздің ішіміздегі ең қайырлымыз және ең қайырлы адамымыздың ұлы» деді. Сосын пайғамбарымыз яһудилерге «Егер ол мұсылман болса, оған не дейсіңдер?» деп сұрады. Яһудилер «Аллаһ оны ондай нәрседен сақтасын» деп жауап берді.

 

Сол кезде жасырынған жерімнен шығып, «Ей, яһуди қауымы! Аллаһу та’аладан қорқыңдар. Өздеріңе келгенді қабылдаңдар. Сендер де білесіңдер, қолдарыңдағы Тәуратта есімі мен сипаттары жазылған Аллаһу та’аланың расулы осы. Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы және расулы» дедім. Осыдан кейін яһудилер «Бұл біздің ең жаман адамымыз және ең жаман адамымыздың ұлы» деп әр түрлі жалалар жаба бастады. Мен «Менің қорыққан нәрсем де осы еді. Йа, Расулаллаһ! Мен олардың залым, өтірікші, жалақор халық екенін сізге айттым емес пе? Міне, бәрі дәлелденді» дедім. Пайғамбарымыз яһудилерге «Бірінші айтқандарың бізге жетеді, екіншісі керек емес» деді. Мен үйіме қайттым. Отбасым мен туыстарымды Исламға шақырдым. Әпкеммен қоса барлығы мұсылман болды.

 

Менің иман келтіруім яһудилерді қатты ашуландырды. Сондықтан да мені қинай бастады. Тіпті, кейбір яһудилер «Арабтардан пайғамбар шықпайды, сенің адамың жай ғана көсем, билеуші» деп, мені Исламнан бас тартқызуға тырысты, бірақ  ниетіне жете алмады.

 

Онымен бірге Саләбә бин Сайә, Усәйд бин Сайә, Әсад бин Убәйд (радиаллаһу анһум) және кейбір яһудилер шын көңілдерімен мұсылмандықты қабылдады. Кейбір яһуди ғалымдары халық арасына «Мұхаммедке тек біздің жаман адамдарымыз сенді, егер олар жақсы адамдар болса ата-бабаларының дінін тастамас еді» деген сөз таратты. Осыған орай Аллаһу та’ала оларға жауап ретінде аят түсіріп былай деді: «Олардың (христиан және еврейлердің) барлығы бірдей емес. Әһли кітап(христиан және еврейлер)-тың ішінде ғибадат жасайтын бір жамағат бар, олар түнгі уақыттарда сәждеге барып, Аллаһу та’аланың аяттарын оқиды». («Али Имран» сүресі, 113)