7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Ей, сүйікті құлым! Ренжіме!..

Ей, сүйікті құлым! Ренжіме!..

Пайғамбарымыздың хижретінен бұрын Мәдинадағы Хазрәж тайпасының басшысы Абдуллаһ бин Убәй Мәдинаның басшысы (патшасы) болып сайлануы керек еді.Ақаба анттары, одан кейінгі хижрет оқиғасы және Әус және Хазрәж тайпаларының көбісі мұсылмандықты қабылдауынан соң Абдуллаһ бин Убәй басшы бола алмай қалды. Сол себептен Абдуллаһ бин Убәй пайғамбарымызға, мұхажир сахабаларға, мәдиналық сахабаларға тісін қайрап жүрді, бірақ дұшпандығын білдірмеді. Өзі сияқты бірнеше адаммен бірге мұнафықтар тобын құрды. Олар мұсылмандардың жанында Ислам дініне кіргендіктерін айтса да, бірақ  арттарынан оларды мазақ ететін. Жасырын жүріп, арандатушылық әрекеттер шығара бастады. Бұл екіжүзділер Пайғамбарымыздың сөздерін бұрмалап, елдерге керісінше мағынада жеткізіп, өзгертіп айтуға дейін барды.

         Дұшпандық ниеттерін іштеріне бүккен яһудилер пайғамбарымызбен бір келісім шарт жасасты. Пайғамбарымызға топтасып келіп, өздеріне қиын болған мәселелерді сұрады. Алған жауаптарынан Оның нағыз пайғамбар екенін түсінді. Бірақ, қырсықтық пен қызғаныштан иман келтірмеді. Осыған орай пайғамбарымыз «Маған яһуди ғалымдарынан он адам иман келтіретін болса, яһудилердің барлығы иман келтірер еді» деді. Расулуллаһтың осындай ренішіне Аллаһу та’ала мына аяти кәримәсында жұбату айтты: «Ей, мәртебелі Расул! Жүректерімен сенбестен ауыздарымен сендік дегендер (мұнафықтар) мен яһудилердің кәпірлері сені ренжітпесін. Олар әрдайым өтірік тыңдағандар және сенің алдыңа келмеген басқа бір қауымға (Хайбәр яһудилеріне) (Қурәйза ұлдары) тыңшылық жасағандар. Сөздерді (Аллаһу та’ала тарапынан) орнына қойылғаннан кейін өзгертеді. «Егер сендерге мына фәтуә берілсе, оны қабылдаңдар, берілмесе сақтаныңдар» дейді. Аллаһу та’ала кімнің бүлікке ұшырағанын қаласа, сен Аллаһу та’аланың қалауын болдырмауға тосқауыл бола алмайсың. Олар сондай адамдар, Аллаһу та’ала (олардың) жүректерін тазалауды қаламаған. Олар үшін дүниеде төмендікпен бейбақтық, ал ақыретте өте ауыр азаптар бар». («Маида» сүресі, 41)

         Жасалған келісім шартқа байланысты кейбір сахабалар көршілері болған яһудилермен достасқан еді. Аллаһу та’ала оларға бұл мәселеде тыйым салып «Ей, иман келтіргендер! Діндес бауырларыңнан басқалармен (кәпір және мұнафықтармен) дос болмаңдар. Олар сендерге жамандық жасаудан тайынбайды және сендердің қиын жағдайға душар болғандарыңды қалайды. Олар сендерге деген өшпенділіктері мен дұшпандықтарын өз ауыздарымен айтуда. Ал жүректеріндегі дұшпандық одан да көп. Олардың дұшпандықтарына қатысты аяттарды жеткіздік, егер түсініп, ойланар болсаңдар...» («Али Имран» сүресі, 118)

         Меккелік мүшріктер мәдиналық мүшріктерді, мұнафықтарды, яһудилерді және Мәдинаның маңындағы тайпаларды қорқыта берді. Олар тезірек Исламның нұрын сөндіріп, пайғамбарымызды өлтіруді қалады.

         Мұнафықтар мен мүшріктердің осындай әрекеттеріне қарсы пайғамбарымыз тек бейбіт жолды таңдады. Кейбір сахабалар дұшпанға қарсы шығудың уақыты келгенін айтып «Йа, Раббым! Біз үшін сенің жолыңда мына мүшріктермен соғысудан артық нәрсе жоқ. Бұл құрайыш мүшріктері сүйікті құлыңның пайғамбарлығын теріске шығарып, оны Меккеден кетуге мәжбүр етті. Аллаһым! Енді олармен соғысуға рұқсат етерсің» деп дұға етті.

         Ал, пайғамбарымыз болса, бұл мәселеде Аллаһу та’аланың бұйрығын күтіп, Оның бұйрығына қарай әрекет жасаған еді. Уақыт, сәті жеткен еді. Жәбрейіл (алейһиссалам) әкелген уаһимен былай бұйырылды: «Сендерге қарсы соғыс ашқандарға сендер де Аллаһ жолында соғысыңдар. Бірақ, шектен шығып кетпеңдер.(Сендермен соғыспағандарға тиіспеңдер. Соғысқан күнде де әйелдерді, балаларды, қарттарды өлтірмеңдер, оларды жәбірлемеңдер) Сөзсіз, Аллаһу та’ала шектен шыққандарды ұнатпайды. Оларды (кәпірлерді) қай жерде көрсеңдер өлтіріңдер. Олар сендерді (Меккеден) шығарғаны секілді сендер де оларды шығарыңдар. Олардың шірк қосу бүліктері адам өлтіргеннен де жаман. Олар Харам мешітінде сендермен соғыспайынша сендер де ол жерде олармен соғыспаңдар. Бірақ, олар сендерді ол жерде өлтірсе, сендер де оларды сол жерде өлтіріңдер. Кәпірлердің жазасы осы. Егер олар Аллаһу та’аланы теріске шығарудан, соғыстан бас тартса (сендер де тоқтатыңдар. Өйткені,) Аллаһу та’ала өте мейірімді, аса рақымды». («Бақара» сүресі, 190-192) Кейіннен жіберілген бір аятта «Шірк деген бүлік жойылғанша және дін де тек Аллаһу та’аланың діні болғанға дейін ол мүшріктермен соғысыңдар. (Шірктен) бас тартса (оларға зұлымдық жоқ.) Енді дұшпандық (жаза) тек залымдарға» делінді. («Бақара»  сүресі, 193)