10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   


Бәдір соғысы

      Жасақтар арқылы сахабалардың (радиаллаһу анһум) жетістіктерге қол жеткізуі кәпірлердің бойында үрей тудыра бастады. Енді олардың керуендері топтасып, қастарына әскерлер алып жолға шығатын болды. Хижреттің екінші жылында меккелік мүшріктер әр үйден жинап, мың түйелік керуенді Шамға жібереді. Оларды басқарған Меккенің бетке тұтар адамы Әбу Суфйан әлі мұсылман болмаған болатын. Керуенді қорғауға қырық шақты қорғаушы қойылды. Апарған заттары сатылғаннан кейін ақшаның бәріне қару сатып алып, оларды мұсылмандармен соғысуға қолданамыз деп ойлады.

 

Пайғамбарымыз мүшріктердің осы үлкен керуенінің сауда-саттық үшін Шамға жіберілгенін естіп, жағдайды бақылау үшін бірнеше мұхажирге тапсырма берді. Зулаширә деген жерге барған кездерінде керуеннің өткенін көріп, Мәдинаға қайтады. Кәпірлердің қарулары мен заттары алынатын болса мұсылмандарға олардың зияны тимей, қарсы тұратын күштері қалмас еді. Сол себептен расулуллаһ Талха бин Абдуллаһ пен Саид бин Зәйдті (радиаллаһу анһум) керуеннің қайтуын барлауға жіберді.

 

Жақсы мүмкіндік туған еді. Пайғамбарымыз дайындық жасап, Мәдинада өзінің орнына намаз имамы ретінде Абдуллаһ ибн Үмми Мәктумды (радиаллаһу анһ) қалдырды. Әйелі науқас болған хазіреті Осман мен сол сияқты алты адамға тапсырма беріп, Мәдинада қалдырды. Жанына мұхажирлер мен ансардан үш жүз бес сахабаны ертіп, 12-рамазанда Бәдірге қарай бет алды. Олардың саны Мәдинада қалғандарды қосқанда 313 адам болатын. Бәдір - Мекке, Мәдина және Сирияға баратын жолдардың қиысатын жері еді.

 

Осы жорыққа шығуға жасөспірімдер, тіпті әйелдер де пайғамбарымыздан өтініп рұқсат сұрасты. Үммү Уәрақаның (радиаллаһу анһа) пайғамбарымызға барып: «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Рұқсат берсеңіз, сізбен барғым келеді. Жараланғандардың жарасын таңып, ауырғандарға көмек берермін. Бәлкім, маған да Аллаһу та’ала шәйіт болуды жазар» дегенде пайғамбарымыз «Сен үйіңде отыр. Құран кәрім оқы. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала саған шәйіттікті нәсіп етеді» деді.

 

Са’д бин Әбу Уаққас (радиаллаһу анһ) айтады: «Пайғамбарымыз бізбен бірге соғысқа барғысы келген балаларды кері қайтарғысы келгенде бауырым Умәйрдің жасырынып, көзге түскісі келмегенін байқадым. Ол кезде ол он алты жаста болатын. «Саған не болды бұлай жасырынатындай?» дедім. «Пайғамбарымыздың мені де кішкентай деп қайтарып жіберуінен қорқамын. Мен соғысқа қатысып, Аллаһу та’аланың маған шәйіт болуды нәсіп етуін қалаймын» деді. Ол осыны пайғамбарымызға айтқанда пайғамбарымыз «Сен кері қайт» деді. Сонда бауырым Умәйр жылай бастады. Пайғамбарымыз оның көз жасына шыдай алмай, оған рұқсат берді. Алайда, бауырым қылышын өзі асына алмағандықтан оған мен тағып берген едім».

 

Пайғамбарымыздың туын Мусаб бин Умәйр, Са’д бин Муаз бен хазіреті Әли (радиаллаһу анһум) алып жүретін. Сахабаларда тек екі ат пен жетпіс түйе бар болатын. Оларға кезектесіп мінетін. Пайғамбарымыз хазіреті Әли, Әбу Лубабә және Мәрсәд бин Әбу Мәрсәдпен кезектесіп мінетін. Бірақ, олардың барлығы пайғамбарымызға «Сіз үшін жанымыз пида, йа Расулаллаһ! Сіз түйеден түспей-ақ қойыңыз. Біз жаяу жүреміз» деп жалынды. Бірақ, пайғамбарымыз олардан өзін артық көрмей, «Сендер жаяу жүруде менен күшті емессіңдер, сондай-ақ мен де сауап алу жөнінде сендерден мұқтажсыз емеспін.» дейтін.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен оның сахабалары шөлдегі аптаған ыстықта жол жүрді. Олар сондай-ақ ораза тұтқан болатын. Сахабалар Исламды тарату үшін көптеген қиыншылықтарға төзіп, пайғамбарымызға жан-тәндерімен қызмет етіп, оның соңынан ерді. Өйткені, мұның соңында Аллаһу та’аланың және расулының ризалығы бар еді, өздері қатты қалаған шәйіттік пен жұмақ бар еді.... Пайғамбарымыз сахабаларының жағдайына қарап, «Аллаһым! Олар жаяу. Сен оларға көлік бер. Аллаһым! Олар желең, жалаңаш. Сен оларды киіндір. Аллаһым! Олар аш, оларды тойдыр. Олар кедей, оларды байыт» деп дұға етті.

 

Пайғамбарымыз бен оның әскері осындай қаңыраған шөлде Бәдірге қарай бара жатқанда мүшріктердің Шамнан келе жатқан керуені Бәдірге жақындап қалған еді. Пайғамбарымыз хабар алуға жіберген екі сахаба керуеннің бір-екі күнде Бәдірге келетінін көріп, кері оралады. Керуендегілер олар хабар алған ауылға келген кезде ауылдықтардан «Мұсылман тыңшылардан хабарларың бар ма?» деп сұрады. Олар «Білмейміз. Бірақ, екі адам келіп, осында біраз отырып, кейін кетіп қалды» дейді. Әбу Суфйан айтқан жерге барып, жердегі түйенің қиын езіп көреді. Ондағы жемді көріп, «Бұлар Мәдинаның жемі, ол екі адам Мұхаммедтің (алейһиссалам) тыңшылары деп ойлаймын» деді. Мұсылмандардың өте жақын жерде екенін шамалап, қорқа бастады. Керуенді ойлап, алаңдайды, күндіз-түні жүріп отырып, уақытты жоғалтпастан Қызыл теңіздің жағалауымен Меккеге тез кетуге шешім қабылдайды. Сондай-ақ, Дамдам бин Амр Ғифари деген адамды жағдайды білдіруі үшін Меккеге хабаршы етіп жіберді.

 

Бұл адам Меккеге барып, көйлегінің алды мен артын жыртады. Түйесінің ерін теріс аударып, «Ей, құрайыштықтар, келіңдер. Керуендеріңе, Әбу Суфйандағы заттарыңа Мұхаммед пен сахабалары шабуыл жасады. Егер үлгеріп, барсаңдар керуендеріңді құтқара аласыңдар» деп айқайлай бастады.

 

Мұны естіген меккеліктер дереу жиналып, дайындықтарын жасады. Жеті жүз түйелік, жүз атты әскер және жүз елу жаяу әскер жинап, Әбу Ләхәбқа «Сен де қосыл» дейді. Ол қорқып, ауырып тұрғанын сылтау етті. Орнына Ас бин Хишамды жіберді. Умәййә бин Халәф деген мүшрік соғысқа дайындалған кезде сылбыр қозғалады. Өйткені, пайғамбарымыздың «Менің сахабаларым Умәййәні өлтіреді» дегенін естіген болатын. Оның ешқашан өтірік айтпайтынын білетіндіктен қатты қорықты. Сондықтан Әбу Жәхлдің мәжбүрлеуіне қарсы өзінің кәрі және семіз екенін сылтау етті. Бірақ, Әбу Жәхлдің оны қорқақ деп айыптағанына шыдай алмай баруға мәжбүр болды.

 

Мүшрік әскерінің көбісі темір сауыт киінген, жақсы қаруланған еді. Қастарына әсем дауысты әйелдермен бірге сазды аспаптар және шарап алуды да ұмытпады. Жүректеріне осындай күшті әскермен үш жүз дегенің былай тұрсын, мың адамдық әскер болса да жеңеміз деген күшті сенім ұялады. Жолға шықпастан бұрын неше адам өлтіретінін, қанша олжамен оралатынын есептеп қойғандар да бар еді. Бірақ, бәрінің негізгі мақсаттары Исламды түбінен жою болатын. Мүшрік әскері әйелдерге өлең айтқызып, шулап жолға шықты.

 

Бұл арада Әбу Суфйан Бәдірден көп алыстап кеткен, Меккеге қарай біраз жол жүріп қойған еді. Қауіптің сейілгеніне көзі жеткеннен кейін Қайс бин Имрул Қайс деген адамын құрайыштарға жібереді. Ол «Ей, құрайыш жамағаты! Сендер керуендеріңді, адамдарыңды, заттарыңды қорғау үшін Меккеден шығыпсыңдар. Біз қатерден құтылдық. Енді кері қайтыңдар..» дейді. «Мұсылмандармен соғысуға Мәдинаға барудан сақтаныңдар» деп ұсыныс айтады. Қайс мүшрік әскеріне хабарды жеткізген кезде Әбу Жәхл: «Ант етемін, Бәдірге барып, үш күн-үш түн салтанат жасап, түйелер сойып, шарап ішеміз. Маңайдағы тайпалар бізді тамашалайды, біздің ешкімнен қорықпайтынымызды көреді. Сосын бізге ешкім қарсы келе алмайтын болады. Ей, жеңілмес құрайыш әскері! Жүріңдер!...» деді.

 

Қайс Әбу Жәхлдің сөз тыңдайтын жағдайда емес екенін көріп, кері қайтады, бұл жағдайды Әбу Суфйанға айтады. Алдын болжай білетін және ақылды болған Әбу Суфйан: «Онда құрайыштықтарға обал болыпты. Бұл Амр бин Хишамның (Әбу Жәхлдің) жеке жоспары болу керек. Ол мына қырсықтығын елге басшы болам деген арам оймен істеп отыр. Алайда, мұндай азғындық  еш уақытта елге жақсылық әкемейді Егер  Ислам әскерімен бетпе бет келетін болса, онда құрайыштықтар құриды», деді. Сосын керуенін жылдамдатып, тез арада Меккеге кіргізді де өзі әскерге жетіп алды.

 

Бұл кезде пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларымен Бәдірге жақындап қалған-ды. Мәдиналық мүшріктерден Хубәйб бин Йәсаф және Қайс бин Мухаррис деген екі кісіні мұсылман әскерінің арасынан көріп қалды. Хубәйбті басында темір қалпағы болса да танып, хазіреті Са’д бин Муаздан «Мынау Хубәйб емес пе?» деп сұрады. Ол «Иә» деп жауап берді. Хубәйб соғысу әдісін жақсы білетін, ержүрек адам болатын. Қайспен бірге пайғамбарымыздың алдына шақырылды. Пайғамбарымыз оларға «Сендер неге бізбен бірге келе жатырсыңдар?» деп сұрады. Олар «Сен біздің жиенімізсің және көршімізсің. Біз қауымымызбен олжа жинауға келе жатырмыз» деді. Пайғамбарымыз Хубәйбқа «Сен Аллаһу та’алаға және Расулына иман келтіргенсің бе?» деп сұрағанда ол «Жоқ» деп жауап берді. Пайғамбарымыз «Олай болса, кері қайт. Біздің дінімізде болмаған адам бізбен бірге бола алмайды» деді. Хубәйб «Менің ержүректігімді, батырлығымды жұрттың барлығы біледі. Олжа үшін сенің жаныңда дұшпаныңа қарсы соғысамын» деді. Пайғамбарымыз оның көмегін қабылдамады.

 

Біраз уақыттан кейін Хубәйб тілегін қайталады, бірақ пайғамбарымыз мұсылман болмаса тілегін қабылдамайтынын айтты. «Рауха» деген жерге барған кезде Хубәйб пайғамбарымызға барып, «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аланың әлемдердің Раббысы екеніне және сенің пайғамбарлығыңа сендім, иман келтірдім» дегенде пайғамбарымыз қатты қуанды. Қайс та Мәдинаға қайтқаннан кейін иман келтірді (радиаллаһу анһ).

 

Ислам әскері Сафра деген оазиске жеткенде меккеліктердің көп санды әскер жасақтап, керуендерін құтқару үшін Бәдірге қарай келе жатқанын естіді. Пайғамбарымыз сахабаларын жинап, олармен бұл жайында кеңесті. Өйткені, мәдиналық мұсылмандар пайғамбарымызға Ақабәде ант берген кезде «Йа, Расулаллаһ! Сен біздің қаламызға кел. Сені ол жерде дұшпандарыңнан жанымызды беріп болса да қорғаймыз, саған бағынамыз» деп уәде берген болатын. Бірақ, қазір олар Мәдинадан шыққан еді. Ал қарсы бетте өздерінен саны, қаруы және жабдықтары жағынан бірнеше есе көп дұшпан әскері тұрған еді. Пайғамбарымыз сахабалардан пікірлерін сұраған кезде мұхажирлерден Әбу Бәкір Сыддық пен Омар Фаруқ (радиаллаһу анһум) жеке-жеке орындарынан тұрып, дұшпан әскерімен соғысу керектігін айтты. Мұхажирлерден Миқдад бин Әсуәд (радиаллаһу анһ) та тұрып, «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’аланың бұйрығы қандай болса, соны орында. Соның әмірімен жүр. Біз әрдайым сенімен біргеміз, бір сәт те сенен айрылмаймыз. Біз Исраил ұлдарының Мұса алейһиссаламға айтқаны сияқты «Ей Мұса! Залымдар қауымы ол аймақта тұрғанда біз ол жерге барып, бәлеге ұрынбаймыз. Ендеше Раббыңмен бірге барып, екеуің олармен соғыса беріңдер. Біз осында қаламыз» («Маида», 24) демейміз. Жанымызды Аллаһу та’ала мен Расулының жолына құрбан етеміз. Сені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етеміз, теңіздің арғы беті Хабашстанға жіберсең де барамыз. Саған ешқандай қарсылық білдірмейміз. Барлық тілегіңді орындауға әзірміз. Жанымыз саған құрбан болсын, йа Расулаллаһ» деді. Миқдадтың (радиаллаһу анһ) бұл сөзі пайғамбарымызды қатты қуантты. Оған қайырлы дұғалар тіледі.

 

Бұл жерде мәдиналық мұсылмандардың пікірлері өте маңызды еді. Өйткені, олар саны жағынан көпшілікті құрайтын және расулуллаһқа Мәдинаның ішінде қорғау үшін уәде берген болатын. Ал Мәдинаның сыртында соғысу туралы ешқандай сөз не уәде бермеген еді. Осындай қиын сәтте мадиналық мұсылмандардың, яғни ансардың арасынан Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһ) орнынан тұрып: «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат берсеңіз ансардың атынан сөйлейін» деді. Рұқсат алғаннан кейін «Йа, Расулаллаһ! Біз сізге иман келтірдік, пайғамбарлығыңызды қабылдадық. Сіздің әкелгеніңіздің барлығы хақ. Бұл мәселеде тыңдау және бағыну үшін сізге нақты уәде беріп, ант іштік. Біз сөзімізден айнымаймыз және бұйрығыңызды орындаймыз. Сіздің жолыңызда жанымызды құрбан етеміз. Сізді хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етеміз, егер теңізді кешіп өтіңдер десеңіз, еш ойланбай теңізге түсуге дайынбыз. Ешқайсысымыз бұдан тартынбаймыз. Мүбәрәк ойыңызда не болса, бізге бұйырыңыз, орындаймыз. Малымыз да жанымызбен бірге сіз үшін құрбан болсын. Соғыстың кезкелген қиыншылығына шыдаймыз. Дұшпаннан тайсалмаймыз. Үмітіміз сізді қуантып, разылығыңызды алу. Сізге Аллаһу та’аланың рақымы жаусын...» деді. Бұл сөздерді тыңдаған сахабалар қатты толқыды. Барлығы да айтылғандарға қосылатындығын білдірді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларының  бұл қолдауына өте риза болды. Оларға және хазіреті Са’дқа дұға етті.

 

Енді не болмақ? деген барлық уайымдар осымен тарқады...  Енді дұшпандар қаншалықты көп болса да, қаншалықты күшті болса да, даңқты сахабалар пайғамбарымыздың артынан шәйіт болу үшін батыл қадамдармен жүруге дайын, Аллаһу та’ала мен оның Расулының разылығын алуға ұмтылған еді. Өздерін әлемдердің сұлтаны - пайғамбарымыз басқарып тұрған кезде баруға болмайтын жер жоқ еді... Пайғамбарымыз сахабалардың өзіне берілгендігі мен тебіренісін көріп: «Қане, жүріңдер! Аллаһу та’аланың мейіріміне шаттаныңдар. Уаллаһи, енді мен құрайыш қауымының соғыс майданында өмірлері қиылып құлайтын жерлерін көріп тұрғандаймын» деп сүйіншіледі. Осы сүйіншіден кейін сахабалар шаттанып, пайғамбарымыздың соңынан ерді.