2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Тәкаппарлықтың белгілері

Тәкаппарлықтың белгілері

Сұрақ: Бір адамның тәкаппар екендігін қай белгілеріне қарап білуге болады?

Жауап: Алдымен тәкаппарлыққа жататын іс-әрекеттерге бірнеше мысал келтірейік:

 

1- Сұрақ сұрамау тәкаппарлықтың белгісі. Тәкаппар адам сұрақ сұрауды білмегендіктің белгісі деп ойлайды. “Егер сұрақ сұрасам, білмейтіндігім белгілі болып қалады” - дейді.

 

2- Тек өзінен ғана сұрағанды, басқалардан сұрамағанды қалау, білетін-білмейтін барлық сұрақтарға да жауап беруге тырысу, білмеймін деп айта алмау.

 

3- Жол, адрес сұраудан тартыну. Жол және сұрақ сұрамау – айыпталу, кінәлану қорқуынан туындайды.

 

4- Бастығынан рұқсат сұраудан тартыну.

 

5- Қонаққа барған үйде бірнеше кісімен бірге намаз оқитын кезде имам болуға лайықты көптеген адамдар бола тұра, үй иесі рұқсат етпестен өзінің имамдыққа алға өтуі, барлығынан имамдыққа өзін лайықпын деп санау.

 

6- Жиындарда тек өзі сөйлеп, басқалардың сөзге араласуынан мазасыздану, олардың үндемей отырып тыңдауларын қалау.

 

7- Айналасындағы адамдарға көп білетіндігін көрсетіп қою үшін, оларға әр сәтте бір нәрселерді түсіндіруге тырысу, өзінше қате деп санаған нәрселерін дереу түзетуге, ескертуге тырысу.

 

8- Мешітте жамағатқа “Алға өт! Артқа тұр!” деп бұйрық беруге құмар болу және сондай бір бұйрық берілгенде мазасызданып жақтырмай отыру.

 

9- Жасына қарамастан барлығының бір-бірлеріне “аға” деп айтуы әдет болған жерлерде “аға” деп айта алмау, тек атымен немесе “бауырым” деген секілді сөздермен шақыру.

 

10- Мақтағанды жақсы көруі, сын айтқанды, әзілді көтере алмау. Қатесін айтқан адамға рахмет айта алмау.

 

11- Дұрыстың дұрыс екенін мойындамау. “Бұл нәрсе былай” деген кезде басқа мағына беруге, бұрмалауға тырысу, әр нәрсені бір айтып дұрысқа дұрыс деп айтпай қырсығу. Ал негізінде хақты сөйлеген адам бала болса да, надан болса да қуана-қуана қабыл ету керек.

 

12- Уәсуәсә ету де тәкаппарлықтың белгісі болуы мүмкін. Ондай адам өзін мұқияттымын, ұқыптымын деп санап, қалғандары өтірік істейді деп ойлайды. Өзіне айтылған насихатты қабылдамайды. Үнемі күмәншіл болады.

 

13- Басшы болуды қалау, бұйрық беруді жақсы көру. Өзінің кейбір жақтарын да жоғары санау.

 

14- Адамдар қасына барып, бір нәрсе айтуға немесе сұрауға шошитын болса, бұл да тәкәппарлықтың белгісі.

 

15- Қарапайым секілді болып көріну. Керексіз жерде “мархабат, мырзам” деп шектен тыс қарапайымдылық көрсету. Екі сөздің бірінде “Құлыңызбын, біз кішкентай адамбыз ғой” дегендей сөздер айту. Ал негізінде бұлай сыпайылануы тәкаппарлығын жасырудан басқа еш нәрсе емес.

 

16- Өз-өзін кішіпейілділік болсын деп “бұл пақыр, бұл әлсіз, бұл күнәһар” деп сөзді бастайтын адамдардың арзымайтын бір сын айтылғандай, әлсіздігі мен пақырлығын ұмытып қойып, өкпелеп қалуы да барып тұрған кісіліктің, тәкәппарлықтың өзі.

 

17- Айналасындағыларға күн көрсетпеу, қинау, ренжіту. Біреуді біреуге шағысыру. Өзгелердің кемшіліктерін айтып, өзінің ондай еместігін көрсетуге тырысу.

 

Қысқасы:  Өз орнын, жөнін білу – қарапайымдылық,  орнын білмеу – тәкаппарлықтың белгісі болады.