6 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     9 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Әбу Жәхлдің өлтірілуі...

Әбу Жәхлдің өлтірілуі...

Мүшріктердің ту ұстаушысы Әбу Азиз бин Умәйр тұтқынға түсірілді. Қолбасшылары Әбу Жәхл болса құрайыштықтарды батылдандыру үшін тоқтаусыз өлеңдер оқып, әскерінің көңіл күйін қалыпта ұстауға тырысты. Жас жігіттей соғысып: «Анам мені осы күндер үшін туды» деп мақтанып, жастарды жігерлендіріп, күш беріп отырды.

 

Мүшріктерден Убайда бин Саид басынан аяғына дейін сауыт киінген еді. Тек қана көздері ғана ашық болатын. Атына мініп, біресе ана жаққа, біресе мына жаққа қарап, «Мен Әбу Затулкәришпін! Мен Әбу Затулкәришпін!», яғни үлкен қарындымын деп айқайлап жүрді. Ер жүрек мүжахид хазіреті Зубәйр бин Аууам оның қасына барып, найзасын дәл көзіне қаратып, «Аллаһу әкбар» деп сілтеді. Нысанаға тиген найза оны атынан құлатты. Хазіреті Зубәйр (радиаллаһу анһ) жүгіріп оның қасына барған кезде Убәйда өлген болатын. Аяғымен бетін басып найзаны бар күшімен тартып, әрең суырып алды, найза иіліп кеткен екен.

 

Хазіреті Зубәйрдің Бәдір соғысында көрсеткен ерлігі өте зор болды. Денесінде жарақат алмаған жер қалмайды. Бұл туралы ұлы Уруә: «Әкем үш жерінен қатты жарақат алды. Олардың бірі мойнында болатын. Жарадан терең із қалғаны соншалық ішіне саусағымды салуға болатын еді» дейді.

 

Абдуррахман бин Ауф та (радиаллаһу анһ) құрайыштармен шайқасып, алған жарақаттарына да қарамастан алдына келген жаудың бәрін жығып сала берді. Хазіреті Абдуррахман өзі куә болған бір жағдайды былай жеткізеді: «Бір кезде алдымда ешкім қалмады. Оң жағыма, сол жағыма қарағанымда ансардың екі жігіті көзіме ілікті. Олардың ең күшті және мергенімен бірге болуды қаладым. Олардың бірі маған қарап: «Ей, көке! Әбу Жәхлді танисың ба?» деп сұрады. Мен «Иә, танимын, оны қайтесің?»- дедім. «Менің естуім бойынша ол Расулуллаһқа тіл тигізетін көрінеді. Аллаһтың атымен ант етемін, егер оны көретін болсам, оны өлтіргенше немесе өзім өлгенше одан ажырамаймын» деді. Бұл жас жігіттің тебіреніп тұрып айтқан осындай нақты, қатаң сөзіне таң қалдым».

 

Ол екеуінің екіншісі де мені көзбен сүзіп өтіп, біріншісінің айтқанын қайталады. Осы кезде Әбу Жәхлді көрдім. Ол құрайыш әскері ішінде тоқтаусыз ары-бері жүрген еді. Мен «Ей, жастар! Мына абыржып ары-бері жүрген адам Әбу Жәхл» дегенімде дереу қылыштарын алып, Әбу Жәхлдің қасына барып, шайқаса бастады. Бұл жастар Афра ханымның ұлдары Муаз бен Муаууәз болатын.

 

Осы арада сахабалардан батыр Муаз бин Амр (радиаллаһу анһ) Әбу Жәхлдің жанына баруға мүмкіндік тауып, ұзын құйрықты аттың үстіндегі Әбу Жәхлге шабуылдап, аяғына бар күшімен қылышын сілтеді. Әбу Жәхлдің аяғы кесіліп жерге түсті. Сол кезде әкесіне көмекке келген, әлі мұсылман болмаған Икримә Хазреті Муаз бин Амрмен шайқаса бастады.

 

Сол кезде Муаз бен Муаууәз қыран құстай алға атылды. Алдарына келген адамды аударып тастап Әбу Жәхлге жетті. Қылыштарымен өлді-ау дегенге дейін кескіледі.

Хазіреті Муаз бин Амр болса, Икримәмен шайқас кезінде қолынан жарақат алған еді. Қолы білегінен кесіліп, қолы терісіне ілініп тұр еді. Шайқасқа беріліп кеткен Муаздың (радиаллаһу анһ) қолына қарайтын, оны орап-байлайтын уақыты жоқ еді. Кесілген қолы терісіне ілініп тұрса да шайқасуды тоқтатпайды. «Аллаһу әкбар!» Бұл не деген күшті иман! Бұл қандай көрініс! Хазіреті Муаз біраз уақыт осылай шайқасқаннан кейін күшінің азайғанын сезді. Оған себеп болған кесілген қолы еді. Оны аяғының астына басып жұлып алады.

 

Азулы Ислам дұшпаны Нәуфәл бин Хууәйлид құрайыштың ең атақты батырларының бірі еді. Тоқтаусыз айқайлап, мүшріктерге ұран тастап, дем беріп жүрді. Пайғамбарымыз оны көріп: «Аллаһым! Нәуфәл бин Хууәйлидке қарсы маған көмекші бол. Онымен есеп айырыстыр» деп дұға етеді. Аллаһу та’аланың арыстаны хазіреті Әли мүшрік Нәуфәлді көріп, оған шабуылдады. Қылышын бар күшімен сілтеді, қатты соққаны соншалық аяқтары сауытта болса да екеуі бірден кесіліп түсті. Сосын қылышын мойнына сілтеп, басын кесіп түсті.

 

Біләл Хабәшидің (радиаллаһу анһ) ыстық құмға жатқызып кеудесіне үлкен тастарды қойған Умәййә бин Халәф мүшріктердің ең жауызы болатын. Расулуллаһқа қастандық жасау үшін бар мүмкіндікті құр жібермейтін бұл жау да Бәдірде мүшріктерді жинап, Исламның сәулесін сөндіруге тырысқан еді. Оның мұндай халін көрген хазіреті Біләл қылышын алып қарсы алдына тұрып: «Ей, күпірліктің басы болған Умәййә бин Халәф! Сен құтылсаң, мен құтылмайын» деп ұмтылды. Бір жағынан: «Ей ансар бауырлар, келіңдер, күпіршіліктің басы мұнда» дер-демес сахабалар Умәййәні қоршап, оны өлтірді.

Мүшріктердің әскерінде басқаратын ешкім қалмаған еді. Барлығы не істерін білмей, қашуға тырысты. Күпіршіліктің бекінісі қираған еді. Сахабалар олардың соңына түсті. Мүшріктердің біразы жараланып, тұтқынға түсті. Пайғамбарымыздың көкесі Аббас та тұтқындардың арасында болатын.