8 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     10 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ата-анаңды мұра үшін емес, Құдай үшін бақ

Ата-анаңды мұра үшін емес, Құдай үшін бақ

Аллаһу та'аланың разылығы дінін ұстанған ата-ананың разылығында, Аллаһу та'аланың ашуы дінін ұстанған ата-ананың ашуында болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Жәннат ана және әкенің аяғының астында» деп айтқан.

 

Бұл хадис шәрифте айтылған «аяғының асты» сөзін, әһли сүннет ғұламалары ата-ананың разылығы деп түсіндірген. Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламға уахи етіп: «Ей Мұса! Ата-анасын разы еткен адам мені разы еткен болады. Ата-анасын разы етіп, менің айтқандарыма құлақ салмаған адамды да жақсылар қатарынан санаймын. Ата-анасына қарсы болып, маған мойынсұнған болса да оны жамандар қатарына жатқызамын» деп бұйырған.

 

Хазреті Хасан Басри Қағбаны тауаф етіп жүріп, жүк арқалаған бір кісіні көреді. Оған:

–     Не үшін жүгіңмен тауаф етіп жүрсің? -дейді.

–     Арқамдағы жүк емес, әкем. Оны Шамнан (Дамасктан) 7 мәрте арқалап әкеліп, тауаф етіп жүрмін. Себебі ол маған дінімді, иманымды үйретті. Мені исламның көркем мінезімен тәрбиеледі,- деп жауап береді. Сонда Хасан Басри:

–     Әкеңді қияметке дейін осылай арқалап өтсең де, бір рет ренжітетін болсаң, бұл жақсылықтарыңның бәрі босқа кетеді. Егер бір рет қуантатын болсаң, осыншама қызметтердің сауабына қауышасың,- дейді...

Бір күні пайғамбырымызға бір адам келіп:

-         Йа Расулаллаһ! Менің ата-анам қайтыс болған. Олар үшін не істеуім керек? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз:

-         Оларға әркез дұға ет! Олар үшін Құран кәрім оқы және истиғфар ет! – деп бұйырады. Сол жерде тұрған сахабалардың бірі:

-         Йа Расулаллаһ, бұдан артық істейтін нәрсе бар ма? – дегенінде, Пайғамбарымыз:

-          Олар үшін. Садақа беріңдер және қажылыққа барыңдар! – дейді.

 

Бәни Исраил заманында салих бір кісінің үш ұлы болады. Бір күні бұл кісі ауруға шалдығып, ары қарай өмір сүруінен үміт үзіледі. Ұлдарының ең үлкені інілерін шақырып:

-         Ей бауырларым, әкеміз өте ауыр халде, оған бір адам қарауы керек. Бірақ, оған қарау, қызмет ету де өте ауыр және қиын. Әкеміздің көп мүлкі бар. Менің сендерге айтар ұсынысым – әкеміздің мүлкін сендер алыңдар, ал қарауды маған қалдырыңдар,- дейді. Інілері ағасының ұсынысына қарсы келмей қабыл етеді, мүлікті өзара бөлісіп, әкеге қарау қызметін ағаларына қалдырады. Үлкен ұлы салих болғандықтан әкесіне қызмет етуді өзіне берілген ниғмет, ғанимет және ғибадат деп біледі де әкесіне соңғы деміне дейін қызмет етеді. Бірақ оның бұл қылығына әйелі наразы болады және мирастан да өз үлесін алмағандықтан айқай-шу шығарады. Ол болса әйеліне:

- Ей ханым, мен әкеме мұра үшін емес, Аллаһ разылығы үшін қызмет етіп жүрмін және әкемнің игі дұғасын (батасын) алғым келеді. Ал игілік сендер ойлағандай мал-мүлікте, мансапта емес. Адамның мүлкі көп болып, бірақ мүлкінің берекесі болмаса, ол мүлікте не қайыр бар? Қайыр тек берекеде,- дейді. Бір күні осы үлкен ұлға түсінде:

- Пәлен жерге барсаң, сол жерде жүз алтын бар. Осы алтынды алып өзіңе нәпақа ет! – делінеді. Үлкен ұл болса:

- Ол алтында береке бар ма? – деп сұрайды. Жауабында:

- Жоқ, ол алтында береке жоқ. – делінеді. Бұл жауапқа жігіт:

- Берекесі болмаған нәрсенің маған керегі жоқ,- деп жауап береді және бұл көрген түсін әйеліне айтады. Әйелі, түсінде білдірілген алтындарды барып алмағаны үшін оған тағы да ашуланып, аузына келгенін айтады.

           

            Ертеңіне тағы да түсінде: «Пәлен жерде он алтын бар, барып ал» делінеді. Жігіт ол алтынның берекесі бар-жоғын сұрайды. Берекесі жоқ делінгеннен кейін тағы да бармайды. Үшінші түні тағы түсінде: «Пәлен жерде бір алтын бар, соны ал да қажеттіңе жарат» делінеді. Ол алтынның берекесін сұрағанында «Өте берекелі» деген жауап алып оянады. Дереу түсінде айтылған жерге барып, бір алтынды алып базарға барады. Базардан екі балық сатып алады. Үйіне әкеліп ішін жарған кезде, балықтардың екеуінің де ішінен өте құнды және екі дирхәм салмағында қызыл гауһар тастың жатқанын көреді. Бұл гауһар тастардың біреуін базарға апарып сатқысы келеді. Бірақ оны сатып алуға ешкімнің шамасы келмейді. Соңында, отыз мың алтын құнымен сол елдің әміріне сатады. Қуанышпен үйіне келіп Аллаһу та'алаға шүкіршілік етеді. Әлгі әмір гауһар тастың екінші сыңарын іздейді, бірақ еш жерден таба алмайды. «Біріншісін сатқан жігіттен сұрайық, бәлкім ол жігітте екіншісі де бар шығар» деген оймен жігітке келеді. Сөйтіп жігіт екінші гауһарды жетпіс мыңға сатып, асқан бай болады. Түнде ұйықтап жатқанда түсінде оған:

«Ей жігіт, Аллаһу та'аланың саған деген мұнша ілтипаты мен ихсаны (сияпаты), қарауға мұқтаж болған әкеңе шын ықыласыңмен қарағаның үшін берілді. Ал ақыретте берілетін ихсанды айтып жеткізу мүмкін емес» делінеді.

 

            Қорыта айтқанда ата-анаға, олар көмекке мұқтаж болса да, мұқтаж болғандықтары үшін емес, Аллаһу та'аланың әмірі болғандықтан және Оның разылығы үшін қарау керек, қызмет ету керек.