18 - Рабиул-әууәл, 1443 жыл.
     24 - Қазан, 2021 жыл.   


  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Иман / Аллаһу тааланың есімдері (Әсма-и хусна)

Аллаһу тааланың есімдері (Әсма-и хусна)

Сұрақ:Әсма-и хусна деген не?

Жауап: Әсма-ул хусна – Аллаһу та’аланың әдемі есімдері дегенді білдіреді. Аллаһу тааланың Тирмизиде білдірілген 99 есімі мыналар:

 

1- Аллаһ: Барлық есімдерінің қасиетін қамтыған негізгі аты. Өзінен басқа жаратушы болмаған жалғыз Аллаһ.

 

Бұл қасиетті есімі Хақ та’аланың негізгі есімі. Басқа есімдерінің білдіретін бүкіл әдемі қасиеттерімен илаһи сипаттарын ішіне қамтыған. Басқа есімдері болса тек өз мағыналарын ғана білдіреді. Сондықтан Аллаһ деген есімінің орнын ешбір есімі толықтыра алмайды. Бұл есім Аллаһтан басқаға ауыспалы мағынада болса да берілмейді. Басқа есімдерінің кейбірлерін Аллаһтан басқаға ауыспалы мағынада қою жаиз болады.

 

2- Әр-Рахман: Дүниедегі бүкіл махлұқтарға мейірімділік, рақымдылық ететін, жақсылық беретін.

 

3- Әр-Рахим: Ахыретте тек қана иман келтіргендерге ғана мейірімділік ететін.

 

4- Әл-Мәлик: Мүліктің, ғаламның иесі, мүлкі және салтанаты тұрақты болған.

 

5- Әл-Қуддус: Барлық кемшіліктерден ұзақ және түрлі құрметке, тағзымға лайықты болған.

 

6-Әс-Сәлам: Әр түрлі қауіптіліктерден амандыққа шығарушы. Жәннаттағы бақытты құлдарына сәлем етуші.

 

7- Әл-Мумин: Сенімділік беруші, қорғаушы, иман нұрын беруші.

 

8- Әл-Мухәймин: Барлық нәрсені көріп қадағалаушы, барлық болмыстардың жасағандарынан хабардар болушы.

 

9-Әл-Азиз: Ұлылық иесі, барлық нәрседен үстем болушы, барлық нәрсеге күші жетуші, қарсы келінбейтін.

 

10- Әл-Жәббар: Ұлылық және құдірет иесі. Қалағанын жасайтын және жасататын. Үкіміне қарсы келінбейтін.

 

11- Әл-Мутәкәббир: Ұлылығында серігі, ұқсасы жоқ.

 

12- Әл-Халиқ: Жаратушы, жоқтан бар етуші. Болмыстарда болатын жағдайларды тағдыр етуші.

 

13- Әл-Бари: Барлық нәрсені кемшіліксіз және жүйелі етіп жаратқан.

 

14- Әл-Мусаууир: Болмыстарға пішін берген және оларды бір-бірінен өзгеше қасиеттермен жаратқан.

 

15- Әл-Ғаффар: Күнәларды жабушы және көп кешірім етуші. Қалағанын күнә істеуден қорғаушы.

 

6- Әл-Қаххар: Барлық қалағанын жасайтын күште болған, басымдылық иесі және әмірші.

 

17- Әл-Уәххаб: Қарсылықсыз ниғметтер берген, өте көп мейірім еткен.

 

18- Әр-Раззақ: Барлық болмыстың ризықтарын және қажеттіліктерін беруші.

 

19- Әл-Фәттах: Әр-түрлі қиыншылықтарды кетіруші.

 

20- Әл-Алим: Жасырын, ашық, болған және болатын барлық нәрсені әзәли (бастауы жоқ ежелгі) және мәңгі ілімімен ең керемет білген.

 

21- Әл-Қабид: Қалағанының ризығын кеміткен, рухтарын алушы.

 

22- Әл-Басит: Қалағанының ризығын көбейтуші, рухтарын беруші.

 

23- Әл-Хафид: Кәпірлерді және ашықтан күнә жасайтындарды төмендетуші.

 

24- Әр-Рафи: Абырой беріп, үстем еткен.

 

25- Әл-Му’из: Қалағанын қадірлі етуші.

 

26- Әл-Музил: Қалағанын аяқ асты етуші, қор және төмен етуші.

 

27- Әс-Сәми: Барлық нәрсені ең жақсы еститін, дұғаларды қабыл ететін.

 

28- Әл-Басир: Жасырын, айқын барлық нәрсені ең жақсы көретін.

 

29- Әл-Хакем: Абсолютті билеуші, дұрысты бұрыстан айырушы. Хикмет иесі.

 

30- Әл-Адл: Абсолютті Әділ, бәрін орынды жасаған.

 

31- Әл-Латиф: Барлық нәрсеге ие, мейірім және жақсылық иесі.

 

32- Әл-Хабир: Барлық нәрседен хабардар болған, барлық нәрсенің жасырын жақтарынан хабары болған.

 

33- Әл-Халим: Жаза беруге асықпайтын, жұмсақ мәміледе болушы.

 

34- Әл-Азыйм: Ұлылығында ұқсасы жоқ. Өте үстем.

 

35- Әл-Ғафур: Ғафу етуі, кешірімділігі мол.

 

36- Әш-Шәкур: Аз амалға көп сауап беретін.

 

37- Әл-Алии: Үстемдердің үстемі, өте үстем.

 

38- Әл-Кәбир: Ұлылығында ұқсасы жоқ өте ұлы.

 

39- Әл-Хафиз: Барлық нәрсенің қорғаушысы.

 

40- Әл-Муқит: Ризықтарды жаратқан.

 

41- Әл-Хасиб: Құлдарының есебін ең жақсы түрде айырыстырған.

 

42- Әл-Жәлил: Жәлал және ұлылық иесі.

 

43- Әл-Кәрим: Жомарттығы, сыйы, мейірімі мол, өтемін талап етпей беретін, көп сый-сыйапат ететін.

 

44- Әр-Рақиб: Барлық болмысты, барлық әрекеттерді әр мезетте бақылаушы. Бүкіл әрекеттерді бақылауында ұстаушы.

 

45- Әл-Мужиб: Дұғаларды, тілектерді қабыл етуші.

 

46- Әл-Уаси: Рахмет (мейірім) және құдірет иесі, ілімімен барлық нәрсені қамтыған.

 

47- Әл-Хаким: Барлық ісі хикметпен болған, барлық нәрсені хикметпен жаратқан.

 

48- Әл-Уәдуд: Жақсылықты жақсы көрген, жақсылық жасағанға мейірім еткен. Жақсы көруге лайық болған.

 

49- Әл-Мәжид: Ниғметі, жақсылығы мол болған, мәртебесі өте үстем, әр түрлі мақтауға лайықты болған.

 

50- Әл-Баис: Махшар алаңында өлілерді тірілтуші, пайғамбар жіберуші.

 

51- Әш-Шәһид: Уақытсыз, мекенсіз болған, еш жерде болмай әрқашан да барлық жерде бар, барлық жерді көруші.

 

52- Әл-Хақ: Болмысы еш өзгермейтін. Бар болған, хақты ортаға шығарған.

 

53- Әл-Уәкил: Құлдарының істерін бітіруші. Өзіне тәуекел еткендердің істерін ең жақсы нәтижелерге жеткізуші.

 

54- Әл-Қауии: Құдіреті ең үстем және еш азаймайтын.

 

55- Әл-Мәтин: Күш-қуат және құдірет көзі өте күшті.

 

56- Әл-Уалии: Мұсылмандардың досы, оларды жақсы көріп көмек беруші.

 

57- Әл-Хамид: Әр түрлі шүкір және мақтауларға лайықты.

 

58- Әл-Мухси: Жаратқан және жарататын бүкіл болмыстарының санын білуші.

 

59- Әл-Мубди: Затсыз, мысалсыз жаратушы.

 

60- Әл-Муид: Жаратқандарын жоқ қылып, кейін қайта тірілтетін.

 

61- Әл-Мухии: Тірілткен, жаратқандарына жан беруші.

 

62- Әл-Мумит: Барлық жандыларға өлімді таттырушы.

 

63- Әл-Хайи: Әзәли (бастауы жоқ) және мәңгі өмірмен тірі болған.

 

64- Әл-Қаййум: Махлұқтарды бар етіп ұстап тұрған, затыменен бар болған.

 

65- Әл-Уажид: Өзінен ешнәрсе жасырын қалмаған, ешнәрсеге мұқтаж болмаған.

 

66- Әл-Мажид: Қадірі және мәртебесі биік, ұлылығы, мейірімі мол.

 

67- Әл-Уахид: Затында, сипатында және жасағандарында ұқсасы және серігі болмаған, жалғыз болған.

 

68- Әс-Самәд: Ешнәрсеге қажеттілігі болмаған, керісінше бүкіл әлем Оған мұқтаж болған, сыйынылатын жалғыз құдірет.

 

69- Әл-Қадир: Қалағанын қалағанындай етіп жаратуға күші жеткілікті болған.

 

70- Әл-Муқтәдир: Қалағанындай етіп қолданған, барлық нәрсені оңай жаратқан құдірет иесі.

 

71- Әл-Муқаддим: Қалағанын көтерген, алға шығарған.

 

72- Әл-Муаххир: Қалағанын төмендеткен, артқа, керіге тастаған.

 

73- Әл-Әууәл: Әзәли, болмысының бастауы болмаған.

 

74- Әл-Ахир: Мәңгі, болмысының соңы болмаған.

 

75- Әз-Захир: Бар екендігі жаратқандары арқылы көрініп тұрған, айқын болған, нақты дәлелдермен белгілі болған.

 

76- Әл-Батин: Ақылдың түсінігінен, шамалағанынан жасырын.

 

77- Әл-Уали: Бүкіл ғаламды басқарған, олардың істерін жолына қойған.

 

78- Әл-Мутә’али: Ең ұлы болған.

 

79- Әл-Бәрр: Жақсылығы және мейірімі мол болған.

 

80- Әт-Тәууаб: Тәубаларды қабыл етіп, күнәларды кешіретін.

 

81- Әл-Мунтәқим: Қарсы шыққандардың, залымдардың жазасын беретін.

 

82- Әл- Афуу: Кешірімі көп болған, күнәларды кешіруші.

 

83- Әр-Рауф: Өте мейірімді, өте рақымды.

 

84- Малик-ул Мулк: Мүліктің, барлық болмыстың иесі.

 

85- Зул-Жәлали уәл Икрам: Ұлылық, үстемдік, абырой және кемелдік иесі.

 

86- Әл-Муқсит: Зұлымдық көргендердің ақысын алған, әділдікпен үкім еткен, әр істі бір-бірімен үйлестіре жасаған.

 

87- Әл-Жами: Екі терісті бір жерге алып келуші. Қияметте барлық махлұқтарды бір жерге жинаушы.

 

88- Әл-Ғани: Еш нәрсегеқажеттілігі, мұқтажыдығы болмаған байлық иесі. Барлық болмысты өзіне мұқтаж етуші құдірет.

 

89- Әл-Муғни: Мұқтаждықты кетіруші, қажеттіліктерді беріп, бай етуші.

 

90- Әл-Мани: Қаламаған нәрсесіне кедергі болатын.

 

91- Әд-Дарр: Ауру, зиян беретіндерді жаратқан.

 

92- Ән-Нафи: Пайдалы нәрселерді жаратқан.

 

93- Ән-Нур: Әлемдерді нұрландырған, қалағанына нұр беретін.

 

94- Әл-Хади: Хидаят (иман) беруші.

 

95- Әл-Бәди: Мысалсыз, ғажайыптар жаратушы. (Ұқсасы және серігі болмаған).

 

96- Әл-Бақи: Бар болуының соңы болмаған, мәңгі болған.

 

97- Әл-Уарис: Барлық нәрсенің негізгі иесі.

 

98- Әр-Рашид: Жол көрсетушіге мұқтаж болмаған, өзі дұрыс жолды көрсетуші.

 

99- Әс-Сабур: Жаза беруге асықпайтын.

 

Басқа есімдер айту

 

Сұрақ: Аллаһу та’алаға Оның 99 есімінен басқа бір есім айту жаиз ба? Мәселен Патша, Сұлтан, Құдай сияқты есімдер айту жаиз бола ма?

 

Жауап: Ғибадат болмаған жерлерде қолдану жаиз. Ғибадат ретінде қолдануға болмайды.

 

Биргиуи өсиетнамасы кітабында Аллаһтың есімдерінен діннің білдірген есімдерін ғана айту керектігі, Әсма-и хуснадан басқа есім айтуға болмайтындығы жазылған.

 

Шәрһ-ул Мәуақиф кітабында былай делінген: «Аллаһу та’алаға жарасатын мағынадағы 99 есімінен басқа есім айтуды, ғалымдардың көпшілігі жаиз емес деп білдірді». Яғни Аллаһу та’алаға жарасатын басқа есімдермен атаудың жаиз екенін білдірген ғалымдар аз болса да бар деген сөз.

 

Әсма-и хуснада болмағанымен Мәула, Раб, Насыр, Ғалиб, Әкрам, Аллаһу тааланың есімі ретінде Құран кәрімде қолданылған. Хадис шәрифтерде болса, Ханнан, Мәннан, Жәмил сияқты есімдер қолданылған. (Фәраид)

 

Ахмет Яссауи хазреттері де Құдай, Изз, Яздан және басқа да есімдерді Илаһ мағынасында қолданған. Көп ғибратты оқиғаларда да билеуші, сұлтан сөздері де ғибадаттан тыс жерлерде қолданылған. Ғалымдардың қолданған есімдерінен басқа есімдерді қолданбаған жөн.


Әсма-и хуснаны жаттау

 

Сұрақ: Бір досым маған: “Әбу Хурайрадан келген бір хадисте пайғамбарымыздың: «Аллаһу та’аланың 99 Әсма-и хуснасын жатқа білген адам жәннатқа кіреді, шексіз бақытқа қауышады”- дегені білдірілген. Бірақ пайғамбарымыздың Аллаһтың есімдеріне мұндай шектеу қоюы мүмкін емес. Бұл хадис сахих емес. Пайғамбарымыз: «Аллаһтың көп есімдерінің ішінен кемінде 99-ын жатқа білген адам жаннатқа кіреді, шексіз бақытқа жетеді.» деген болуы мүмкін”- деді. Бұл досымның сөзінде шындыққа жанасар бір нәрсе бар ма?

Жауап: Жоқ, өйткені бұл хадис шәриф “кутуби ситтәнің” ең құнды үш хадис кітабында, яғни Бұхари, Мүслим және Тирмизиде өткен. Бұл хадис шәрифті қате деп санау бұл үш ұлы ғалымды надан деп санаумен тең.

 

Дін кітаптарында бұл мәселе ашықтап түсіндірілген. “Баршаға қажет иман” кітабында былай делінген: Аллаһу та’аланың есімдері шексіз. Мыңбір есімі бар екені мәшһүр. Яғни есімдерінен мыңбірі адамдарға білдірілген. Ал бұлардың ішінде 99-на Әсма-и хусна деп айтылады.

 

Демек Аллаһтың мың бір есімі бар. Бірақ бұлардан 99-ы Әсма-и хусна деп аталады. Қадызада Ахмет хазреттері де Биргиуи өсиетнамасында “Аллаһу та’аланың 99 есіміне Әсма-и хусна деп айтылады” деп білдірген.

 

Досыңыздың айтқанындай Аллаһтың есімдерінің 99-ын емес, пайғамбарымыздың білдірген 99 есімін, яғни Әсма-и хуснаны жаттау керек. Әйтпесе Аллаһу та’аланың есімдері көп. Бұлардың кез-келген 99-ын емес, Пайғамбарымыз білдірген 99 есімін жаттау керек. Бұл жердегі жатқа білу бұл 99 есімдерін мағыналарымен бірге жаттап олармен амал ету деген сөз. Бұлай жасаған адам әрине жәннатқа кіреді, шексіз бақытқа қауышады.

 

Бірнеше мысал берейік:

 

Кәрим: Жомарттығы, сыйы, мейірімі мол, өтемін талап етпей беретін, көп сый-сыйапат ететін. Мұсылман да жомарт болуы және мейірімді болуы керек.

 

Ғаффар: Күнәларды жабушы және көп кешірім етуші. Мұсылмандар да бір-бірлерінің кемшіліктерін көрмеуі керек. Кешірімді болуы керек.

 

Раззақ: Барлық болмыстың ризықтарын және қажеттіліктерін беруші. Бұл есімін оқығанда ризығы үшін алаңдамау керек.

 

Мутакәббир: Ұлылығында серігі, ұқсасы жоқ. Бұл есімін оқығанда Аллаһу та’аланың ұлылығын және кибриясын ойлап тәкаппарлықтан ұзақ болу керек.

 

Осы сияқты Әсма-и хуснадағы есімдерін оқығанда мағыналарын түсініп бұлар бойынша амал ету керек.

 

Досыңыздың хадисті оқып қате түсінуі де тәфсирлерден, Құран аяттарымен хадистерден тікелей дін үйренуге болмайтындығын көрсетуде. Дінімді үйренейін деп отырып қате түсініп дінсіз болып шығуы әбден мүмкін. Сондықтан дінімізді дұрыс жазылған илмихал кітаптарынан үйренуге тырысуымыз керек. Әһли сүннет ғалымдарының құнды кітаптарынан аударылып дайындалған нақлға сүйенетін ең құнды илмихал “Садәти Әбәдийа” кітабының соңғы сөзінде былай делінген:

 

Әулие болған Әһли сүннет ғалымдары жүрек, көңіл және рухтың мамандары болып адамдардың дене бітіміне, ауруына және сол заманның зұлымдығына және бүліктеріне жарайтын рух дәрілерін хадис шәрифтерден тауып таңдап айтқан және жазып кеткен. Расулуллаһ бүкіл әлемнің дәріханаларына дәрі дайындайтын бас дәрігерге, әулие болған әһли сүннет ғалымдары болса бұл дайын дәрілерді науқастардың дерттеріне қарай тарататын көмекші дәрігерлерге ұқсайды. Ауруымызды өзіміз білмегеніміз үшін және оны емдейтін дәрілерді ажырата алмағанымыз үшін жүз-мыңдаған хадистердің ішінен өзімізге дәрі іздеуге кірісіп одан уланатын болсақ надандығымыздың жазасын тартып, пайданың орнына зиян көрген болмамыз. Сондықтан да хадис шәрифте: “Құран кәрімді өз түсінгені бойынша тәфсир еткен адам кәпір болады”- делінген. Мазһабсыздарда бұл ерекшеліктерді түсінетін ми болмағандықтан “Барлық адамдар Құран және хадистерді оқуы керек, дінді бұлардан әркім өзі түсініп алуы керек, мазһаб кітаптарын оқымау керек” деп өһли сүннет ғалымдарының кітаптарын оқуға қарсы шығып бүкіл Мұсылмандарды пәлекетке тартуда.

 

 

Сұрақ: Әсма-и хуснаданболған Алим есімін данышпан, білгір деп аударуға бола ма? Сол сияқты Басир есіміне де толық көретін деп мағына берсе бола ма?

Жауап: Алим есімі Құран кәрімде жүзден астам жерде өткен. Бірақ ешбір тәфсир кітабынан данышпан, білгір деген сөзді көрмедік. Барлық тәфсирлерде ғалым, яғни барлық нәрсенің ішін және сыртын ең керемет түрде білуші деген мағына берілген. Алим – білу дегенді білдіреді. Нені білу, барлық нәрсені білу деген сөз. Қалай білген? Толығымен, ең жақсы және жетік білген деген сөз. Қысқасы Алим барлық нәрсені толық және жетік білуші дегенді білдіреді.

 

Басир де көру дегенді білдіреді. Нені көру? Жасырын-ашық тұрған барлық нәрсені көру деген сөз. Қалай көру? Барлық нәрсенің ішін және сыртын ешқандай мүшесіз, көмексіз, жарықсыз, бағытсыз көру деген сөз. Бұл жерде толық көру деген мағына біраз жеткіліксіз болуда. Жасырын, ашық болған барлық нәрсені ең жақсы түрде көруші деп айту жақсырақ болады.

 

Әл-Хақ есімі

 

Сұрақ: Кейбіреулер: “Аллаһтың Хақ деген есімі жоқ, оған хақ деп айту ширк болады”- деп айтып жүр. Біз көбінесе Хақ та’ала деп айтып жүреміз, бұл ширк бола ма?

Жауап: Жоқ, ширк емес. Әл-Хақ есімінің, Әсма-и хуснадағы яғни Аллаһу та’аланың 99 әдемі есімдерінің бірі екендігі Тирмизидегі хадис шәрифте білдірілген.

 

Әл-Хақ: Болмысы еш өзгермейтін. Бар болған, дұрысты, хақты ортаға шығарған дегенді білдіреді.

 

Әл-Бәрр есімі

 

Сұрақ: Әсма-и хуснадағы Әл-Бәрр сөзін Әл-Бирр деп жазуға бола ма? Екеуінің арасындағы айырмашылық неде?

 

Жауап: Бұл сөз ислам (арап) әріптерінде БР деп жазылады. Бәр, бир, және бур деп оқуға болады.

 

Бирр жақсылық дегенді білдіреді. Құранның көп жерлерінде кездеседі: Бақара 44, 177, 189; Али Имран 92, Маида 2.

 

Тур сүресінің 28 аятында әл-бәрр-ур-рахим деп өткен. Бұл әсма-и хуснадағы бәрр сөзі. Бұл бәрр деп жазылады. Сонымен қатар бәрр сөзі құрлық бөлшегі деген мағынаға да келеді. Маида сүресінің 96 аятында саид-ул бахри=теңіз жануары, саид-ул бәрри=құрлық жануары деген мағынада келеді. Мына сүрелерде де құрлық бөлшегі деген мағынада өткен: 6/59; 6/63; 6/97; 10/22; 17/67; 7/68; 17/70; 27/63; 29/65-66; 30/41; 31/32

 

Бурр бидай дегенді білдіреді. Бір хадис шәрифте “Бидайды бидайға сатқанда бірі артық болса фаиз болады” делінген. Уәл бурру бил бурру деп жазылған. (Тирмизи)

 

Ал бирр болса, жақсылық деген мағынаны білдіреді. Бәрр, Әсма-и хуснадағы есім, сонымен қатар құрлық бөлшегі деген мағынада да айтылады.

 

Уахид және Ахад

 

Сұрақ: Бір деген мағынаны білдіретін Уахид және Ахад сөздерінің қандай айырмашылығы бар?

 

Жауап: Иә, Уахид те Ахад та “бір” деген мағынаны білдіреді. Біреуі сипат есімі, біреуі заттық есімі. Уахид, Аллаһу та’аланың сипат есімдерінің бірі, Әсма-и хуснада білдірілген 99 есімінің бірі. Уахид, затында, сипатында және амалдарында ұқсасы, серігі болмаған, жалғыз болған деген мағынаны білдіреді. Құран кәрімдегі бір аяттың мағынасы мынадай:

 

“Әрине илаһтарың уахид, бір ғана.” (Саффат 4)

 

Ахад болса Оның заттық есімі. Тағы бір аяти кәримада былай берілген:“Оларға айт, Аллаһ ахад, бір.” (Ихлас 1)

 

Бұл жерде заттық жағынан бір дегенді білдіреді. Бұл жердегі бір сөзін саны жағынан бір деп түсінбеу керек. Олай түсінілетін болса Аллаһ зат, дене сияқты түсініледі. Өйткені Аллаһ ешнәрсеге ұқсамайды, ойымызға келгендердің бәрі де махлұқ, жаратылыс. Ол барлық ойлағанымыздан басқаша, өзгеше. Мужассима және Мушаббиха деп аталатын секталар Аллаһты жүретін, отыратын, зат, дене деп санайды. Құран кәрімде:

“Оған ұқсайтын ешнәрсе жоқ, Ол ешнәрсеге ұқсамайды” делінген. (Шура 11)


Аллаһтың есіміне құрмет

 

Сұрақ: Аллаһ есімін оның құрметін білдіретін сөзсіз жазуға немесе айтуға бола ма?

 

Жауап: Сәләфус-салихин (Сахабалар, табииндер) құрметпен айтып құрметпен жазатын еді. Оны алып тастау бидғат болады. Бір жазуда, әңгімеде бір рет болса да құрметпен жазу керек немесе айту керек! Сондықтан Аллаһу та’ала деп айтуға әдеттенуіміз керек.  


Аллаһу таала разы болсын

 

Сұрақ: Аллаһ разы болсын дегенде құрмет сөзі айтылмаған бола ма?

Жауап: Иә, Аллаһу таала разы болсын деп айту керек!


Қысқартулар

 

Сұрақ: Діни жазуларда құрмет сөздерін барлық жерінде жазу керек пе? (Ж.Ж), (С.А.У), (Р.А) сияқты қысқартып жазуға бола ма?

 

Жауап: Дін кітаптарында былай делінген:

 

Аллаһу та’аланың есімін оқығанда, жазғанда, естігенде субханаллаһ, тәбәракаллаһ, жәллә-жәлалуһ немесе та’ала сияқты құрмет сөздерінің біреуін айту, жазу, біріншісінде уәжіп болады, қайталанғанда мүстаһаб болады. Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уәсәлләмнің есімін есіткен адамның өмірінде бір рет салауат айтуы фарз, оқығанда, жазғанда, айтқанда, естігенде біріншісінде айту уәжіп, қайталанғанында мүстаһаб болады.

 

(ж.ж.), (с.а.у.), (р.а.) сияқты қысқартып жазу дұрыс емес. Мирати каинат кітабында:«Надандар және жалқаулар құрмет сөздерін қысқартып оның орнына бірнеше әріп жазып қоюда. Бұл дұрыс емес. Бұдан сақтану керек!» деп жазылған.


Жеңіл қарау қауіпті

 

Сұрақ: Қысқартулар бүкіл әлемдегі діни кітаптарда жаппай қолданылуда. Біз ондай жазуларды оқып жатқанда (Ж.Ж.) деп өткен жерлерде әріп күйінде емес, Жәллә Жәләлуһ деп дауысымызды шығарып оқып өтеміз ғой. Бұл мәселелерді дұрыс, дұрыс емес деп талқылауымыздың өзі босқа уақыт өлтіру ғой. Бұлардың Исламда шыбынның қанатындай маңыздылығы жоқ.

 

Жауап: Аллаһу та’аланың есімін дұрыс жазайық, Ж.Ж. деп бас әріптерін ғана жазбайық деп айтуды шыбынның қанатындай нәрсе деп қарау адамның иманына қауіп төндіретін нәрсе. Діннің қандай да бір мәселесіне жеңіл қарау қауіпті нәрсе. Дін кітаптарында Ж.Ж. деп жазбау керек делінген. Бірақ бүгінгі адамдар жазып жүр. Барлық елдерде бұның әдетке айналуы өлшем бола алмайды, мұсылмандар үшін дәлел бола алмайды. Дәлел – дін ғалымдарының білдіргені. Егер шыбынның қанатындай маңызы болмағанда дін ғалымдары мұны кітаптарына жазбас еді. Адам бір сөзбенен күпірге түседі, бір сөзбенен иманға келеді. Бір сөзбенен әйел күйеуінен ажырап қалады, бір сөзбенен қыз біреуге әйел болады.


Кіші әріптермен жазу

 

Сұрақ: Аллаһ сөзін аллаһ деп бас әріптерін кіші әріппен жазу күпір ма, әлде харам ба?

 

Жауап: Күпір де емес, харам да емес, мәкрух та емес. Өйткені Ислам (арап) әріптерінде үлкен әріп жоқ. Сол себепті Құран кәрімде Аллаһ есімі кіші әріптермен жазылған. Қазақшада ерекше атаулардың үлкен әріптермен жазылуы әдет болғаны үшін, кіші әріптермен жазып жұрттың сынына себеп болмау керек.


Тек Аллаһ деп айту

 

Сұрақ: Сөйлесіп отырғанда, уағыз айтқанда “Аллаһ айтқан” деп айту дұрыс бола ма?

 

Жауап: Дұрыс болмайды, құрметсіздік болады. Аллаһ таала немесе Алла деп айту да дұрыс емес. Аллаһу та’ала деп толық айту керек. Аллаһу та’аланың есімін айтқанда, естігенде, жазғанда жәллә жәлалуһ, та’ала сияқты құрмет сөздерінің бірін айту, жазу біріншісінде уәжіп, қайталанғанында мүстаһаб болады. Расулуллаһтың есімін естігенде салауат айту да осылай. (Рәддул Мухтар)


Өнер туындысы

 

Сұрақ: Табиғаттағы әсемдіктерге, құбылыстарға және осы әлем үшін өнер туындысы деп айтқанда, Аллаһу та’аланы өнерші деп айтқан болмай ма?

Жауап: Бүкіл әлем, табиғаттағы құбылыстар барлығы да өнер туындысы. Бұлай айтудың зияны жоқ. Бір жапырақтың өзі ішінде сан қилы үрдіс жүріп жатқан алып зауытқа тең. Бір құм бөлшегі, бір жанды жасуша ғылымның бүгінгі түсінігі жеткен осы нәзік өнердің бір көрмесі. Бүгінгі ғылымның тапқандары, жеткен жетістіктері деп мақтан тұтып жүргендеріміз, бұл табиғаттағы өнерлердің кішкене ғана бөлігін көріп соны көшіре алуымыздың нәтижесі.

 

Әрбір өнер туындысының бір иесі болады. Аллаһу таала болса бүкіл ғаламның иесі. Оның жаратуы өнершінің бір нәрсе істеуі, бір жаңа туынды шығаруы сияқты емес. Ол туындыны жаратқан тағы да Аллаһу та’ала. Аллаһу та’ала бір нәрсе жарататын кезде оған тек “БОЛ” дейді, ол нәрсе сол мезетте бар болады. Аллаһу таалаға өнерші деп айту жаиз емес.

 

Имам Раббани хазреттері былай деген:

 

Аллаһу та’аланың есімдері діннің иесінің білдіруіне байланысты. Исламның білдірген есімін айту керек. Ислам білдірмеген есімді айтуға болмайды. Қаншалықты жақсы, әдемі есім болып көрінсе де айтуға болмайды. (2/67)