7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хазіреті Әлидің ерлігі

Хазіреті Әлидің ерлігі

Ол күні де Хайбәрдің алдында қызу шайқас болды. Бірақ, бекініс алынбады. Кешке пайғамбарымыз «Ертең туды сондай бір адамға беремін, ол Аллаһу та’ала мен расулын жақсы көреді. Аллаһу та’ала мен расулы да оны жақсы көреді. Аллаһу та’ала оның қолы арқылы жеңіс береді» деп сүйіншіледі. Сол түні сахабалар (радиаллаһу анһум) толқып, әуестеніп таңның атқанын күтті. Әр қайсысы тудың өзіне берілетінінен үміттеніп, осы үшін Аллаһу та’алаға дұға етті. Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) таң намазының азанын әсем даусымен оқыды. Азан шақырылған кезде әр адам айрықша бір толқыныспен, тебіреніспен сол илаһи ләззаттың дәмін татып тұратын. Пайғамбарымыз сахабаларына таң намазын оқытқаннан кейін орнынан тұрды. Қасиетті Ислам туын әкелуді бұйырды. Туды әкеле жатқанда сахабалар түрегеп тұрып, толқып, қызығушылықпен пайғамбарымыздың аузынан шығатын сөздерді тыңдау үшін зер салып қарап тұрды. Пайғамбарымыз «Мұхаммедке пайғамбарлық берген Аллаһу та’алаға ант етемін, мен бұл туды қашудың не екенін білмейтін ер жүрек жігітке беремін» дегеннен кейін сахабаларға көз жүгіртіп, «Әли қайда?» деді. Сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Оның көзі ауырып жатыр» дегенде пайғамбарымыз «Оны маған алып келіңдер» деді. Ол кездерде хазіреті Әли көз ауруына шалдығып, көздерін аша алмай қалған еді. Оған барып, жағдайды айтып, пайғамбарымызға алып келді. Пайғамбарымыз хазіреті Әлидің сауығуы үшін Аллаһу та’алаға дұға етіп, саусағын аузына салып сулап оның көзіне жақты. Сол кезде хазіреті Әлидің көзінде ешқандай ауру қалмай жазылып кетті. Сосын «Йа, Раббым! Оны ыстық пен суықтың қиындығынан арылт» деп дұға етті. Одан кейін хазіреті Әлидің үстіне өз қолымен сауыт кигізіп, беліне өз қылышын асындырып, қолына Исламның ақ туын беріп «Аллаһу та’ала саған жеңісті бұйыртқанға дейін соғыс. Мүлде кері қайтпа» деді. Хазіреті Әли «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Олармен Ислам дініне кіргенге дейін соғысамын» деді. Пайғамбарымыз «Уаллаһи, сенің себепші болуыңмен Аллаһу та’аланың олардан бір адамды тура жолға салуы сен үшін бірнеше қызыл түйеге ие болып, оларды Аллаһу та’аланың жолына садақа етіп беруіңнен де қайырлы» деді.

 

Хазіреті Әли туды қолына алып, яһудилердің бекінісіне қарай жүрген кезде сахабалар оның артынан ерді. Бекініске жақындап, туды бір тастың түбіне тіккен кезде Натат бекінісінің есігі ашылды. Яһудилердің шабуылдаушы әскерлері сыртқа шықты. Бұлар Хайбәрдің ең таңдаулы батырлары болатын. Әрқайсысы қос-қостан сауыт киініп, темір қорғаныштармен оранған еді. Олардың бірі хазіреті Әлиге қарай жүріп, шайқасуға бет алды. Ол Мәрхабтың бауыры Харис болатын. Екі болаттан шыққан дауыс шыңылдап, Зулфиқардың найзағайдай жарқ еткені және Харистің басының шабылып жерге түскені байқалды. Осы сәтте «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстар көкті жаңғыртты. Бауырының өлгенін естіген Мәрхаб қол астындағы әскерлерімен алаңға бет алды. Хазіреті Әлидің қарсы алдына барып тұрды. Оның да үстінде екі сауыт болатын. Қос қылыш асынған денесімен бір диюді елестететін. Бар даусымен «Мен соғыстың ең қызған кезінде ортаға шығып, батырларша соғысқан Мәрхабпын. Мен ақырған арыстандарды да найзамен немесе қылышпен паршалап тастаймын» деп мақтана бастады. Хазіреті Әли «Маған анам Хайдар (арыстан) деген ат қойған. Мен айбатты арыстандаймын. Сені бір соққыда жерге құлататын адаммын» деп жауап қайтарды. Мәрхаб хазіреті Әлиден Хайдар деген есімді естігенде жүрегіне қорқыныш ұялады. Өйткені, сол түні түсінде оны бір арыстанның талағанын көрген еді. Түсінде көрген арыстаны осы ма еді? Мәрхаб шабуылдап, хазіреті Әли оны қалқанымен күтіп алды. Сосын Аллаһу та’алаға сыйынып, Зулфиқарды кәпірдің басына қарай қатты сілтегені соншалық алып Мәрхабтың Зулфиқарға қарсы тосқан болат қалқаны мен болаттан жасалған дулығасын екіге айырып, басын екіге бөліп тастады. Зулфиқардан шыққан қатты дауыс Хайбәрдің барлық жеріне естілді. Пайғамбарымыз «Қуаныңдар! Хайбәрдің жеңісі енді оңайлады» деді. Сахабалар хазіреті Әлидің бұл ерлігіне қайран қалды. Олардың «Аллаһу әкбар!» деген дауыстары көкті жаңғыртты. Соғыс қызу жүріп жатты. Сахабалар соғыса келіп, бекіністің есігінің қасына келген кезде бір яһуди қылышын хазіреті Әлидің қалқанына сілтеді. Қалқан жерге түсті. Бірақ, оны еңкейіп алатын уақыт жоқ еді. Мүмкіндікті жіберіп алғысы келмеген яһуди қалқанды алып кері қашты. Бұған қатты ренжіген Аллаһу та’аланың арыстаны Зулфиқармен айналасындағы жауды ыдыратқаннан кейін бекіністің есігін қалқан етіп алуды ойлады. «Бисмилләһиррахманиррахим» деп, үлкен темір есіктің алқаларынан ұстады. Ілмектерін қабырғадан сілкіп жұлып алды. Хазіреті Әли есікті алғанда бекініс орнынан қозғалды. Сегіз-он палуан орнынан қозғалта алмайтын бұл есікті бір қолымен көтеріп, қалқан етіп соғыса бастады. Алдынан яһудилердің тағы алты палуаны шықты. Оларды да Аллаһу та’аланың бұйыртуымен жеңген хазіреті Әли батыр жолдастарымен бірге бекініске кірді. Енді бекіністің ішінде шайқасты. Аз уақыттың ішінде оларға қарсы шығатын ешкім қалмады. Олар Исламның туын бекініске тігіп, осылайша, ең мықты бекініс Натат бағындырылды. Пайғамбарымыз хазіреті Әлидің көзінен сүйіп, «Көрсеткен ерлігіңе байланысты Аллаһу та’ала мен Расулы саған разы болды» деді. Бұл сөзді естіген Әли (радиаллаһу анһ) қуанғанынан жылап жіберді. Пайғамбарымыз «Неге жылайсың?» дегенде «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Қуаныштан жылаймын. Өйткені, Аллаһу та’ала мен Расулы маған разы болды» деді. Пайғамбарымыз оған «Тек мен емес, Жәбрейіл, Микаил және барлық періштелер саған разы болды» деді.  Осы кезде Дәус тайпасынан төрт жүз мұсылман пайғамбарымызға көмекке келді. Содан соң басқа бекіністерді бағындыру үшін қызу шайқастар жалғасты. Хайбәрдің қалған жеті бекінісі біртіндеп қиратылғаннан кейін шарасыз қалған яһудилер елші жіберіп, бейбіт келісім сұрады. Пайғамбарымыз бұл ұсынысты қабылдап, мынадай баптарға келісті:

1- Осы соғыста мұсылмандармен соғысқан яһудилердің қаны төгілмейді.

    2- Хайбәрден кететін яһудилер тек балаларын және бір түйелік керек заттарын әкете алады.

    3- Қалған заттардың барлығы сауыт, қылыш, қалқан, садақ, оқ сияқты барлық қарулар, үстеріндегі киімнен басқа киімдердің барлығы, маталар, алтындар, қазыналар, ат, түйе, қой сияқты барлық малдар, не бар болса соның барлығы мұсылмандарда қалады.

    4- Мұсылмандарға қалдырылуы керек зат жасырылмайды. Жасырғандар Аллаһу та’ала мен Расулының сенімі мен қамқорлығынан шығады.

 

Бұл шарттарға бағынбаған, қазыналарын жерге көмген Кинанә бин Рәби жазаландырылды. Қолға түскен олжаның есебі жоқ еді. Хайбәрдің құнарлы жерлері, құрма баулары түгелдей Ислам әскеріне қалдырылды.

 

Осы арада елдеріне қайтқан ғатафандықтар яһудилерге көмек беру үшін Хайбәрге қайтқан болатын. Пайғамбарымыздың Хайбәрді басып алып, яһудилерді бағындырғанын көрген кезде «Ей, Мұхаммед! Сен Хайбәрден кететін болсақ бізге Хайбәрдің бір жылдық құрмасын беруді уәде еткен едің. Сөзімізде тұрдық. Қане, бізге оларды бер» деді. Пайғамбарымыз оларға «Пәлен тау сендердікі болсын» деді. Ғатафандықтар «Олай болса біз сендермен соғысамыз» деп қорқытпақшы болды. Пайғамбарымыз «Соғысатын жеріміз Жәнәфа болсын» деді. Жәнәфа ғатафандықтардың бір аймағы болатын. Ғатафандықтар мұны естіп, қорқып кері қайтты.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен ардақты сахабалары Хайбәр соғысында қатты шаршаған болатын. Бір жақта жаралыларды емдеп, бір жағынан демалды. Яһудилерден Сәллам бин Мишкеннің әйелі Зейнеп пайғамбарымызға у беріп өлтірмек болады. Сөйтіп, бір ешкі сойып, етін пісіреді. Етке көп мөлшерде у қосады. Сосын пайғамбарымызға барып, сыйлық әкелгенін айтады. Пайғамбарымыз оны қабылдап, сахабаларын шақырады. Барлығы етті жеуге отырады. Пайғамбарымыз қол жағынан ет кесіп алып, «Бисмилләһиррахманиррахим» деп аузына салды. Сәл шайнағаннан кейін етті дереу аузынан шығарып, «Ей, сахабалар! Бұл еттен қолдарыңды тартыңдар. Өйткені бұл ет уланған екендігі маған білдірді» деді. Сахабалар еттен қолдарын тартып алды. Бірақ, бір кесек ет жеген Бишр бин Бәра денесі көгеріп, шәйіт болды. Пайғамбарымызға Жәбрейіл алейһиссалам келіп, түкірігіне араласқан удың әсерінен арылу үшін иығының арасынан қан алдыруды айтты. Солай жасалды. Сосын ол етті топыраққа көміп тастады. Мұны істеген Зейнепті ұстап алып келді. Пайғамбарымыз одан «Мына етті сен уладың ба?» деп сұрады. Ол істеген ісін мойындап, «Иә, мен уладым» деді. Пайғамбарымыз «Неге олай істедің?» деп сұрағанда «Сен менің күйеуімді, әкемді, көкемді өлтірдің. «Егер ол анық пайғамбар болса Аллаһ оған білдіреді. Олай болмаса бұл у оған әсер етіп, ол өледі. Осылайша, одан құтыламыз» деп ойладым. Сахабалар бұл оқиғаға қатты ренжіген еді. «Жанымыз сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ мұны өлтірейік пе?» деп сұрағанда жеке өзіне жасалған барлық қастандықты кешіретін пайғамбарымыз оған да кешірім берді. Осындай рақымдылық көрген Зейнеп кәлимаи шаһадат айтып, мұсылман болды (радиаллаһу анһа).

 

Хайбәрде қолға түскен олжалар мен тұтқындардың арасында Хуйей бин Ахтабтың қызы Сафийа да (радиаллаһу анһа) бар болатын. Ол бас қолбасшы болғандықтан пайғамбарымыздың үлесіне тиген болатын. Пайғамбарымыз оны азат етті. Ол бұған қатты әсерленіп, мұсылман болды. Бұған қатты қуанған пайғамбарымыз онымен некесін қидырды. Осылайша, хазіреті Сафийа мүміндердің анасы болды. Сәхба деген жерде тойы жасалып, қауын мен құрмадан той тағамы дайындалды. Сафийа анамыздың (радиаллаһу анһа) көзінде көгерген бір жері бар еді. Пайғамбарымыз «Бұл ненің ізі» деп сұрағанда ол «Бір күні түсімде айдың көктен түсіп, қойныма кіргенін көрген болатынмын. Түсімді күйеуіме айтқанымда «Сен бізге қарсы келе жатқан араб басшысының әйелі болуға көз тігіпсің» деп көзімнен ұрды. Бұл соның орны» деді.

 

Хайбәр алынғаннан кейін яһудилер пайғамбарымызға «Йа Мұхаммед! Біз Хайбәрден шығып кетеміз. Бірақ, біз егіс, бау-бақша істерін жақсы білеміз. Қаласаң мына құнарлы жерлерді бізге жалға бер. Біз оның өнімінің жартысын саған берейік» деп ұсыныс айтты. Пайғамбарымыз бен сахабалардың егістік жұмыстарымен айналысатын уақыттары жоқ болатын. Олар Ислам дінін таратуға тырысып, Аллаһ жолында жихад етуге бар жандарын салған еді. Бұл ұсынысқа пайғамбарымыз қуанып, «Сендерді қалаған уақытымда шығару шартымен» деді. Яһудилер мұны қабылдап, Хайбәр жерінде егістікпен айналыса бастады.

 

Пайғамбарымыз сахабаларымен жеңіске қол жеткізіп, Мәдинаға қайтты. Бұл кезде одан бұрын Хабашстанға хижрет еткен сахабаларының Жафәр бин Әбу Тәліптің (радиаллаһу анһ) басшылығымен келгенін көріп, қатты қуанды. Хазіреті Жафәрдің маңдайынан сүйіп, бауырына қысып, «Мен Хайбәрдің алынғанына ма, әлде Жафәрдің келгеніне ме, қайсысына қуанатынымды білмей тұрмын. Сендердің хижреттерің екі рет болды. Сендер Хабаш еліне және менің отаныма хижрет еттіңдер» деді.

 

Хайбәрде қолға түскен олжалар Худәйбийа келісіміне қатысқан барлық сахабаларға, Хайбәрге қатысқандарға, Хабашстаннан хижрет еткен сахабалар мен Дәус тайпасына үлестірілді.

 

Хайбәрдің бағындырылуымен Арабстандағы барлық яһудилер пайғамбарымыздың қол астына кірді. Енді олардың мүшріктерге көмектесетін мүмкіндіктері қалмаған еді. Айналадағы тайпалар мен елдер қаруы мен әскері жағынан бағынуы мүмкін емес болып көрінген Хайбәр бекінісін бағындырған мұсылмандардың үлкен күшке ие екенін түсініп, бұл Ислам мемлекетінен тартына бастады. Меккелік мүшріктер Хайбәрдің бағындырылғанына қатты қайғырды. Бұл жеңістен кейін үлкенді-кішілі көптеген тайпалар мұсылман болу үшін Мәдинаға барып, сахабалардың қатарына қосылды. Тіпті, ғатафандықтардың өзі де барды. Келмеген басқа тайпаларға әскер жіберіліп, бағындырылды.