8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   


Умратул-қаза сапары

Худәйбийа келісіміне бір жыл толған еді. Құрбан айтқа бір ай қалғанда расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларына умраға дайындық жасауды бұйырды. Худәйбийаға барып, Ридуан антына қатысқандардың қайтыс болғандарды қоспағанда қалғандары умра үшін дайын тұруы керек еді. Осы бұйрыққа орай екі мың сахаба дайындықтарын аяқтады. Құрбандыққа шалуға жетпіс түйе алынды. Оларды Меккеге дейін жайып алып бару үшін Нажийа бин Жүндуб пен төрт жолдасына (радиаллаһу анһум) осы іс тапсырылды. Сондай-ақ, Мұхаммед бин Мәсләмәнің (радиаллаһу анһ) қарамағына жүз атты әскер беріліп, сауыт, найза, қылыш сияқты соғыста қолданылатын қаруларды апаруы үшін алдын ала жолға шығарылды. Мүшріктерге сенуге болмайтын еді. Егер шабуыл жасалатындай жағдай болса, мұсылмандар өздерін қорғау үшін осы қаруларды қолданатын еді. Сахабалардың біразы: «Йа Расулаллаһ! Худәйбийа келісімі бойынша умраға қынабына салынған қылыштан басқа қарумен баруға болмайды деп келіскен едік»- деді. Пайғамбарымыз: «Біз бұл қаруларды Харемге, құрайыштықтардың қасына апармаймыз. Бірақ, олар бізге бір шабуыл жасайтындай болса қол астымызда болады»- деді.

 

Мәдина Мунаууараға өкіл ретінде Әбу Зәррил-Ғифари (радиаллаһу анһ) қалдырылды. Кейбір деректерде Әбу Рухмул Ғифаридың (радиаллаһу анһ) қалдырылғаны туралы да айтылады. Екі мың сахаба пайғамбарымызбен бірге Мәдинаға қарай жолға шығады. Сахабалар қатты толқыған еді. Жылдар бойы Аллаһу та’аланың жолында, пайғамбарымыз үшін үйлерін, жайларын, тастап кеткен отандарын көретін еді. Бес уақыт намазда бет бұратын Қағбаны зиярат ететін еді. Мұсылман болып, келісімге орай Мәдинаға келе алмаған туыстарын көретін еді. Жылдар бойы көздерінен жас орнына қан ағызған, зұлымдықтар көрсеткен, пұттарына табындыру үшін көптеген бауырларын шәйіт еткен құрайыштық мүшріктерге Исламның ұлылығы мен құндылығын көрсететін еді. Мүмкін, мұны көрген мүшріктердің көңілінде Исламға деген сүйіспеншілік сезім пайда болып, мұсылман болар!...

 

Мәдинада қалғандар Уәда деген жерге дейін пайғамбарымызды тәкбір айтып шығарып салғаннан кейін кері қайтты.

Пайғамбарымыз Мәдинаға он төрт шақырым қашықтықтағы Зулхуләйфаға барған кезде ихрам киінді. Сахабалар да солай жасады. Барлығы аққа оранған еді. «Ләббәйк! Аллаһумма Ләббәйк! Ләббәйк! Лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл хамдә уәнни’мәтә ләкә уәл мулкә, лә шәрикә ләк» деген дауыстармен көкті жаңғыртты. Жол сапары Аллаһу та’алаға шүкіршілік етумен, жалбарынумен, Оның есімін зікір етумен, өте ләззатты өтті.

 

Алдын ала кеткен Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ) бастаған жасақ Меккеге жақындағанда оларды құрайыштық мүшріктер көреді. Қорқып, олардың қасына барып, «Бір жыл бұрын осылай келісіп пе едік?» дегенді меңзеп «Бұл не?» деп сұрады. Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ) оларға былай деп жауап берді: «Бұлар Аллаһу та’аланың расулының атты әскері. Аллаһу та’ала рұқсат етсе, ертең олар осы жерге жетеді». Мүшріктер кері қайтып, хабарды Меккеге жеткізді. Меккелік мүшріктер «Ант етеміз, біз келісімде қарастырылған шарттардың ешқайсысына қиянат етпедік. Мұхаммед бізбен не үшін соғысады?»- деді. Мүшріктер дереу бір елшілік кеңес дайындап, пайғамбарымызға жіберді.

 

Осы кезде пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мекке көрінетіндей жердегі Батни Йәъжәж деген жерге келген еді. Қылыштарынан басқа барлық қаруларын осы жерге қалдырды. Қаруларын күзетуге екі жүз сахабаны кезекпен күзетке қойды.

Дайындықтар біткеннен кейін құрайыш елшілері пайғамбарымызбен сөйлесуге рұқсат сұрады. Олар «Йа Мұхаммед! Худәйбийа келісімінен бері сізге ешқандай қиянат жасаған жоқпыз. Осыған қарамастан Меккеге, қауымыңа осындай қарулармен барасың ба? Ал, келісіміміз бойынша қынабына салынған қылыштан басқа қару алуға болмайды»- деді. Пайғамбарымыз бұған: «Мен бала кезімнен осы күнге дейін берген сөзімде тұрумен танылған адаммын. Харемге қынабына салынған қылыштан басқа қару алып кірмейміз. Бірақ, қарудың маған жақын жерде болғанын қалаймын»- деп жауап берді. Елшілер өздеріне жеткізілген хабардың қате екенін түсініп, көңілдері жайланды. «Йа Мұхаммед! Расында сенен тек жақсылық көрдік. Саған жарасатыны да сол»- деп кері қайтты. Меккеге барып, жағдайды құрайыштықтарға хабарлады. Олар да тынышталды.

 

Құрайыштың алдыңғы қатарлы тұлғалары өшпенділік пен қызғаныштан пайғамбарымыз бен сахабалардың осындай бақытты сәттерін көрмеу үшін Меккеден кетіп, тауларға шықты.

Пайғамбарымыз ен салынған құрбандық түйелерді Зитууа деген жерге бұрынырақ жіберді. Сосын сахабаларымен дайындықтарын аяқтап, қасиетті Мекке қаласына кіруге бет алды. Сахабалар пайғамбарымызды орталарына алған еді. Расулуллаһ алейһиссалам түйесі Қусуаның үстінде отырып, мыңдаған жұлдызды сәулесімен жапқан жарқыраған күндей айналасына нұр шашқан еді. Бұл не деген әсемдік! Бұл не деген тамаша көрініс еді! Тілдерінде «Ләббәйк! Аллаһумма ләббәйк! Ләббәйк! Лә шәрикә ләкә Ләббәйк!» деген сөздер, көңілдерде Аллаһу та’ала мен расулына деген махаббат орын алған еді. Олар жайлап Қағбаға қарай ілгеріледі. Жақындаған сайын толқыныстары артып, тебіреністері ұлғая берді. Мұны көрген мүшріктердің көңілдері елжіреп, іштерінде жылы бір сүйіспеншілік сезімінің оянғанын байқады. Біразының жүрегінде Исламға деген сүйіспеншілік орнады. Ақырында Мұхаммед алейһиссалам жеңіске жеткен еді.

 

Міне, пайғамбарымыз бен ардақты сахабалары белдеріне қылыштарын тағынып Қағбаға кірді. Пайғамбарымыздың түйесі Қусуаның ноқтасын Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) ұстап жүрді. Кейбір Меккелік мүшріктер, балалары мен әйелдері Дарун-Нәдуәде тізіліп тұрып пайғамбарымыз бен сахабаларға қарап тұрған еді. Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) алға қадам басқан сайын өлеңдер оқып, мүшріктердің көңіліне әсер салып жүрді.

 

Ей кәпірлер қашыңдар, босатыңдар ортаны!

Келе жатыр шынайы әлемдердің сұлтаны!

 

Аллаһү та’ала тек оған түсірді Құран,

Тек оның дінінде бар бақыт, жақсылық, иман.

 

Бүкіл қайыр, жақсылық жиналған осы дінде

Нағыз абырой - дәл осы дін жолында өлімде.

 

Аллаһ бір, расул бәрхақ! қабыл еттім жүректен

Бар сөзіне иландым, иман еттім, жоқ күмән.

 

Ей кәпірлер, Құранның түскенін бір Аллаһтан

Мойындамай майданға аттанғанда, біз жақтан

 

Оқтар жауып, қалай тез қылыштар шапқан болса,

Бастарыңды кеудеден бір-бір айырған болса,

 

Бастарыңа тағы да дәл сол пәлекет келер,

Оның мағынасына да сенбеушілік етсеңдер.

 

Бастаймын сол Аллаһтың қасиетті есімімен

Жоқ өзге дін шынайы, Аллаһтың хақ дінінен.

 

Тағы күәлік етем, бастап атымен Оның,

Мұхаммед алейһиссалам - құлы, расулы Оның.

 

Хазіреті Омар шыдай алмай, «Ей, Ибн Рәуаха! Сен Расулуллаһтың алдында және Харем шәрифте қалайша өлең оқисың?» демекші болды. Бірақ, пайғамбарымыз: «Йа Омар! Оған кедергі болма. Аллаһу та’алаға ант етемін, оның сөздері мына құрайыш мүшріктеріне оқ атқаннан да тез және қатты әсер етуде. Ей, Ибн Рәуаха жалғастыра бер»- деді. Пайғамбарымыз сәл өтіп, Абдуллаһ бин Рәуаха хазретлеріне қарата былай деді: «Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ. Бір болған Ол. Уәдесін орындайтын Ол. Бұл құлына көмектесетін Ол. Әскерлерін күшейтетін Ол. Топтасқан қауымдарды жеңіліске ұшырататын да Ол»- деп айт».

 Абдуллах бин Рәуаха:

Аллаһу та’аладан өзге, ешқандай да жоқ илаһ

Жоқ Оның еш серігі, Лә илаһә иллаллаһ!

 

Ислам әскерлеріне күш-қуат беруші - Ол!

Кәпірлерді қиратып, қырушы, құртушы - Ол!

 

Мұсылмандар бұл сөздерді қайталады.

Пайғамбарымыз Бәйтуллаһқа кірген кезде оң иығын ашты. Сосын «Бүгін мына шірк етушілерге қарсы, өзін күшті және тың етіп көрсететін жігіттерге Аллаһу та’ала рақымын жаудырсын»- деді. Осыған орай сахабалар оң иықтарын ашып, айбатты түрде тез-тез басып, Қағбаны үш рет тауап етті. Бірақ, Рукни Йәмани мен Хажерул-әсуадтың арасында жай басып жүрді. Пайғамбарымыз бен сахабалары Хажерул-әсуадқа жақындап, оны сүйіп немесе қолдарын жайып, Хажер-әсуадқа қаратып ұстады.

 

Мүшріктер сахабаларға қарап тұрып, олардың осындай айбатты және керемет жүрістерін таңданыспен тамашалады. Өйткені, мүшріктер арасында мұсылмандар Мәдинаға көшіп кеткеннен бері қатты әлсіреп, ауруға шалдығып, нашар жағдайға тап болғандықтары туралы  өсектер айтылатын еді. Қазір болса керісінше жағдайға куә болып, таңданыстары арта түскен еді.

Мұсылмандар қалған төрт тауапты жай басып, аяқтады. Тауаптан кейін Ибраһим мақамында екі рәкат намаз оқыды. Сосын Сафа мен Мәруә төбелері арасында жеті рет барып-келді. Құрбандықтар шалынғаннан кейін пайғамбарымыз шашын алдырды. Сахабалар да қырынды. Осылайша, пайғамбарымыздың дәл бір жыл бұрын көрген түсі орындалды.

 

Умра зияраты бітіп, түскі уақыт болған еді. Пайғамбарымыз хазіреті Біләлге Қағбада азан айтуды бұйырғанда Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) оны дереу орындады. Ол Қағбада азан оқыған кезде бүкіл Мекке сілкінгендей болды. Сахабалар бар ынталарын салып, азанды тыңдады, жай дауыспен оны қайталады. Біткеннен кейін пайғамбарымыз имам болып, барлығы бесін намазын оқыды. Оның мүшріктердің көңіліне салған әсері айрықша еді.

 

Пайғамбарымызға Әбтахта теріден бір шатыр құрылған еді. Сахабалар да айналасындағы шатырларда үш түн тұрды. Намаз уақыттарында Бәйтуллаһқа жиналып, жамағатпен намаздарын оқитын. Қалған уақыттарда туыстарына барып, Исламның өздеріне сіңірген әсем мінезімен оларға үлгі болды. Олар да сахабалардың осындай әсем әрекеттерінен әсерленіп, таңданыстарын жасыра алмады. Үш күннің ішінде Мекке іштей бағындырылғандай болған еді.

 

Үш күн өтіп, енді кететін уақыт келген еді. Кешке қарай пайғамбарымыз «(Умраға келген) мұсылмандардан ешкім кешті Меккеде өткізбейді, жолға шығады»  дегенде барлығы дереу жиналып, Мәдинаға қарай жолға шықты.