8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хақ келді, жалғандық жойылды...

Хақ келді, жалғандық жойылды...

Рамазан айының он үші, жұма күні болатын. Мүжахидтерден ең алдымен әрекетке көшкен Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) болды. Меккенің оңтүстігінен Хандәмә тауының етегіне барған кезде құрайыш мүшріктері оларға оқ жаудырды. Екі мүжахид шәйіт болды. Хазіреті Халид әскеріне «Қашқандарды ғана өлтірмеңдер» деп бұйырған соң алға ұмтылды. Бір сәтте мүшріктерді артқа ығыстырды. Шайқас кезінде жетпіс мүшрік өлтірілді. Қалғандары таудың басына, үйлеріне қарай қашты.

Қасиетті Меккеге басқа жақтардан кірген сахабалар ешқандай қарсылыққа кезіккен жоқ. Өлтірілуі бұйырылған адамдардың бесеуі ұсталып, жазаға тартылды. Қалғандары Меккеден қашып кетті. Мүжахидтер үлкен тебіреніспен толқын-толқын болып, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп айқайлап, Меккеге кіре бастады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) түйесі Қусуаға мінді. Оның ноқтасын Усамә бин Зәйд (радиаллаһу анһ) ұстап қасиетті Меккеге бет алды. Осы күндерге жеткізген Аллаһу та’алаға шүкіршілік етіп, Меккенің алынатынын сүйіншілеген «Фәтиһ» сүресін оқыды.

Пайғамбарымыз үлкен қуанышпен жеңімпаз сахабаларының арасында Қағбаға қарай жүрді. Оң жағында хазіреті Әбу Бәкір, сол жағында Усәйд бин Худайр (радиаллаһу анһ) болып, Қағбаға жақындады. Хажер-әсуәдті зиярат еткеннен кейін тәкбір мен тәлбия айтты. Мұны сахабалар да қайталады. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстарға Меккенің аспаны жаңғыра бастады. Осындай керемет көрініске тебіреніп, мұсылмандар көз жастарын төкті. Харем шәрифке, үйлеріне тығылған мүшріктер қорқып қарап тұрды.

Содан соң пайғамбарымыз бен сахабалар тауап ете бастады. Тауаптың жетінші айналымы біткеннен кейін түйесінен түскен пайғамбарымыз Ибраһим мақамында екі рәкат намаз оқыды. Сосын хазіреті Аббастың құдықтан тартқан Зәмзәм суын ішті. Зәмзәммен дәрет алуды қалады. Пайғамбарымыз дәрет алған кезде сахабалар оның денесінен түскен суды жерге түсірмей қағып алып жатты. Мұны көрген мүшріктер «Біз өмірімізде мұндай билеушіні көрген де, естіген де жоқпыз» деп таңырқады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Қағбаның айналасындағы тастан және ағаштан жасалған барлық пұттарды қиратуды бұйырды. «Хақ келгенде жалғандық жойылады, жалғандық әрдайым өткінші» («Исра» сүресі, 81) деген аяти кәримәны оқып, қолындағы таяғын пұттарға созды. Таяқ тиген пұттар біртіндеп құлай бастады. Үш жүз алпыс пұт қиратылды.

Түс болған кезде пайғамбарымыз хазіреті Біләлге Қағбада азан оқуды бұйырды. Ол дереу қасиетті міндетін орындады. Азан шақырылған кезде мүміндердің жүрегінде үлкен шаттық пайда болса, мүшріктер одан сайын қайғыра түсті.

Пайғамбарымыз Қағбаның кілтін алып, ішіндегі суреттер мен пұттарды алдырғаннан кейін қасына хазіреті Усамә бин Зәйд, хазіреті Біләл, хазіреті Осман бин Талханы ертіп, Қағбаға кірді. Пайғамбарымыз іште арқасын есікке бұрып, екі рәкат намаз оқыды. Әр бұрышта тәкбір айтып, дұға оқыды. Халид бин Уәлид есіктің алдында тұрып, халықтың ол жерге жиналуына тосқауыл болды.

Әлемнің сұлтаны Қағбаның есігінің екі жармасынан ұстады. Барлық құрайыштықтар Мешіт Харамға толып, қорқыныш араласқан үмітпен пайғамбарымызға қарап тұрды. Өйткені, олар пайғамбарымыз бен сахабаларға неше түрлі қастандықтар жасаған еді. Мойындарына жіп байлап тартқан болатын, от жағып, өртеуге тырысты. Қызған тасты кеуделеріне қойып, есінен танғанша азаптады. Денелеріне қыздырылған істіктер тықты. Үш жыл бойы ассыз, сусыз қамауда ұстады. Аяқтарын екі түйеге байлап, екі жаққа қарай тартып, денелерін паршалады. Бәрінен сорақысы отандарынан шығарды. Бұл жетпегендей оларды толығымен жою үшін бірнеше рет соғысты.

Бірақ, олар сонда да үміттерін үзбеді. Өйткені олардың алдында әлемдерге рақымдылық ретінде жіберілген мейірімділік дариясы тұр еді. Пайғамбарымыз оларға біраз қарағаннан кейін «Ей, құрайыш жамағаты! Сендерге не істейді деп ойлайсыңдар?» деді. Олар «Біз сенен жақсылық күтеміз. Өйткені, сен дархан бауырсың. Мейірім мен игілік иесі болған бауырымыздың баласысың. Бізді жеңдің. Сенен жақсылық күтеміз» деді.

Расулуллаһ оларға қарап күлімсіреп, «Менің жағдайыммен сендердің жағдайларың Юсуф (алейһиссаламның) бауырларына айтқандары сияқты болады. Сол сияқты мен де «Бүгін сендерге (менің тарапымнан күнәларың беттеріңе ұрылып) айыптау мен кінәлау болмайды. Аллаһу та’ала сендерді кешірсін» («Йусуф» сүресі, 92) деймін. Барыңдар, азатсыңдар, боссыңдар» деді. Осындай кең мейірімділік қатаң жүректерді елжіретіп, жек көрушілік сезімін махаббатқа айналдырды. Пайғамбарымыз оларды Исламға шақырған кезде олар мұсылмандықты қабылдауға жиналды. Расулуллаһ пайғамбарылығын құрайыштықтарға білдіріп, алғаш рет Исламға шақырған Сафаның төбесіне шықты. Сол жерде тағы да үлкен-кіші, әйел-еркек барлық меккеліктердің антын қабылдады. Осылайша, құрайыштықтар мұсылман болып, сахабалардың арасына қосылу құрметіне ие болды.

Еркектермен келіскеннен кейін әйелдерден де біраз мәселелер бойынша уәде алынды. Аллаһу та’алаға серік қоспау, пайғамбарымызға қарсы келмей, ұрлық жасамау, ар-намысты қорғау, қыз балаларды өлтірмеу – осылардың қатарында болатын. Мұсылман болған әйелдердің ішінде өлтірілетін адамдардың тізімінде хазіреті Әбу Суфйанның әйелі Хинд (радиаллаһу анһа) та бар болатын. Алайда, пайғамбарымыз оған да кешірім берді. Мұсылман болғандардың барлығы үйлеріндегі пұттардың барлығын қиратты. Айналадағы тайпаларға әскери жасақтар жіберіп, ол жердегі пұттар да қиратылды. Осылайша, хақтың келуімен жалғандықтың түбіріне балта шабылды. Рақымшылыққа ілінгендердің ішінде Әбу Жәхлдің баласы Икримә, хазіреті Хамзаны шәйіт еткен Уахши (радиаллаһу анһум) сияқты адамдар да бар болатын. Олардың арасында Икримә (радиаллаһу анһ), Иәрмук соғысында шәйіт болды. Хазіреті Уахши (радиаллаһу анһ) да Йәмамә соғысында Мусәйләмәтул Кәззабты өлтірген болатын.