21 - Рамазан, 1447 жыл.
     11 - Наурыз, 2026 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Күлме досыңа, келер басыңа

Күлме досыңа, келер басыңа

Өзгенің басына келген пәлекетке, қиыншылыққа, дертке, зиянға қуану «Шаматат» деп аталады. Шаматат жаман мінез болып табылады. Хадис шәрифте: «Дін бауырларыңа шаматат етпеңдер! Шаматат ететін болсаңдар, Аллаһу та'ала пәлекетті одан алып, сендерге береді» делінген.

Залымның зұлымдығынан, жауыздығынан құтылу үшін оның өліміне қуану рұқсат болғанымен оның басына келген өлімнен басқа пәлекеттерге қуану рұқсат емес. Әсіресе пәлекеттердің келуіне өзі жасаған дұғаларының себеп болғанын ойлап қуану тіпті жаман болады. Бұл жағдай, адамды «Ужб» деп аталатын, өзін ұнаттыратын жаман мінезге душар етеді.

Бір залымға келген пәлекет ол залымның өзгелерге зұлымдық жасауына кедергі болса, залымға бұл пәлекеттің келгеніне қуану рұқсат және күнә емес. Дін қайраты (құлшыныс) болады. (Дін қайраты дегеніміз – дініне, діндес бауырына зиян келуін қаламау деген сөз). Әйтсе де залымға да бәле келуіне қуану жақсы емес. Бірақ басқаларға зұлым етуіне тосқауыл болғаны үшін және бұдан басқа залымдардың да сабақ алатыны үшін қуану рұқсат болады.

Сырри Сәкати хазрет бір күні сұхбатында шәкірттеріне: «Отыз жыл бұрын айтқан «Әлхамдулиллаһ» деген сөзім үшін 30 жыл тәубе-истиғфар етудемін» дегенінде шәкірттері таң қалып: «Ұстазым, бұл қалай?» деп сұрайды. Ұстазы басынан өткен оқиғаны былай айтып береді:

«Бір кездері дүкендер қатар орналасқан базарда өрт шығып, дүкендердің барлығы, аяқ-киім, тоқыма заттары, киімдер, барлығы толықтай жанып кеткен еді. Мұны маған хабарлаған кезде «сенің дүкеніңе ешнәрсе болмапты» деді. Мен ойланбастан «Әлхамдулиллаһ» дедім. Сосын өз-өзіме: «Дін бауырларымның мал-мүлкі жансын, сенікі аман қалды деп шүкір етудесің, бұл қандай мұсылмандық» деп қатты өкіндім, көп жылап, тәубе еттім. Дүкендері жанып кеткен дін бауырларыммен бірдей болу үшін дүкенімдегі барлық затты кедейлерге таратып жібердім. Отыз жыл тәубе етіп келемін, әлі ұждан азабынан құтыла алмадым. Өлгенімде мені шалғай бір жерге көміңдер, жердің мені қабыл етпейтінінен қорқамын. Достарымның арасында ұяламын».

Ахмед Рифаи хазрет жануарларға аса мейірімді еді. Бір ит қотыр ауруына шалдыққан еді. Ит аурудың нәтижесінде өте жиіркенішті болғандықтан, ешкім оны ауласына жолатпайтын. Әркімнің ауласынан қуыла-қуыла әлгі ит Сәйид Ахмед Рифаи хазреттің есігіне келеді. Дәрменсіз, жара-жара болып келген иттің бұл халін көрген Ахмед Рифаи хазрет оны алып, қаланың сыртынан бір ұя салып береді. Сол жерде итті емдей бастайды. Тазалап, жараларына май жағып, тамақ беріп тойдырады. Қырық күн осылай ем қабылдаған ит, соңында ауруынан айығады. Қотырдың ізі де қалмайды. Сосын итті жақсылап жуып, қалаға әкеледі. Ахмед Рифаи хазреттен:

- Мырзам! Бұл итке қатты мән бердіңіз, мұның хикметі не? – деп сұрағандарға:

- Қиямет күні Раббымның маған «Бұл итке неге жаның ашымады? Оған берген бұл пәлекетімнен неге құтқармадың? Дәл сол пәлекетке сенің де душар болу ықтималың бар екенін неге ойламадың?» деп сұрауынан қорықтым. Ей, адамдар! Жүректеріңді Аллаһу та'аланың жаратылыстарына деген сүйіспеншілікпен толтырыңдар. Аллаһу та'аланың сендерді де сондай дәрежеге душар етуінен қорқыңдар, - деп жауап берді.

Ибраһим Гүлшәни хазреттің заманында бір ханзада өзінің дұшпанының зиян шегуін қалайды. Осы ниетпен Ибраһим Гүлшәни хазретке келіп, дұшпанының зиянға ұшырауы үшін жазу жазып беруін сұрайды. Ибраһим Гүлшәни хазрет: «Бұл істі Хақ та'алаға тапсырған жөн болады. Кек сақтап, ашуланып бір мұсылманға зиян тигізуге ұмтылу, тіпті ұшыраған зиянына қуанудың өзі де рұқсат емес» - деп жауап береді.

Андалусияда жетілген, әйел әулиелерден Фатима бинти Мусәнна хазрет әр уақыт Аллаһу та'аланы ойлайтын және «Сенен басқаның барлығы бос» дейтін. Оның бұл хәлін түсінбегендер оны жынды, ақымақ дейтін. Бір Рамазан айтының кешінде Фатима бинти Мусәнна хазрет өзі тұратын аймақтың мешітінің алдынан өтіп бара жатады. Мешіттің муәззині (азаншысы) қолындағы таяғымен Фатима бинти Мусәнна хазретті ұрып балағаттайды. Бірақ ол ешқандай жауап қатпай, ол жерден кетіп қалады. Бірақ ренжіген еді. Ренжіген күйде үйінде ғибадатын жалғастыра береді. Таяқпен ұрған муәззин таң намазының азанын айта бастағанда Фатима бинти Мусәнна хазрет сол муәззин үшін Аллаһу та'алаға дұға ете бастайды. Өйткені Өзінің әулие құлын ренжіткен адамды Аллаһу та'аланың міндетті түрде жазалайтынын білетін еді. Муәззиннің бір бәлеге душар болмасы үшін былай дұға етіп: «Йа, Раббым! Түннің соңғы уақытында барлық адам ұйықтап жатқанда тұрып, Сенің есіміңді, шаһадат кәлимасын, кәлима-и тәухидті айтатын, Сенің және сүйіктіңнің атын зікір ететін, Сенің шақыруыңды, әміріңді, Сенің құлдарыңа білдіретін бұл адамды маған істегендері үшін жазалама! Оны кешіре көр! Мені ренжіткені үшін оған жаза бере көрме! Әмин» деп жалбарынады.

Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз: «Күлме досыңа, келер басыңа» деп нақыл еткен. Сондықтан өзгеге келген пәлекетке қуанбау керек, керісінше оған дұға етіп, бұл пәлекеттен құтылуына көмекші болу керек.