12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Ораза / Оразаның және Рамазан айының құндылығы

Оразаның және Рамазан айының құндылығы

Сұрақ: Рамазан айының құндылығы қандай?

Жауап: Рамазан айының құндылығы туралы Имам Раббани хазрет былай деген:

«Мүбәрәк Рамазан – өте қасиетті, мәртебелі ай. Бұл айда орындалған нәпіл намаз, зікір, садақа және бүкіл нәпіл ғибадаттарға берілетін сауап басқа айларда орындалған парыздардың сауабына тең. Бұл айда орындалған бір парыз басқа айларда орындалған жетпіс парыздай болады. Бұл айда ауыз бекіткен бір адамға ифтар беріп, ауыз аштырған адамның күнәлары кешіріледі. Ол тозақ отынан азат болады. Сол ораза тұтқан адамның сауабындай сауап оған да жазылады. Ораза тұтқан адамның сауабы мүлде азаймайды.

Бұл айда қол астындағыларға жұмыстарын жеңілдеткен, олардың ғибадат етулеріне жеңілдік жасаған әмірлер, басшылар да кешіріледі. Тозақтан азат болады. Қасиетті Рамазан айында Расулуллаһ тұтқындарды азат ететін, мұқтаждардың барлық сұрағандарын беретін. Бұл айда ғибадат және жақсылық жасай алғандарға бүкіл бір жыл осы амалдарды жасау нәсіп болады. Бұл айға құрметсіздік еткендердің, күнә істегендердің бүкіл жылы күнә істеумен өтеді. (Бұл айды ғанибет, мүмкіндік деп білу керек). Қолдан келгенше ғибадат ету, Аллаһу та’аланың разы болған амалдарын жасау керек. Бұл айды ахиреттің бақытына қауышуға мүмкіндік деп білу қажет.

Құран кәрім Рамазан айында түсті. Қадір түні осы айдың ішінде. Рамазан айында ауызды шам уақыты кіруімен көп кідірмей ашу, сәре тамағын да имсак (фәжр) уақытына жақындатып кеш жеу сүннет. Расулуллаһ бұл екі сүннетті орындауға аса мән беретін. Ауыз ашуға асығу және сәре тамағын кешіктіру бәлкім адамның төмендігін, әлсіздігін, ішіп-жеуге және барлық нәрсеге мұқтаж екендігін көрсетеді. Ғибадат ету дегеніміз де осы. Құрмамен ауыз ашу сүннет. Ауыз ашқанда «Зәхәбәз-зама-у уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл-әжр иншаллаһу та’ала» дұғасын оқу, тәрауих намазын оқу, Құран кәрімді хатым ету маңызды сүннет болып табылады.

Бұл айда әр түні тозаққа түсетін мыңдаған мұсылмандар кешіріледі, азат болады. Бұл айда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Шайтандар шынжырлармен кісенделеді. Рахмет (мейірімділік) есіктері ашылады. Аллаһу та’ала бұл қасиетті айда Оның мәртебесіне лайықты түрде құлшылық етуді және Раббымыздың разы болған ұнатқан жолымен жүруімізді бәрімізге нәсіп етсін! Әмин». (Мәктубат 1-том. 45-хат).

Рамазанда жұрттың көзінше ашықтан тамақ жеген адам бұл айды құрметтемеген болады. Намаз оқымайтын адамдардың да ораза тұтуы және харамдардан тыйылуы керек. Олардың оразалары қабыл болады және имандарының бар екендігі осыдан белгілі болады.

Рамазан айында ораза тұту үлкен сауап. Үзірсіз (себепсіз) ораза тұтпау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте: «Рамазанда үзірсіз бір күн ораза тұтпаған адам оның орнына бір жыл бойы ораза тұтса да, әлгі бір күннің сауабына жете алмайды» делінген. (Тирмизи).

Рамазанда ораза тұту туралы айтылған хадис шәрифтердің біршамасы мынадай:

«Рамазан айы мүбәрәк ай. Аллаһу та'ала сендерге Рамазан оразасын парыз етті. Ол айда рахмет (мейірім) есіктері ашылады, тозақ есіктері жабылады, шайтандар байланады. Ол айда мың айдан да құнды бір түн бар. Ол түннің (Қадір түнінің) жақсылығынан мақұрым қалған адам, бар жақсылықтан мақұрым қалды деп саналады». (Нәсаи).

«Рамазан айында ораза ұстауды парыз деп біліп, сауабын Аллаһу та'аладан күтіп ораза ұстаған адамның күнәлары кешіріледі». (Бұхари).

«Рамазан оразасын ұстап өлген адам жәннатқа кіреді». (Дәйлами).

«Рамазан айы келгенде «Ей, жақсылық иесі, жақсылыққа жүгір! Жамандық иесі, сен жамандықтан қолыңды тарт» деп айтылады». (Нәсаи).

«Рамазан – береке айы. Аллаһу та'ала бұл айда күнәларды кешіреді, дұғаларды қабыл етеді. Бұл айдың қадірін біліңдер! Тек тозаққа түсетін адам ғана бұл айда рахметтен мақұрым қалады». (Табарани).

«Рамазан айы келгенде Аллаһу та'ала періштелерге мұсылмандар үшін истиғфар айтуларын әмір етеді». (Дәйлами).

«Парыз намазы келесі намазға дейінгі, жұма намазы келесі жұмаға дейінгі, Рамазан айы келесі Рамазанға дейінгі күнәларға кәффарат (өтем) болады». (Табарани).

«Қатарынан үш күн ораза тұта алатын адамның Рамазан оразасын ұстауы керек». (Әбу Нуайм).

«Рамазан оразасы парыз, ал тарауих намазы сүннет. Бұл айда ораза тұтып, түндерін ғибадатпен өткізгеннің күнәлары кешіріледі». (Нәсаи).

«Бұл айдың Рамазан деп аталуының себебі күнәларды жағып жоқ қылғаны үшін». (И. Мансур).

«Рамазан айында жанұяларыңның напақасын кең ұстаңдар! Бұл айда жұмсалған нәрсе Аллаһ жолында жұмсалған сияқты сауап болады». (Ибн Әбиддуния).

«Рамазанның басы рахмет (мейірім), ортасы мағфирет, ал соңы тозақтан құтылу». (Ибн Әбиддуния).

«Ислам – шаһадат кәлимасын айту, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын тұту және қажылық жасау». (Мүслим).

«Жәннаттағы зәулім сарайлар сөзі жақсы, сәлемі көп, тамақ жегізген, оразасын жалғастырған және түнгі намазды оқығандарға беріледі». (Ибн Наср).

«Ораза тұтқан мұсылманның үндемеуі тәсбих, ұйқысы ғибадат, дұғасы қабыл және амалының сауабы көп болады». (Дәйләми).

«Әсіресе ораза кезінде жиіркенішті, жаман сөз айтпаңдар. Егер біреу сендермен ұрысса, «мен оразамын» деп жауап беріңдер». (Бұхари).

«Шынайы ораза тек ішіп-жеуді ғана емес, бос және ұятсыз сөздерді де тәрк етіп тұтылған ораза». (Хаким).

«Аллаһу та'аланың көздер көрмеген, құлақтар естімеген және ешкімнің ойына да келмеген ниғмет толған дастарханына тек ораза ұстағандар отырады». (Табарани).

«Аллаһ жолында бір күн ораза ұстаған адамды Аллаһу та'ала жетпіс жылдық қашықтыққа тозақтан алыстатады». (Бұхари).

«Тазалық иманның жартысы, ораза сабырдың жартысы». (Мүслим).

«Аузы берік кезінде өлген адамға қияметке дейін ораза тұтқандай сауап жазылады». (Дәйләми).

«Аузы берік кезінде өлген адам жәннатқа кіреді». (Бәззар).

«Ораза ұстаған, намаз оқыған адам қияметте ақылындай марапат алады». (Хатиб).

«Ораза шәхуатты сындырады». (И. Ахмед).

 

Қасиетті уақыттарда (түндерде, айларда) күнәлардан міндетті түрде ұзақ болу керек, жақсылықтарды және ғибадаттарды көбейту керек. Өйткені Аллаһу та’ала тарапынан жақсы көрілген адам қасиетті уақыттарда қасиетті істермен айналысады. Ал жақсы көрмейтін, жақтырмайтын құлы қасиетті уақыттарда жаман істермен айналысады. Жаман істермен айналысуы оның азабының одан сайын ауыр болуына және Аллаһу та’аланың бұрынғыдан да көп оны жек көруіне себеп болады. Өйткені ол бұл әрекетімен осы қасиетті уақыттың берекесінен мақұрым қалып, оның құрметі мен қасиеттілігін жерге таптаған болады. (Мәуиза-и хасәнә).

 

Расулуллаһ алейһиссаламның түсі:

«Түсімде таңқаларлық нәрселер көрдім. Үмбетімнің бірін азап періштелері ұстап алыпты. Алған дәреттері келіп, оны бұл қиын жағдайдан құтқарды. Біреуді көрдім, қабірі оны қысып жатқан еді. Оқыған намаздары келіп, оны қабір азабынан құтқарды. Біреуге шайтандар бас салған еді. Жасаған зікірлері келіп, оны шайтаннан құтқарды. Біреудің сусыздықтан, шөлден тілі салақтап кеткен еді. Тұтқан Рамазан оразалары келіп, шөлін қандырды.

Біреуді қараңғылық қаптаған еді. Орындаған қажылығы келіп қараңғылықтан шығарды. Біреуге өлім періштесі келген еді. Ата-анасына жасаған жақсылықтары келіп, өліміне кедергі болды, кейінге қалдырды. Біреуді мұсылмандармен сөйлестірмей жатты. Сыла-и Рахым (туыстарымен араласуы) келіп, оған шапағат етті, олармен сөйлесті. Пайғамбарының қасына барғысы келіп тұрған біреуге кедергі болып жатты. Алған ғұсылы оны қасыма алып келді. Оттан сақтанғысы келген бір адамға садақасы келіп отқа қалқан болды. Біреуді забанилер (тозақ періштелері) ұстап тозаққа алып бара жатқанда жасаған әмри маруфтары және нәхи мункәрлары келіп құтқарды. Біреу тозақ отына тасталған еді. Аллаһтан қорқып төккен көз жастары келіп, оны ол жерден құтқарды.

Біреуге амал дәптері сол жағынан беріліп жатқанда, Аллаһ қорқынышы келіп, дәптерін оң жағына алды. Сауаптары жеңіл тартылған біріне өзінен бұрын өлген балалары келіп, сауабын ауырлатты. Тозақтың қасында қорқыныштан дірілдеп тұрған бір адамға Аллаһу та'алаға деген хусни заны (жақсы ойы) келген кезде, дірілдеуін доғарды. Сырат көпірінен қиналып өткен бір адам жәннатқа келді. Бірақ есіктері жабық еді. Шаһадат кәлимасы келіп, оны жәннатқа кіргізді». (Табарани, Хаким Тирмизи).

 

Сұрақ: Күнә істеуімізге шайтандар себеп болады дейді, сонда Рамазанда кісенделген шайтандар қалай күнә істетеді?

Жауап: Күнә істеуімізге тек шайтандар ғана емес, өз нәпсіміз де себеп болады. Нәпістің зияны шайтаннан да көп. Нәпістің барлық қалауы өзінің зиянына болып табылады. Рамазанда күнә істететін ішіміздегі өз нәпсіміз. Бұл айда шайтандар байланғандықтан, уәсуәсә (жаман ой) бере алмайды. Рамазанда есінеу де шайтаннан емес. Жүйкелік есінеулер шаршау, ұйқысыздық сияқты жағдайлардан пайда болады. (Мәктубати Раббани).

 

Ораза тұтып қайтыс болу

Сұрақ: Дәретті болып өлген адам шәһид болады делінеді. Ораза ұстап өлген адамға да сауап бар ма?

Жауап: Иә, сауабы өте көп. Бір хадис шәрифте «Ораза ұстап өлген адам жәннатқа кіреді» делінген. (Бәззар).

 

Сұрақ: Рамазан айы жазда да, қыста да бола алады. Қыстың қысқа күндері ораза ұстау оңайырақ, ал жаздың ыстық ұзақ күндерінде ораза тұту өте қиын. Екеуінің сауабы бірдей ме?

Жауап: Жоқ, қиналып орындалған ғибадаттың сауабы көп болады. «Машақатына қарай сауабы» делінген. Имам Раббани хазрет былай деген:

Кедергілерге қарсы ғибадат орындау қиыншылығы, тауқыметі сол ғибадаттың абыройын, беделін көктерге шығарады. Кедергісіз, оңай орындалған ғибадаттар төменде қалады. (3/35).

Рамазан айы қысқа тура келсе де, парыз ғибадаты болғандықтан сауабы көп болады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қыста ораза ұстау – машақатсыз қолжеткізілген олжа». (Тирмизи).

«Қыс – мұсылманның көктемі. Күндері қысқа болады, ораза ұстайды. Түндері ұзын болады, тұрып ғибадат жасайды». (Бәйһақи).