9 - Шәууал, 1445 жыл.
     18 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Фазилеті (Ізгіліктері)

Фазилеті (Ізгіліктері)

Мұхаммед алейһиссаламның ізгіліктерін білдіретін жүздеген кітап бар. Ізгілік – үстемдік деген сөз. Олардың біразы төменде көрсетілген:

1- Жаратылғандардың (махлұқтардың) ішінде ең бірінші болып Мұхаммед алейһиссаламның нұры мен рухы жаратылған.

2- Аллаһу та’ала Оның есімін Аршқа, жаннаттарға және жеті қабат көкке жазған.

3- Үндістанда өсетін бір гүлдің жапырақтарында «Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммәдун расулуллаһ» деп жазылған.

4- Басра қаласына жақын бір өзеннен ұсталған балықтың оң жағына «Аллаһ», сол жағына «Мұхаммед» деп жазылғаны көрілген.

5- Мұхаммед алейһиссаламның есімін айтудан басқа міндеті болмаған періштелер бар.

6- Періштелерге хазреті Адамға сәжде етулерінің бұйырылу себебі – оның маңдайында Мұхаммед алейһиссаламның нұры болғандықтан еді.

7- Аллаһу та’ала барлық пайғамбарларға Мұхаммед алейһиссаламның келетінін, сондай-ақ олардың үмметтеріне оның заманына жететіндерінің Оған сенуін бұйыруды тапсырды.

8- Дүниеге келетін кезінде үлкен белгілер байқалған. Олар туралы тарих және мәуліт кітаптарында жазылған.

9- Дүниеге келгенінде кіндігі кесілген, сүндеттелген болып көрінді.

10- Дүниеге келгенде шайтандар көкке шыға аймайтын, періштелерден хабар ұрлай алмайтын болды.

11- Дүниеге келген кезінде жер бетіндегі барлық пұттар, мүсіндер құлады.

12-    Бесігін періштелер тербететін.

13- Бесікте жатып көктегі аймен сөйлесетін. Ай Оның мүбәрәк саусағымен белгі берген жағына қарай иілетін.

14- Бесікте жатып сөйлей бастады.

15- Бала кезінде ашық жерде жүрген кезінде төбесінде бір бұлт оған көлеңке түсіріп жүретін. Бұл жағдай пайғамбарлығы басталғанға дейін жалғасты.

16- Барлық пайғамбардың оң қолының үстінде пайғамбарлық мөрі болған. Ал Мұхаммед алейһиссаламның болса арқасында, сол жауырынына жақын жүрегінің үстінде болған.

17- Алдындағыны көргені сияқты арқасындағыларды да көретін.

18- Жарықта көретіні сияқты қараңғыда да көре беретін.

19- Түкірігі ащы суларды тұщыға айналдырды. Ауруларға шипа болды. Сәбилерге сүт сияқты тамақ болды.

20- Көзі ұйқыда болған кезде жүрегі ояу болатын. Барлық пайғамбарлар да сондай болған.

21- Өмірінде еш есінемеген. (Барлық пайғамбарлар да сондай болған).

22- Мүбәрәк терінен гүлдің хош иісіндей иіс шығатын. Бір кедей адам қызын тұрмысқа берерде Одан көмек сұрайды. Оның сол сәтте беретін ештеңесі жоқ еді. Кішкентай шыны ыдысқа тер тамшыларын жинап берді. Ол қыз оны бетіне, басына жаққанда үйіне хош иіс тарайтын. Ол қыздың үйі «хош иісті үй» деп аталды.

23- Орта бойлы болса да, ұзын адамдардың қасында олардан биік болып көрінетін.

24- Күн мен айдың жарығында жүргенде көлеңкесі жерге түспейтін.

25- Денесі мен киіміне маса, шыбын және басқа жәндіктер қонбайтын.

26- Киімдері қанша кисе де кірлемейтін.

27- Жүрген кезде артынан періштелер еріп жүретін. Сондықтан да сахабаларды алдына шығарып «Арқамды періштелерге қалдырыңдар» дейтін.

28- Тастың үстінен басқанда таста аяғының ізі қалатын. Құмның үстінде жүргенде ешқандай із қалмайтын. Дәрет сындырған кезде жер жарылып, дәреті соған түсетін. (Барлық пайғамбарлар да солай болған).

29- Адамдар мен періштелердің ішінде ең көп ілім Оған берілді. Умми болса да, яғни ешкімнен ештеңе үйренбесе де Аллаһу та’ала Оған барлық нәрсені білдірген. Адам алейһиссаламға барлық нәрсенің атауы білдірілгені сияқты Оған барлық нәрсенің атауы мен ілімі білдірілген.

30- Үмметінің есімдері, жыныстары және араларында болатын барлық нәрселер Оған білдірілді.

31- Ақылы барлық адамдардың ақылынан да көп.

32- Адамдарда болуы мүмкін болған барлық жақсы қасиеттер Оған берілген. Ұлы ақын Омар Ибн Фаридқа «Расулуллаһты неге мадақтамадың?» делінгенде «Оны мадақтауға күшім жетпейтінін түсіндім. Оны мадақтайтын сөз таба алмадым» деген.

33- Шахадат кәлимасында, азанда, қаматта, намаздағы ташаһудта, көптеген дұғаларда, кейбір ғибадаттар мен хутбаларда, насихат айтуда, қиын кезеңдерде, қабірде, махшарда, жұмақта және барлық жаратылыстың тілінде Аллаһу та’ала Оның есімін өзінің есімімен бірге қатар қойған.

34- Ең үлкен үстемдігі – Оның хабибуллаһ болуы. Аллаһу та’ала Оны Өзінің сүйікті досы еткен. Оны барлық адамнан, барлық періштеден артық жақсы көрген, «Ибрахимді Халил етсем, сені өзіме Хабиб еттім» деген.

35- «Саған разы болғаныңша (жетер дегенге дейін) барлық тілегеніңді беремін» «Духа» сүресі, 5-ші аят, Аллаһу та’аланың пайғамбарына барлық ілімдерді, барлық үстемдіктерді, ислам үкімдерін, дұшпандарына қарсы көмек және жеңіс, үмметіне жеңістер және қияметке дейін әр түрлі шапағат ихсан ететінін уәде етеді. Осы аяти кәрима келген кезде Жәбрейіл алейһиссаламға қарап, «Үмметімнің бірінің тозақта қалуына разы болмаймын» деген.

36- Аллаһу та’ала Құран Кәрімде әр пайғамбарды өз есімімен, ал Мұхаммед алейһиссаламды «Ей Расулым! Ей Пайғамбарым» деп атаған.

37- Өте анық, түсінікті түрде араб тілінің барлық диалектісінде сөйлей беретін. Әр түрлі жерлерден келгендерге солардың тілімен жауап беретін. Естігендер таң қалатын. «Аллаһу та’ала мені өте жақсы жетілдірді» дейтін.

38- Аз сөзбен көп нәрсені түсіндіретін. Жүз мыңнан аса хадис шәрифі  Оның «жәуами-ул кәлим» екенін көрсетеді. Кейбір ғұламалар былай дейді: «Мұхаммед алейһиссалам ислам дінінің төрт негізін төрт хадиспен көрсеткен. «Әрекеттер ниетке қарай бағаландырылады» және «Халал да білдірілді, харам да білдірілді», «Шағымданушының куәгер көрсетуі және айыпталушының ант етуі керек» және «Бір адам өзі үшін қалаған нәрсені діндес бауыры үшін де қаламайынша иманы толық болмайды». Бұл төрт хадис шәрифтің біріншісі ғибадат, екіншісі іс-әрекет, үшіншісі әділет істері мен саясат, төртіншісі әдеп пен мінез-құлық ілімдерінің негізі болып табылады».

39- Мұхаммед алейһиссалам масун (қорғалған) және масум (күнәсіз) болатын. Біліп және білмей, үлкен және кіші, қырық жасынан бұрын және одан кейін ешқандай күнә істемеген. Ешқандай жаман әрекеті байқалмаған.

40- Мұсылмандарға намазда отырғанда «Әссәләму аләйкә әййуһәннәбиййу уә рахмәтүллаһи» деп оқып, Мұхаммед алейһиссаламға сәлем беру бұйырылды. Намазда басқа пайғамбарға және періштелерге сәлем беруге болмайды.

41- «Сен болмағанда ешнәрсені жаратпас едім» делінді.

42- Басқа пайғамбарлар кәпірлердің жалаларына өздері жауап берген. Мұхаммед алейһиссаламға жабылған жалаларға Аллаһу та’ала жауап беріп, Оны қорғаған.

43- Мұхаммед алейһиссаламның үмметінің саны басқа пайғамбарлардың барлығының үмметін қосқандағыдан да көп. Олардан үстем және абыройлы. Жаннатқа баратындардың үштен екісі осы үмметтен болатындығы хадис шәрифте білдірілген.

44- Расулуллаһқа берілетін сауаптар басқа пайғамбарларға берілетін сауаптардан қаншама есе артық.

45- Оны атын атап шақыру, Оның қасында жоғары дауыспен сөйлеу, алыстан Оған айқайлап сөйлеу, жолда алдына шығып алу харам етілген. Басқа пайғамбарлардың үмметтері оларды есімдерімен шақыратын.

46- Жәбрейіл алейһиссаламды періште кейпінде екі рет көрген. Басқа ешқандай пайғамбар оны періште кейпінде көрмеген.

Оған Жәбрейіл алейһиссалам жиырма төрт мың рет келген. Басқа пайғамбарлардан ең көп Мұса алейһиссаламға келген. Оған төрт жүз рет келген.

47- Аллаһу та’алаға Мұхаммед алейһиссаламның атымен ант беруге болады, басқа пайғамбарлар мен періштелердің атымен беруге болмайды.

48- Мұхаммед алейһиссаламнан кейін Оның әйелдерімен басқалардың некелесуі харам етілген, бұл тұрғыда олардың мүміндердің аналары екендігі айтылған.

49- Қан мен неке тұрғысынан болған туыстықтың қияметте пайдасы жоқ. Расулуллаһтың туыстары бұдан тыс.

50- Расулуллаһтың есімін алу дүние мен ахиретте пайдалы. Оның есімі қойылған шынайы мұсылмандар тозаққа кірмейді.

51- Оның барлық сөзі, барлық ісі дұрыс. Барлық үкімі Аллаһу та’ала тарапынан расталады.

52- Оны жақсы көру – барлық адамға парыз. «Аллаһу та’аланы сүйген адам мені сүйеді» деген. Оны жақсы көрудің белгісі – Оның дініне, жолына, сүннетіне бағыну. Құран Кәрімде «Маған бағынсаңдар Аллаһу та’ала сендерді сүйеді» деуі бұйырылды.

53- Оның әһли бәйтін (туыстарын) жақсы көру уәжіп болып табылады. «Әһли бәйтіме дұшпандық жасаған адам – мүнафық» деген. Әһли бәйт – зекет алуы харам болған туыстары. Олар әйелдері және атасы Хашимнің тегінен шыққан мүміндер, Әлидің, Уқайлдың, Жафәр Таййардың және Аббастың (радиаллаһу анһум) тегінен шыққандар.

54- Сахабаларының барлығын жақсы көру – уәжіп. Расулуллаһ: «Менен кейін сахабаларыма дұшпандық жасамаңдар! Оларды жақсы көру – мені жақсы көру. Оларға дұшпан болу – маған дұшпан болу. Оларды ренжіткен адам мені ренжіткен болып саналады. Ал мені ренжіткен адам Аллаһу та’аланы ренжітеді. Аллаһу та’ала Өзін ренжіткен адамды азаптайды» деген.

55- Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламға көкте екі және жерде екі көмекші жаратқан. Олар Жәбрейіл, Микаил, Әбу Бәкір және Омар «радиаллаһу та’ала анһум әжмаин».

56- Әйел-еркек, ересек қайтыс болған барлық адамнан қабірінде Мұхаммед алейһиссалам туралы сұралады. «Раббың кім?» деп сұралғаны сияқты «Пайғамбарың кім?» деп те сұралады.

57- Мұхаммед алейһиссаламның хадис шәрифтерін оқу – ғибадат. Оқыған адамға сауап беріледі.

58- Оның мүбәрәк рухын алу үшін Әзірейіл алейһиссалам адам кейпінде келіп, ішке кіруге рұқсат сұрады.

59- Қабірінің ішіндегі топырақ барлық жерден және Қағбадан және жаннаттардан да артық.

60- Ол қабірде біз білмейтін өмірде тірі. Қабірде Құран Кәрім, намаз оқиды. Барлық пайғамбарлар да сондай.

61- Әлемнің барлық жерінде Расулуллаһқа салауат оқыған мұсылмандардың сәлемдерін естіген періштелер қабіріне барып хабарлайды. Қабірін күніне мыңдаған періште зиярат етеді.

62- Үмметінің амалдары мен ғибадаттары күн сайын таңертең және кешке Оған көрсетіледі, оларды жасаған адамдарды да көреді. Күнә істегендердің кешірілуі үшін дұға етеді.

63- Қабірін зиярат ету - әйелдерге де мүстахаб. Ал басқа қабірлерді тек адамдар аз кезде және мұсылманға жарасатын киіммен зиярат етулеріне болады.

64- Тірі кезіндегі сияқты қайтыс болғаннан кейін де дүниенің барлық жерінде, әрдайым Оны тәуәссул (арашы) еткен, яғни Оның құрметі үшін тілек тілегендердің дұғасын Аллаһу та’ала қабыл етеді.

65- Қиямет күні қабірден бірінші болып Расулуллаһ тұрады. Үстінде жаннат киімі болады. Бураққа (жануар) мініп махшар алаңына барады. Қолында Лиуа-ул-хамд деген байрақ болады. Пайғамбарлар мен барлық адамдар осы байрақтың астында тұрады. Барлығы мың жыл күтуден әбден шаршайды. Адамдар кезекпен Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса және Иса пайғамбарларға (алейһимуссәлам) барып, есепке тартудың басталуы үшін шапағат етулерін тілейді. Олардың әрбірі кешірім сұрап, Аллаһу та’аладан ұялып, қорқатындықтарын айтады, шапағат етуден тартынады. Сосын Расулуллаһқа барып жалынған кездерінде Ол сәжде жасап, дұға етеді және шапағаты қабыл болады. Алдымен Оның үмметінің есебі қаралады, ең бірінші болып Сырат көпірінен солар өтеді, ең бірінші болып жаннатқа солар кіреді. Барған жерлерінің барлығын нұрландырады. Хазреті Фатима Сырат көпірінен өтіп бара жатқанда «Барлығы көздерін жұмсын! Мұхаммед алейһиссаламның қызы келе жатыр»  делінеді.

66- Алты жерде шапағат етеді. Біріншісі, «Мақам-ы Махмуд» деп аталатын шапағатымен барлық адамдарды махшарда күтіп тұру азабынан құтқарады. Екіншісі, шапағаты көп адамды жаннатқа кіргізеді. Үшіншісі, азапқа тартылуы тиіс адамдарды азаптан құтқарады. Төртіншісі, сауабы мен күнәсі тең болып, Араф деп аталатын жерде күтіп тұрғандардың жаннатқа баруларына шапағат етеді. Алтыншысы, жаннаттағылардың дәрежелерінің көтерілуіне шапағат етеді.

67- Расулуллаһтың жаннаттағы мақамы Уәсилә деп аталады. Бұл жер жаннаттың ең жоғарғы дәрежесі. Жаннаттағы барлық адамға бір-бір бұтағы жететін Сидрәт-ул мүнтәха ағашының тамыры сол жерде. Жаннаттағыларға ниғметтер осы бұтақтардан келеді.