22 - Рабиул-әууәл, 1443 жыл.
     28 - Қазан, 2021 жыл.   


  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Расулуллаһтың сахабалары

Расулуллаһтың сахабалары

Пайғамбарымыздың достары, әйел немесе еркек, бала немесе ержеткен мұсылман Расулуллаһты бір рет те болса көрсе, соқыр адам бір рет сөйлессе және иманмен қайтыс болса олар «сахиб» немесе «сахаби» деп аталады. Көпше түрі «әсхаб» немесе «сахабә» немесе «сахб» деп аталады. Пайғамбарымызды кәпір кезінде көріп, пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін иманға келген немесе мұсылман болып кейіннен мүртәд болған (діннен шыққан) адам сахаби болып саналмайды. Сахаби болғаннан кейін мүртәд болып, Расулуллаһ қайтыс болғаннан кейін қайтадан иман келтірген адам сахаби болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам жындардың да пайғамбары болғандықтан жын сахабалар да болады. Әсхаби кирам діни үкімдер мәселесінде ең құрметті, абыройлы адамдар болып саналады. Өйткені, Құран Кәрімді пайғамбарымыздан үйреніп, өздерінен кейінгілерге үйретіп түсіндірген. Пайғамбарымыздың жасаған және айтқандары туралы мәліметтер олардың өз көздерімен көріп, естіп жеткізген нәрселеріне сүйенеді.

Міне, осылардың толық түрде жеткізген үкімдері хадис шәрифтердің негізін қалаған. Исламда ижма-и үммет, яғни ғұламалардың сөз бірлігі тек сахабалардың дәуірінде ғана толық түрде жүзеге асқан. Сондай-ақ сахабалардың барлығы дінде сөзі дәлел болатын, мүжтахид ғалымдар болып табылады. Кейінгі келген мүжтахидтерден үстем болып табылады.

Әһли сүннет ғалымдары сахабалардың дәрежесіне қарай оларды үшке бөлген:

1- Мухажирлер: Мекке қаласы алынбастан бұрын Меккеден немесе басқа жерлерден отандарын, жақындарын тастап, Мәдина қаласына хижрет еткендер. Олар Расулуллаһтың қасына иманмен келген немесе келгеннен кейін иман келтірген. Хазреті Амр бин Ас – солардың қатарында.

2- Ансар: Мәдина қаласында немесе осы қалаға жақын жерлерде және Әус, Хазрәж деген екі араб тайпасының мұсылмандары ансар деп аталады. Өйткені, олар пайғамбарымызға және Меккелік мұсылмандарға әртүрлі көмек беретіндіктерін уәде еткен және уәделерін орындаған.

3- Басқа сахабалар: Мекке қаласы алынған кезде және кейіннен Меккеде немесе басқа жерлерде иман келтіргендер. Олар мухажир немесе ансар деп аталмайды, тек сахаба деп аталады.

Сахабалардың ең үстемдері – Расулуллаһтың төрт халифасы. Олардың бір-бірлерінен үстемдіктері халифа болу кезегімен былай: хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Осман және хазреті Әли (радиаллаһу анһум). Олардан кейінгі үстемдері Ашәрә-и мубашшәрадан, яғни жаннатпен сүйіншіленген он адамнан, қалған алтауы (Талха, Зубәйр бин Аууам, Абдуррахман бин Ауф, Саад бин Әби Уаққас, Саид бин Зәйд, Әбу Убайда бин Жәррах (радиаллаһу анһум) және хазреті Хасан мен хазреті Хусейн.

Төрт халифа мен жаннатпен сүйіншіленгендерден кейін Сахабалардың ең үстемдері алғаш мұсылман болған қырық адам. Олардан кейінгі үстемдері – Бәдір соғысына қатысқан 313 сахаба. Олардан кейін Ухуд соғысында болған 700 қаһарман. Олардан кейінгі үстемдері – хижреттің алтыншы жылы ағаш астында Расулуллаһқа «Өлу бар, қайту жоқ» деп сөз берген 1400 адам. Бұл келісім «Биат-и Ридуан» деп аталады.

Сахабалардың саны: Мекке алынғанда он мың, Тәбүк соғысында жетпіс мың, Уәда қажылығында тоқсан мың және Расулуллаһ қайтыс болған кезде жер бетінде жүз жиырма төрт мыңнан астам сахаба болған. Бұл мәселе бойынша басқа риуаяттар да бар.

Сахабалардың соңғы қайтыс болғандары мыналар: Абдуллаһ бин Әуфа (радиаллаһу анһ), ол 705 (х.86) жылы Куфада қайтыс болды. Абдуллаһ бин Йәср (радиаллаһу анһ), ол 706 (х.88) жылы Шамда, Сәхл бин Саад (радиаллаһу анһ) 709 (х.91) жылы 100 жасында Мәдинада, Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) 711 (х.93) жылы Басрада, Әбут Туфәйл Амир бин Уәсилә (радиаллаһу анһ) 718 (х.100) жылы Меккеде қайтыс болған.

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін төрт халифа дәуірінде де сахабалар Ислам дінін тарату, жихад жасау мәселесінде сөздерінде тұрды. Барлығы бірігіп, жерлерін, отандарын тастап, Арабстаннан шығып, жан-жаққа тарады. Кеткендердің көпшілігі қайтып оралмай, барған жерлерінде өмірінің соңдарына дейін жихад етті және Ислам дінін жайды. Осылайша, аз уақыттың ішінде көптеген мемлекет алынды. Алынғанжерлерде Ислам тез тарады. Сахабалардың барлығы әділ еді. Исламды таратуда барлығы ортақ болған. Құран Кәрімді солар жинады. Хадис шәрифтерді пайғамбарымыздан солар жеткізді.

(Сахабалардың Ислам дініне жасаған қызметтерін, үлгі боларлық өмірлерін, ізгіліктерін, барлығының есімдерін көрсететін көптеген кітаптар жазылып, басып шығарылған.)

Пайғамбарлардан және періштелердің үстемдерінен кейін барлық жаратылған нәрселердің ең үстемі – сахабалар. Олардың әрқайсысының есімін айтқанда құрметпен айту керек.

Сахабалардың әрбірі – осы үмметтің барлығынан үстем. Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар екеніне сенетін барлық адам, яғни әрбір мұсылман қай тектен, қай елден шықса да Мұхаммед алейһиссаламның үмметі деп аталады.

Сахабалардың үстемдігі мен ізгілігіне қатысты аяттарда былай делінеді:

«Сендер – үмметтердің хайырлысысыңдар» («Али Имран» сүресі, 110)

«Алғаш мұсылман болғандарға, мұхажирлер мен ансардың алдыңғы қатарлыларына және солардың жолындағыларға Аллаһу та’ала разы және олар да Аллаһу та’алаға разы. Аллаһу та’ала олар үшін жаннаттар дайындады. Бұл жаннаттардың астынан өзендер ағады. Олар жаннатта мәңгі қалады» («Тәубе» сүресі, 100).

«Мұхаммед (алейһиссалам) – Аллаһу та’аланың пайғамбары. Және оның қасында болғандардың (яғни, сахабалардың) барлығы кәпірлерге қарсы қатал. Бірақ, бір-бірлеріне қарсы мейірімді. Оларды көбінесе руку мен сәждеден көресің. Олар бүкіл адамзатқа (дүние мен ахиретте) барлық жақсылықты, үстемдікті Аллаһу та’аладан тілейді. Ридуанды (яғни Аллаһу та’аланың өздерін ұнатуын) да қалайды. Көп сәжде жасағандары жүздерінен белгілі болады. Олардың жағдайлары, қадірлері осылайша Тауратта (және Інжілде) білдірілген. Інжілде де көрсетілгеніндей, олар егінге ұқсайды. Жіңішке бір өскін жерден өсіп шығып, қалыңдап, көтерілгені сияқты, олар аз және әлсіз бола тұра аз уақыттың ішінде айналаға тарады. Жан-жақты иман нұрына бөледі. Барлық адам өскіннің жағдайын көріп, аз уақытта қалай өсіп кетті деп таң қалғаны сияқты, хал мен атақтары таралып, көргендер таңырқап, кәпірлер ашуланды» («Фәтих» сүресі, 29).

Сахабалар туралы кейбір хадис шәрифтер:

«Сахабаларымды жамандамаңдар. Сахабаларымнан кейін келгендердің бірі таудай үлкен алтын садақа берсе де сахабамның бірінің бір арпа беріп алған сауабына немесе оның жартысына да қол жеткізе алмайды.

Сахабаларым көктегі жұлдыздар сияқты. Қайсысына бағынсаңдар да тура жолды табасыңдар.

Сахабаларыма дұшпандық жасаудан сақтаныңдар. Аллаһтан қорқыңдар! Оларды жақсы көрген адам мені жақсы көргендіктен жақсы көреді. Оларға дұшпандық жасаған адам маған дұшпандық жасаған болады. Оларды ренжіткен мені ренжіткен болады. Мені ренжіткен әрине Аллаһу та’аланы ренжітеді.

Үмметімнің ең жақсысы менің заманымда болғандар. Олардан кейінгі ең жақсылары - олардан кейін келгендер. Ал олардан кейінгі жақсысы – солардан кейін келгендер. Мені көрген және мені көрген адамды көрген мұсылманды тозақтың оты өртемейді».

Бұл аяти кәрималар мен хадис шәрифтер сахабалардың үстемдігі мен ізгілігін айқын көрсетуде.